Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыАуыл шаруашылығыЕскелді айнасыҚоғамӨндіріс және кәсіпкерлік

ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ КӨРКЕЙЕТІН КҮНІ АЛЫС ЕМЕС

Жеті өзеннен нәр алған жерұйық мекен Жетісу өңірінің өз алдына отау құрғанына жуырда ғана бір жыл толды. Бір жылдық межеде талай өркениеттің ізі қалған топырақтың әлеуметтік-экономикалық тынысы одан әрі кеңіп, тұрмысы едәуір өрістеген. Мемлекет басшысы бұл аумақты тәтті түбірдің орталығына айналдыруды һәм туризмдік әлеуетін күшейтуді тапсырған. Оған себеп те жоқ емес. Әлеуметінің әлеуеті тасыған өңірдің негізгі тұрмысы ауыл шаруашылығына негізделсе, табиғаты мен орналасқан орны туризмді дамытуға әбден қолайлы. Өркенін кеңге жая түскен Жетісу облысының қай жағынан да Ескелді ауданы драйвері десек, артық айтқандық болмас. Өйткені қандай жаңашылдық болмасын осы ауданнан шығады десек, артық айтқандық болмас. Бұл ретте ауданға қарасты ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін саралап көрелік.

Қарабұлақта қарымды тірлік бар

Ауыл – қазақтың негізгі күретамыры. Ұлт руханиятының ошағы да ауылдан бастау алады. Салт-дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры да ауылдарымызда сақталып келеді. Көпті көрген көнекөз қарттарымыз ауылда жатып-ақ ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуда. Осы орайда қазақты ауылсыз елестету қиын. Қазақтың кіндігі ауылға байлаулы. Мұны ескерген мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін айтқан еді. Осы мақсатта Елбасы «Ауыл — ел бесігі» жобасының басталғанын жариялаған еді. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл — ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті», — деген еді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. Еліміздегі оңтайлы жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалар ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар тың өзгеріске жол ашты. Ауыл шаруашылығы өндірісі өркендеп, ауылдық тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін жобалар іске асырыла бастады. Себебі нарықтың нар көтермес ауыр жүгі, ең алдымен, ауылдарға салмақ салған еді. Жекешелендіру кезінде бұрынғы колхоз бен совхоз таратылды. Мал мен жерді жекешелендіріп алған кейбір жаңа қожайындар нарық заңын толық игере алмай титықтады. Ауыл шаруашылығы саласының тозығы жеткен техникасы өндіріп жұмыс істетіп, мол өнім алуға мүмкіндік бермеді. Ауылдағы мәдениет үйлері, кітапханалар мен балабақшалар бірінен соң бірі жабылып, есігіне қара құлып ілінді. Ал орталықпен байланысатын жолдар шұрық тесік болып, күрделі жөндеуді күтіп тұрды. Осы бір қордаланған мәселелерді ретпен шешу үшін мемлекет кешенді жобалар мен бағдарламалар жасалды. Шын мәнінде ауыл мәселесін шешуге арналған іс-шаралар дер кезінде жүзеге асты. Соның дәлелі – 2002-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылы» мемлекеттік бағдарламасы, 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының қабылдануы. 2019 жылдан бастап қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге одан әрі үн қоспақ. Міне, осындай ауқымды шаруалардан қалыс қалмай, мемлекет жасақтаған түрлі әлеуметтік бағдарламалар негізінде тың тынысын ашып, өркендеуге бет алған ауылдардың бірі – Қарабұлақ ауылдық округі.

Аудан орталығы болып отырған ауылдық округтің құрамына алты ауыл кіреді: Қарабұлақ, Абай, Шымыр, М. Байысов, Ешкіөлмес, Өрқусақ елдімекендері. Бұл ауылдық округ халық саны жөнінен де ауданға қарасты елдімекендерді артқа тастайды. Мәселен, Қарабұлақ ауылында 17767 тұрғын болса, тиісінше Абай ауылында – 1023 адам, Шымыр елді мекенінде – 2174 адам, Матай Байысов ауылында – 1350 адам, Ешкіөлместе – 1105 адам және Өрқусақ ауылында 471 адам тұрады. Аула санына келер болсақ, Қарабұлақ ауылында 4603 аула, Абай ауылында 263 аула, Шымыр ауылында 580 аула, Матай Байысов ауылында 386 аула, Ешкіөлмес ауылында 328 аула, Өрқусақ ауылында 116 аула бар. Жалпы, бұл ауылдық округте 18 418 гектар жайылымдық жер болса, мұндағы жалпы аумағы 21327 гектар жер учаскесін 348 шаруа қожалығы тиімді пайдалануда. Осы шаруа қожалықтарының меншігіндегі жер көлемін таразылай түссек, шабындықтар 440 гектар, жайылымдар 12003 гектар, егістік 2738 гектар және суармалы егістік 6146 гектар.

Соңғы жылдары аудандағы ірі ауылдық округте құрылыс жұмыстары қарқын алған. Тарқатып айтсақ, жуырда Қарабұлақ ауылындағы Панфилов көшесіне орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 1,09 шақырым жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттар әзірленген. Құрылыс монтаждау жұмыстарына 57,7 млн. теңге бөлініп, бүгінде конкурс рәсімдері жүргізілуде. Сонымен қатар, бұл ауылдағы Сырғабаев көшесіне де жөндеу жүргізіледі. Бір шақырымға жуық көшені жөндеу жұмыстарының сметалық құжаттары әзірленген. Құрылыс монтаждау жұмыстарына 35,6 млн. теңге бөлініп, тиісінше жұмыстар жүргізілген. Бұл көшені жөндеу конкурс рәсімдері аяқталғанда басталады. Сырғабаев, Шәкәрім көшелеріне де жөндеу жүргізіледі. Тиісінше конкурс рәсімдері жүргізілуде.

Көше жарықтандыру жұмыстары да Қарабұлақта қарқынды. Мәселен, Шестаков көшесін жарықтандыруға бюджеттен 817 мың  теңге бөлініп отыр. Келісім шарт жасалып, құрылыс жұмыстары жақында басталады. Сонымен қатар елдімекендегі Безымянный  көшесінің сыртқы жарықтандыру желісін жөндеу үшін бюджеттен 504 мың теңге бөлініп, келісім шарт жасалыпты. Жұмыстар келісім шартқа сәйкес жүргізіліп жатыр. Қарабұлақ ауылындағы балалар ойын алаңы да заман талабына сай абаттандырылады. Аудан әкімдігі бергене мәліметке сүйенсек, Қарабұлақ ауылындағы С.Ковалевская, Байсейітова, Некрасова, Кабсаматова көшелеріндегі балалар алаңын абаттандыруға сметалық құжаттар әзірленген. 31,8 млн. теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті.

Ауылдық округке қарасты Абай ауылындағы Жастар көшесіне де жөндеу жүргізіледі. 0,7 шақырымдық көшені орташа жөндеуге бюджет қалтасынан 27,9 млн. теңге бөлінген. Мұнда да конкурс рәсімдері жасалуда. Ескелді ауданында көгілдір отынға қосу жұмыстары да қарқынды. Мәселен, Абай ауылында газ тарату желілері бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, құрылыс монтаждау жұмыстарына 407,722 млн. теңге қарастырылып отыр. Аталмыш ауылдағы балалар ойын алаңы да заманауи кейіпке еніп, абаттандырылады. Айтулы жұмыстарға бюджет қалтасынан 17,6 млн. теңгеге сметалық құжат әзірленген.

