Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыАуыл шаруашылығыҚаратал хабарыҚоғамӨндіріс және кәсіпкерлік

Қаратал ауданының әлеуеті артып келеді

Қаратал ауданының әлеуметтік–экономикалық дамуында оң өзгеріс бар. Осылайша аттас өзеннің бойын жағалай орналасқан аудан Жетісу өңірінің драйверіне айналып отыр. Өндірісі өрісті, түтіні түзу, тұрмысы келісті ауданның дамуын қағаз бетіне түсіріп көрелік…

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қаратал ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштер толық орындалған. Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, аудан көлемінде  2 миллиард 250 миллион теңге бюджетік кіріс немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жиналған. Меже 149,9 пайызға орындалған. Ал шығыс бөлігі 6 миллиард 782 миллион теңгені құрап отыр. Жоспардың орындалуы 96,8 пайыз құрайды. Үстіміздегі жылы 9 миллиард 536,8 миллион теңге бюджеттік кіріс түскен. Облыстық бюджетке 431 миллиард 696 миллион теңге түсім кірсе, ауданның мұндағы үлесі 2,2 пайызды құрайды. Ауданның 2022 жылы ауыл шаруашылық саласындағы өндірген өнім көлемі 2,4 пайызға артып, өсіммен 48 миллиард 926 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Қаратал ауданының әкімдігі үстіміздегі жылы 52,2 миллиард теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отыр.

Ауданның агро өндірісі өрістеп келеді

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір секторы. Бұл сала қай елдің де болмасын экономикалық дамуының, тәуелсіздігінің және тұрақтылығының негізгі тірегі. Осыдан да болар біздің елімізде де, егемендік алғаннан Президентіміздің көңіл бөлуінің арқасында ауыл шаруашылығы саласын реформалау іс-шаралары қарқынды атқарылып, мемлекет тарапынан ерекше қолдаулар мен көмектер ауқымы да артып келеді. Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды», — деген еді. Шыны керек, еліміздің агрокешендік перспективасы өте зор. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде бұл саланы ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Бірақ осы уақытқа дейін бұл сала талай үдерісті бастан өткерді. Еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкен тұста кеңестік экономиканың жетілмеген кемшін тұстарынан ең қатты зардап шеккен ауыл шаруашылығы болды. Себебі, елімізде әуелден тарихи қалыптасқан жағдай бойынша, соның ішінде кеңестік үлгідегі ұжымдастыру моделі аясында ауылдарды орналастыру және адамдарды қоныстандыру шаралары әлеуметтік, экологиялық, тіпті нарықтық экономика тұрғысынан да өте сәтсіз ұйымдастырылған еді. Соның салдарынан 90-жылдары көптеген ауылдық аймаққа депрессивті экономика тән болды. Мәселен, 1991 жылы республикамызда 13 миллионнан астам адам тұрған 8 мыңнан астам ауыл, 2 жарым мың кеңшар мен ұжымшар, 5 жарым мың бөлімшелер, фермалар, бригадалар және тағы да басқа ауылға жататын елдімекендер болған екен. Сол кеңшарлар мен ұжымшарлар, бөлімшелер мен бригадалар түгелге дерлік жабылып, ауылдықтар жаппай қалаға көшіп, көптеген ауыл қаңырап бос қалды. Ішкі көші-қон нәтижесінде соңғы 15 жылда еліміздегі ауылдардың саны бір жарым мыңға қысқарып, бүгінде Республикамыздағы 6,6 мыңнан астам ауылдық елдімекенде 8 млн-ға жуық адам өмір сүріп жатыр. Пайызбен айтқанда, еліміздің халқының тең жартысына жуығы, яғни 42 пайызы ауылда тұрады. Урбанизациялық процестер соңғы жылдары біраз саябырсығанымен, әлі де болса сақталып отыр. Кеңестік жоспарлы-әкімшілік экономика кезінде жіберілген қателіктердің бірі өндірістік күштерді алыс-алыс ауылдарға шашыратып орналастыруында еді. Нарық заманы туған тұста бұл жүйе күрделі қиындықтар тудыра бастады. Ауылдық елді мекендердің басым көпшілігі сол өндірістердің болашағы жоқтығынан және бәсекеге қабілетсіздігінен экономикалық тұрғыда өзін-өзі қамтуға дәрменсіз болып шықты. Осыдан келіп өндірістегі проблемалардан бөлек, ауылдарды әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда дамыту мәселесі бірінші орынға шықты. Әуелден-ақ қалыптасқандай ауыл шаруашылығында еңбекақы көлемі өзге салалармен салыстырғанда соншалықты көп емес еді. Тіпті, олардың үштен біріне жуығының кірісі күнкөріс деңгейінен төмен-тұғын. Бұл әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезінде онсыз да тоқырап жатқан ауыл шаруашылығын одан сайын күйрете түсті. Тұрғындар табыс көзі көп қалаға қарай ағылды. Осы бастапқы кездегі қиын жағдайды тұрақтандырып, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін мемлекет тарапынан көптеген кешенді шара атқарылды. Қысқа уақытта жер туралы, жер реформасы туралы, меншік туралы, шаруа қожалықтары туралы, кооперация туралы, жалдау және жалға беру туралы заңдар қабылданды. Соның негізінде жаңа формадағы ұйымдар құру арқылы ауылшаруашылық өнімдері мен шикізаттарының өндірісін, еңбек өнімділігін арттыру жөнінде бағдарламалар қабылданды. Әсіресе, бидай экспортын төмендетпеу, мал басын сақтап қалу, қолда бар өндірістік-материалдық базаны ұстап қалу жолындағы тағы да басқа жұмыстар бірінші кезекке қойылды. Енді бүгінде еліміздің агроөндірістік кешені қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, дамудың даңғыл жолына бет бұрып отыр. Оны аңғару үшін алысқа көз салудың қажеті шамалы. Жыл санап өрісі кеңейген, тынысы ашылып, халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған Қаратал ауданының ауылшаруашылығындағы өрелі істерге көз жүгіртсек жеткілікті.

