Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыДенсаулықЕскелді айнасыҚоғам

АЛҒЫСАРҚАЛАҒАН ЖАН

Қала іргесіндегі Шымыр ауылында медбике Меруерт десе ауылдықтардың жүзінде жылулық сезіледі. Олай болар жөні бар. Меруерт Алмабаева елдің алғысын алған ақ халатты. Алдына келгенді дәрмекпен де, сөзбен де емдейтін әдеті. Ауылдық амбулаториядан қабағын шытып шыққанды көрмейсіз. Өйткені, табиғатынан елге, маңайындағыларға қызмет етуді мансұқ көрген.

Ауылдық мейірбике жайында қызық жайт болды. «Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» деуші ме еді?! Қарабұлақтан қоғамдық көлікке отырғаным сол еді. Артқы жақтан күбір һәм күмбір әңгіме шыға келгені. Аудандық ауруханаға қағаздарымен барғандар болуы керек. Бірі айтады: «Құдай бере салған ғой, Меруерттің арқасында шаруамыз да, денсаулығымыз да тиянақтай. Қолына қуат бергір, қашан барсаң да жадырап күтіп алады. Кейде қай жерің ауырғанын ұмытып қаласың». Екіншісі: «Шынында да солай, жөнін біледі. Нағыз майталман. Алдына барған сайын қабақ шытқанын көргеніміз жоқ. Жүзі жақсыдан түңілме деген», — деді. Ортаға үшінші ер кісі қосылып: «Айлық алып отыр, жалақысына сай қызмет етуі тиіс дейді ғой әдетте жұрт. Ауылдың ешқайсысы Меруерт жайында жаман пікірде емес. Ауыра қалсаң, дертімізге шипа қыларлық әрекет етеді. Алла разы болғыр!» — дейді. Нәзікжандылармен қау-қылдасқан жараспас деп, ер кісіні әңгімеге жақын тарттым. Елдің бағасын алған қандай жан? Шымыр ауылының тұрғыны Дархан Ерікбаевтың айтуынша, мамандықтан бұрын адамдықты игерген мейірбике екен өзі.

Бақсақ, Меруерт Алмабаева Шымыр ауылының медбикесі екен. Елде дерт қозып, қауіпті індет кәріні де, жасты да аямай жатқан 2020 жылы кейіпкеріміз бұл ауылға бет бұрыпты. Содан бері халықтан алғыс жинап жүр екен. Өзі 2018 жылдан бері Жетісу ауылында мейірбике болған екен. Қазір осында, Шымырда. Содан ауыл мақтаған арудың жайын білмекке байланысқа шықтым. Айтқандай, жүзінде иманы бар, адамгершілігі тасыған азаматша екен.

– 2015 жылы колледж тәмамдадым. Мамандығым – фелдьшер. Еңбек жолымды Балпық бидегі балабақшада мейірбике болып бастағам. Бүгінде Шымырдамыз (күліп). Негізі қай кісіге болмасын адалдық керек. Мамандыққа, Отанға, туған-туысқа. Сонда ғана қай сала болмасын алға басады. Өзімнің ұраным да сол, — деді медбике Меруерт.

Содан әңгімеміз үзілді. Себебі Меруертті қауырт шаруа күтіп тұр. Адам толассыз келеді екен мұнда. Бірі – балтыр сыздап келсе, бірі – жүрек лоблып есік қаққан, үшіншісі – баласын қаратуға әкелген. Тынымсыз Меруерт бәріне өбек қағуда. Мен де қарап қалмайын деп, әңгімеге тарттым келушілерді. Сайлаукүл Шектібаева мұнда жиі келеді екен. Өзінің айтуы. Меруерт қай кезде де жайдары қарсы алып, күлімдеп шығарып салады екен.

— Бір кітаптан оқығаным бар еді, «Адамды емдеу үшін жылы сөзден асқан дәрумен жоқ», — дегенді. Осыған кәміл көзім жетті. Әдетте дәрігердің алдынан шықпаймыз. Қан қысымы жиі көтеріліп, жүрек ауыратыны бар. Меруерт қызымыз үнемі күлімдеп, жылулығын сыйлай жүреді. Дәрігер біткен осы қызымыздан үлгі алсайшы. Қалада, ауданда дәрігерлердің талайын көріп жүрміз. Қабағы жауған бұлттай түнеріп тұратын ақ халаттылар жетеді. Меруертіміз оларға үлгі болсын, — деді С.Шектібаева.

Негізі қай адамға болмасын, жылы сөзден артығы керегі жоқ. Әл-Фарабидің «Қайырымды қоғамы» бір-бірімізге жылулық сыйлағанда орнамақ. Рас сөз. Меруерт Алмабаева жайында шымырлықтардың айтар уәжі – алғыс. Ал алғыс алған ақ халаттыға біз де бас иеміз. Мерейің тасысын, медбике Меруерт!

Д.Кемеңгер

Басқа жаңалықтар

Back to top button