Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚаратал хабарыҚоғам

ДӘУІР ҮНІМЕН ТІЛДЕСКЕН, ЗАМАНАМЕН ҮНДЕСКЕН АРХИВ

Тәуелсіз ел тарихында елеулі өзгерістер мен жаңарулардың күн сайын куәсі болып келеміз. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, барша халық игілігіне пайдалану мақсатымызға айналғанына еш шүбә жоқ. Сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың басынан өткен небір аласапыранның өзі баға жетпес байлықтарымыз бен жәдігерлеріміздің бүгінгі күнге жетуіне кедергі бола алмағаны айқын. Сол құндылықтарымызды сақтап, тиісінше халық мүддесіне пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі таңда архивтердің  несібесінде. Жинақтау, қорғау әрбір архившінің борышында.

Аумалы-төкпелі кезеңде деннің саулығы мен бастың амандығын, елдің тыныштығын ғана ойлаған аға-апамыз құжат қажет етпейтін, оның маңыздылығын ұғынбайтын. Соның салдарынан ауыл азаматтары зейнеттік демалысқа шығар алдында туу туралы куәліктері мен еңбек кітапшаларының түпнұсқаларын таппай біраз әбігер шекті, шегіп те келеді. Сондайда базына көтеріп, талай мекеменің терезесін қағып, табалдырығын тоздырады. Есесіне, архивке соғу талайдың жадында жоқ. Әрине, архив дегеніміз телегей теңіздей қағаздарды тау-тау етіп үйіп қана отыратын бейқам мекеме емес. Сан тарихты тәспірлеп, жіпке тізгендей айғақты һәм дәлелді құжаттармен тарихи сәттерді өрнектейтін құрылым. Мұнымен не айтпақпыз? Сөз басынан аңғарған жанға түсінікті, бүгінгі нысанамыз Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Жетісу облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қаратал филиалы хақында бедерленбек.

«Тарихи» мекеменің тарихы

Сан тарихтан сыр шертетін архивтің есігі әрдайым ашық. Бірақ, «тарихи» орынның тарихын білмек үшін қазіргі мекеме басшысы Жанат Қайыпқызының мазасын да алуға тура келді. Қалай дегенмен, білікті басшыдан асқан құрылым жұмысын білетін жан болмайды ғой. Содан Жанат Қайыпқызы алдымызға сарғайған аудан тарихының «сан тарауы мен сан құжатын» жайып салды.

Аудандық архив қорында ғасырға жуық кезеңнің құжаты сақталғанмен, өз тарихы аса алыста емес екен. Архив негізі 1987 жылы қаланған екен. Оған түрткі болған Қаз.ССР Талдықорған облысы Халық депутаттары Қаратал аудандық Советі атқару комитетінің №23-460 санды шешімі. Сол жылы шаруашылық есептегі қызметкер құрамы архиві Қаратал ауданының мекемелері, ұйымдары, кәсіпорындарының құжаттарының сақталуын қаматамасыз ету мақсатында құрылған. Қазақстан 15 одақтық мемлекеттер құрсауынан босап, өз алдына дербестігін жариялап, даму даңғылын енді қалыптастырып жатқанда аудандық архивта тарихи кезеңді бастан өткерді. 1992 жылы маусым айында Қаратал аудандық әкімшілігінің аудандық жеке құрамдағы мұрағаты деген атауды еншілейді. Мекеме атауы 1991 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы мемлекеттік мұрағатының Қаратал филиалы болып өзгертілсе, 2005 жылдың 19 қазанында «Алматы облысының мемлекеттік мұрағаты» ММ-нің Қаратал филиалы болып тағы түрленді. 2016 жылдың 22 маусымында өзгертіліп, «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қаратал филиалы атауы телінді. Соңғы рет мекеме атауы 2022 жылдың 1 қарашасында  «Жетісу облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қаратал филиалы болып өгертілді.

Шын мәнінде атауы өзгерген құрылымның негізгі миссиясы еш ауытқымаған еді.

