Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыКеген келбетіҚоғамМәдениетТұлға

ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІҢ МАЙТАЛМАНЫ ШӘКІРТТЕРІМЕН МАҚТАНАДЫ

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ұлттық құндылықтарымыз туралы жақсы ойларын ортаға салды. «Нағыз – қазақ емес, нағыз қазақ –  домбыра!», — деген қанатты сөз бар. Қастерлі де киелі қоңыр домбырамыздан айналып кетейік! Құрметпен төрімізге іліп қоятын домбыра – шаңырақтың сәні. Күмбірлете, екпіндете күй толғағанда кең байтақ қасиетті жерімізді, бар дүниемізді көз алдымызға келтіретін қоңыр домбыра шын мәнінде қанымыз, жанымыз іспетті. Әрдайым жаныңды жадыратып, көңіліңді албыратып, жүрегіңді шуақты күйіне ғана бөлеп жататын домбыраны серік еткен, шәкірттерін домбыраға баулып жүрген жандардан айналайық! Бүгінгі әңгіме бар саналы ғұмырын туған жерінде шәкірттеріне домбыра үйретуге арнап келе жатқан ұлағатты ұстаз  Абдрахманов Құрманғали Смайылұлы туралы өрбімек. Өнерлі ұстаздың Құрманғазының, Сүгірдің, Тәттімбеттің, Түркештің, Динаның, Нұрғисаның дүркірей құйылған рухты күйлерін тартып жүрген  домбырашы ұл-қыздары талай рет облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, қатарынан озып шықты. Құйқылжыта күй төгілтуге машықтанған талантты шәкірттері еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан айтулы жарыстарда жеңістен-жеңіске жетуде.

Қолына қастерлеп қоңыр домбырасын ұстаған Құрманғали ағамыз туралы сыр бөлек. Осынау Кеген ауылының бір тұрғыны. Өнердің өз адамы. Кеген ауылындағы Ө. Жаңабаев атындағы орта мектептің, Қаскелең қаласындағы өз тұсындағы мәдени-ағарту училищесінің түлегі. Бауыры Құрманжан өз тұсында Кеген халық театрында еңбек етіпті. Сол кезде қара шаңырақтарына Нағима Таласбаева, Тұрғын Мұқажанов, Бақыт Сәлімбаева, тағы да басқа өнер иелері қонақта болып, домбыра тартып, ән айтып, отырған жерлерін думандатып кетеді екен. Міне, сол кезден бастап домыраға әуес болды. Мұны жоғарыдағы өнер тарландарының шынайы шарапаты десек, артық айтпағандық. 5-сыныпта оқып жүрген кезінен қоңыр домбыраны меңгерді. Қосыла ән айтатын дәрежеге жетті. Сол арқылы мектептегі өнерлі топтың ішінде жүрді. Ауылдағы Мәдениет үйінің жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің балғын мүшелерінің біріне айналды. Сол өнерлі жандардың ішінде жүріп шеберлігін арттырғанын ұмытпайды. Құрманғали Смайылұлы Қаскелеңдегі мәдени-ағарту училищесін хор жетекшісі мамандығы бойынша бітіріп келгеннен кейін Қарқара ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекшісі болып жұмыс істеді.  Кеген ауылынан балалар өнер мектебі ашылды. Алғашқы директоры Серік Оспановтай азамат еді. Құрманғали аға аталған өнер мектебіне орналасып еңбек етті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиевтың сол өнер мектебінде алғашқы ұстаздарының бірі болғанын қуана әңгімелейді. Ұлбосын Қашағанова, Қаракөз Бірімбаева, Жұпаркүл, Тілеухан секілді еңбектес әріптестерін ұмытқан емес. Кейін арнаулы оқу орындарын бітіріп келген Сержант Жетпісбай, Омар Бөтеев секілді өнерлі азаматтар өнер мектебінде еңбек етіп, ауыртпалықтарын көтерісті. Сол тұста өнер мектебі жаңа деңгейге көтеріліп, жұмысы жандана түсті. Құрманғали ағамыз домбыра класынан дәріс беріп жүрді. Өнер мектебі жабылып қалған тұста №3 Кеген орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі болды. «Балбөбек» бөбекжай балалар бақшасында музыкант болып жұмыс істеді. Қарқара орта мектебінде мамандығы бойынша жұмыс істеді. Соның бәрінде ұлтымыздың болмысы, көркі мен ажары, мәні мен маңызы іспетті қоңыр домбырасын қастерлей ұстап, лайықты дәріптей жүрді.

2015 жыл Кеген өнер мектебінің оты қайтадан жанды. Тамырына қан жүгірді. Ауылдағы ел мен жұрттың бірсыпыра жылдардан айтып келе жатқан ұсыныс-тілектері орындалды.  Өнерге ықыласты, талаптары таудай шәкірттердің қуаныштарында шек болған жоқ. Бұл жағымды жаңалық Құрманғали ағамыздың да көңілін өсіріп, қуанышын тасыта түсті. Өнер мектебіндегі сүйікті ісіне қайта оралды. Міне, жүйрік уақытта тоқтау бар ма, содан бері 8 жыл өте шығыпты. Құрманғали Смайылұлы  Кеген балалар өнер мектебінде шәкірттеріне домбырадан дәріс беріп келеді. Домбыра класында 15 оқушы бар. Қоңыр домбырасын жанындай жақсы көретін Құрманғали аға шәкірттеріне шертпе күйлерді үйретуде. Оның ішінде Тәттімбеттің «Сылқылдақ», «Көкейкесті», Секен Тұрысбектің «Ақ жауын», «Көңіл толқыны» секілді күйлер бар. Ықыласты шәкірттеріне қазақтың төкпе күйлерін үйретіп жатады. Бұл ретте Құрманғазының «Балбырауынын», «Боз шолағын», «Кісен ашқанын»  айтуға болады. Құрманғалидың домбырашы шәкірттері Дәулеткерейдің «Құдаша», «Жеңгем сүйер» атты күйлерін, «Келіншек», «Тепең көк» секілді халық күйлерін жақсы меңгеріп алған. Гүлназ Жұмашева басқаратын Кеген өнер мектебінің жанында оқушылардан құралған домбырашылар оркестрі бар. Оған негіз қалаған да  Құрманғалидай ағамыз.

