Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратЕскелді айнасыҚоғам

Елдос Тұрсынбайұлы, Ескелді ауданының әкімі: Ауданның әлеуеті артар күн алыс емес

Құрметті оқырман!

2022 жылдың 2 тамызында елдос тұрсынбайұлы Ахметов Жетісу облысы әкімінің өкімімен Ескелді ауданының әкімі болып тағайындалған болатын. Бірнеше күннен кейін Елдос Тұрсынбайұлының қызметке келгеніне бір жыл толады. Осыған орай, газет редакциясы сұхбат құрып, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайында сөз қозғаған болатын. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Қысқаша мәлімет: Елдос Ахметов 1968 жылы туған, білімі жоғары. Семей қаржы-экономикалық техникумын «мемлекеттік бюджет», Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін «қаржы және несие», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «юриспруденция» мамандықтары бойынша бітірген. 

Еңбек жолын Талғар қаласы бойынша салық  инспекциясының салық  инспекторы болып бастады.  Әр жылдарда Талдықорған облысы бойынша салық инспекциясының салық  инспекторы, аға салық инспекторы, бас салық инспекторы, Талдықорған облысының Талдықорған ауданы бойынша салық инспекциясының, салық бөлімінің, салық комитетінің бастығы, Алматы облысы Ескелді ауданы бойынша салық комитетінің бастығы, төрағасы, Көксу ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, бөлім бастығы, Текелі қалалық қаржы бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарды. 2018 жылдың ақпанынан 2022 жылдың тамызына дейін Ескелді ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.

– Құрметті Елдос Тұрсынбайұлы! Сіздің аудан әкімі болып тағайындалғаныңызға бір жыл толыпты. Оған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметінде болдыңыз. Қазір аудан әкімі ретінде жұмыс барысы қалай өзгерді?

– Әкім болғалы уақытым өте тығыз. Шынын айтқанда уақыт мүлде жетпейді. Күнделікті ұйқы регламентім 6 сағат. Бес немесе бес жарым сағат ұйықтаймын. Қалған уақытта жұмыстамын. Бос уақытым аз. Түскі үзіліс кезінде үлгеріп жатсам 15-17 минут көз шырымын алып аламын. Оған да организм үйренді. Тура сол айтқан 15 минут шамасында оянып кетіп, жұмысқа араласып кете беремін. Ал таңертең таңғы сағат алтылар шамасында үйден жаяу шығып, жол-жөнекей аудан орталығын аралап келемін. Сағат тоғызға дейін көптеген нысандарды қарап, кем-кетіктерін байқау үшін таптырмайтын уақыт. Егер ақаулар немесе кемшіліктер көрсем, сол жерден бірден жауапты мамандарға хабарласып, ескертпелерімді айтып тастаймын. Бұл әдетім менің аудан әкімінің орынбасары қызметінде жүргеннен бастап қаныма сіңген. Оған әкімдік қызметкерлері де үйреніп алды. Тағы бір айта кетерлігі, күнделікті жаяу бір ғана жолмен емес, күн сайын бағытымды өзгертіп отырамын. Бұл әдет Қарабұлақтың ішін толық қамтуға мүмкіндік береді. Осылай әр нысанды көріп, аралап жұмысқа жеткенше сағат сегіз жарым болады.

Оған қоса бес күндік жұмыс кестесі деп жатып алмай, сенбі күні де жұмысқа шығамын. Сенбі күнімді салынып жатқан құрылыс нысандары бар, жол бар, кейбір кезде ауылдық аймақтағы егістік алқабы бар, бәрін аралап келуге арнаймын.

– Қазіргі уақытта Қарабұлақтың өзінде тұрасыз ба?

– Иә, негізгі үйім Талдықорған қаласында. Бірақ тағайындалған күні облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлына Қарабұлақта тұрамын деп уәде берген болатынмын. Қазір осы жаққа көшіп келіп, тұрып жатырмын. Облыс әкіміне бір ай деп уәде бергенмін, бірақ мен 17 күннің ішінде келіп жайғасып алдым. Жұмыс орнымнан тұрып жатқан үйім 3-4 шақырым қашықта. Балаларым алыс қой деп қояды. Ал мен үшін алыс емес. Барлық жерді аралап келуге жеткілікті қашықтық.

