Шағала келмей, жаз болмас,Наурыз келмей, мәз болмас!
Жауымен жетпіс жылдай жағаласып,
Өшкенін қайта тауып бағындырып,
Халқыма ойлансын деп тағы келді.
Қыдыр ата келеді қырдан асып,
Ел еңсесін көтереді ырыс шашып.
Ұлы күнді, ұлағат, қарсы алайық,
Қасиетті жыл басы берер нәсіп.
Жауғашты батыр ауылында Түркі елінің төл тойы әз-Науырызды тойлап, сең бұзғандай болып қуандым. Себебі, ауылымызда 50-60 пайыз басқа ұлт өкілдері болғандықтан, осы уақытқа дейін қанша талпынсақ та ыңғай келмей жүр еді. Өз еліңде туып, өз тілінде сөйлей алмай, төл мерекеңді тойламау «мен қазақпын» деген азаматқа өте ауыр болады екен. Досанбеков Амалбай Досанбекұлы ақсақал әйелі Гүлсім Досанбекова екекуі көше аралап, Наурыз мейрамына он-он бес отбасының басын қосып, Наурыз көже ішіп, ұл-қыздар, бала-шаға арқан тартысып, асық ойнап, зіл темір көтеріп мәре-сәре болып марқайып қалдық.
Ауылымыздың тағы бір шетінде осындай шағын отырыс болды деп естідік, бұған да тәубә деп отырмын.Тұрар Рысқұлов көшесінен Меңдібаев Анарбек Әбдібайұлы ақсақал жолдасымен, Салтанат Төлепова және Элмира Қапарқызы деген азаматшалар да қатысып, ән айтып, би биледі. Наурыз мейрамының дәстүрімен халыққа берер қасиетін жастарға айтып, шерімізді тарқатып, үлгі-өнеге көрсете білдік. Келесі жылы орталық көшеде кең көлемде төл меркеміз Наурыз тойын тойлауға Алла нәсіп етсін.
Дүйсенғали СЕРІКҚАЛИҰЛЫ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Даманск соғыс ардагері