Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыКеген келбетіҚоғамМәдениетТұлға

БЕЛГІЛІ МҮСІНШІ ШӘКІРТ БАУЛУҒА КІРІСТІ

Аспантаулар өлкесінен шыққандардың арасында осалы сирек. Ауылдың қара домалақтарының арасынан тұла бойы неше түрлі өнеріне тұнған азаматтарды көрсең, таңдана бермейсің. Мұның бәрі айналасы таңғажайып сұлулыққа, өсімдік әлеміне толы өлкенің шапағаты болып келеді. Көрікті Көлсай жақта Қарабұлақ атты әдемі ауыл бар. Осы бір киелі мекеннен басқасын жіпке тізбегеннің өзінде Бөлтірік Атыханұлындай ақын, өз тұсында Қазақстан Республикасының ағаш өңдеу министрі болған Молдан Әлдербаев, генерал Дүйсен Қанибаев шыққан. Дәл осы ауылда белгілі мүсін өнерінің маманы, шынайы шебері Ержан Қожахметұлындай азамат дүниеге келіп, өрнекті өмір жолын жалғастырып келеді.

Әсіресе ағаштан неше түрлі аңдардың, құстардың бейнесін сомдап шығатын мүсінші 2022 жылдың күз айынан бері қарай шәкірт тәрбиелеу деп аталатын игілікті, ұлағатты іске кірісті. Өткен жылдың бір жаңалығы, жақсылығы ғой, Жалаңаш ауылынан бұрынғы оқу-өндірістік комбинат негізінде жаңадан техникалық, шығармашылық әрі кәсіптік бағдар беретін орталық ашылды. Оның ашылуына бірден-бір негіз қалап, елеулі еңбек еткен Бақытгүл Ұзақова атты іскер ана, білікті басшы сол орталық ашылғанда Ержандай мүсіншіге үлкен өтініш жасады. «Жап-жақсы сағат берейін. Бойыңда жатқан тамаша өнеріңді өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үйреткін. Артыңда ісіңді жалғайтын шәкірттеріңнің болған жақсы емес пе?!»,-деп жұмысқа шақырды. Сөйтіп, Алматы қаласында тұратын Ержан туған ауылына оралды. Қазір Қарабұлақ ауылынан 15 баланы, Саты ауылынан 15 баланы мүсін өнеріне баулып келеді. Әлен Мирас, Сәкен Әлихан, Жандос Болатұлы секілді талапты шәкірттерінің барын да қуана айтты. Осы сапарымызда Ержанды кезекті қолынан шыққан дүниесі сәнді бүркітімен суретке түсіріп алдық.

Рас, Ержандай мүсіншінің қолынан шыққан дүниелері Алматы қаласының аймағын ғана емес, Республиканың төрінде шарлап жүр десек, артық айтпаймыз. Жеке адамдарды айтпағанда көптеген іргелі мекемелердің, білім ордаларының, балалар бақшаларының айналасына құстарын қондырып, аюларын, арыстан мен жолбарыстарын, әсіресе, әдемі қырдың құралайларын отырғызып қойған. Оның жасаған аттары Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінен орын алды. Ағаштан жолбарыс, аю, үкі, мысық, бүркіт пен тасбақаға дейін жасаған. Осыдан-ақ, Ержандай мүсіншінің бойына біткен өнеріне, қол өнерінің шеберлігіне тәнті бола түсесің, риза боласың. Ағаштан мүсін ою деген былайғы біздің түсімізге де кірмейтін дүние ғой.  Ол  шын мәнінде мүсін өнерінің маманы. Алматы қаласындағы республикалық көркем сурет колледжін мүсін өнері бойынша, одан кейін Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педогогикалық университетінің көркем сурет, графика факультетін бітіріп шыққан.

Мүсін өнеріне шәкірттерін тәрбиелеуге шынайы кіріскен Ержанның алдағы жоспары жақсы екен. Қарабұлақ ауылындағы ескі мектептің жанындағы жылыту орталығы болған ескі ғимаратты шеберхана жасатсам деген ниетте. Бұған жоғарыда өзіміз тілімізге тиек еткен ағаш өңдеу министрі болған Молдан Әлдербаевтың бір асыл тұяғы Асан Молдан атты азамат қолдау көрсетуге пейіл білдіріпті. Бұған біз де қуанып қалдық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!», — деп жатады ғой, азамат аман болсын! Ақпан айынан бастап ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің жоба-жоспары құрылып жатқан көрінеді. Бәрекелді! Біз бойындағы, қолындағы тамаша өнерін өсіп келе жатқан жас ұрпаққа дарытуға негіз қалап жатқан оның ісіне сәттілік тіледік!

Индира БІРЖАНСАЛ,

Суретте: мүсінші Ержан Қожахметұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button