Без рубрики

Құрметті Іле ауданының тұрғындары!!!

Сіздерді келіп жеткен ұлттық мерекеміз, түркі халықтарының жаңа жылы, Табиғат-Ана жаңарып, тіршілік атаулы жанданып, адамзат баласы қуанып жеткен төл мерекеміз – Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Бұл күні жер көктеп, ағаштар бүршік жарып, Самарқанның көк тасы еріп, күн мен түн теңеліп, адамзаттың аузы аққа жариды. Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – тек бір ұлттың төл мерекесі емес, көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол — өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Қазақ елі үшін Ұлыс күні әрқашан қасиетті де киелі саналған. Бұл күні халық таза, жаңа киімдерін киіп, ер адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, балалар жарыса жүгіріп, игі тілектерін айтқан. Пендешілік пиғылдан арылып, ауыл ақсақалдары араздасып жүрген ағайынды табыстырған, ренжіскенді татуластырған. Бұрынғы кезде Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе, жастар жағы түгелдей таң шапағын қарсы алудан, арықтарды тазалап, су жіберіп, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды екен. Егінші қауым жаппай көктемгі егіске кірісіп, малшы қауым мал төлдету жұмыстарымен айналысқан. Бұл үрдіс бүгінгі таңда да жалғасын тауып келеді. Жыл сайын Наурыз айы басталғанда тал егіп, арық қазып, гүл отырғызамыз. Дала еңбеккерлері де өз жұмысына кіріседі. Туған жерімізді жасыл желекке айналдырып, көркейтіп, мерейін асырып жатсақ, өзімізге де ғанибет емес пе?! Бұл істе жерлестеріме, соның ішінде қоғам белсенділері мен еріктілерге, жастарға зор ризашылығымды білдіремін.

Наурыз – ұлттық бірегейлік пен үйлесімнің, береке мен бірліктің мерекесі. Ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың куәгеріндей төл Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамы, жаңару-жаңғыру мерекесі шаңырақтарыңызға шадыман шаттық, бақ-береке, елімізге, туған жерімізге мол несібе, ырыс-құт әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

Құрметті ілеліктер! Ерен еңбектеріңізге, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін. Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімді білдіремін.

Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! «Наурыз» сөзі «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді екен. Жаңа күн – жаңалыққа, жақсылыққа толы болсын, ағайын! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.

Бағдат ҚАРАСАЕВ,

Іле ауданының әкімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button