Жалпы, Жетісу облысы бойынша тек Қаратал ауданында ғана күріш өсіріледі. Бұл өлкеде қазірдің өзінде мың гектарға осы дақыл себілген. Күріш егуден «Үштөбе», «Арман Агрохолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Опытное» ПСК мен «Жалдыбаев Г.», «Жалдыбаева Г.» шаруа қожалықтары көш бастап тұр. Сонысен қатар, қараталдық диқандар көкөніс дақылдарын егуде де алдыңғы қатарда. Аудан шаруалары 1,9 мың гектарға осындай дақыл орналастырған. Қараталдықтар жүгері дақылынан да барынша мол өнім алуға тырысуда. Мәселен, дақылдың осы түрі аудан көлемінде 3,7 мың гектарға жетті. Аудандағы егін шаруашылығына негізделген 22 мың гектар алқап бар. Бұл жалпы Жетісу өңіріндегі егістік көлемінің 4,3 пайызын құрайды. Аудандағы егістіктің дені суармалы негізге бейімделген. Қаратал және Быжы өзенін қоспағанда, 5 магистральдық каналдары бар. Жалпы, суару жүйесі болып табылатын каналдардың жалпы ұзындығы 1 997,6 шақырым болса, оның 229 шақырымы республикалық маңызға ие. Қалған 1 768,6 шақырым канал аудан меншігінде. Аймақ басшысы егістіктің күре тамыры саналатын каналдарды қалпына келтіру, қайта жаңғырту жұмыстарына қолдау білдіріп отыр. Мәселен, 13,6 миллиард теңгеге аудан көлеміндегі 484,7 шақырым канал қайта жаңғыртудан өтуде. Аталмыш жоба екі кезең бойынша жүзеге асуда. Сала мамандарының сөзіне сенсек, жыл соңына дейін 193,4 шақырым суару желілері қайта жаңғыртылады деп күтілуде. Оның ішінде 133,6 шақырым каналдар механикалық тазартудан өтсе, 60 шақырым каналдарда бетон блоктары монтаждалады. Осындай ауқымды жаңғырту жұмыстарынан соң аудан аумағындағы 2 150 гектар жерге суды кедергісіз берілетін болады. Сонымен қатар аудан аумағында, нақтырақ айтқанда, Ескелді, Бастөбе ауылдары арқылы өтетін Үштөбе магистралдық каналының жалпы ұзындығы 1174 шақырымды құрайды. Оның 134,3 шақырымы республикалық маңызға ие. Қалған 1040 шақырымы аудан меншігінде. Осы каналдың 178,1 шақырымын қайта жаңғырту және механикалық тазарту үшін бюджет қалтасынан 100 миллион теңге бөлініп отыр. Аталмыш жұмыстар толықтай жүзеге асса аудан аумағында қосымша 500 – 700 гектар суармалы жер игеріледі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жетісу өңіріне сапарында облысты қант қызылшасын өндіру орталығына айналдыруды тапсырған еді. Биыл жеті өзеннен нәр алған аймақтың топырағында тәтті түбірді егу көлемі 1,9 есе ұлғайған еді. Нақты санмен айтқанда, қант қызылшасы үстіміздегі жылы 8,1 мың гектарға егілді. Ал қараталдық шаруалар да мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда қалыс қалмады. Облыста қант қызылшасы егілген алқаптың 13,6 пайызы Қаратал ауданында орналасқан. Яғни, биыл аудан шаруалары 1,1 гектарға тәтті түбір себілді. Көктемде ауданның 75 шаруа қожалығы 1206 гектарға қант қызылшасын отырғызуға келісім жасады. Сонымен қатар, 63 фермерлік шаруашылық Көксу қант зауытынан көктемгі дала жұмыстары үшін 105 миллион теңге несие алуға уағдаласты.