– Өзіңіз айтқандай, облыс әкімі тағайындағанда біршама тапсырмалар бергені белгілі. Соның орындалу барысын айта отырсаңыз.

– Біздің ауданның ең басты мәселесі – ол тұрғын үй. Ауданымызда соңғы он жылда тұрғын үйлер салынбай қалған. Бұрынғы қант зауытынан қалған ескі үйді аудан әкімдігіне өткізіп берген болатын. Сол нысанды 2019 жылы реконструкция жасап өткіздік. Қазір аудан тұрғындары қызығын көріп отыр. Ал 2020 жылы жаңадан 60 пәтерлі тұрғын үй салып, халықтың пайдалануына бердік. 2022 жылдың соңында өткізуіміз керек болған тағы бір үйді белгілі бір себептерге байланысты наурыз мерекесіне орай пәтер кілттерін табыстадық. Бұл берілген үйдің барлығында жетім-жесір, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы, жартылай секілді отбасылары тұрып жатыр. Мемлекеттік қызметкер немесе құқық қорғау орган қызметкерлеріне емес, тек әлеуметтік осал топтарға берілді. Аталған үйлердің сапасы өте жақсы. Облыс әкімінің өзі келіп көріп, жақсы бағасын берді. Талдықорғандағы үйлердің сапасынан түк те кем емес. Тұрғындардан ешқандай ескерту жоқ. Кейбір кісілер бар, есіктің тұтқасы сияқты қарапайым заттарды сындырып алатын. Бірақ ол салып жатқан мердігердің кінәсі емес қой. Бұлар тұрғындардың өздерінің дұрыс пайдаланбауынан болып тұрады. Бірақ 7-8 балалы отбасылардың жағдайына қарай отырып, стандартқа сай болса да кейбір жағдайда мердігер компания жасап беретін кездер болады. Дегенмен, компания қызметкерлері оларға түсіндіріп, өз кінәларі екенін айтып кетеді.

Қазіргі уақытта дәл сондай 60 пәтерлі үйдің құрылысы бітуге таяу. Оны қыркүйек айында береміз деген жоспарымыз бар. Бүгін ғана маған линолиум, кафель, есіктерінің түрлері мен түстерін көрсетіп кетті. Қазір сатып алынып, алдағы аптадан бастап салына бастайды.

– Алдағы 4-5 жылда тағы да үй салу жоспарда бар ма?

– Бірнеше жыл бұрын осындай үйлер салу үшін қант зауытына жер берген болатынбыз. Бірақ олар ештеңе істемеген соң былтыр сол жерлерді қайтарып алып, жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Ол жерде 13 үй салуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта канализация, тоқ, су құбырлары келіп тұр. Оған қоса, былтыр жаңа полиция пунктін, жылу қазандықтарын салып, газ желілерін тартқан болатынбыз. Үй салу үшін қажетті инжинерлік желілердің барлығы келіп тұр. Келесі жылға 60 пәтерлі екі үйдің жобасы дайын. Бюджеттен ақша бөлінсе сала береміз. Қалғанына демеуші тауып, үй салдырсақ деген ойымыз бар. Бұл енді болашақтың еншісінде. Биыл сол жерге жақын маңнан жедел жәрдем тұрағын салып жатырмыз. Болашақта өмірге қолайлы орын болайын деп тұр.

– Жедел жәрдем деп қалдыңыз. Қазір олар қай жақта отыр?

– Жедел жәрдем бүгінгі таңда әкімдіктің бір ғимаратында отыр. Қазір оларға жаңағы айтқан орыннан жаңадан тұрақ ашып, қызметкерлер отыратын ғимарат салып беріп жатырмыз. Ғимараттың өзі салынып бітті. Тоқтары тартылып, кондиционерлері істеп тұр. Енді сыртқы жұмыстары аяқталса, 1 тамызда қолданысқа береміз.

– Жедел жәрдем көліктерінің аудан бойынша қалай жаңарып келе жатқанын білеміз. Дегенмен кейбір ауылдық округтерде әлі күнге дейін кеңестік стандартта жасалған ресейлік Буханкалар жүр. Мұны жаңарту жағы қалай болмақ?