Ауылдық округке қарасты Шымыр ауылында қазіргі кезде тұрмыстық қатты қалдықтардың орны толығымен тазаланып, жойылды. Қосымша қаражат сұрауға 4554 мың теңгеге  сметалық құжат әзірленді бюджеттік өтінім беріледі. Бейнебақылау қондырғыларын орнатуға бюджеттік өтінім берілген. Жуырда Шымыр ауылында газдандыру жұмысы басталады. Бұл ауылдың тұрғындары тап үстінен өтіп жатқан газ желісіне қосылуды арман еткені қанша уақыт. Бүгінде көптің тілеуіне орай газ желілерін тарту бойынша жобалық сметалық құжат әзірленді.

Мұнысы сараптамадан оң нәтиже алды. Қазір бюджеттік сұраным берілген. Құрылыс монтаждау жұмыстарына қажетті сома 701,104 млн. теңге.

Көгілдір отынға қосылуды арман еткендердің қатарында батыр Матай Байысов атындағы ауылдың тұрғындары да бар. Бұл елдімекен тұрғындарының да тілегі орындалуға таяу. Газ желілерін тарту жұмысы 338,890 млн теңгеге бағаланып, «РентСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім жасалған. Шартқа сай құрылыс жұмыстары бес айда аяқталады депкүтілуде. Сонымен қатар, Матай Байысов ауылында спорт және балалар алаңын абаттандыруға да сұранып тұрған. Жергілікті әкімдік атаулы жұмысқа сметалық құжаттама әзірлеп, 34,691 млн. теңгеге бюджеттік өтінім берген.

Ескелді ауданының тағы бір ауылы Өрқусақ. Шағын ғана ауылдың әлеуетін көтеруді де аудан басшылығы назардан тыс қалдырмай отыр. Мәселен, өрқусақтықтар көгілдір отынға қосылған. Абонент саны 36. Шағын ауылға қажетті балалар ойын алаңын абаттандыру жұмысы жақында жүзеге асатын болады. Бүгінде бюджеттік өтінім берілген. Жобалық сметалық құжатқа сай аталмыш нышан 17,5 млн. теңге салынады деп жоспарланып отыр.

Қарабұлақ ауылдық округі құрамындағы Ешкіөлмес ауылының аты алысқа шауып тұр. Бір ғана «Сәлем Құс» ЖШС арқылы аталмыш ауылды білмейтін жұрт жоқ. Серіктестік өсіретін 40 мың бөдененің еті де, жұмыртқасы да сұранысқа ие. Осы ауылдың тұрғындарын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында биыл ауқымды жұмыс атқарылмақ. Мәселен, Ешкі өлместегі Ұшақов көшесі жуырда заманауиланады. Ұзындығы 0,8 шақырым көшені орташа жөндеу жұмыстарына бюджеттен 21,8 млн. теңге бөлінген. Бүгінде сараптаманың оң қорытындысы алынып, конкурс жарияланып отыр. Аталмыш елдімекендегі ұзындығы 1,656 шақырым болатын Тынышбаев көшесі көптен жаңғыртуға сұранып тұрған еді. Биыл аталмыш көшені жөндеуге бюджеттен 37,1 млн. теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таңда сараптаманың оң қорытындысы алынды, конкурс жарияланатын болады. Ауыл тұрғындарының қуанышы тағы да еселене түспек. Мәселен, ешкіөлместіктерді толық көгілдір отынмен қамту жұмыстарына жобалық сметалық құжат әзірленіп, сараптама оң қорытынды алған. Аталмыш жұмысты жүзеге асыру үшін 339,678 млн. теңге алдағы уақытта бөлінеді.

Болашағы баянды Бақтыбай

Шыны керек, қазір алты Алаш баласының түтіні түзу, тұрмысы жайлы, тіршілігі қолайлы. Бұлай болуының өз себебі де бар. Қалай дегенмен Еуразия жүрегінен ойып тұрып орын алған ұланғайыр даласы бар Қазақстан қазіргі таңда азат, әлемдік саяси сахнада өзіндік бағындырған белесі, мойындалған беделі бар мемлекетке айналған. Ұлт мәдениетінің қалыптасуы мен өркендейінешама-шарқынша еңбек сіңірген, «Темір нарком» атағын еншілеген Темірбек Жүргенов «Жерұйық» мақаласында қазақ даласы бұрын соңды болмаған қолайлы кезеңге тап болғанын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, халықтың ырыс-несібесі тасыған заман туғанын әспеттеп, сонау совет дәуіріндегі елдің болмысын суреттеген болса, бүгінгі тәуелсіз елдің даму динамикасын бір ауыз сөзге, бәлки мақалаға сыйдыру мүлдем қиындау болар. Шыны керек, тұғырлы ел бұл белеске оңай келмеді. Кешегі КСРО кезінде Қазақстан Мәскеудің шикізат базасы болды. Тыңнан, қойнауы Менделеев кестесіндегі элементтерге бай жер асты-үстінен, сайын даланы жайлаған шаруашылықтардан алынған өңделуі тиіс тауарлар шойын жолдың бойымен Ресей жеріне ағыла бастады. Турасы сол, қолданысқа қажетті бұйым шығаратын зауыт-фабрикалар қазақ даласында ілеу де білеу еді. Кеңес дәуірінде индустрияландыру үдерісі бар-жоғы елімізді осындай жетістікке жеткізді. Ал, КСРО-ның іргесі сөгіліп, коммунистік идеяның күні батқаннан кейін азаттығын жариялаған Қазақстан өндірісі біршама тұралады. Тұрмыстың кейін шегінуі әуелі ауылдан басталды. Кезінде отар-отар қой, табын-табын сиыр ұстап, фермерлік негіздегі құрылым құрдымға кетті. Тынысы тарылған ауылдардан сондағы ағайын үдере көшіп, әйтеуір жан бақпаққа көшті. Ал, нарықтық қоғам құруға ұмтылған ел ағалары мемлекеттің экономикасын қайта тірілтпек үшін ауылдарды жандандыру қажеттігін пайымдап, мұндағы тіршіліктің тамырына қан жүгірту үшін түрлі реформаларды қолға алды. Әрине, ешқайсысы да нәтижесіз емес. Әлі күнге қазақтың алтын бесігіне балаған ауылдар қолдаудан қағажу көріп жүрген жоқ. Оның айқын дәлелін көру үшін алты құрлықты аралап, тау асып, бел кезудің қажеті жоқ. Бар-жоғы тұрмысы түзу, тірлігі мығым, ынтымағы жарасқан Бақтыбай ауылдық округінен аңғаруға болады. Тоғыз мыңға жуық тұрғыны бар әкімшілік құрылым Ескелді ауданының әлеуеті жағынан басымдығы бар ауылдық округ десек, артық айтқандық емес. Өйткені, бұл ауылдан мықты кәсіпкерлер де, мықты тұлғалар да шыққан.

Сөзімізге арқау болып отырған Бақтыбай ауылдық округінің құрамында 3 елдімекен бар. Атап айтсақ, Бақтыбай, Өтенай және Елтай. Бұл үштіктің ішіндегі ең әлеуеттісі Бақтыбай ауылы. Бүгінде бақтыбайлықтардың ұзын саны 6238 тұрғынға жеткен. Түтін саны – 1562 аула. Есесіне Өтенай ауылында 74 шаңырақта тұратын 350 тұрғын тіркелсе, Елтай ауылында 1951 адам (529 түтін) осы елдімекеннен нәпақа тауып жүр.