Мұнан өзге сапалы өнім алу үшін шаруаларға қажетінше тыңайтқыштар жеткізілді. Аудан бойынша 2912 гектар егістікке қажетті 582,5 тонна тыңайтқыш алынды. Мұнан өзге 40 шаруа қожалығы 1510 гектарға жететін 302 тонна аммафос тыңайтқышын алуға, 44 шаруа қожалық 218 тонна селитра, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 400 тонна сульфат аммония алуға сұраныс берген. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарына 400 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Оның 100 тоннасы наурыз айында жеткізілсе, сәуір, мамыр айларында 150 тонадан дизель отыны алынды. Айтпақшы, көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылық техникалары 92,5 пайыз дайын болды. Сонымен қатар, өткен жылы 316 ауыл шаруашылығы нысаны 1,3 миллиард теңгеге субсидия алып, 132 млн. теңгеге 28 шағын кредит берілген.

Мал шаруашылығы – қазақтың әу бастағы ата кәсібі. Ішсе сусын, жеуге ас, мінсе көлік төрт түлік халқымыздың тірлігімен біте қайнасқан. Қазіргі таңда да айтулы сала дамудың даңғыл жолында. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауларында агроөнеркәсіптік кешенге ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Жеңілдетілген несие, өнімдерге субсиядия беріліп, түрлі бағдарламалар еліміздегі мал шаруашылығының дамуына жаңа серпін беруде. Осы орайда Қаратал ауданында төрт түлікті түлету, аудандағы мал санын молайтып, сол арқылы тұрмысты түзеу елеулі жүзеге асуда. Мәселен, сандарды сөйлетсек, Қаратал ауданында 53842 бас мүйізді ірі қара, 130557 бас қой–ешкі, 12503 бас Қамбар ата тұқымы, 143 бас түйе тіркелген.

