ҰЛТЫМНЫҢ ЖӨНІ БӨЛЕК ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАРЫ
Жақында Кеген ауданы, Тасашы ауылындағы жаңғырып, жайнаған мәдениет үйінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Кеген аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақ халқының ырым-тыйымдары» атты әсерлі кеш өтті.
Ежелден ынтымақ-бірлігі жарасқан Тасашы ауылының Нұрқас Ысқақов, Арғынбай Шілікбаев бастаған қадірменді қариялары мен Сара Қасымханова, Ғалия Сақабекова бастаған ақ жаулықты аналары ұлтымыздың құда түсуге арналған «Шеге шапан» атты сахналық көрінісін алға тартты. «Шөберенің қолынан май жалату», «Ақтан ауыз тигізу», «Қонақтарға жол ашу» секілді неше түрлі жөні мен жолы, ұлағаты бөлек ырымдары жасалды. Ауылдық мәдениет үйінің жанынан құралған әжелер ансамблі кеш ажарын ашты.
Тасашы ауылдық округінің әкімі, осы ауылдың айтулы перзенттерінің бірі, бойында ақындық, әншілік өнері де жарасым тапқан Ерболат Төребаев, «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі Кеген аудандық филиалының төрайымы Индира Ұзақ, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков ақжарма тілектерімен қатар, осы күні белсенділік танытқан бір топ ауыл тұрғындарына Кеген ауданы әкімінің Алғыс хатын, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі Кеген аудандық филиалының Алғыс хаттарын, сыйлықтарын тарту етті.
Ұлтымыздың дәл осындай жөн-жоралғысына, салт-дәстүріне негізделген келесі басқосуды өткізудің «Төс байлау» рәсімі Қарқара ауылына тапсырылды. Ұзын сөздің қысқасы, ай сайын әр ауылдық округтің төрінде осындай ізгі шара жалғасып отырады. феген аудандық филиалының төрайымы Индира Ұзаққа айтар алғысымыз шексіз. Реті келгенде жұма күнгі жайдары кешке үлкен үлесін қосқан Тасашы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гауһар Әуезханованың ерен еңбегін атап айтқан жөн.
Индира Біржансал