-Өнер мектебінің қайта ашылғаны жақсы болды. Өнер мектебінің Жалағаш ауылында, Бөлексаз бен Тасашы секілді бірнеше ауылдарда филиалдары жұмыс істейді. Жалпы, екі жүзден аса дарынды балалар домбыра, ән, би, сурет, мүсін, эстрада, фортепиано секілді өнердің сан түрі бойынша қосымша білім алып, бойларындағы талаптары мен қабілеттерін ұштап келеді. Өнер мектебіне деген ата-аналардың да алғыстары шексіз. Осының бәрі бойымызға қуат береді. Әр күнгі ісімізге деген ықыласымызды арттыра түседі, — дейді домбыра класының оқытушысы Құрманғали Абдрахманов.

Құрманғали Смайылұлы Кеген өнер мектебі директорының орынбасарлары Омар Бөтеевтың, Света Абуқызының, шәкірттеріне түрлі өнер түрінен дәріс беріп келе жатқан Еркебұлан Қасымовтың, Анар Молдабаеваның, Динара Тәжікбаеваның, Шәмші Омарұлының, Мұқаметқали Әшімбаевтың есімдерін орнымен атайды.

Қоңыр домбырасын аялай ұстап, лайықты дәріптеп жүрген кейіпкеріміз Құрманғалидың еңбектері елеусіз емес. Айта кетейік,  2017 жылы Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Лидер образования» атты медалына ие болды. Абайдың 175 жылдығына, әл -Фарабидың 1150 жылдығына орай республикалық «MEDIA BILIM» журналының және «Өрлеу» порталының Алғыс хатымен марапатталды. Әл- Фарабидың 1150 жылдығына орай «Әлемніің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби» атты шығармашылық байқауға қатысып, шығармашылық тәжірибе алмасқаны үшін сертификат тапсырылды. Одан бөлек,  «Атадан мұра» қорының өткен жылғы Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған республикалық «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты онлайн шығармашылық байқауына үздік шәкірт дайындағаны үшін дипломмен марапатталды. Республикалық «Дара бала» журналының қолдауымен өткізілген байқауға өз қатарының алды, білімді, дарынды, ұшқыр ойлы шәкірттер тәрбиелегені үшін де дипломға ие болып, мерейін тасытты. Аудан әкімінің Құрмет грамотасы да шаңырағының төрінде тұр.

Құрманғали ағамыз жұбайы, өмірлік серігі Зияш Бөрібайқызы екеуі ауылдағы өнегелі шаңырақ иелері. Екеуі мынау жарық дүниеге 2 ұл, 2 қыз әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп қанаттандыруда. Екі келін түсіріп, бір қыздарын ұзатты. Думан, Медеттей ұлдары, Жаннадай қыздары бір-бір шаңырақ. Әулеттің қос бәйтерегі 3 немерелі, 3 жиенді болып, қуаныштарын тасыта түскен жайлары бар. Жансаядай кенже қыздары бар.

 Оны күтіп отырған домбыраны жақсы көретін шәкірттері бар. Дарынды ұл мен қыздардың талаптарының ұшталып келе жатқанына қуанып, әрбір шығарманы, күйді меңгерген сайын бір көтеріліп, жанын жадырата түсетіні бар. Ол қазағының қоңыр домбырасын серік еткісі келетін жас ұрпақты көрген сайын жүрегін жұбандырады.

Алдыма келген, домбыра шертіп отырған ұл-қыздардың бойынан ұлттық аспапта ойнауға, оны үйренуге деген ынта-ықыласының зор екендігін байқаймын. «Болам деген баланың белін бу» демей ме, талаптанған баланың еңбегі еш кетіп жатқан жоқ, домбыраны құр үйреніп қана қоймай, шебер ойнап жүр. Олардың бәрі бірдей музыкант болып кетпеген күннің өзінде ұлттық құндылықтарымызды, қастерлі домбырамызды қадірлеп өсер ұлағатты ұрпақ боларына сенемін, – дейді  кейіпкеріміз Құрманғали Смайылұлы

«Өнер – адамдар жүрегіне асыл қасиеттер егеді» деген ойшылдарымыз. Домбыраны, өлең-жырды, суретті, өзге де шығармашылық туындыларды ұғына алған адам жамандыққа жуымай, адалдыққа, жақсылыққа үйір жүреді. Балғындарға қазақтың қара домбырасын үйретіп жатқан ағамыз  оларды өнерге ғана емес, ізгілікке да баулып жатыр. Күмбір де күмбір күй толғар қоңыр домбырасы бар жерде рухымыздың мықты, мерейіміздің үстем, мәртебеміздің биік болатынына шынайы сенеді. Қазағының қоңыр домбырасын аялап жүрген, жас ұрпаққа ұлағаттап жүрген Құрманғалидай ағамызға деніне саулық, ісіне жеміс, шаңырағына шаттық тіледік!

Индира БІРЖАНСАЛ

Басқа жаңалықтар

Back to top button