Жалпы мекеме құрылымын «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Заңына сәйкес ұйым қызметінде пайда болған тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси немесе мәдени айрықша маңызы бар және белгіленген тәртіппен Ұлттық архив қоры құрамына енгізілген құжаттар, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оларды Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды.

Бұл құрылымның тарихы ауыз толтырып айтарға тым аз болмағанымен, пендеуи өмірмен салыстырғанда біршама уақытты артқа тастаған. Аудандық мұрағаттың тізгінін ұстағандар қатарында Төлеген Нугиманов, Лидия Русакова, Жанат Қайыпқыздары бар. Бар-жоғы үш басшы. Алайда, мекемені Т.Нугиманов  2 жыл басқарса, Л.Русакова 1990 жылдан 2009 жыл аралығында құрылым тізгінін ұстапты. 2009 жылдан бері Жанат Қайыпқызы аудандық архивтің «отымен кіріп, күлімен шығып» келеді. Аудандық архивтің арқалар жүгі көп болғанмен, мұнда жұмыс істегендердің саны әр жылы әр қилы болған. Мәселен, 1987-1999 жылдары мекемеде 6 қызметкер тер төксе, 2000-2008 жылдары бұл құрылымның бар ауыртпашылығын 3-ақ адам көтеріп жүріпті. Тиісінше, 2009-2013 жылы 4 адам, 2014-2015 жылдары 5 адам қызмет етсе, 2020 жылы жұмыс ауқымына сай мекеме қызметкерлерінің саны алтауға жеткен. Осындай құрылыммен еңбек еткен ұжым аудандық архив сапынан зейнетке шыққан Лидия Русакова, Флора Пак, Татьяна Гайворовская сынды ардагерлерімен мақтанады.

Құрылымның қалыпты тірлігі

Жалпы аудандық архивтің міндеті не? Осы сауалға жауап іздеп көрелік. Мемлекеттік архивке сақтауға қабылданған құжаттардың негізінде «Жетісу облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қаратал филиалы жеке және заңды тұлғалардың әлеуметтік-құқықтық сұранымдарын қанағаттандыру мақсатында архивтік анықтамалар, архивтік үзінділер, архивтік көшірмелер береді. Сонымен бірге, тақырыптық сұранымдарды да орындайды.

– Ұлттық архив қоры құрамына жатқызылған дәстүрлі (қағаздағы) және электрондық тасығыштағы құжаттардың уақытша сақтау мерзімдерінің шегі аудандардың (қалалардың) жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құжаттары ведомстволық архивте 5 жыл сақталады. Ұлттық архив қорын сақтау мақсатында қазіргі уақытта барлық мемлекеттік мекемелердің тұрақты сақталатын құжаттары әр 5 жыл сайын сақталу мерзіміне сай өңделген күйде аудандық мемлекеттік архивке өткізілуі тиіс. Құжаттарды мемлекеттік сақтауға дайындауға, тасымалдауға, тапсыруға байланысты барлық жұмыстар мен шығыстар ұйымның күші мен қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ал жеке құрам бойынша құжаттарды да тұрақты құжаттармен қатар өңделіп, қызмет атқарып жатқан ұйымда 75 жыл сақтауға қалдырады. Ұйым таратылып немесе жабылған жағдайда мемлекеттік сақтауға өткізіледі, егерде жабылған мекеменің мұра қоры болмаған жағдайда мемлекеттік сақтауға өткізіледі, — дегенді айтты мекеме басшысы Жанат Кутушева.