Бақтыбайлықтардың ата кәсіпке бар таласы. Сол үшінде мұнда 1228 гектар жайылымдық жер бар. Төрт түліктің қайсысын да көбейтуді мақсат еткен ауыл тұрғындары бүгінде 260 шаруа қожалық құрған. Осы қожалықтардың пайдалануында 17946 гектар жер учаскесі бар. Оның 172 гектары шабындық болса, 5422 гектары суармалы егістікке негізделген. Ауыл тұрғындары суармалы егістікте Жетісудың брэндіне айналған тәтті түбірді орайын тауып егіп, мол өнім алып отыр. Аудандағы ірі қант қызылшасын өндірушілер де осы Бақтыбайдан десек, жаңсақтық болмас. Одан бөлек бақтыбайлықтар жүгері, бақша дақылдарын да өзіруден көптен озық. Жоғарыда айтқанымыздай, Бақтыбай ауылдық округінде ата кәсіп барынша дамыған. Төрт түліктің қайсысын да жатсынбай тұрмысына арқау еткен ауыл тұрғындарының да, шаруашылықтардың да иелігінде 12352 гектар жайылымдық жер бар. Статистика сандарын сөйлетсек, осынша жайылымдық жерде 1501 бас мүйізді ірі қара, 407 бас Қамбар ата тұқымы, 2198 бас уақ мал өріп, үш ауылдың несібесін тасытып отыр.

Ауылдық округтің әлеуетті екенін жоғарыда тізбектедік. Енді Бақтыбайға қарасты үш елдімекенде жүзеге асатын жұмыстарды пысықтайық. Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, ауылдық округке қарасты Өтенай ауылында блокты модульді медициналық пункт салынады. Көпшілік біле бермес, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі елімізде ауыл тұрғындарын сапалы денсаулық нысанымен қамту мақсатында ұлттық жоба әзірлеген еді. Соның бір парасы ретінде осы Өтенай ауылындағы блокты молдульді медициналық пункт десек, қате айтпағанымыз. Жергілікті әкімдіктің қажырлы еңбегінің нәтижесінде медициналық нысанды салуға бюджет қалтасынан 50 миллион теңге қаралып отыр. Конкурстық рәсімдердің жүзеге асып жатқанына қарасақ, елдімекен тұрғындары заманауи медициналық нысанды пайдаланатын күн алыс емес.

Аудан әкімдігінің назарынан Елтай елдімекені де тыс қалып отырған жоқ. Ауылдағы көшелерді жаңғыртудан өткізіп, инфрақұрылымдарды халыққа қолжетімді ете түсуде қарымды қарекет бар. Мәселен, Елтайдағы Кущанов көшесін жаңғырту жұмыстарына конкурс жарияланып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, көпшіліктің шымбайына батып жүрген Әзербаев көшесі де орташа жөндеуден өтпек. Аудан әкімдігі берген мәліметке сенсек, ұзындығы 0,715 шақырым болатын Әзірбаев көшесін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша сметалық құжаттар әзірленген. Жөндеу жұмыстарының құны 19,4 млн. теңге болады екен. Бүгінгі таңда конкурс жарияланып, қажетінше жұмыстар жүргізілуде екен.

Бұл ауылдық округтің әлеуетті елдімекені Бақтыбай ауылы. Бұл ауылдың аты бизнесте ойып орын алған нәзікжандылармен алысқа шабады. Мәселен, Арайлым Раисова ауыл тұрғындарының сұранысына орай «Диас» атты балабақша алып, көптің алғысын алып жүр. Осындай елдің елеуіне ие болған кәсіпкердің ауылында да инфрақұрылымды оңтайландыру жұмысында оң нәтиже бар. Мәселен, Бақтыбай ауылындағы Бейбітшілік көшесі жуырда жаңаланады. Жалпы ұзындығы 0,69 шақырым болатын көшені жаңғыртуға жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Жалпы құны 18,9 миллион теңге болатын аталмыш көшені жөндеу үшін конкурс жарияланды. Сонымен қатар аталмыш елді мекендегі Жансүгіров көшесінің 0,3 шақырымы да қайтадан жаңаланады. Ол үшін жобалық сметалық құжаттары даярланып, 8,5 миллион теңгеге сұраныс берілген. Бүгінгі таңда аталмыш жұмыстар сараптама өту үстінде.

Бақтыбайлықтар көгілдір отынның да игілігін толықтай көретін күн алыс емес. Әу баста газ желілерін тарту үшін «Газ Строй компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасалған. Жалпы сомасы 1 065, 338 миллион теңге. Ал шарт бойынша құны 958,337 миллион теңге. Аталмыш серіктестік 2021 жылы 593,059 миллион теңгені, 2022 жылға 207,386 миллион теңгенің жұмысын жүргізіп, оң нәтиже көрсетіп отыр. Серіктестің газ желілерін тарту жұмысын 2023 жылдың 30 маусымына дейін аяқтауы тиіс еді. Аяқтап та отыр. Ауылдық округке қарасты Өтенай елдімекенінің тұрғындарын көгілдір отынға қол жеткізуін қамтамасыз етуде де қарымды тірлік бар. Мәселен, «Бірлестік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жобалық сметалық құжаттар әзірлеуге шарт жасалған. Бүгінде сараптаманың оң қорытындысы да алынған. Монтаждау жұмыстарына 137,314 миллион теңге қаралып отыр. Жалпы, Бақтыбай ауылдық округіне қарасты үш елді- мекенде де қарымды жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталады деген сенім мол.

Берекесі тасыған Ақын Сара

Бүгінгі жұрт «Ауыл гүлденсе, ел көркейеді» дегенді жиі сөз етеді. Мәселен, Ескелді ауданына қарасты Ақын Сара ауылының өсіп өркендеуіне ауданның, мұнан кейін Жетісу жерінің дамуына өзіндік леп беріп жатқанын аңғару қиын емес. Соңғы жылдарда аталмыш елдімекеннің тынысы кеңіп, қамбасы астыққа, қырманы ырысқа толып, тұрғындарының ырызғы-несібесі молайып келеді. Қара жерге маңдай терін төгіп жүрген ауыл еңбеккерлері елдімекеннің көркейіп, керегесі кеңеюіне септесіп жүр. Бүгінгі біздің нысанамызда – Ескелді ауданының өзіндік даму динамикасын қалыптастырған Ақын Сара ауылдық округі.

Ақын Сара ауылдық округінде 4 елдімекен бар: Ақын Сара ауылы, Тамбала елдімекені, Ақтұма жәнеАқешкі ауылдары. Ауылдың демографиялық ахуалы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Аядай ауылда іңгәлаған сәбидің үні, бесік тербеткен ананың әлдиі көбейген. Статистика келтірген сандарға иек артсақ, ауылдық округке қарасты Ақын Сара ауылында 1060 тұрғын болса, бұл тұрғын 256 шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Халық саны жөнінен ауылдық округте Ақешкі ауылы екінші орында. Бұл елдімекенде 427 адам тіркелсе, бұл ауылда 119 аула бар. Ақтұма ауылында 37 шаңырақта тұратын 113 адам, Тамбала елдімекенінде 73 шаңырақта тұратын 282 тұрғын тіркелген. Төрт ауылдың бүгінде түтіні түзу, тұрмысы келісті.

