Мәдениет

«ТЕАТР КҮНІ» АҚШИДЕ ӨТТІ

Жыл сайын 27 наурызда бүкіл әлемде халықаралық театр күні аталып өтеді. Бұл мерекені Алматы облысы «Қоғамдық келісім» КММ Іле аудандық филиалының ұйымдастыруымен  ҚХА Іле аудандық Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері де биыл ерекше жағдайда қарсы алды. Бұрын аудан көлемінде болмаған «Театр түнін» ұйымдастырып, Ақши халық театрының ардагер өнерпаздармен кездесу өткізілді.

Кездесу Күрті ауылдық округіне қарасты Ақши ауылының Мәдениет үйінің кіші залында өтті. Ақши халық театры Іле ауданындағы күллі өнер атаулының қара шаңырағы десек те болады. Себебі театр 40-жылға жуық елге  қызмет етіп, қазіргі ауданда жұмыс істеп жүрген көптеген әртістер мен әншілердің тұсауын кесті. Тұңғыш іргесін қалаушы режиссер Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның домбыра бөлімін бітірген жас маман Наурызбай Мукарамов болатын. Ең алғаш 1977 жылы драмалық үйірме ретінде құрылған бұл ұжым,  сахнаға тұңғыш Қ.Шаңғытбаевтың «Қуырдақ дайын»   атты пьесасын қойып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген еді. 1970-1980 жылдары халық шығармашылығына, халық театрына сұраныс ерекше заманда, бұл қойылымдар театр мүшелеріне тың шабыт бергендей еді. Талапты өнер иелерінің мұндай ізденісін  құптаған шығармашылық орталығы тарапынан қолдау көрсетіліп, Халықтық атағын қорғауға ұсынылады.

Сөйтіп драма коллективі Қ. Байсейтов пен Қ. Шаңғытбаевтың  «Беу, қыздар-ай» — атты 3-перделі  комедиясымен 1979 жылы комиссия  алдына шығып, ерекше өнерлерімен көзге түсіп, халықтық театр  атағы берілді.

Театр ұжымы 1997 жылы Күрті ауданы тарап,      аумалы-төкпелі уақытта «Өліспей беріспе»  деген ұранмен, еңселерін түсірмей, жоқтан бар жасап, әдеттегідей мемлекеттік болсын, одан да басқа  мерекелік шараларды бар мүмкіндіктерінше өз үлестерін қоса отырып өткізетін. 

Әр тақырыпта, дәстүрлі «Ерулік», «Бауырдан табақ алу», «Ұрын құда түсу», «Келін түсіру», Құйрық бауыр асату», «Беташар», «Құдағи жүзік силау», Ш.Айтматовтың «Ана-Жер Ана», М. Шахановтың «Отырардың күйреуі», Ш.Құдайбердиевтің 150-жылдық мерейтойына арналған, «Наурыз думан», «Жаңа жылдық ертегілер», «Желтоқсан оқиғасы», «Жеңіс мерекесіне тағы басқа  орай», Ынтымақ күніне арнап қойылымдар мен композицияларды халыққа тарту етті. 

2009 жылы аудан көлемінде  «халық театрының»   30-шы маусымын Сұлтан Жарқынбековтың «Әнің мені ешқашан өлтірмейді» атты музыкалық трагедиясымен ашып,  облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Балқаш, Жамбыл, Райымбек аудандарын өнер сапарымен аралап қайтты.

Бүгінде  облыстық тараптан ұжымға 15 штат жұмыс орны ашылған.  Онда негізінен Ақши ауылынан шыққан әртістер өнер көрсетеді. 

Рухани кездесуге жастар мен тұрғындар қатысып, ардагерлердің ғибратты әңгімелерін тыңдап, сұрақтарын қойып, жас өрендер өлеңдер оқыды. Кездесуде сөз алған Алматы облысы «Қоғамдық келісім» КММ Іле аудандық филиалының төрағасы М. Жәбиева: «Осы ретте, өз жұмысын сүйіспеншілікпен дұрыс үйлестіре білетін мәдениет пен өнер саласының қызметкерлеріне өнердегі сара жолды салып кеткен ақ шашты, ақ самайлы өнер ардагерлеріне Іле жұртшылығының атынан айрықша алғысымды айтамын.

Аудан орталығынан  шалғайда жатқан Ақши ауылының мәдениеті мен өнерін өрістету, руханиятын жаңғырту, ұлттық өнерімізді облыс көлеміне паш етіп, таныту бағытындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, шығармашылық жетістіктерге жете беріңіздер! Сіздерге мықты денсаулық, күш-қайрат, отбастарыңызға бақ-береке, амандық тілеймін! Іле ауданының мәдениеті мен өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жасай берсін! Театр күні құтты болсын!» — деді.

Өнерлі ардагерлер өз кезегінде спектакльден үзінді көрсетіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.

Кеш соңында ҚХА жанындағы Іле аудандық Аналар кеңесінің төрайымы М.Жабиева театр ардагері, қазіргі көркемдік жетекшісі  А. Есембековке мәдениет қызмет-керлері Б. Сабыралиев, С. Гиззатова Б.Бекмурзаев. Қ. Амантаева Н. Тұрсынәліге алғысын айта келе естелік кәдесыйлар табыс етті.

Ақерке ОТАРБАЕВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button