Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБоралдай кентіЗнай нашихҚоғамӨндіріс және кәсіпкерлікЭкономика

СҰРАНЫСҚА ИЕ «SARBI»

«Етікшіні балға мен біз асырайды, егіншіні кетпеннің жүзі асырайды», – деген атам қазақ. Осы бір қанатты сөзімен етікшінің қазақ қоғамындағы ерекше рөлін, алар орнын нақтылап берген. Етікшілік әркімнің-ақ алып ұрар немесе оң жамбасына келетін іс емес. Оған төзімділікпен қатар әрбір тігіске мән берер қырағы да болуы керек. Бұрынғы жылдары әр ауылда бір ұста мен етікші болатын. Қазақтың күні ұстасыз, етікшісіз өтпеген. Ұстасы бізін егесе, етікшісі сол бізбен етігін жамап, жасқап отырған. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының базасында алғаш рет кеуде қолқасына стент-графт имплантациялау бойынша жоғары технологиялық және гибридті ота 1953 жылы туған науқасқа жасалды. Дәл бүгінгі күні игі дәстүрді өзінің игілігіне жаратқан Іле ауданы Боралдай округіне қарасты, Жайнақ ауылында Алқанов Инабат Тұрсынбекұлы деген азамат етікші болып, өз алдына шағын цех ашып, Жайнақ ауылын өзінің қолынан шыққан аяқ киіммен қамтамасыз етіп отыр. Қазір Инабаттың қолынан шыққан «SARBI» сауда белгісі бар сапалы, таза былғарыдан тігілген, сөмке, белбеу, аяқ киімдері ауыл арасынан көзге жиі түсетін болды. «SARBI» аяқ киім дүкенінің өзі Боралдай округі мен КазЦИК ауылдық округінің дәл ортасында орналасқан. Қос ауылдың алтын көпірі іспеттес. Күрежолдың қиылысында орналасқандықтан көлікпен де кіріп кетуге өте ыңғайлы. Әңгімені әріден қозғасақ, Инабаттың бойына дарыған аяқ киім тігу кәсібі бүгін ғана дарыған қасиет емес. Сонау Абылғазы Алқан атасынан келе жатқан әлеуттік кәсіп. Абылғазы Алқан атамыз өз уақытында елге танымал ертоқым жасаушы шебер болған екен. Ертоқымы өте қымбат әрі кең танымал болғандықтан бір ертоқымы бір бәйгенің бағасымен пара-пар болған деседі. Одан кейіңгі ақ таяқты әкесі Тұрсынбек жалғастырады. Қызыл кеңестің дәурені жүріп тұрғанда Тұрсынбек ағамыз Өскемен қаласында аяқ киім фабрикасында жұмыс жасайды. Тоқсаныншы жылы жаппай тоқырау басталып, «Тұрымтай тұсына, балапан басына» талан-таражға түскенде Тұрсынбек Оразаев ағамыз бізін құшақтап үйде қалады. Жұмыссыздық қара халықты шарасыз күйде қалдырғаны бәрімізге мәлім. Осы тұста Тұрсынбек ағамыз ата кәсіпті жандандыруды қолға алады. Үй-жайында бірді-екілі аяқ киім жасап сатып күнделікті нәпақасын табады. Үйдегі жары мен төрт баланың тамағы мен киімі осы кәсіпке байланады. Уақыт өте ұлдың ересегі Инабат Алматы технологиялық университетінің эксперт-криминалист мамандығын аяқтап 2006 жылы ауылға оралады. Бірден өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жас жігіт, әкесінің қолғанаты болып, аяқ киім тігу кәсібінің қыр-сырын меңгере бастайды. Соңында Венера Нұрғалиевамен ақылдаса келе, осы саланы дамытуға бел шешеді. Ерлі-зайыптылар аяқ киім өндірісінің қыры мен сырына қаныға түскен. Ақырында осы кәсіпті, дәлірегі аяқ киім цехын өз аулаларында ашуға бел байлаған. Сөйтіп ерінбей, жалықпай жүріп, ойға алған шаруасын да бастап кеткен. Жан жары Венера екеуі қазір бес баланың ата-анасы. Үлкені Зере Алматы технологиялық университетінің модельердизайнер мамандығын игеру үстінде, демалыс кезінде әке жолын қуып, қолғабыс етеді. Әкесімен бірге цехта аяқ киім тігумен айналысады. Әкесі «қызым болашағынан зор үміт күттіріп