Әу бастан ауылдың тұрмысы ата кәсіпке негізделген. Малы аралас, қойы қоралас елдімекенде 45 шаруа қожалығы бар. Аталмыш шаруа қожалықтарға 23109 гектар жер учаскесі тиесілі. Тарқатып айтсақ, оның ішінде шабындық 30 гектарды құраса, 18661 гектар мал жайып, несібені ата кәсіптен жинауға бағытталған жайылымдық. Ал 4418 гектар тәліми егістік. Демек, осындай аумақтан ақынсаралықтар ырысын молайтып отыр. Мұнан бөлек ауыл тұрғындарының төрт түлігі жайылатын 4045 гектар жайылымдық тағы бар. Жоғарыда айтқанымыздай, төрт ауылдың тұрғындары көсегесін төрт түлекпен түлетіп отыр. Сандарды сөйлетсек, бүгінде ақынсаралықтардың меншігінде 1704 бас мүйізді ірі қара, 17185 бас қой-ешкі, 651 бас жылқы бар. Жыл сайын осы түліктің саны артып келеді.

Таза ауызсумен қамту мемлекетіміздің басты статериялық саясаты десек, жаңсақтық болмас. Осы уақытқа дейін елімізде «Таза ауыз су», «Ақбұлақ» сынды етжеңді бағдарламалар жүзеге асып, таза ауыз суға қолжетімділік едәуір артты. Ескелді ауданына қарасты Ақын Сара ауылдық округіне қарасты Ақтұма елдімекенінде ауыз су тарту мәселесінде бірқатар қиындықтар туындаған еді. Жоспарға сай су желісін тарту жұмыстары 98 пайызға орындалып отыр. Негізінде ауыз су жүргізу жұмыстары 2022 жылдың 30 маусымы аяқталуы тиіс еді. Дегенмен «Монолит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қосымша келісім шарт жасалып, атқарылуы тиіс жұмыстар 2022 жылдың 30 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс болған. Алайда шарт орындалмай, тапсырыс беруші жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үстінен Алматы облысы бойынша мамандандырылған аудандық экономикалық сотына қайта талап арыз берді. Үстіміздегі жылдың 1 маусымындағы шешіміне сай серіктестік су желісін тарту жұмыстарын бір ай көлемінде толық аяқтау міндеті жүктелді. Көшесін қарап азаматын таны деген. Ауылдың тұрғындары көптен бері инфрақұрылым желілерін қайта жаңғыртуды тілек етіп жүрген.

Көп тілеу қабыл болып, ауылдық округтің бірқатар көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Мәселен, ауылдық округтің бас ауылы Ақын Сара елдімекеніндегі Абай көшесі көптен жөндеуге сұранып тұрған. Аудан әкімдігінің мұрындық болуымен өткен жылдың сәуірінде «Жаңа жол 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасалып, ұзындығы бір жарым шақырым көшеге жөндеу жұмыстары басталды. Серіктестің Абай көшесін заман талабына сай ету үшін бюджеттен 28,127 млн. теңге бөлінген еді. Сәтін салса, ақынсаралықтар су жаңа көшенің бойымен үстіміздегі жылдың шілдесінің аяғына таман зулайтын болады. Сонымен қатар, бұл ауылдағы Н.Тілендиев көшесіне орташа жөндеу жүргізу жоспарланған еді. Жоспарға сай жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, 0,966 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Дәл осындай шаруалар Ақешкі ауылында да еңсерілуде. Мәселен, І.Жансүгіров көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әзірленіп, 0,619 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілсе, осы ауылдағы Бұқар көшесін қайта жаңғыртуға жобалық сметалық құжаттар даярланған. Аталмыш көшені жөндеу үшін 0,742 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілген.

Көсегесі көгерген Көкжазық

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауылдардың тіршілігі тоқырап, сондағы ағайын ірі орталықтарға, қалаларға ағылған еді. Қайтпек керек? Ол кездері ауылшаруашылығы күрмеуі көп сан мәселеге душар болды. Техника жеткіліксіз, егін егуге жағдай келмеді. Мал саны күрт кеміп, тәуелсіздік алған жылдары экономикалық қиындық ауылдың жайын күмілжітіп жіберді. Содан ауылдағылар нәпақасын қаладан таппаққа ұмтылды. Ала дорба арқалап, көпшілік саудаға араласа бастады. Ел ағалары сол кезде ауылдың іргесі бүтінделмей, сондағы ағайынның жағдайы келіспей елдің өркендемейтінін нық түсінгендей. Нәтижесінде 2003-2005 жылдары елімізде «Ауыл жылы» жарияланды. Реформалы жылдардың нәтижесінде қазақтың «қара шаңырағы» бірсыпыра жөнге келді. Ауылды дамыту мұнымен тоқтап қалмады. «Алтын бесіктен» ұзап кеткендерді, ауылға қажетті мамандарды тарту мақсатында түрліше бағдарламалар дүниеге келді. Соның бірі де, бірегейі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы еді. Бұл үдерісті жобаның мақсаты – жоғары білікті жастарды ауылда тұруға, сол ауылдың әлеуетін көтеруге жағдай жасау еді. Әрине, «алтын бесіктегі» кәсіпкерлікті дамыту үшін де сан түрлі бағдарламалар дүниеге келді. Одан өзге мемлекет басшысының  бастамасымен елдімекендерде тіршілік етіп жатқан ағайынның тұрмысын түзеу үшін де сан бастама қолға алынды. Сондай іргелі жобалар әлі де жүзеге асып келеді һәм жаңа бастамалар қазақтың «алтын қазығын» одан әрі көркейте түсуде. Өткені сан тарих, бүгіні кемел, болашағы баянды ауылдардың бірі — Ескелді ауданына қарасты Көкжазық ауылдық округі.

Жалпы, Көкжазық ауылдық округі халық саны жөнінен аудан бойынша шағын елді мекендердің бірі. Дейтұрғанмен, мұндағы тіршілік пен қарымды қарекетке қарап шағын дей алмайсың. Түтіні түзу, тұрмысы келісті ауылдық округте егін де, мал шаруашылығы да өзінше түлеп тұр. Ауылдағы ағайын шағын және орта бизнестен де қашық емес. Қалауын тауып, шалғайдағы ауылда кәсібін де, шаруасын да дөңгелетіп отыр.

