Күрті ауылдық округіМәдениет

МӘДЕНИЕТІҢ ҚАЛАЙ, АУЫЛЫМ?

Жақында ғана ел болып театр күнін атап өттік. Бұл мерейлі күнді қазақ қоғамы әлі де болса енжарлықпен қабылдайды. Аудандық Мәдениет  үйлерінде қойы-лымдар мен фестивальдердің ұйымдастырылмауы сөзімізге дәлел. «Ауыл мәдениеті қалай?», «Театрлар немен айналысып жатыр?» деген сұрақтарға жауап іздеген болатынбыз.  Ауылдық деңгейдегі мәдени өмірді толық  баяндап беруі үшін  тек  Іле ауданына ғана емес, Жетісу өлкесіне танымал «Ақши халық» театрының  белді актрисасы,  танымал өнер иесі, режиссер, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі, Іле аудандық Мәдениет үйінің директоры  Қарлығаш Ахметбаеваны әңгімеге тартқан  едік.

Қарлығаш Ұланқызы, біз әңгімемізді туған жеріңізден бастап, бүгінгі аудан көлеміндегі театрлар мен драма театр филиалдарының хал-ахуалына тоқталсақ…

− Өзіңізге белгілі,  өнерлі отбасында дүниеге келдім.  Анам Гүлнәр Ахметбаева Іле ауданының Құрметті азаматы, Ақши ауылының мәдениетінің отымен кіріп, күлімен шыққан жан.  Жастық шағым, алғашқы еңбек жолым да  осы ауылдың Мәдениет үйінен басталды. Осы Мәдениет үйінде кішкентай кезімнен анаммен бірге жүріп, екінші үйімдей болып кеткен.  Қасында жүрген соң оған бала күнімнен көмектесетінмін. Өнерді ана сүтімен сіңіріп, сол аяулы жан анашымның тәрбиесінен алдым. Театрлар жабылып, «Тұрымтай тұсына, балапан басына»  кеткен шақта Ақши Мәдениет үйі де солардың қатарына кіріп кете жаздап, өнерсүйгіш ауыл азаматтарының арқасында аман қалды. Ақши халық театры Іле ауданыныдағы күллі өнер атаулының қара шаңырағы десек те болады. Себебі, театр 40 жылдан аса елге  қызмет етіп, қазіргі ауданда жұмыс істеп жүрген көптеген әртістер мен әншілердің тұсауын кесті. 

Іргесін қалаушы режиссер Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мемлекеттік кон-серваторияның домбыра бөлімін бітірген жас маман Наурызбай Мукарамов бо-латын. Ең алғаш 1977 жылы драмалық үйірме ретінде құрылған бұл ұжым  сахнаға тұңғыш Қ. Шаңғытбаевтың «Қуырдақ дайын»   атты пьесасын қойып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. 1970-1980 жылдары халық шығармашылығына, халық театрына сұраныс ерекше заманда бұл қойылымдар театр мүшелеріне тың шабыт бергендей еді. Талапты өнер иелерінің мұндай ізденісін  құптаған шығармашылық орталығы тарапынан қолдау көрсетіліп, Халықтық атағын қорғауға ұсынылады. Сөйтіп, драма коллективі Қ. Байсейтов пен Қ.Шаңғытбаевтың  «Беу, қыздар-ай!» атты үш перделі  комедиясымен 1979 жылы комиссия  алдына шығып, ерекше өнерлерімен көзге түсіп, халықтық атағын алған еді. 1983 жылдан бастап халық театрына Гульнара Ахметбаева жетекшілік етіп, осы ұжымның бүгінгі күнге дейін өміршеңдігіне тікелей себепкер болды. Сол уақыттан бері театрға еңбек сіңірген Г.Ахметбаева  бастаған Б.Сабыралиев, Қ.Жанжігітов, А. Есембеков Қ. Амантаева, С.Гиззатова   сынды ардагерлеріміз әлі де ортамызда жүр.