– Өздеріңіз білетіндей, бұрынғы Қапал ауданынан қосылған Ақын Cара мен Қоңыр атты екі ауылдық округ бар. Одан басқа өзіміздің Қайнарлы, Қоржынбай, Ақбас деген ауылдарымыз бар. Ол ауылдарға қазіргі біздің жаңа көліктер жете алмайды. Өйткені ол жақтың қысы өте қатты. Қары қалың. Біздің жаңадан алған Hyundai көліктері барса тұрып қалып, науқасқа уақытылы көмек көрсете алмай қалу қаупі бар.

Сондықтан біз керісінше, облыстан өзіңіз айтқан кеңестік стандарттағы көліктерді сұрап отырмыз. Өйткені, олар қалың қар мен жолсыз жерлерден тез өтіп, көмекті уақытылы көрсете алады.

– Ондай кеңестік буханкалар ауданда бар емес пе?

– Бар, бірақ ескі. Сол үшін біз жаңасын сұрап отырмыз. Бір қызығы, облыстағылар: «Басқа аудандар жаңа Hyundai көлігін сұрап жүрсе, сіздер Буханка сұрайсыздар» деп күледі. Енді біздің климаттық ерекшеліктеріміз үшін осындай көлік сұрауға тура келіп тұр. Өйтпеген жағдайда қашық ауылдардан көлігімізді сүйреп шығару үшін трактор немесе джип көліктерін іздеп жүреміз. Ол – бәріміз үшін екі жұмыс.

– Былтыр өзіңіз білетіндей, Жетісу жеріне Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келіп, көптеген мәселелер көтеріп, тапсырмалар беріп кеткен болатын. Соның ішінде екі мәселе сіздің басқарып отырған ауданға тиесілі. Бірінші мәселе бойынша Президент: «Облыста шаңғы спорты  түрлерін дамыту мәселесі бар. Жетісу таулары бұл үшін өте қолайлы екені сөзсіз. Осыған байланысты Үкіметке облыста заманауи шаңғы және биатлон кешенін салу ісін қамтамасыз етуді тапсырамын» – деген болатын. Екіншісі Орталық Азиада теңдесі жоқ Бұрқанбұлақ сарқырамасы бар. Оның Текелі қаласы арқылы баратын жолын су шайып кеткен болатын. Осыған орай, көпірі ретке келтіріліп, жолын жасау тапсырылған еді. Ескелді ауданына қарасты осы екі мәселе не болып жатыр?

– Президенттің тапсырмасы берілгеннен кейін біз жең түре кіріскен едік. Бірақ біз әсер ете алмайтын қызық жағдайлар бар. Біріншіден, шаңғы және биатлон кешенін салу бойынша қолайлы 3,5 га жер тапқан болатынбыз. Енді жобалық құжаттарына кірісер кезде ол Текелі қаласының шекарасында екені белгілі болды. Сонымен біз бұл жобадан шеттедік. Бұрқанбұлақ мәселесі де осыған ұқсас. Ол жаққа барар жолдың шайылып кеткеніне біраз болды. Оған Қоңыр ауылдық округы арқылы барып жүрміз. Кейбір кезде адамдар жоғалып кетеді. Іздеу жұмыстарына осы көпірдің жоқтығы көп кедергісін келтіруде. Биыл, қуанышқа орай, жоғалған адамдардың бәрі аман-есен табылып жатыр. Телефон желісінің ұстамай қалуы туристермен байланысты үзіп, аман-есендігін білуге мүмкіндікті шектейді. Ол көпірді жөндеу шаруасы да бізге тиісілі болмайтын болып тұр. Өйткені, ол жерлер орман шаруашылығы мекемесінің территориясында екен. Сондықтан, жолды аталған мекеме жасайды. Көпір мен Қора шатқалына баратын жол 2025 жылға дейін аяқталады деп отыр.  Көпір жасалса, біздің Бұрқанбұлақтың бағы ашылып, туризм жақсы дамиды деген сенімдеміз.

– Ескелді ауданы бір қарағанда кішкентай секілді. Көпшілік аудан территориясын Қарабұлақтың айналасы деп біледі. Бірақ әуелде өзіңіз айтқандай, солтүстік шығыста 80 шақырым қашықта жатқан Ақын Cара, Қоңыр ауылдары, шығыста Қора шатқалы,  оңтүстікте Кербұлақ ауданының шекарасына дейін ауданның алып территориясы жатыр. Жетісу облысының көлемді аудандарының бірі. Ескелді қандай саламен айналысады, тыныс-тіршілігі қалай?