отыр» дейді. Инабат сөз арасында әулетінің игі ісін, ары қарай абыроймен жалғастыратын өскелең ұрпақ өсіп келе жатқанын мақтанышпен айтып өтті. Өйткені ұл-қыздарына еркіндік беріп қойған. Олар өз ойындағы тың идеяларын ортаға салып, аяқ-киім дизайнының түрленуіне мол үлес қосуда. – Халық арасында жақсы сұранысқа ие болуы үшін, өнім сапалы, ыңғайлы, тартымды әрі қолжетімді болуы керек. Барлық зат адам ойлағандай болмайды ғой. Кейде тапсырысымыз азайып қалады. Отандық өнім болғасын бағаны да тұрақты ету керек деген сияқты көптеген мәселелер бар. Таза былғарыдан тігілген туфлилер, макасилеріміз өтімді болып тұр. Тапсырысына байланысты бір аптаның көлемінде дайындап бере аламыз. Бізде қолтырауынның, түйеқұстың терілері бар. Бағалары 10500-ден 50000-ға дейін барады, – дейді кейіпкеріміз. Расында, цехтың ішіне кіргенде сапасыз резеңкенің не болмаса терінің иісі сезілмейді. Тап-таза, тап-тұйнақтай. Кез келген теріні қолыңызға алып ары-бері тексеріп көрсеңіз де болады. Шикізаттың барлығы еліміздің түкпіртүкпірінен келеді екен. Мысалы, терілер Алматы шаһарындағы «Almaty tanneri+»жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен алынады. «Тек қана аяқ киім табанын ғана Түркиядан, Өзбекстаннан жеткіземіз», – дейді кәсіпкер. Барлық өнімі экологиялық тұрғыдан таза. «SARBI» аяқ киімінің сапа көрсеткішіне айналған. Цехта былғарыны ойып, пішінге келтіретін, қонышын тігіп, бүгіп, тігісін жатқызатын бірнеше тігін машиналары бар. Дайын туфли нобайына табан жапсырғанда 6 массалық атмосфералық қысыммен жапсырылады. Цехта негізгі процестің бәрі қол еңбегін талап етеді. Демек, аяқ киімнің әр жұбын қолөнер туындысы деп бағалаған жөн. Жеке бизнесті тек өз күштерімен жүргізген. Мемлекеттік бағдарламаларға жүгінгенімен одан нәтиже болмаған. – Қазір айына шамамен 90 жұп аяқ киім тігіп отырмыз. Алға қойған мақсатымыз – елді отандық өніммен қамту. Біздің цехтың ең басты мәселесі кадр тапшылығы. Өзіміз үйретеміз, айына 130 000 теңге айлығын береміз дегенде де жұмысшы табылмай отыр. Егер ары қарай алып кетсе, табысы еселене береді ғой. Жалпы алғанда, 15 жұмыс орнын ашуға шамамыз келеді. Ауылдан өздеріңіз көріп отырғандай, өз дүкенімізді аштық. Ауылдастар разылығын білдіріп жатыр. Сатып алушыларымыздың жайдары жүзі мен ыстық ықыласын көргенде, тілеулестігін естіп, қуанып отырмыз. Бізді қолдап отырған ауыл адамдарына айтар алғысымыз шексіз. Бізді қанаттандырып, тауарымызды сапалы өндіруге құлшындыратын да – осы ауылдастарымыз, – деген кәсіпкер Инабат Тұрсынбекұлы жетістік пен кедергіні қатар жеткізді. «SARBI» сауда белгісі бар аяқ киімдеріне сұраныс әзірге базар деңгейінде, сатып алушылар бірінен бірі естіп, тауып келеді, әлеуметтік желілерде де парақшалары бар екен. Алайда, импорт ұсынған сан алуан тауар арасынан ерекшеленіп шығу өте қиын. Өйткені, қазіргі заманғы өңдеу технологиялары аяқ киімді өте сапалы етіп көрсете алады. Бірақ тауардың шын сапасы киіс бергенде білінеді екен. Біз де біреуін киіп көрдік. Алқановтар әулетінің аяқ киімі өзіндік қолтаңбасы бар, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрлі технологияны қолдана отырып, отандық шикізаттан тігеді. Ендеше Іле ауданына табаныңыз тисе, «SARBI» аяқ киімі дүкенінен табаны мықты, қонышы былғары аяқ киім алуға асығыңыз!

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button