Шалғай ауылда театрда ойнайтын кәсіби актер табу қиын болғандықтан, театрымыз әупірімдеп ел болып, ауылдың өнерпаздары болып қолдан келгенше түрлі қойылымдармен көршілес аудандарға өнер сапарымен ақылы түрде шығып, өз қаржысын өзі тауып күн көріп жүрді.  «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Түгіміз жоқ кезде өзімнің ұстазым, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, режиссер Обаев Есмұхан Несіпбайұлына бардым. Ол кісі ол кезде М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры еді. Халық театрыма реквизиттер керек, киімдер керек деп көмек сұрадым. Есептен шығарылған киімдер мен декорацияларын берді.  Алғысымыз шексіз. Сол дүниелердің барлығын 20 жыл өтіп кетсе де, әлі күнге дейін пайдаланып жүрміз. Сондай жан-жақты еңбек еткеннің арқасында құрамын жоғалтпай, жұмысын тоқтатпай, басшылықтың талап-тарына сай әр 3-5 жыл сайын халықтық атағын қорғап, бүгінгі күнге жеткіздік  емес пе?!   Айта берсең бұл  саланың да  қиындықтары аз болған жоқ. Бірақ, соның барлығын еңсергеннің арқасында елендік.  2012 жылы облыстық мәдениет басқармасы басшысы  Рахмет Разбекұлы болатын. Ол ауылдық Мәдениет үйлерінің қыр-сырын өте жақсы түсінетін басшы еді,  халық театрларына жақсы қолдау көрсетті.

Біздің халық театрына 15 штат бірлігі арнайы бөлініп, мемлекет тарапынан бюджеті бекітіліп, үлкен жетістікке жеткен едік.

Аудандық деңгейде мәдениетке, өнерге қаншалықты көңіл бөлінеді?

− Алматы облысы бойынша бүгінгі таңда 9 аудан бір қала ғой. Соның үшеуінде ғана халық театры бар. Біріншісі − Кеген ауданында, 55 жыл болды. Екіншісі − біздің театр, 2024 жылы 45-ке толамыз. Гүлнәр Ахметбаева апаларымыздың арқасында сақталып қалған ардагер ұжымдар қатарында болғанымыз үлкен мақтаныш әрі батырлық қой.  Басқа аудандар облыстық мәдениет басқармасының театрлар құрылсын деген талабымен жастар театрларын енді құрып, бас-тамасы кеше 5 жылдықтарын атап өтіп жатты. Ал енді, осы «Халықаралық театр күні» жыл сайын жергілікті билік тарапынан елеусіз қалып, Мәдениет үйінің аясында ғана той-лануда. «Бүгін театр күні ғой. Осы театр мамандарын құттықтайық» — деп есігімізді ар-найы қағып жат-қан шенділерді көрмедік осы уақытқа дейін. Әйтпесе, «Халық театрымыз болса ғой» — деп армандайтын аудандар баршылық. Өткенде Қарасай ауданында облыстық көлемде басқарманың ұйымдастыруымен «Халықаралық театр күніне» орай фестиваль өтті. Сол жерде келесі эстафетаны өзім  45 жылдығымызға орай  «Келесі жылы біз өткізейікші» деп сұрап алдым. Ондағы ойым ұмытыла беретін төл мерекелеріміз бен кәсіби күндерімізді дәріптеу, насихаттау, ұмыттырмау. Біздің халық театрының облыс көлемінде өткен басқосуларда, фес-тивальдарда мамандар тарапынан бері-летін бағалары жоғары.

Сондықтан, осы эстафетаны аға буын бізге сеніп, эстафетаны табыстады.

Жас мамандар театрға тартылып жатыр ма?