Сондай-ақ, «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидалары негізінде көрсетіледі. Архивтің негізгі бағыттарының бірі – архивтік анықтамаларды, архивтік құжаттардан көшірмелерді, архивтік үзінділерді рәсімдеу. Архивтік анықтама – ұйымның хат бланкісінде жасалған, жеке және заңды тұлғаларға қажетті ақпаратты жасауға негіз болған архивтік құжаттардың сақтау бірліктерінің архивтік шифрлері мен парақ нөмірлері көрсетілген осы ақпаратты қамтитын, заңды күші бар құжат.Архивтік көшірме – архивтік шифр және сақтау бірлігі парақтарының нөмірлері көрсетілген, ресімделген, архивтік құжаттағы мәтінді сөзбе-сөз көрсететін көшірме. Архивтік үзінді – архивтің хат бланкісінде жасалған, архивтік құжат мәтінінің белгілі бір фактіге, оқиғаға, адамға қатысты бөлігін сөзбе-сөз көрсететін сақтау бірліктерінің архивтік шифрі мен парақтар саны көрсетілген құжат. «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі облыстардың, қалалардың, аудандардың мемлекеттік архивтері және олардың филиалдарымен жеке және заңды тұлғаларға ақысыз көрсетіледі. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін өтінішпен көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, яғни халыққа қызмет көрсету орталығы және «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет рәсімнің нәтижесі – әлеуметтік – құқықтық сипаттағы келесі мәліметтерді: жұмыс өтілін, жалақы мөлшерін, жасын, отбасының құрамы, білімін, марапатталғанын, зейнет ақы жарналары мен әлеуметтік төлемдердің аударылуын, бас бостандығынан айыру жерлерде болғанын, азаматтық хал актілері, құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары жөніндегі мәліметтерді растау туралы архив анықтамасы немесе олардың болмауы туралы жауап, немесе архивтік құжаттардан куәландырылған архивтік көшірмелер мен үзінділер. Шынтуайтына келгенде аудандық архив сапынан жыл сайын 2000 мыңға жуық анықтама беріледі екен.

Жалпы, «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қаратал филиалының сақтауында 1930 жылдан бері сақталған 20827 құжат тіркелсе, ел тәуелсіздігін алғалы бергі уақыттан бері жинақталған 42 536 құжат бар. Уақытша сақтауға негізделген құжаттардың саны 1318 дана болса, бұл құжаттардың тарихы 1937 жылдан бастау алады. Филиалда 1991-2023 жылдар аралығында Ұлттық архив қорының толықтыру көздері болып табылатын тізімі бойынша Қаратал ауданында 25 мекеме бар.

Аудандық мұрағаттың бүгінгі айнасы

Жанат Қайыпқызы ауданның бар тарихынан сыр шертетін тарихи мекемені 2009 жылдан бері басқарып келеді. Ол Талдықорған заң техникумын да, Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын да заңгер мамандығымен аяқтап, еңбек жолын Қаратал аудандық орындаушы комитетінде іс жүргізуші болып бастаған. Ал аудандық архивтегі еңбек жолын 1988 жылы Қаратал жеке құрам бойынша архивінде 2-санаттағы архивші болып бастап, бүгінге дейін 35 жыл осы құрылымның бар ауыртпашылығы мен жетістігін қатар көтеріп жүріпті. Еселі еңбегі де елеусіз емес, облыс әкімінің, басқарма басшыларының, министрліктердің алғыс хаты мен құрмет грамотасын иеленген. Сондай-ақ, қазақстандық салалық мәдениет,спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы «Еңбек даңқы» төсбелгісін, ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі «Архив саласының үздігі» төсбелгісін меншіктеген. Аудандық архивте Жанат Қайыпқызымен қатар, Динара Кенжетайқызы, Алима Албанқызы, Маржан Серікқызы сынды өз саласының білгірлері тер төгуде.

Мемлекеттің нығаюы, механизмнің күрделене түсуі, құжаттардың жаңа түрлерінің пайда болуы, қызмет көрсетуді автоматтандыру мұрағатшыларға үлкен міндет жүктеп отыр. Қай елдің болмасын қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірі, жалпы бар болмыс-тіршілігі құжаттарынан көрініс тауып, уақыт өте келе тарихына айналатыны белгілі. Уақыт еншісіндегі байлықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, оны тиісінше сақтау және қоғам мүддесіне пайдалануды ұйымдастыру архивтер мен архившінің мақсаты. Ал, сол мақсатты біздің архившілер абыроймен атқарып келе жатқанына кәміл сенеміз. Шындығында да тарихты жасайтын — халық, сақтайтын — архив. Олай болса архив, архивтік құжаттар қай кезде де маңыздылығын жоғалтпайды.

М. Мақсым

Басқа жаңалықтар

Back to top button