Көкжазық ауылдық округі негізінен үш елдімекеннен құралған. Ішіндегі ең ірісі Көкжазық ауылы. Сандарды сөйлетсек, бұл ауылда 423 шаңырақта 1250 тұрғын бар. Ал Теңдік ауылында 190 тұрғын болса, Бөктерліде 41 шаңырақта тұратын 156 адам бар. Айтпақшы, Теңдік елдімекенінде 68 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ескелді ауданындағы өзге ауылдар секілді көкжазықтықтар жер Ана төсіне дән сеуіп, маңдай термен нәпақа табуға тұрмыс бағыттаған. Ауыл шаруашылықтың қандай дақылы болмасын диқандардың несібесіне орай мол өнім беріп келеді. Сонымен қатар үш ауылды баурайына алған ауылдық округ тұрғындары ата кәсіпті түлетіп жүр. Малы аралас, қойы қоралас елдімекенде мүйізді ірі қараның саны басым. Статистика сандарын сөйлетсек, көкжазықтықтар 1840 бас сиырды өрісте өргізіп, сүтін, етін, терісін қажетіне орай пайдалануда. Одан бөлек Қамбар ата тұқымы да жыл сайын еселеп саны өсіп келеді. Биылғы санаққа сай ауылда 274 бас жылқы тіркелген. Шағын ауыл үшін бұл да мол ырызғы. Уақ мал өсіруде ауылдықтардың асығы алшысынан түсіп тұр. Қойдың етін қуатқа, сүтін қорғасынға балаған қазақы ауылдың ырысы да осы қой мен ешкіден тасып отыр деуге негіз бар. Бүгінде ауылдық округ 2278 бас қойды өрдіріп жүр. Мал болған соң шөп те, жайылымдық жер да аса қажет. Жайылым болмаса, мал баққанның екі бүйірі томпаяды дей алмаймыз. Елге, халыққа болсын деген жергілікті әкімдіктің құзыретті қарекеті арқасында ауыл тұрғындарының төрт түлігін жаюға 905,3 га жайылымдық жер қарастырылған. Қазір шаруасы шалқыған ауылдардың ырысын шаруа қожалықтар тасытып отыр десек, артық айтқандық болмас. Мәселен, қазіргі ауылда алқапта маңдай терді сылып, ала жаздай бейнеттеніп, мол астықпен қамбаны толтыратын да, ауылдықтарды ет пен сүтке қарық ететін де осы шаруа қожалықтар. Қазіргі кезде Көкжазық ауылдық округінде 88 шаруа қожалық ырыс пен несібені ауылдың егістігі мен жайылымынан жиып жүр. Сандарды сөйлетсек әлгі 88 шаруа қожалыққа 15500 гектар жер тиесілі. Тарқататын болсақ, оның 10796 гектары жайылымдық жер. Ал 1118 гектары суармалы егістік. Ауылдық округте егінге баратын судан тапшылық жоқ. Құрметті оқырман, естеріңізде болса, Ескелді ауданында мелиорация жұмысын қалпына келтіру үшін дүниежүзілік Ислам банкінің қаржыландыруымен ауқымды жұмыстар атқарылды. Арық желілері қайта жаңғыртылып, суландыру жүйесіндегі шлюздер заманауи жабдықтар арқылы қалпына келтірілді. Қазір далаға дән сепкен диқандарға судан тапшылық болады деу қисынға келмейді. Нәтижесінде қай дақыл болмасын мол өнім беруде. Көкжазық ауылдық округінде тәліми егістік те өрісті. Егін  егудің осы тәсілін қолдану үшін жеке шаруа қожалықтар 2400 гектарды игілікті пайдалануда. Қай кезде де төрт түлік өсіргендер үшін мал азығын даярлау аса маңызға ие. Осы ретте көжазықтық шаруа қожалықтар 1186 гектардан мал азығын даярлайды.

Ауыл тұрғындарының жайлы да сапалы өмір сүруін қамтамасыз етуді мемлекет басшысы әр сөзінде нығырлай тапсырып жүр. Сапалы өмір дегеніміз не? Қолжетімді әрі сапалы медицина, таза ауыз су, көгілдір отынға қол жетімділік, ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, тағысын тағылар. Мемлекет басшысы өз сайлауалды бағдарламасында осы жайларды жүйелі орындай жайын пысықтағаны да көпшіліктен жасырын емес. Осы ретте жергілікті әкімдік президент тапсырмасын жүйелі орындауға шындап кіріскен. Мәселен, жуырда Бөктерлі елдімекенінде блокты модульді медициналық пункт салынады. Ол үшін бюджет қалтасынан 50 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары конкурстық рәсімдер аяқталысымен жүзеге асады. Сонымен қатар, ауылдық округте бұқаралық спортты дамыту, ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасауы үшін де қарымды қарекет байқалады. Мәселен, ауылдық округке қарасты Көкжазық елдімекенінде блокты модульді спорт кешені халық игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Спорттық нысанның құрылысын жүргізу үшін жергілікті бюджет қалтасынан 150 миллион теңге аударылып отыр. Мемлекеттік сатып алу конкурсына сай құрылыс жұмыстарын«Qaz Damu Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Сәтін салса, ауыл балалары су жаңа спорт кешенінің игілігін көрмек.

Ауылдық округтің әлеуетін инфрақұрылымының жүргізілуімен анықтауға болады. Егер жолы нашар, ауыз су жөнді болмаса, жүргінші жолы салынбаса, ауылдың жайына жұртшылық нашар деген баға беруші еді. Дегенмен ауылдық округ атқамінерлерінің етжеңді тірлігінің арқасында инфрақұрылымдарды жаңғырту, салу жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Мәселен, жуырда Көкжазық ауылының көшелері самаладай жарқырайтын болады. Себебі, мұнда көше жарық шамдарын орнату үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп, бюджетке аталмыш жұмысты жүзеге асыру үшін 76,4 миллион теңгеге өтінім берілген. Бүгінде конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр екен. Әкімдіктегілердің мәліметіне сүйенсек, ауылдық округке қарасты Теңлік елдімекенінде де жарық шамдар жарқырайтын күн алыс емес. Бүгінде бұл ауылға көше жарықшамдарын орнату үшін қазіргі уақытта жобалау-іздестіру жұмыстарына есептеулер әзірленуде, есептеулер аяқталысымен жобалық сметалық құжаттарын даярлауға бюджеттік өтінім беріледі.

Қазыналы һәмқауқарлы Қайнарлы

Қазақ әу бастан «мал-жаның аман ба?» деп жөн сұрасқан. Мұндағысы малы аман жұрттың өзі бәле-жәледен аман болады. Төрт түлікті байлыққа баламаса да, тұрмысының арқауына балаған баба жұрттың бүгінгі болмысы да түк өзгермеген. Қазірдің өзінде мал-жанының амандығын тілейтін жұрт көп. Осынша тәмсілді әңгімені сөз арасына арқау етудегі мақсат – Қайнарлы ауылдық округінің бір бейнесін аша түсу. Жалпы, аудан жұртшылығы да, жақын маңайдағы елдімекендер мен аудан-қалалардағы ағайын Қайнарлының берекесі төрт түлігімен базарлы екенін біледі. Былай айтқанда, Қайнарлы ауылдық округі мал саны жөнінен өзге ауылдарды шаң қаптырады. Бұл жайында кейінірек тоқталармыз.

Жалпы, Қайнарлы ауылдық округі үш елді мекеннен құралған: Қайнарлы, Ақтасты және Қоржынбай ауылдары. Бүгінде Қайнарлы ауылында 199 шаңырақта 821 адам тіркелсе, Ақтастыда 95 шаңырақта 322 тұрғын, Қоржынбай ауылында 55 шаңырақта 219 адам бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, ауылдық округтің негізгі тіршілігі ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығына негізделген. Сандық деректерге сүйенсек, ауылдық округте 2329 бас мүйізді ірі қара, 11888 қой-ешкі, 780 бас жылқы тіркелген. Ата кәсіппен тұрмысын түлеткен қайнарлылықтардың төрт түліктің байыбын табуына 2319,2 гектар жайылымдық жер учаскесі беріліп отыр. Ауыл тұрғындары малын алысқа жаймас үшін 490 гектар жер елді мекен маңайына жақын орналастырылған. Төрт түліктің етін, сүтін, терісі мен жүнін тұрмысына арқау еткен ауыл тұрғындары да осалдар сапынан емес.

