Без рубрики

Журналистикада өз дауысыңды табу: жаңалық жазу стильдері

Сіз радио немесе теледидардан жаңалықтар тыңдағанда тілшілердің даусына назар аударасыз ба? Одан бөлек, экрандағы іс-әрекетін зерттеп, олардың бет-әлпеті оқиғаның реңін қалай көрсететінін байқадыңыз ба?
Журналистер сияқты оқиғаны мәнерлі және объективті түрде баяндау оңай емес. Егер сіздің журналистика саласында тәжірибеңіз аз болса, онда өз ісіңіздің маманы болуға уақытыңыз бен күшіңізді жұмсауға дайын болуыңыз керек.
Ендеше, бұл дағдыларды қалай дамытуға болады?
1.     Басқаларды тыңдау арқылы үйрену.
Ойыңыз бөлінбес үшін көзіңізді жұмып, оқиғаны баяндау барысында тілшінің дауысына назар салыңыз. Оны сезіне біліңіз. Олардың дауысынан оқиғаның маңызды, қайғылы немесе қызықты екенін сезуге болады. Сонымен қатар, журналистің ынта-жігері, сенімділігі мен энергиясына мән беріңіз. Ақпарат жеткізу барысында, оның қолы, шынтағы, жалпы тұрысы да рөл ойнайды.
2.     Жаңалықтар оқып жаттығу.
Журналист ретінде өз дауысыңызды табу оңай емес. Дикцияны үнемі жаттықтыру керек. Өзіңізге қызықты эссе тауып, оны қағазға басып шығарыңыз. Қағазды қабырғаға іліп, көзіңізді баяу жылжытып оқуға машықтаныңыз.
3.     Өзіңізді видеоға түсіріңіз.
Бұл әдіс арқылы әлсіз тұстарыңызды байқай аласыз. Өзіңіздің жаңалықтар оқығаныңызды видеоға түсіріп, тәжірибелі журналистердің дауыс ырғағымен өзіңіздікін салыстырыңыз.
4.     Дауыстап оқу.
Жаңалықтар мен мақалаларды оңаша дауыстап оқыңыз. Сонда дауысыңызды мүмкіндігінше қатты шығара аласыз. Ал айнаның алдында оқысаңыз, түр-әлпет арқылы оқиғаның реңін көрсетуді де үйренесіз. Түр-әлпетіңізге сіздің жымиғаныңыз, қабағыңыз, көзқарасыңыз жатады.
5.     Дауыс ырғағыңызды өзгерту.
Тілшілер күн сайын қайғылы, қызықты, маңызды ақпараттарды жеткізеді және бұл жаңалықтарды баяндауда дауыс ырғағы үнемі өзгеріске ұшырайды. Мысалы, қайғылы оқиға төмен ырғақпен оқылады. Егер сіз бір ырғақпен қайғылы жаңалықты да, қызықты жаңалықты да оқысаңыз, онда аудиториямен байланысыңыз үзілді дей беріңіз. Қайғылы жаңалық оқығанда сіз олардың көзінше тасжүрек болып көрінесіз. Сол себепті жаттығу барысында дауысыңызды жиі өзгертіңіз.
6.     Жаңалықтар оқуды қол қимылдарымен сүйемелдеңіз.
Қол қимылдары сіз оқыған ақпараттың мағынасын ашуға, оны жеңіл қабылдауға көмектеседі. Ешбір жағдайда қолыңызды төмен түсірмеңіз және камераға шошайтпаңыз. Қолыңыздың қозғалысы әрбір сөзіңізге мағына беретініне көз жеткізіңіз.  Журналист ретінде сіз қол қимылдарын жиі қолданатын боласыз, егер оған үйренбеген болсаңыз, алдымен бір қолыңыздан бастап, кейін екінші қолыңызбен де жаттығыңыз.
7.     Камераға тік қараңыз.
Жаңалықтар оқығанда әрқашан көзіңіз камераға тік қарауы керек. Бұл әсіресе дикторлар үшін өте маңызды. Әдетте ақпарат суфлердан оқылғанымен, олар камераға тік қарау арқылы аудиториямен тығыз байланыс орнатады.
8.     Асықпаңыз.
Біз достарымызбен немесе отбасы мүшелерімен сөйлескенде жылдам сөйлейміз, бірақ жаңалық оқығанда әрбір сөзіміз түсінікті болуы үшін оқу жылдамдығын бәсеңдетуіміз қажет. Тым баяу сөйлемеңіз, әйтпесе аудиторияның қызығушылығы жоғалады. Репортерлерді тыңдап, олардың оқу қарқынына еліктеуге тырысыңыз. Әдетте, көптеген тілшілердің оқу жылдамдығы минутына 150 сөзді құрайды. Егер қобалжығаннан тым жылдам оқып жатқаныңызды байқасаңыз, терең тыныс алыңыз.
9.     Жаргондар мен дөрекі сөздерден аулақ болыңыз.
Журналист ақпаратты объективті жеткізуі тиіс, яғни жаргон, диалект, дөрекі сөздерге орын жоқ. Жаргондар мен дөрекі сөздер сіздің кәсіби деңгейіңізді түсіреді. Аудиторияңыздың Қазақстанның түкпір-түкпірінен болатынын да ұмытпаңыз. Сіздің сөзіңіз барша адамға түсінікті болуы керек.
 

Авторы: Т. Қ. Жүргенов атындағы

Қазақ Ұлттық Өнер академиясы

«Медиажурналистика» мамандығының

2-курс студенті Аяулым Далихан

Басқа жаңалықтар

Back to top button