– Ауданның негізгі жұмысы – ол ауыл шаруашылығы. Өздеріңіз білетіндей, біз қант қызылшасын егумен айналысамыз. Былтыр Көксу қант зауытына шикізат өткізгенде облыс бойынша 64 пайызын біз бергенбіз. Былтыр мың жарым гектар жерге еккен болсақ, биыл да сол межеден асамыз деп отырмыз. Қызылшаға бөлінген жеріміз 1924 гектарды құрап отыр. Биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір алқаптарда өнім шықпай қалып, қайтадан себуге тура келді. Бүгінгі таңда екінші рет суғару жүріп жатыр. Жоспар бойынша 100 тоннадай өнім өткізсек пе деп отырмыз.

Сонымен қатар, қазір аудан сүт саласында да жақсы нәтиже көрсетуде. Ауданда ірілі-ұсақты 9 сүт фермасы бар. Соның бірі «Хильниченко» шаруа қожалығы мыңнан артық сиыр сауып отыр. Оның өнімін күнделікті FoodMaster-ге өткізіп, жақсы пайда көруде. Өздеріне үлкен салқындатқыш қойып қойған. Ол сүттің сапасын түсірмеуге көп ықпалын тигізіп жатыр. Сиырларды басқалардай шет елден алып келген жоқ. Өзіміздің Алатау тұқымы. Қазақстан бойынша хабарым жоқ, бірақ Жетісу облысы бойынша осы Хильниченкода ғана аталған тұқымды өсіруде. Барып көрсеңіз, шет елден әкелінген сиырлардан ешқай жері кем емес. Осы малдар үшін жаңадан ферма салған. Ондағы жағдай өте жақсы. Барлығы жаңа технологиямен жабдықталған, аппараттары адам қызығарлықтай. Тіпті, ірі қараны тудырып алатын «босандыру бөлмесіне» дейін бар. Мен бір қонақтарды алып барғанда тура тудыру сәтінің куәсі болдық. Олар әр малдың қашан туатынын есептеп, 5-7 күн қалғанда жаңағы бөлмеге қамап қояды екен. Ақ халат пен резіңке қолғап киген мамандар оларды күндіз-түні бақылап жүріп тудырып алады. Осындай қараудан кейін малдың да қоңы жақсы. Қалған 8 сүт фермасында мыңнан болмаса да жүздің айналасында малдары бар. Олар да сүттерін өткізіп, берекесін содан тауып отыр.

2018 жылы ауданымызға ирандық бір фирма келген. Ол бізден арнайы жер алып, 600 бас малға қоражай салған. Бірақ коронавирусқа байланысты 600 емес, 194 бас сиыр ұстауға мүмкіндіктері жетті. Келешекте сол межелі 600 басқа жеткіземіз деп отыр.

– Қазіргі уақытта ірі деген «Хильниченко», «Нам», «Дүйсенбинов» атты үш шаруа қожалықтары бар. Қалған ұсақ шаруашылықтардың жағдайы қалай?

– Кіші шаруашылықтардың да жағдайы жақсы. Қазір олардың барлығы бірігіп жұмыс істеп жатыр. Біреуінде трактор, біреуінде көлік деген секілді әркім қолынан келетін техника мен мүмкіндіктерін ортаға салып, шығынды азайтып өзара келісім арқылы жұмыс істеуде. 2-3 гектар егетіндер осылай бірігіп іс тындырмаса, пайда емес, шығынға батулары мүмкін. Дегенмен қазіргі әрекеттері жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. 

– Ауданда қызылшадан бөлек тағы қандай егістік алқабы бар?

– Қызылшадан бөлек бидай, арпа, зығыр, жүгері, жоңышқа егіледі. Жаңа айтқанымдай, биылғы ауа райы сәл қолайсыздау болған соң, өнім былтырға қарағанда сәл төмен болуы мүмкін. Қазір әр алқаптың өнімі әртүрлі. Бір жерде гектарына 40 тонна болып тұрса, кейбір жерде 28 дегендей.  Енді «балапанды күзде санайды» демекші, күзде егін орағы кезінде өнімнің қаншалықты түсетінін көреміз. Әзірге, бізден әрекет. Күзде бәрін шауып алып орта есепке шаққанда белгілі болады.