Бүгінде ауылдық округ маңайында кәсіп еткен 76 шаруа қожалық тіркелген. Сол қожалықтар бүгінде 9105 гектар жерді тиімді пайдаланып отыр. Оның ішінде кәсіп иелері 1772 гектар шабындықтан қажетінше төрт түлігіне мал азығын дайындаса, 3849 гектар жайылымға сол төрт түлігін өрдіреді. Ауылдағы ағайын тек сиыр–жылқы, қой–ешкінің соңында жүрген жоқ. Ауыл шаруалары 3484 гектар тәлімдік егістікке дән сеуіп, ырысын еселеп жүр.

Енді ауылдық округте атқарылар және атқарылған жұмыстардың жайын пысықтайық. Ауылдық округке қарасты Қайнарлы ауылында блокты модульді әкімшілік салу көзделген. Бүгінде әкімшілік ғимаратының негізін қалауға бюджеттен 50 миллион теңге қаралып отыр. Бүгінде аталмыш ғимаратты көтеру үшін конкурстық рәсімдер жүзеге асуда. Сонымен қатар ауылдағы жолдарды жөндеуге ерекше ықылас қойылып отыр. Жергілікті әкімдік берген мәліметтерге иек артсақ, Қайнарлы ауылындағы Ғ.Жұбанов атындағы көше жаңғыртудан өтпек. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін жобалық сметалық құжаттарды әзірлеуге 1,085 млн теңге бөлу туралы «Жетісу облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары» басқармасына бюджеттік өтінім беріліпті. Сонымен қатар, Ғ.Өкеев көшесі де жаңаланбақ. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, аталмыш көшені орташа жөндеу жұмыстары бойынша жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге 4,075 млн теңге бөлу туралы тиісті құрылымға өтініш берілген. Мамандар Жетісу облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары» басқармасына бюджеттік өтінімді мақұлдаса, құрылыс жұмыстары оңтайлы жүзеге асатынын алға тартып отыр. Осы ауылдағы Саттар Ерубаев көшесін жөндеу де жақында қолға алынбақ. Орташа жөндеу жұмыстары үшін жобалық сметалық құжаттар даярлау үшін «Жетісу облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары» басқармасына бюджеттік өтінім беріліпті.

Мемлекет басшысы таза ауыз суға қолжетімділікті арттыруды әр сөзінде нығырлай тапсырған еді. Осы уақытқа дейін жүзеге асқан «Ақбұлақ» сынды бірнеше бағдарлама негізінде еліміздің тұрғындарының дені таза ауыз суға қол жеткізген еді. Енді осы жұмыстарды қарқынды жалғастыруға жергілікті әкімдіктер аса мүдделі. Мәселен, Ақтасты ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту және салу осы күннің өзекті мәселелерінің бірі еді. Ауыл тұрғындары таза ауыз суды тұтынатын күн де алыс емес. Әкімдік мамандарының айтуынша, су құбырын қайта жаңғырту және салуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, «Жетісу облысы энергетика және тұрғын үй комуналдық шаруашылық» басқармасына ауыз су құбырын жаңартуға және салуға қаражат бөлу туралы бюджеттік өтінім берілген. Тиісті басқарма мақұлдаса, ауылдағы 322 абонимент толықтай су желісіне қосылып, таза судың игілігін көрмек.

Адымды, алымды Алдабергенов ауылы

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір секторы.

Бұл сала қай елдің де болмасын экономикалық дамуының, тәуелсіздігінің және тұрақтылығының негізгі тірегі. Осыдан да болар біздің елімізде де, егемендік алғаннан Елбасының көңіл бөлуінің арқасында ауыл шаруашылығы саласын реформалау іс-шаралары қарқынды атқарылып, мемлекет тарапынан ерекше қолдаулар мен көмектер ауқымы да артып келеді. Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды», — деген еді. Шыны керек, еліміздің агрокешендік перспективасы өте зор. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде бұл саланы ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Бірақ осы уақытқа дейін бұл сала талай үдерісті бастан өткерді. Еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкен тұста кеңестік экономиканың жетілмеген кемшін тұстарынан ең қатты зардап шеккен ауыл шаруашылығы болды. Себебі, елімізде әуелден тарихи қалыптасқан жағдай бойынша, соның ішінде кеңестік үлгідегі ұжымдастыру моделі аясында ауылдарды орналастыру және адамдарды қоныстандыру шаралары әлеуметтік, экологиялық, тіпті нарықтық экономика тұрғысынан да өте сәтсіз ұйымдастырылған еді. Соның салдарынан 90-жылдары көптеген ауылдық аймаққа депрессивті экономика тән болды. Мәселен, 1991 жылы Республикамызда 13 миллионнан астам адам тұрған 8 мыңнан астам ауыл, 2 жарым мың кеңшар мен ұжымшар, 5 жарым мың бөлімшелер, фермалар, бригадалар және тағы да басқа ауылға жататын елдімекендер болған екен. Сол кеңшарлар мен ұжымшарлар, бөлімшелер мен бригадалар түгелге дерлік жабылып, ауылдықтар жаппай қалаға көшіп, көптеген ауыл қаңырап бос қалды. Ішкі көші-қон нәтижесінде соңғы 15 жылда еліміздегі ауылдардың саны бір жарым мыңға қысқарып, бүгінде Республикамыздағы 6,6 мыңнан астам ауылдық елдімекенде 8 млн-ға жуық адам өмір сүріп жатыр. Пайызбен айтқанда, еліміздің халқының тең жартысына жуығы, яғни 42 пайызы ауылда тұрады. Урбанизациялық процестер соңғы жылдары біраз саябырсығанымен, әлі де болса сақталып отыр. Кеңестік жоспарлы-әкімшілік экономика кезінде жіберілген қателіктердің бірі өндірістік күштерді алыс-алыс ауылдарға шашыратып орналастыруында еді. Нарық заманы туған тұста бұл жүйе күрделі қиындықтар тудыра бастады. Ауылдық елдімекендердің басым көпшілігі сол өндірістердің болашағы жоқтығынан және бәсекеге қабілетсіздігінен экономикалық тұрғыда өзін-өзі қамтуға дәрменсіз болып шықты. Осыдан келіп өндірістегі проблемалардан бөлек, ауылдарды әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда дамыту мәселесі бірінші орынға шықты. Әуелден-ақ қалыптасқандай ауыл шаруашылығында еңбекақы көлемі өзге салалармен салыстырғанда соншалықты көп емес еді. Тіпті, олардың үштен біріне жуығының кірісі күнкөріс деңгейінен төмен-тұғын. Бұл әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезінде онсыз да тоқырап жатқан ауыл шаруашылығын одан сайын күйрете түсті. Тұрғындар табыс көзі көп қалаға қарай ағылды. Осы бастапқы кездегі қиын жағдайды тұрақтандырып, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін мемлекет тарапынан көптеген кешенді шара атқарылды. Қысқа уақытта жер туралы, жер реформасы туралы, меншік туралы, шаруа қожалықтары туралы, кооперация туралы, жалдау және жалға беру туралы заңдар қабылданды. Соның негізінде жаңа формадағы ұйымдар құру арқылы ауылшаруашылық өнімдері мен шикізаттарының өндірісін, еңбек өнімділігін арттыру жөнінде бағдарламалар қабылданды. Әсіресе, бидай экспортын төмендетпеу, мал басын сақтап қалу, қолда бар өндірістік-материалдық базаны ұстап қалу жолындағы тағы да басқа жұмыстар бірінші кезекке қойылды.

