Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыАуыл шаруашылығыЕскелді айнасыҚоғамТұлға

ҚАЖЫРЛЫ ЖІГЕР ИЕСІ

Байқайсыз ба, бізде қасиеттінің бәрі ана ұғымымен астарлас. Ана тілі, Жер-Ана, Отан-Ана… Қарапайым ана сүтіне деген құрметті айтсаңызшы. Бір анадан тумаса да, бір ананы емгендер ғұмыр бойы бауырдан бетер болатыны жөнінде әлімсақтан жеткен сан тәмсіл бар. Шынтуайтыны керек, баба жұрт танымында әйел — Аналық символы. Аналық астарында даналық жатыр. Ұмай-Ана, Домалақ-Ана, Жылауық-Ана… Тізімді тоқтатпай кете беруге болады. Аталған кісілердің есімі даналық арқылы мәшһүр болды. Мұнымен не айтпақпыз? Қазақ қоғамында сол дана  – Аналардай маңайына мейірімін төгіп, шуағына талайды шомылдырып жүрген нәзікжандылар бар. Кейде мұндай кісілерге сүйсініп, әр жасаған қарекетіне елжіреп қарап, жалпақ жүртқа жар салғың келеді. Кейде қазақи түйсікке салып, көз тиеді, сөз өтеді, бәле-жаладан аулақ болсын деген кейіппен, ешкімге жарнамаламай, тіс жармай отыруға да болады. Алайда, біздің кейіпкер жайында мүлдем жақ ашпау – оның болмысына қиянат. Тіл мен көзден аулақ болсын деген ниетпен қалам тербеп отырған жайымыз бар.

Жеті өзеннен нәр алып, Жерұйық мекенге айналған осынау киелі өлкенің Ескелді деген ауданына қарасты Бақтыбай ауылында табиғатынан нәзіктікті серік еткенмен, ерлерге бергісіз қайраттылықпен талай тірліктің басын қайырып жүрген кейіпкеріміз тұрады. Кейіпкеріміз Арайлым Раисова негізі бұл ауылдың тумасы емес, табалдырық аттап, баба жұрт салтымен бұл ауылдың келіні болған жан. Соған қарамастан бойындағы қажырлы қайратын тағдыр қайрағына қайрап, Бақтыбай ауылының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келеді.

Арайлым Райысова шығыстың қызы. Шығыс болғанда Таяу Шығыс емес, қазақ қоғамына талай дүлдүлді, талай саңлақты сыйлаған Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Үлгілі ауылының тумасы. Сол ауылда қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келген. Әкесі совхоз малын бағуды кәсіп еткен. Көп дүние негізінен қыз балаға әкеден дариды ғой. Оның ғылыми негізі де бар. Тіршілік жатырда пайда болғанда, әкеден 23 хромосома, шешеден 23 хромосома дариды екен. Бұл хромосома дегеніңіз қасиет. Ғалымдардың айтуынша, қызға әкеден, ұлға шешеден қасиет қонады екен. Құдіреттің күші ғой. Сол әке бойындағы қаржырлылық, табандылық деген қасиет дәнегі кейін бүрін жарып, талай етжеңді тірліктің бастаушысына айналады.

Кейіпкеріміз ауылдағы Абай мектебін тәмамдап, Семей қаласындағы заң және бизнес колледжінде заңгер мамандығын меңгереді. Тағдыр дегенді қойсаңшы, өмірлік жолдасына осы Семей қаласында жолығыпты. 1997 жылы колледждегі ізденушілік міндетін аяқтағанда қосағына ілесіп, бүгінгі Бақтыбай ауылына келін болып түседі. Сыйлы шаңырақтың келіні болу кейіпкерімізге оңай тимегені анық. Ауыл жұрты жас келіннің бір шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шығып, түтінінің түзу шығуына бар күш-жігерін жұмсап жүргеніне аса сүйсінуші еді. Әрі ауылдың тұрмысын лезде оң жамбасқа келтіріп, ондағы тіршілікке икемделе кетуі талайдың алғысын әперді.

Арайлым Райысова келіндік миссиясын жоғары деңгейде өтеп жүріп, ауылда тың дүниенің басын шалды. Елді мекен орталығынан ауылдықтарға қажетті тұрмыстық заттар мен азық-түлік сататын дүкен ашады. Былай қарасаңыз, келін болып түскені кеше, бар-жоғы үш жыл. Жат жерге келіп, тастай батып, судай сіңген жас келіншектің бұл тірлігіне жұрт сүйсінбеске лажы болмады. Әкеден дарыған табандылық пен қажырлылықтың арқасында дүкен шаруасын дөңгелете жөнелді. Жыл өткен сайын дүкен сөресі заттарға лық толып, ауыл жұрты әдеттегідей аудан, облыс орталығына сабылып, базар жағалап жүруді қойды. Өйткені Арайлым ашқан дүкенде іздегенің табылушы еді.

Шығыстағы Көкпектіде төрт түлік бағудың майталманы болған Рамазан ақсақалдың қызы Бақтыбай ауылына келін боп түскеннен кейін мұндай үлкен іс тындырарына сенген болар. Бұл – біздің пайым. Өйткені Арайлым Рамазанқызына ауылда балабақшаның жоқтығы, мектепке дейінгі балалардың сол қажеттілікпен өтелмеуі қынжылтатын. Әкеден дарыған тәуекелшілікке салып, 2018 жылы Бақтыбай ауылынан үлкен нысан салды да, 125 орындық балабақшаны ашты да тастады. Әрине, мемлекеттің қолдауынсыз емес. Мұндай үлкен шаруаны еңсеруге қолда бар қаржы аздық еткені белгілі. Содан мемлекет тарапынан 75 млн. теңге несиені төмен пайызбен рәсімдеп, ауыз толтырып айтар тірлікті тәмамдады. Бүгінде бақтыбайлық өрендер мәз-майрам. Себебі, оларға заманауи үлгіде жабдықталған балабақшаның есігі айқара ашық.

Кейіпкеріміз әу баста ауылдың әлеуетін көтеруге, ауыл азаматтарына қолдау білдіруге бел шеше кіріскен. Бүгінде алғаш ашқан дүкенінде 7 бақтыбайлық жұмыс істейді. Мұнан өзге төрт жыл бұрын іргесі қаланған балабақшада 30 ауыл азаматы нәпақа тауып жүр. Қазір көптеген ауылда екі қолға сайман сұрап, жұмыс таппай жүрген ауыл тұрғындары бар. Бақтыбайлықтарда мұндай мәселе аса өзекті емес. Өйткені Арайлым Раисова балабақшаның жанынан тағы бір ғимараттың іргесін қалап, ауылдағы мектепке дейінгі балаларды қамтитын нысанның аумағын үлкейтуді көздеп отыр. Бірер жылдың көлемінде бұл шаруаны атқаруды қолға алмақ. Балабақша ауқымын кеңітсе, тағы да жұмыс көзі ашылады деген сөз.

Арайлым Рамазанқызы бүгінде үш баланың анасы. Бүгінде тұңғышы шаңырақ көтеріп, Алатау баурайындағы әсем қала Алматыда тіршілік етуде. Ортаншысы білім жолын жалғап, бүгінде студент болып жүр. Кенже баласы ауыл мектебінде. Елге сыйлы, ерге бергісіз қажырлы һәм табандылығы арқылы үлкен істердің басында жүрген кейіпкеріміз, міне, осындай. Бастысы тіл мен көзден аман, отбасы бүтін болсын деген тілекпен әңгімемізді тәмамдаймыз.

Д. Кемеңгер

Басқа жаңалықтар

Back to top button