Шымыр жастарының шынайы тірлігі
Алайда, баба жұрт «Қуанышты бөліссең, көбейеді» демей ме? Қазақтың осындайда даналығынан айналасың. Айналмай ше? Шведтің бе, ағылшынның ба, әйтеуір кәрі құрлықтың бір еліндегі бір компаниясы қазақтың сөзін қуаттапты. IKEA компаниясын білмейтін пенде кем шығар?! Сол құрылым тәжірибе жүргізген ғой. Саудаға негізделген кәсібі бар компания әлеуметтік тәжірибелер жасауға дағдыланған. Бірде әлгі компания екі қауашақтағы гүлді алыпты да, біріне — былапыт сөз, балағат әңгіме айтады да, екіншісін — жапырағы мен тамырын жер мен көкке сыйғызбай мақтайды ғой. Күн өтеді, күн артынан күн зулап, апта өтеді. Құдірет-ай, құлақсыз болса да, әлгі өсімдіктің қолайсыз сөз естігені бойы өспей, қолапайсыздау күйге енеді. Жайлы әңгіменің аясында тұрған гүл жапырағын жайқалта түсіп, көріктеніп сала береді. Екі айдан соң, боқтық естігені мыжырайған күйі қалып, мақтау естігені ажарланып, алып гүлге айналады. Сөз деген құдірет бәріне әсер етеді ғой. Мұндайда қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді.
Бірді айтып, бірге кетеміз. Айтпауға болатын, бірақ айтылуы тиіс жайттың жайына оралайық… Қала мен аудан орталығының арасында шағын, шағын емес-ау, іргелі ауыл бар. Атауы – Шымыр. Өзі ауданға қарағанмен, тұрмысы мен тынысын облыс орталығына бейімдеген. Олай болар жайы бар. Талдықорғанмен іргелес жатқан соң мұндағы ағайын нәпақасын қаладан да, даладан да тауып жүр. Өйтпегенде ше? Уақыт талабы солай. Сол ауылдағы бір қызықты баяндайын. Елдімекеннің үлкен жолдың бойын іргелей қонған тұсында аялдама бар. Әлгі аялдаманың жанынан өткенде жауыннан кейін бой көтергендей қызылды-жасылды саңырауқұлақтар менмұндалайды. Көздің жауын да алады. Алайда, бұл темір саңырауқұлақтардың орныққанына көп бола қойған жоқ. Әрісі бір жыл. Жай тұр ма бұлар деуіңіз де заңды. Бұл ауыл балаларына арналған шағын демалыс орны. Сол маңда суға шомылар шағын бассейін бар. Бассейін деуге келмес, кәдуілгі жерді шұңқырлай қазып, ағын су келер арықты бұрмалап әкеліп, сол шұңқырға су құяр саға салған. Маңайын Қапшағай су тоғаны не Каспий теңізі жағалауындай шағыр құм мен тас төсеп, жүргінші жүретін жол салынған. Кісі отыратын бірнеше орындық, қоқыс жәшігі, әжетхана, душ, тіпті, кәуап пісіретін құрылғы да орналастырылған. Құдды заманауи демалыс орны ма дерсіз?! Шынында демалыс орны. Тек жекенікі емес, ауылдың меншігі.
Нарықтық заманда ортақ меншік деген құлаққа түрпідей тиді ме? Елім деген ерлер барда оған да құлақ үйреткеніңіз абзал. Мәселе мынада, ауыл жастары жиылып, аға буын қолдау білдіріп, ерте көктемде ауыл балалары үшін жағажайлы бассейн жасайық деп келіседі. Содан үкіметке де, әкімдікке де жүгірмей, жиналып тірлікті бастап кетеді. Бірі – ауласынан темір-терсек әкелсе, бірі – ағаш жеткізеді. Жиылып ақша жинап, қажетті жабдық алады. Әйтеуір, болашақ үшін қам қылады. Өйткені, олар «Балам-болашағым» деген жұрттың ұрпағы ғой. Бүгінде заманауи демалыс орны даяр тұр. Тек су келсе, ауыл балалары шаттанғалы тұр.