Енді бүгінде еліміздің агроөндірістік кешені қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, дамудың даңғыл жолына бет бұрып отыр. Оны аңғару үшін алысқа көз салудың қажеті шамалы. Жыл санап өрісі кеңейген, тынысы ашылып, халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған Нұрмолда Алдабергенов атындағы ауылға көз салса жеткілікті.

Талай еңбектің Эверестін бағындырған тұлғаларды шығарған нар тұлға атындағы ауылдың бүгінгі тыныс талайды қызықтырмай қоймайды. Берекесі тасыған, ырысы мол, татулық пен бірлікті тұрмысына арқау еткен ауылдың бүгіні көз қуантады. Түтіні түзу, тұрмысы келісті Алдабергенов ауылдық округінде бойынша 3 елдімекен бар. Жастар, Жаңалық және Алдабергенов ауылдары бірігіп, нағыз заманауи ауылдардың көшін бастап тұр. Халық санына келер болсақ, Алдабергенов ауылында 4036 адам, Жастар  елдімекенінде  745 адам, Жаңалық ауылында 422 адам нәпақа тауып жүр. Жергілікті әкімдіктің сөзінше келешегі кемел ауылдан көшкендер аз, көшіп келіп жатқандар көп. Оның үстіне ауылда демографиялық өсім байқалады. Нәтижесінде Алдабергенов ауылы 864 ауладан, Жастар ауылы 141 ауладан, Жаңалық ауылы 87 ауладан тұрады.

Әлеуеті келісті, тұрмысы тұрақты ауылдық округ тұрғындары ауыл шаруашылығындағы негізгі екі кәсіппен іргесін бүтіндеуде. Ауылдағы ағайын ата кәсіптің де тамырына қан жүгіртіп, егінмен де көсегесін көгертіп отыр. Алдабергеновтіктер төрт түлігінің жағдайын жайлы ету үшін жергілікті әкімдік 1366 гектар жайылымдық жер белгілеп берген. Бұл жайылымдардың жайын айтсақ, шөбі шүйгін, оты қалың жерлерден оттаған малдың жай-күйі тіпті керемет. Айта кететін жайт, Алдабергенов ауылдық округі аудан бойынша ең-ең деген ауылдардың бірі. Себебі, мұнда аудан бойынша ең көп шаруа қожалық тіркелген. Қазіргі таңда 322 шаруа қожалық ауылдықтардың ырызғы-несібесін тасытып отыр. Бірін айтта, бәрін айт, алдабергеновтегілер егінмен де, төрт түлікпен де көсегесін көгертіп отыр. Оған дәлел шаруа қожалықтар 4049 гектар жер учаскесін тиімді пайдаланып, ауылдың барынша берекесін кіргізіп отыр. Тарқатып айтсақ, шаруалардың еншісінде 2775 гектар суармалы егістік болса, өңірдің табиғатын қолай көретін барлық дақыл осынша алқапта қазірдің өзінде жайқалып тұр. Аяқ судан диқандар таршылық көріп те отырған жоқ. Өйткені, бірер жыл бұрын Ислам даму банкінің қаржыландыруымен ауылдық округ аумағындағы арық желілері, суармалы егістікке су жеткізетін арналар толықтай жаңғыртылды. Арна көзі шөп-шаламнан тазартылып, су реттеу шлюздері толықтай жаңаланды. Суды үнемдеп пайдалануда бұл жаңғырту жұмыстары өз тиімділігін көрсетіп тұр.

Статистикалық мәлеметтерге тоқталсақ, Алдабергенов ауылының тұрғындары 2296 бас мүйізді ірі қара, 2425 бас қой-ешкі және 1430 бас жылқы асырап отыр. Мал санынан да бұл ауылдық округтегілер Ескелді ауданы бойынша көш бастап тұр. Осынша төрт түлікті жаятын, жем-шөбін даярлайтын жердің де ауқымды болуы заңдылық. Бүгінде ауылдық округтегі 322 шаруа қожалық 1274 гектар жайылымдық жерге мал өрбітіп отыр. Айта кететін жайт, ауылдық округ тұрғындары тарапынан жайылымдық жер тапшылығы туындаған еді. Екі жыл бұрын ауылдағылар мал жайылымы үшін 270 гектар жер қосымша бөлінген. Сонымен қатар, қазіргі таңда, халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жайылымдық жер учаскелерін  қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, ел тұрғындарының салауатты өмір салтын сақтауын қамтамасыз етуде таза ауыз сумен қамтудың маңызы жоғары. Осы ретте мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар жүзеге асып, олар оң нәтиже көрсетті. Дегенмен, барлық бағдарлама мәселені толық шешті деп те айта алмаймыз. Оның өз жөні бар. Геологиялық жағдай, табиғи орта да өз әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, Ескелді ауданының әкімдігі аудан жұртшылығын таза ауыз сумен қамту үшін қарымды тірліктерді жүзеге асырып келеді. Мәселен, Алдабергенов ауылында «Ауылда сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу» жобасы іске асырылуда. Жобаның құны да әжептәуір, жалпы сома 825,6 миллион теңге. Тарқата түссек, 2021 жылы республикалық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген еді. Бұл қаржы уақытында толық игерілді. 2022 жылы құрылыс жұмыстарын жандандыру мақсатында Ұлттық қордан 400 миллион теңге тағы аударылды. Ал 2023 жылға 681,2 миллион теңге көлемінде қаражат аударылды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ауылдық округке қарасты Жаңалық елдімекенінде де су желілерін тарту жөнінде ауқымды жұмыс бар. Мұнда су құбырын қайта жаңғырту және салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2022 жылдың 29 желтоқсанында мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті сома – 550 миллион теңге. Ағымдағы жылдың 12 қаңтарында «ЖЕР-СУ» жаупкершілігі шектеулі серіктестігінен жұмыстарды жер асты суларының қорын бекітуді күтпей-ақ бастауға және жүргізуге болады деген гидрогеологиялық қорытынды алынды. Облыстық бюджеттің кезекті нақтылауына жобаны қаржыландыру үшін тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды.

Ескелді ауданы бойынша тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігін арттыру бағытында ауыз толтырып айтар тірлік бар.

Оның айқын бейнесін Алдабергенов ауылдық округінен аңғаруға болады. Алдабергенов ауылындағы газ тарту желілерін салу бойынша «Газ Строй компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасалған. Әу бастағы жоба құны 877,303 миллион теңге болса, шарт бойынша құн 789,152 миллион теңге болған. Яғни, серіктестік газ тарту желілерін осынша сомаға салу керек еді. Қаржыландыру екі деңгейде жүзеге асты. 2021 жылы серіктестік есебіне 445 миллион теңгеден астам қаржы берілсе, өткен жылы 206 миллион теңге аударылған. Құрылыс жұмыстары биыл толықтай аяқталады деп күтілуде. Ал, Жаңалық ауылына келер болсақ, бұл ауылда газ желілерін тарту бойынша жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан оң нәтиже берілген. Құрылыс монтаждау жұмыстарына қажетті сома 150,5 миллион теңгені құрап отыр. Жастар ауылы да жуырда көгілдір отынның игілігін көрмек. Өйткені, ауылдық округте газ желілерін салу бойынша жобалық сметалық құжат әзірленген. Аудан әкімдігінің бұл құжаты сараптамадан оң нәтиже алып отыр. Қазір құрылыс жұмыстары 168 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Ауылдық округтің инфрақұрылымдық жүйелерін жаңғырту және қайта салу бағытында да ауыз толтырып айтатын, көңіл көншітетін шаруа жетерлік. Мәселен, Алдабергенов ауылындағы Ноғайбаев, Бақтыбай, Ниязбеков, Нұрпейісов көшелерін орташа жөндеу бойынша жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге бюджеттік өтінім берілген. Нақтырақ айтсақ, Ноғайбаев көшесіне 0,981 миллион теңге, Бақтыбай көшесіне 1,09 миллион теңге, Ниязбеков көшесіне 1,049 миллион теңге, Нұрпейісов көшесіне 0,981 миллион теңге сұралып отыр.

