Без рубрики

ЖӘПЕК БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АМАЛ МЕРЕКЕСІН ҚАРСЫ АЛДЫ

Ащыбұлақ ауылдық округі, Жәпек батыр ауылындағы А. Шұбаев атындағы көшенің тұрғындары  14 наурыз күнінде мерекелі әз-Наурызды қарсы алып, қазақтың «Амал» мерекесін тойлады. Көктемнің осы бір жаймашуақ күнін асыға күткен үлкендер қауқылдасып хал сұрасып, бір жадырап  қалды.  Көпшілік бас қосатын күні шатыр тігіп, кішігірім көрме ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламада тұсау кесу, ауылдың қарадомалақтарының арасында асық,  тоғызқұмалақ, арқан тарту сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Мерекелік шараның ашылу сәтінде көшеміздің ақсақалдары Еркін атамыз бен Болат ағамызға, ардақты ана, еңбек ері Бикамал апайымызға, ұлағатты ұстаз Зайда Бәкірқызына сөз берілді. Ақсақалдар ауыл азаматтарына разылығын жаудырып, ел тыныштығын тіледі.Наурыз мерекесімен құттықтай келген Мұхамеджан Түймебаев ауылының қонақтары ауыл әкімі Жасұлан Оңалбаев бастаған топ, аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Құлымбаеваны қоштап келген ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар берекелі жиынға  мерекелі құттықтау айтты. Құтты қонақтар жаңа тәй-тәй басқан бүлдіршініміздің тұсауын кесті.

Бүлдіршінді  үлкендер әз-наурыз мерекесімен құттықтап, өнегелі, білімді, дарынды азамат болуын тіледі. Өнерлі әжелеріміз ән салды, қыздарымыз мың бұралып би биледі. Домбыра үйірмесін ұйымдастырушы Айнұр Әзілханқызының өнерлі ұландары күй тартып, ән салды. Көше тұрғындары жасаған кең ақ дастарқанымызға ас толып, қойдың басын тартып бата жасалды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, Жұмәділ атамыз әруақтарға   құран бағыштады. Наурыз көже құйылып, күріш пен ет тартылды. Көше тұрғындары ақсақалдарымызға қуыс үйден құр шықпасын деген ниетпен қазақтың тақиясын сыйға тартса, ақ жаулықты аналарымызға, келіндерімізге орамал тарту етілді. Кішкентай сәбилеріміздің ойын жарысы басталып, оларға да сыйлықтарымызды тараттық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен, ынтымақпен атқарылған іс-шарамыз үш-төрт  сағатқа созылды. Осы салт-дәстүрімізді жалғастыратын балаларымыз бен немере-леріміздің өнеріне көпшілік дән риза болды. Көңіліміз көктемнің шуағындай жадырап, шаттандық. Халқымызға тыныштық, денсаулық тілеймін. Астығымыз мол, ағымыз көп болып жылдан жылға аман-есен жетейік.

Мерекеміз мерекеге ұлассын!

Күлипа Сенкебаева,

Ащыбұлақ ауылдық округі аналар кеңесінің мүшесі

Басқа жаңалықтар

Back to top button