Ауылдағы шағын демалыс айлағын салуға себепші болып жүрген жанмен дидарласып қалдық. Кездейсоқ. Шағын табиғи бассейннің жанынан өтіп бара жатып тілдестік. Содан жөн сұраймыз ғой. Мереке Жабығұловтың айтуынша, мұндай игілікті тірлікке жыл басында болған «Қаңтар оқиғасы» сеп болған.
— Еліміздің тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндірген оқиға шынында да ойландырып тастады. Елдігімізді асқақтатар бірлік екен. Хәкім Абай ел болу үшін «бірлік керек, бірлік болғанда ақылға бірлік» дейді ғой. Содан ауылдың азаматтары ақылдаса келе, туған, өскен ауылымызды өркендетуде бел будық. Біз жанбасақ лапылдап, кім жанады? Ауылдағы ел ағалары бас болып, біз жастар қостап, тірлік етуді жөн көрдік. Міне, соның бастамасы. Әуелде бұл маң лай мен қоқысқа толы шұңқыр болып жататын. Кейде жағымсыз иісі мүңкитін. Содан осы маңды ауыл балалары демалатын, суға шомылатын, ауыл жастары серуендейтін шағын демалыс орнына айналдыруды жөн көрдік. Кімге ауыз ашып отырамыз? Ауыл – біздікі! Оны көркейту біздің еншімізде. Содан ауыл азаматтары бірігіп, бастаманы қолға алдық. Бүгінде әлгі қолайсыз болып келген орынның сәні кіріп, шағын демалыс айлағына айналды. Алдағы уақытта ауыл үшін игі тірлігімізді жандандыра бермекпіз, — деді М.Жабығұлов.
Ойды ой қозғайды. Мына заманға теңеу көп. «Өз күніңді өзің көр» деген саясаттың салдары болар, әркім өз «менменін» азықтандырып әлек. Содан шықса керек, бәзбіреулер «менмен заман» дейді. Оған қоса «Біреу біреу үшін өмір сүрмейді» деген де ұран шықты. Ұран емес-ау, жалған желеу. Содан болса керек, қоғам үшін қарекет етуден, қорадағым мен қалтамдағы аман болсын деген күйге жеттік. Шын ғой! Осы орайда ұлт ұстазы Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының «Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады… ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына бәлені ойлап, уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы отбасынан аспайды», — дейді. 100 жыл бұрын жазылған жай қыннан суырылған қанжардай әлі өткір. Тағы да рас. Шыны керек, Ескелді ауданында талай кәсіпкер бар. Жерден де, елден де нәпақасын тауып отыр. Миллиондап, тіпті, миллиардтап. Бірақ, аудан үшін, ел үшін бір пайдам тисін деп бұта сындыратыны саусақпен санарлық. Бәрі дей алмаспыз. Дені. Олардың ойы әуелі бас пайда. Оны көз көріп жүр. Ауданның атқамінерлері итермелемесе, сұрау салмаса, өз еркімен мыңқ етіп қозғала қоймайды. Бір дүние дұрыс болмаса, «әкімдігіңе бар болайын» деп күңк етеді де, өз қамының күйін күйттейді. Шын сөз бұл. Әйтпесе, өз атынан мешіт не мейрамхана, дүкен, асхана ашу кез келгеннің қолынан келеді де, саялы баққа қамқорлық жасау, балалар ойын алаңын салу, демалыс алаңқайын ашу сынды қоғам игілігі үшін болар тірліктерге ешкім бара қоймайды. Өйткені, қоғамдағы қорадағыдай табыс әкелмейді. Табыс әкелмеген тірлікке кім бас ауыртсын? Ал басы ауырмайтындарға Шымыр жастарының, азаматтарының тірлігі үлгі!
Осылайша, шағын ауылдың азаматтары бірлікпен тірлік етуде. Сенбейсіз бе? Сенбесеңіз, Шымырға барыңыз, жанашыр жандардың жүйелі жұмысын көріңіз!
Д.Кемеңгер