Бұл дала төсінде қанша ұлы тұлға дүниеге келді. Олар жердің де, елдің де атын шығарды. «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы» деген тәмсілдің төркіні де сол ерлердің айбынын асқақтата түскендей. Қазіргі қоғамда «Ұлы дала» деген ұғым бар. Былайша айтқанда, дала ешқашан ұлы бола алмайды. Неге деп тулауыңыз да мүмкін. Себебі, даланың даңқын шығаратын сонда туған перзенттер оны ұлы деген әспетке жеткізеді. Мәселен, қазақ даласының ұлы болуы сақ, ғұн һәм көк түріктер мен одан кейін өмір сүрген ұлы ұрпақтың арқасы десек жаңсақ айтқандық емес. Міне, осындай дала даңқын шығарып, еңбегімен, ерлігімен ел есінде қалған арда тұлға – Нұрмолда Алдабергенов.
Көзі тірісінде кеудесінде екі «Алтын жұлдызды» жарқыратқан Нұрмолда Алдабергенов 1906 жылы Сарыбұлақ кеңшарына қарайтын Қарағаш атаулы ауылда шаруа шаңырағында жарық дүниенің есігін ашыпты. Бұғанасы қатпаса да күнкөрістің қамы үшін жеті жасынан жалданып әркімнің төрт түлігін бағып, нәпақа табады. Ел аумағында үлкен үдеріс әкелген Түріксіб шойын жолын салуға қатысады. Бұл 1928 жылдардың шамасы. Алып құрылыс аяқталған соң, теміржолда шойындай шыңдалған азамат «Жаңа талап» ұжымшарына мүшелікке өтеді. Мұнда қай шаруаны да ұршықша иірген Н. Алдабергенов 1936 жылы ұжымшардың тізгінін қолға алады. Алайда, 1941 жылы адамзат баласына зобалаң әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ел үшін етігімен су кешкен ерлермен иін тіресіп майдан даласына аттанып, ұрпақ үшін, ел үшін аянбай айқасады. Сұрапыл соғыс аяқталған соң, ауылға аман-есен оралып, тұралаған шаруашылықтың тамырына қайта қан жүгіртеді. Адал еңбектің арқасында ұжымшар өркендеп, егіс көлемі артып, мал басы өсті. Құрылыс барған сайын қарқын алды. Бүкіл Одаққа танылды. Осындай еңбектің нәтижесінде арда азамат 1948 жылы «Жаңа талап» ұжымшары атынан Еңбек Ері атағына бірінші рет ие болады. Арада біраз уақыт өткен соң 1950 жылы «Қызылту», «Жаңаталап», «Жаңалық» атаулы үш елдімекен қосылып, Сталин атындағы ұжымшар құрылады. Көш бастауда шеберлікпен көзге түскен Н. Алдабергенов ірілендірілген ұжымшардың тізгінін ұстап, айналдырған 11 жыл ішінде өзгелерден оқ бойы озық шыққан ауылшаруашылық құрылымға айнал-дырады. Халық аузында Шұбар деген атауға ие болған ауыл лезде қалаға айналады. Мұндай еселі еңбегі үшін атпал азамат 1958 жылы екінші рет Еңбек Ері атағын алады.
Уақытында Н. Алдабергеновтың қайратты тірлігіне қызғаныш та болмады емес. Сондай іштарлықтың нәтижесінде Қазақстанды Юсупов басқарып тұрғанда адал еңбектің өрістеуіне балта шабылып, екі мәрте Еңбек Ері қызметтен тайдырылады. Алайда, қара түнектен жер жүзіне сәулесін шаша шыққан күндей болған Дінмұхамед Қонаев ел тізгінін ұстағанда Н. Алдабергенов Мұқыры ұжымшарына басшылық қызметке тағайындалады. Бұл ауылды бар-жоғы бір жарым жыл ішінде гүлдендіріп, бағын ашқан еді. Алайда сол топыраққа табаны тигеніне екі жыл толғанда ел үшін туған ер мәңгілік сапарға аттанып кете барады.
Шыны керек, әлі күнге адал еңбектің өшпес жұлдызына айналған Нұрмолда Алдабергеновтің өмірін осылай қысқа ғана қайыруға болады. Алайда оның артында қалған өшпес мұрасы таңды-таңға ұрар ұлағатты әңгімелерді сөз еткенде газет, тіпті кітаптың өзіне сыймайтын үлкен туынды шығады. Өйткені, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген тәмсіл бар қазақта. Сөзі дуалы, қаламы қарымды жазушы Құттыбек Баяндиннің «Нартұлға» романында Н.Алдабергенов: «Ауырсам ажалдан қорықпаймын, ауыл бөлек-бөлек болып кете ме деп уайымдаймын» деген екен. Мұның өзінен асыл ердің ел үшін, жер үшін туғанын аңғару аса қиын емес.
Биыл адал еңбектің үлгісі, екі мәрте Еңбек Ері атағын алған, ел үшін туып, ел үшін ғана еңбек еткен Нұрмолда Алдабергеновтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осы орайда халықтың жанашыры және бақ ашары бола білген алып тұлғаның мерейтойы ауданда жоғары дәрежеде аталып өтпек. Ұрпақ санасында баба рухы жайында, ел үшін өзін аямаған ер жайында сәуле қалыптасуы үшін. «Рухани жаңғыру» дегеніміз осы емес пе?
Д.Кемеңгер