Ел тыныштығы — өте маңызды мәселе
Тәуелсіз еліміздің шекарасын күзету міндеті шекарашыларға ғана жүктелмеген. Қасиетті шекараны бүкіл халық қорғайды. Сондықтан, шекара аймағының халқы қажет болған жағдайда шекарашыларға көмек етіп, қол ұшын беріп келеді. Мұны жергілікті тұрғындардың арасынан құрылған ерікті жасақшыларға қарап білуге болады.
Осының барлығын жолға қойып үйлестіріп отыратын құзырлы орын бар. Бұл – шекаралық аудан әкімдігі. Ықпалдаса жұмыс істеуді бір ізге қойған әкімдік шекарашылармен жиі кездесіп, шекараға қатысты қордаланған мәселелерді шешіп келеді. Соның нақты дәлелі, жақында Алматы облыстық Қарасай ауданының әкімі Ж.Естенов ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Қаскелең» шекара бөлімшесіне барды. Аудан әкімі бастаған жұмыс тобын аталған шекара басқармасының бастығы полковник Н.Бердібаев қарсы алып, лауазымды тұлғаларды шекара бөлімшесінің ішкі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Өңір басшысы Жасұлан Тоққожаұлы аралап көрген шекара бөлімшесінің салынғанына он жылдың жүзі болып барады. Мұнда барлығы қарастырылған: офицерлер құрамына арналған тұрғын үй, келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілердің жатақханасы, спортзал, балалар қалашығы. Осыған қарамастан, шекара бөлімшесінің жылдар бойы қордаланған мәселелері де жетерлік. Ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары, бөлімшені газбен қамту, шекара аумағындағы көлік бара алмайтын жерлерге модульді контейнерлер орнату. Осының барлығы шекара бөлімшесінде өткен Үйлестіру кеңесінің негізгі тақырыбына айналды.
…Біз «бөлімшені газбен қамту» деп бекер жазған жоқпыз. «Қаскелең» шекара бөлімшесі газбен қамтылған елді мекеннің іргесінде тұрса да әлі күнге дейін отынға көмірді пайдаланады… Сонымен қатар, аталған бөлімшенің жеке құрамы шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы жедел-ұтқыр іс-қимылдар тобымен бірге Қаскелең қаласындағы спорт кешенінде жаттықса деген тілек айтылды. Мәдени шараларды да бірлесіп өткізу туралы ұсыныстар айтылмай қалған жоқ. Осы орайда:
– Алда Наурыз мерекесі жақындап қалды. Сіздер Ұлыстың Ұлы күнін қалай қарсы алуды жоспарлап қойған боларсыздар? Менің ұсынысым бар, Қарасай аудандық мәдениет үйінің сіздерге келіп, сарбаздардың алдында мерекелік концерт қойса… Тамаша емес пе? – деді ауданы әкімі Жасұлан Естенов. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» демекші, алдағы уақытта да атаулы мерекелерді бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырсақ, нұр үстіне нұр!
Бұл ұсыныстқа Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Н.Бердібаев бастаған шекарашылар да бірден қолдау білдірді.
Бұдан бөлек, жергілікті жастарды әскерге тарту мәселесі де көтерілді. Бүгінгі күні жастарды Шекара қызметінің сапына келісімшарт негізінде қабылдау қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Бұл – бір жағынан аудан көлемінде «екі қолдарына бір күрек таппай» сенделіп жүргендерді жұмыспен қамту секілді өзекті мәселені шешкен болар еді.
Өзге де мәселелер қамтылған кеңес аяқталған соң ауданы әкімі шекара бөлімшесінің жеке құрамымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Айту керек, сарбаздардың ұжымға келгендеріне көп уақыт өткен жоқ. Өткен жылдың күзінде Шекара қызметінің сапына алынып, Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімінде жас жауынгерлер курсынан өткендеріне көп болмаған жас сарбаздар аудан әкімінің өздеріне қойған сауалдарына көтеріңкі көңіл-күймен жауап қайтарды.
Ықпалдастық шеңберінде өткен келелі кездесудің соңында аудан әкімі Ж.Еспенов бастаған қонақтар шекарашы кинолог пен оның төрт аяқты адал досының өнерін тамашалады. Шекара бұзушыны құрықтауға арналған сахналық көрініс те көптің көңілінен шықты.
Аудан басшысы шекарашылардың ел шебіндегі қырағы қызметіне алғыс білдіріп, алдағы уақытты шекараға қатысты игілікті істерді бірлесіп атқаруға, сондай-ақ қордаланған мәселелерді шешуге қолдарынан келген көмекті аямайтындарын жеткізді.
Т.ДӘУЛЕТБАЕВА.
ҰҚК Шекара қызметінің
запастағы подполковнигі