–    Жас мамандарды барынша тартып жатырмыз. Алматы шаһары жақын орналасқандықтан, қалалық мәдени ошақтардан және Өнер академиясынан болсын, ұжымымызда қазіргі кезде кәсіби мамандар жетік. Атап айтсақ, өз ауданымыздың түлегі,  «Қажымұқан» фильмінде басты рөлді сомдаған жас әртіс Диас Төлепберген, әнші, бірнеше авторлық  бейнебаяндары бар, жан-жақты маман Абай Адырбай, Ж. Аймауытовтың тарихи филімінде басты рөлді ойнаған Қуаныш Қонысбеков, «Абай» фильмінде ойнаған  Айдар Асарбай, сазгер, дәстүрлі әнші, ұстаз Уатхан Зақанқызы,  халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ұстаз Тұрғынәлі Дәуіт, дәстүрлі әнші, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ақылбек Жаңабайлар театрға жаңа леп алып келді. Театрымыздың жетекшісі біздің ең үздік маманымыз, режиссер Түсіпбеков Жасұлан – ҚР мәдениет саласының үздігі, жоғары дәрежелі, үлкен тәжірибелі маман.  Театр әртістері мәдениет саласында ойып тұрып орын алатын, жан-жақты, өз ісіін жетік білетін жандар. Театр ұжымының жұмысы жылына қоятын бір-екі спектакльмен шектеліп жүрген жоқ, ауданымызда өтетін кез келген іс-шарада жүргізушілік, әншілік өнердің жан-жақты түрін орындап, әр тақырыпта өтетін мемлекеттік болсын, кәсіби, мерейлі, тарихи мерекелер болсын, бәріне қатысты театрлық шағын бір-бірінен өтерлік, жүрек қозғарлық, керемет заманауи қойылымдарды өз идеяларымен сахналап жүр. Бұған жергілікті халық та үйреніп алған. Әр көрініс келесі тақырыпқа сәйкес келмейтіндіктен, ол еңбек қайталанбайтын туынды екенін ескерсек, елеусіз жұмыстардың өзі қаншама екенін байқауға болады. Техникалық персоналдарымыз жеткіліксіз болғандықтан, қара жұмысты да шығармашылық мамандарымыз өздері атқаруына тура келеді. Бірақ ол жұмыстардың барлығы сахна сыртында болғандықтан, көзге көрінбейді. Аудан орталығы мен аудандық Мәдениет үйінің ара қашықтығы 40 шақырымға жуық. Дыбыс аппаратураларымызды, сахналық киімдеріміз бен аспаптарымызды басқа да қажет болған реквизиттерге арнайы көлік жоқ. Неше жыл бойы сұрап келеміз. Оның да салмағы өзімізге түседі. «Ауруын жасырған өледі» демекші, мұндай проблемаларды жазып, айтпаса да болмайды ғой. Әйтеуір бір шешімін табар деген үміттеміз. Дегенмен, «Көш жүре келе түзеледі» демекші, өткенді қазіргімен салыстырмалы түрде алсақ, біртіндеп жағдайымыз жақсарып келеді. Аудан әкімдігі ЛЭД экран алып берді. Ғимаратымызға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шүкір дейміз. Ең бастысы, өз жұмысын шын жақсы көріп атқаратын, білікті мамандарымызбен мақтанамыз. Жастарымыз ауыл мәдениетінің бойына қан жүгіртіп, елдің алғысына, ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Күні кеше ғана Президентіміз Қ. Тоқаев VIII сайланған Парламенттің I сессиясының ашылуында «Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қалаймыз. Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым» —  деді. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

− Өте жақсы. Қуанарлық жәйт. Мәдениеті дамыған елдің болашағы да жарқын ғой. Президентіміз соны ойлап креативті қолдау көрсетіп тұр. Біз «Қазақстан халық әртісін» аламыз ба, алмаймыз ба, екіталай ғой. Шалғай ауылда тұрып, шағын театрда өнер көрсетеміз. Үлкен қалалардағы өтетін  гала концерттерге немесе драмалық театрларда кең ауқымды сахналарда шыға бермегеннен кейін жоғары мәртебелі атаққа іліне бермейміз. Біз тым болмаса Тәуелсіздіктің мерейлі төс белгісіне іліне алмаймыз. Неге? Өйткені, орталықтағы басшылар ауылдағы әртістерді тани бермейді. Оларды ауқымды шараларда көрмейді. Себебі, өзінің мамандары жетерлік. Сол шараға баратын ауыл әртісінің уақыты да жоқ. Олар мәдениет үйінің өзінің ішкі шаруаларынан шыға алмайды. Қаншама ардагер актерлеріміз мемлекеттік сыйлық алмады. Қазір ақ шашты, ақ самайлы зейнеткерлер. Ауыл мен ауданның деңгейінен әрі өспеді. Сол мемлекет басшысының сөзінде «Ең бірінші ауылдық деңгейдегі мәдениет қызметкерлері ескерілсін, алсын» деген арнайы сөзі айтылмаған соң,  ол қаралмаған күйі тұра береді-ауІ

− Қалың оқырмандарға айтар ойыңыз бар ма?

− Ауылдың мәдениеті жанданса деген үмітіміз ешқашан сөнбейді. Алдағы уақытта талай өнер саңылақтарына жол ашамыз деп сенемін. Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күн ел өмірінің ең айшықты сәтіндей ыстық. Себебі, киелі сахнаға серт еткен әртістер мен әнші қауым, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр, кино жəне опера əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі халқымыз аман болса әлі де өзінің шынайы бағасын алып, еленер. Ауыл театрының көрермені болыңыздар, бізді қолдап қолпаштасаңыздар, шабытымыз артып, тың дүние тауып, одан әрмен ізденісімізді арттырамыз деп ойлаймын.

− Сұхбатыңызға, рахмет!

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button