Басты байлық саналмаса да, халықтың ырысына баланған мал шаруашылығының амандығын ветенария қамтамасыз етеді десек, жаңсақтық болмас. Өткен жылы мал дәрігерлерінің әлеуетін көтеру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалпы ауданда барлығы 62 ветеринария мамандары жұмыс атқарады. Оның төртеуі аудандық ветстанцияда қызмет етсе, 58 маман ауылдық округте төрт түліктің амандығын қалыптастырып жүр. Сонымен қатар, қараталдық шаруалардың малын түрлі дерттен сақтау үшін ветмамандардың еншісіне 11 Нива автокөлігі және дезинфекция қондырғысымен жабдықталған УАЗ автокөлігі, SsangYong пикап автокөлігі және 1 малды санитарлық союға тасымалдауға арналған жүк автокөлігі бар. Өткен жылы ветеринарияның әлеуетін күшейту үшін Ескелді ауылдық округінде модульдік ветеринариялық пункт орнатылды. Бұл нысанның құны 16,5 миллион теңге. Биыл ауданға қарасты Елтай және Тастөбе ауылдық округтерінде бір–бір данадан модульдік ветеринариялық пункт салуға және қажетті автомобиль алуға бюджеттен 48 миллион теңге қаралып отыр. Сонымен қатар, өткен жылы ауданда ветеринариялық аса қауіпті ауруларға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру үшін 181,5 миллион теңге қаражат бөлінді. Биыл ветеринариялық шараларға 227,9 миллион теңге бөлінді. 

Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды нығырлай тапсырған еді. Себебі, бос және пайдаланылмай жатқан жерлер елімізде молайып кеткен. Әрі кәсіп етемін деген ауылдағы ағайынның мал жаярға сүйем жері жоғы да мемлекет басшысының шымбайына батса керек. ауданда президент тапсырмасын орындау аса ауқымды деңгейде жүргізілуде. Мәселен, жер қатынастары саласында өткен жылы 74,8 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық жерлер анықталған. Оның 20,2 мың гектары былтыр, 14 мың гектары осы жылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Биылғы меже бойынша 28 мың гектар кері қайтарылуы тиіс. Тарқата айтсақ, ауданда ірі 3 шаруа қожалығы 46 мың гектар жерді пайдаланбай отыр. Айта кетсек, 25 мың гектарды — «Текелі Agro Servis», 6 мың гектарды — «Темірқазық С.Қ.» жауапкерлігі шектеулі серіктестіктері және 15 мың гектарды жеке кәсіпкер «Батыр» игере алмай отырғандары анықталған. Аталған шаруашылықтардың жерлерін сот тәртібімен қайтару жұмыстары жүргізілуде. Әлі де бұл бағытта жұмыстар атқарылып, жалғасын табуда, жерді тиімді пайдаланылмайтын ауылшаруашылық жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылатын болады.

Былтыр үш конкурс ұйымдастырылып, 51,9 мың гектар жер берілген. Оның ішінде 51,6 мың гектар жайылымдық алқап, 0,300 гектар суармалы егістік. Ағымдағы жылы жоспарымызда аудан бойынша 2 конкурсты  өткізу жоспарланған 20 лоттан тұратын бір конкурс өтті, жалпы жер көлемі 18 259,5 гектар жайылымдық алқапты құрайтын ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі мерзімімен жер пайдаланушыға жалға алу құқығы арқылы берілді.