Қуатты, мығым Қоңыр

«Ауылым – алтын бесік», – дейді халық даналығы. Көңілді күйге бөлеп, туған жердің ұлылығын ұғындырып, санаға сіңдірер қанатты сөз. Осы заманға дейінгі сан толқын ұрпақтың киелі мекені, алтын ұясы, ырыстың бастауына айналған ауыл-ежелден ұлтымыздың ұйытқысы саналады. Жасыратыны жоқ, қаймағы бұзылмаған қазақы ортаны аңсап, ұлттық болмысымызға шөліркеген кезде ауылды еске алып, сағынып, жүрегің кеудеңе сыймай кететіндей толқымалы күйге түсетінің анық. Өйткені, жүгі нарда, қазаны теңде дәурен құрған көшпелі қазақ үшін ауылдың орны қашанда бөлек, тұғыры биік екені заңдылық. Демек ауыл мен қазақ – ажырамас егіз ұғым. Түптеп келгенде ата-бабамыздың, яғни қазақ ұлтының түп тамыры, терең тарихы ауылда жатқанын естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан ауыл өмірі гүлдеп, тұрмысы өркендесе, шаруашылығы кең қанат жайса, қазақ түлейді, ауыл тұрмысы құлдыраса қазақ жүдейді. Бұл – бұлжымас қағида десек қателеспейміз. Бүгінде гүлденіп, талай жұрттың қызығушылығын тудырып отырған ауылдардың қатарында Қоңыр ауылдық округі бар десек, жаңсақ болмас. Тіршілігі келісті, керегесі кең бұл елдімекеннің тұрмысына бажай салып көрелік.

Қоңыр ауылдық округі Қоңыр, Алмалы және Көктөбе елдімекендерінен құралған. Тұрғындарының жалпы саны мың жарымға жуық. Нақтырақ тарқатып айтсақ, Қоңыр ауылында 201 шаңырақта 1091 тұрғын болса, Алмалыда 40 адам тұратын 15 шаңырақ, Көктөбе ауылында 60 түтінге түрткі болып отырған 202 тұрғын бар. Аталмыш ауылдық округ тұрғындары жалпы аумағы 4606 гектар жайылымға төрт түлігін жайып, нәпақасын жиып жүр. Аядай ғана елдімекендерде 266 шаруа қожалық тіркелсе, бұл қожалықтар ата кәсіп мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын түлетіп отыр. Бұл шаруашылықтар жалпы көлемі 26733 гектар жерден ырызғы жинауда. Оның ішінде шаруашылықтар мал азығын 2974 гектардан жиып отырса, 14769 гектар жайылымдыққа төрт түлігін өрбітіп жүр. 280 гектар суармалы егістікке түрлі дақыл орналастырып, күзде қамбаны астыққа толтырып жүрсе, 8710 гектар тәліми егістікке дәнді дақыл егеді. Алайда, қоңырлықтар мал санын көбейтіп, сол арқылы ырысын тасытуды назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, ауылдағы ағайын бүгінде 2023 бас мүйізді ірі қара, 7404 бас қой-ешкі және 658 бас Қамбар ата тұқымын өсіріп отыр. Әрине, осынша түлікті жыл сайын төлдетіп, мал санын молайтып келеді.

Ауыл – қазақылықтың қаймағы. Дейтұрғанмен ауылдағы мәдениет үйінің жоқтығы көптің шымбайына батып жүрген еді. Аудан атқамінерлерінің ауыл тұрғындарының жағдайын оңтайландыру мақсатында блокты модульды клуб салып беруді жоспарлады.

Тіпті, жоспарды жүйелеу үшін бюджет қалтасынан 158 млн. теңге бөліп, ауылдықтардың арманын орындауға ұмтылды. Әрине, көптен күткен қуаныштың уақыты жақындап, үстіміздегі конкурстық рәсімдер өтіп, 2023 жылдың 25 ақпанында мердігер анықталған еді. Алайда «ПрофиПГС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Qaz Damu Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шағым жазып, конкурс бойынша жеңімпазды анықтау үстіміздегі жылдың шілдесіне дейін кейін шегерілді. Қоңыр ауылында тағы да ақжолтай жаңалық болады. Елдімекендегі Ғабиден көшесі жөндеу жұмысына сұранып тұрған еді. Өткен жылы аудан әкімдігі мен «Жаңа жол 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасалды. Серіктестік тапсырысқа орай 23,6 миллион теңгеге 0,8 шақырым болатын аталмыш көшені шілде айының соңында пайдалануға береді.

Мұнан бөлек, қоңырлықтарды тағы да жағымды жаңалықтар тосып тұр. Осыған дейін ауыл шаруашылық мақсатындағы 219 гектар егістік жерлерді суғару аса өзекті мәселе еді. «Алмалы» су каналының арнасы тарылып, шөп басып қалған еді. Аудан әкімдігі жалпы ұзындығы 9,4 шақырымды құрайтын бұл каналды қайта жаңғыртпақ. Канал жиегі бетонмен шегенделіп, темір қоршау салынады. Қазір жобалық сметалық құжаттарын даярлауға 14,814 млн теңге көлеміндегі бюджеттік өтінім берілген. Сонымен қатар, Қоңыр ауылындағы Абай көшесін орташа жөндеуге, Алмалы ауылындағы атауы жоқ көшені жаңғыртуға және Көктөбе ауылындағы Мектеп көшесін орташа жөндеуге жобалық сметалық құжаттарын даярлауға бюджеттік өтінім берілген. Сұралған қаржыларды сараласақ, Абай көшесіне 2,453 миллион теңге, атаусыз көшеге 2,738 миллион теңге, Мектеп көшесіне 7,876 миллион теңге қаржы сұралып отыр.

Қараталда қарымды тірлік бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – микроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз» деп атап көрсетіп, жаңа экономикалық бағдарламаның басты басымдықтарын атап көрсетті. Үкіметке, әртүрлі деңгейдегі әкімдерге нақты міндеттер жүктеді. Міне, қазір жер-жердегі әкімдіктер президент тапсырмасын жүзеге асыруда қарымды тірлікке көшкен. Сондай көрініске көз жүгірту үшін Ескелді ауданындағы Қаратал ауылдық округіндегі тіршілікке көз жүгіртсе жетіп артылады.

Қаратал ауылдық округі Қаратал және Теректі елдімекендерінен құралған. Бүгінде 583 түтін бар Қаратал ауылын 1697 адам мекен етсе, 201 аула бар Теректі ауылында 697 тұрғын бар. Ескелді ауданын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған Қаратал өзенімен аттас ауылдық округтің негізгі тіршілігі егін шаруашылығына және төрт түлікке негізделген. Ауыл тұрғындары малын жаюға 1406 гектар жайылымдық жер учаскесі белгіленген. Мұнан бөлек ауылдық округте осы күні 89 шаруа қожалық тіркелсе, олардың игілігіне 16961 гектар жер учаскесі берілген.

Мағмар МАҚСЫМҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button