Қоғам

Көппен көрген – ұлы той

12 сәуірден бастап  бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайтыны әр қазақстандықтың жанына батып, шаруа қожалықтары мен жанар-жағармайды  пайдаланатын салаларға өзіндік кері әсерін тигізетіні бәрімізге аян. Атап айтсақ, қазір ауылдық жерлерде көктемгі егістік жұмыстарының бастау алған науқаны. Сонымен қатар, жанармайдың қымбаттауы өзге де өн-діріс  салалары мен жеке автокөлік иелерін де әбігерге салатыны сөзсіз. Ол – белгілі құбылыс.    Қазақстанда өзге мемлекетпен салыстырғанда жанармай бағасы арзан деседі.  Тіпті, көрші елдер Қырғызстан мен Өзбекстанда баға жоғары болғандықтан, оларда атаулы өнімнің тапшылығы бар екен.

 Дей тұрсақ та, еліміз көрші елдерді арзан дизель отынымен қамтып отырғандықтан, алыпсатарлар да көбейіп тұр. Дизель отынының экспорттағы бағасы 300 мың теңге болса, жергілікті нарықта, өкінішке қарай, 90 мың теңге көлемінде сатылуда. Нарығымыздағы  бұл баға үш есе төмен екенін көрсетеді. Бұдан жанар-жағармайдың инфляцияға қосатын үлесі өте жоғары екенін аңғарамыз.

ҚР Энергетика министрлігі осы тұрғыда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін, дизель отынының бағасы литріне 295 теңгеге дейін өсетінін айтты. Сала өкілдерінің мәліметінше, жанармай бағасының 11 пайызға қымбаттағаны көп нәрсеге әсер етпейді және қарапайым халықтың қалтасына да ауыртпалық салмайды екен. Ылайым солай болсын.

Сондықтан, бензин мен дизель отынының тапшылығы болып, эконо-микаға әсерін тигізіп, жұмыс тоқтап қалғаннан гөрі, баға өзгерісі мөлшердегі өсім еліміздегі азық-түлік, құрылыс материалдары мен тағы басқа тұрақтылықты сақтаса екен деп үміт артамыз.

 Атаулы шешімге сабырлықпен қарап, алыпқашпа сөзге ермей, өзгерісті түсіністікпен қабылдайық. Бұдан  қиын кезеңдерден өттік,  бұдан да өтеміз. «Көппен көрген — ұлы той» деп дана халқымыз айтқандай, сабыр сақтап,  мемлекет пен еліміздің бірлігін сақтайық. Ел іргесі аман болсын. Елімізді, бастысы, табиғи апаттар мен нәубеттерден сақтасын.

Сұлтан ЖАРҚЫНБЕКОВ,

аудандық  мәслихат депутаты

Басқа жаңалықтар

Back to top button