Кәсіпкерлік аудан әлеуетін арттырады

Шағын және орта кәсіпкерлік қай елде болмасын экономиканың драйверіне айналған. Мұны түсінген көптеген дамушы һәм дамыған елдер кәсіптің бұл түрімен айналысатын тұрғындарына бар жағдай жасап әлек. Салықтан босату, төмендетілген пайызбен несие беру, заңдық-құқықтық тұрғыда тиісті құрылым тарапынан жәрдемдесу сынды көмектерден кенде қылмайды. Өйткені, экономиканың локомотивінің жүрісінен жаңылмауына жағдай жасау керек. Бұл аталған жайды бағдарлау үшін алысқа шабудың қажеті жоқ. Қоңсы жатқан аспан асты елінің экономикасына назар аударсақ жеткілікті. Қырық-елу жыл бұрын шағын және орта бизнесті дамытуға барынша мүдделі болды Қытай үкіметі. Кәсіппен айналысамын дегендерге барлық есікті ашып берді. Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие қарастырылды. Ашығын айту керек, елімізде әрбір тұтынатын тауардың денінің төркіні сол аспан асты елінің экономикалық бумының нәтижесі деп түсінсек болады. Нақты айтқанда, базардағы құлақ тазартатын мақталы таяқшадан бастап, балалар ойыншығы мен түрлі тұрмыстық тауарларды Қытайдың шағын және орта кәсіп иелері жеткізіп беруде. Жалпы, аспан асты елінің бұл саласы әлемді тұтас шарпып отыр. Содан болар, Қытай экономикасы әлемдік деңгейде әбден мойындалды. Қазақстан экономикасы да соңғы жылдарда өзінше өркендеуді бастан кешіруде. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері әртүрлі деңгейдегі реформалар даму динамикасын төбеге әуелетті. Нарықтық экономикаға жаңа қадам басқан Қазақстаннан мұндай өрлеуді әлемдік алпауыттар күтпесе керек. Онысы да түсінікті кеңестік идеологияның құрсауынан шыққан елдердің болашағы бұлыңғыр болады деген ойда болғаны ақиқат. Бірақ, Қазақстан өзінше даму сатысын қалыптастырып, ел экономикасын нығырлай түсті. Оған себепші болған кәсіпкерлік саласы. Шынтуайтыны керек, КСРО құрамында болғанда Қазақстан экономикасы тек шикізат базасы болумен шектелді. Елдегі өндірістер шикізатты даярлап, Ресей және Украина, Балтық елдері аумағындағы зауыттарға жөнелтіп отырды. Ал ел тәуелсіздікке қол жеткізгенде шикізат базасы болу әрқилы қиындықтарға итермеледі. Дайын өнім болмаған соң, шикізатқа сұраныс аса бола қойған жоқ. Елбасы Н.Назарбаев тиісінше шешімдер шығарып, дайын өнім даярлайтын өндірістер құруға қадам жасалды. Кеңес дәуірінде ине шығармайтын ел бүгінде жеңіл көліктен бастап, ірі ауылшаруашылық техникалар, ұшақтар құрастыратын елге айналды. Бұл ел экономикасына өзінше бум сыйлады. Соңғы жылдары елге құты мен жерге нәрін беріп тұрған Қаратал өзенін жағалай орналасқан өзен аттас ауданның кәсіпкерлік саласы өңірдің экономикалық динамикасына оң әсерін тигізуде.

Жалпы ауданда инвестиция тарту аса қарқынды. Өткен жылы аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 10,3 миллиард теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2021 жылға қарағанда 22,3 пайызға өскен. Үстіміздегі жылы 14,5 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, 2023-2025 жылдар аралығында етжеңді инвестициялық жобалар іске аспақ. Тарқатып айтсақ, ірі жобалар қатарында «Қаратал қожалығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау және мал сою алаңын салу жобасы бар. Серіктестік бастамасының құны 150 миллион теңгеге бағаланып отыр. Жоба сәтті жүзеге асса, ауданның 8 тұрғыны жұмыспен қамтылады. Қызылбалық ауылындағы мал бордақылау алаңы үстіміздегі жылдың соңына таман іске қосылады деп күтілуде. Айтпақшы бұл жоба өңірлік үйлестіру кеңесінен қолдау алған. Кеңестен оң нәтиже алған жобалардың қатарында «Бекназар» жеке кәсіпкерлігінің спорт кешенін салу жобасы бар. Аталмыш жоба үстіміздегі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңаталап ауылындағы спорт кешенінің құны 32,2 миллион теңге деп бағаланса, жоба тиімді жүзеге асса, бес жұмыс орны ашылады. Өңірлік үйлестіру кеңесінен қолдау алған тағы бір ірі жоба «Гелиос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заман талабына сай автожанармай құю бекеті. Аталған жобаның құны да әжептәуір, 350 миллион теңге. Үштөбе қаласындағы бекеттің құрылысы үшін 0,5 гектар жер телімі беріліп отыр. Жоба толықтай келер жылы пайдалануға беріліп, он бек жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. «Құдайбергенов» шаруа қожалығының мүйізді ірі қара басын өсіру және мал бордақылау алаңын құру жобасы да өңірлік үйлестіру кеңесінен қолдау тапты. Бастөбе ауылындағы бұл жобаның жалпы құны 130 миллион теңге. Бордақылау алаңы 2024 жылы іске қосылып, 10 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады.

Ауданда етжеңді жобаларды жүзеге асырып жүрген «GASSOIL MA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үстіміздегі жылдың басында жанар жағармай бекетін қолданысқа берген еді. Жоба құны 305 миллион теңгеге бағаланды. Бүгінде аталмыш бекет тұрақты жұмыс істеп, 10 аудан тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Ендігі ретте «GASSOIL MA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024-2025 жылдар аралығында тағы бір ауқымды жобаны жүзеге асыруға талпынып отыр. Жоба құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Үштөбе қаласында салынатын бассейні бар спорт кешені және қонақ үй толық пайдалануға берілгенде 183 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Бастөбе ауылында орналасқан  «Казсиликон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылға дейін тағы біржобаны жүзеге асырмақ. Жалпы құны 2,5 миллиард теңгеге бағаланған «Кәсіпорында жаңғырту және екінші пешті орнату» жобасы іске қосылғанда ауданның 100 тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Үштөбе қаласында тиімді жұмыс жүргізіп отырған «Отау Үштөбе» кәсіпорны қазір бұрын қажетке жарамай, далада қалып жататын қой жүнін кәдеге жаратуды қолға алған еді. Тәулігіне 400 келі жүн түтетін кәсіп орын ендігі жерде қуатын арттыруды, өнімнің жаңа түрін шығаруды көздеп отыр. Ендігі ретте кәсіпорын жүнді жуып, оны жіпке айналдыруды көздеген өндіріс басшылығы жаңа қондырғылар алып, «Отау Үштөбенің» тың тынысын ашпақ. Жоба 2025 жылы жүзеге асады деп күтілсе, оның құны 9 миллиард теңгеге бағалануда.

Өткен жылы 2 жаңа өндіріс іске қосылып, бір қолданыстағы өндіріс кеңейтілді. Нәтижесінде ауданда 260 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда «KazSilicon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кварц өндіру зауытында 184 жұмыс орны ашылды. Бұл жобаның құны 3,9 миллиард теңге. Екіншісі «Алматы Энерго Проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күніне қуаттылығы 4,95 мВт құрайтын өндіріс орны. Серіктестік жобаны 1,6 миллиард теңгеге жүзеге асырды. Нәтижесінде 7 жаңа жұмыс орны ашылды Қазір кәсіпорын өндірілген электр энергиясын «Жетысу Энерготрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткізуде.

Осындай ауқымды тірліктерден соң кәсіпкерлік саласындағы өндіріс көлемі ұлғайған. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, бұл салада 2022 жылы 4 миллард 588 миллион теңгенің өнімі өндірілген. 2021 жылмен салыстырғанда өндірілген өнім 107,6 пайызға өскен. Үстіміздегі жылы әкімдіктегілер саладағылар 5 миллиард 200 миллион теңгенің өнімін өндіреді деп күтуде.

Үстіміздегі жылдың сәуіріндегі есеп бойынша ауданда кәсіпкерлік нысанының саны 2839 болған. Осынша нысанда 4758 аудан тұрғыны жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік нысандарының саны 457-ге артқан.

Жалпы, ауданның әлеуметтік ахуалы жаман емес. Тіршілігі келісті, тұрмысы жайлы өзен аттас ауданның тұрмысы одан әрі қарыштап дами бермек.

Мағмар МАҚСЫМҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button