– Осыдан бірер апта бұрын денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Жетісу облысына жұмыс сапары шеңберінде бірқатар медициналық объектілерді аралады. Министрдің Ескелді ауданына да келіп-кеткенін білеміз. Жалпы әсері қалай?

– 2018 жылы Биғаш ауылында алғашқы эксперименталды түрде блоктық модульдік амбулатория салынды. Көрсеткіш жақсы. Сол нысанды басқа аудандар келіп көріп, өздеріне енгізіп жатыр. Былтыр біз осындай медицина пунктін үш ауылға салсақ, биыл тағы үш ауылға салып жатырмыз. Блоктық модульдік жобаның бір жақсысы – салыну мерзімінің жылдамдығы. Бір ай мен екі жарым ай көлемінде құрылыс аяқталады.

Енді негізгі сұрағыңызға келер болсақ, денсаулық сақтау министрі келіп, Биғаш ауылындағы пунктті өз көзімен көріп кетті. Жаңалықтардан қарап отырсам, басқа әріптестеріне «Ескелді ауданына барып, Биғаштағы медицина пунктін қараңдар. Үйренер зат көп» деп мақтап жатыр екен. Бұл да белгілі бір нәтиже деп ойлаймын. Ол кісі келгенде бас дәрігерді кіргізбей, әр медбикелермен өзі жекелей сөйлескен. Сонда қойылған сұраққа жауап берген медбикелердің білімін көріп, басын шайқапты. «Әркім өз ісін жетік білетін мекемені бірінші рет көріп тұрмын», деп риза болған екен.

Оған қоса, медицина пункті тұрған жерінің өзі жақсы. Сыртындағы абаттандыруы да адам қызығарлықтай. Ағаштары көгеріп, гүлдері жайқалып тұр. Ал бұл сол жердің басшылығына тікелей байланысты екенін баса айтқым келеді. Қыста ғимарат іші өте ыстық. Сұхбаттың басында айтып өткенімдей, мен жұмысқа келе жатып ол ғимаратқа да соғып тұрамын. Мөлшерлі температурасынан түсіп кеткенін байқамадым.

Аудандық орталық аурухана бойынша айтар болсақ, 140 төсекке және күндізгі стационардың 70 төсегіне есептелген аудандық орталық ауруханасы 50 мыңнан астам жергілікті тұрғынға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, мұнда ересектер мен балаларға арналған жалпы терапия, хирургия, невропатология, жалпы дәрігерлік практика, акушерлік және гинекология сияқты бағыттар бойынша стационарлық және амбулаториялық-емханалық медициналық көмек қарастырылған. Аудандық аурухана ұжымында 440-тан астам медицина қызметкері, оның ішінде 84 дәрігер және 360 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Биыл аудандық емхана базасында «Үздік практикалар орталығын» ашу жоспарлануда.

– Жалпы, медицина қызметкерлерінің жалақылары қалай?

– Қазір жалақылары өте жақсы. Орта есеппен 300 мыңның айналасы болуы керек. Әркімнің ақшасын санап жүрмейміз ғой. Бірақ жоғарғы жалақы 600 мыңға дейін барып қалады.

– Ауданның білім саласын айта кетсек. Жалпы білім сапасы қалай? Біздің Жетісу өңірінің бір жақсы жері, басқа жақтағыдай үш ауысымдық мектептер жоқ. Бірақ бала жетіспейтін білім ордалары да баршылық. Ол Ескелді ауданында да бар. Сол туралы не айтасыз?

– Оныңыз рас. Қазіргі уақытта ауданда 30 мектеп бар. Үш ауысымдық мектеп жоқ. Көбісінің тозығы жеткен. Едендері шіруге айналған. Жылда ағымдық жөндеумен ғана амалдап жүрген оқу орындары баршылық.  Қазір мектептерді жөндеуге ақша бөлініп жатыр. Біз төрт мектепке жоба сметалық құжаттама жасап қойдық. Облыстық бюджеттен қаржы сұрап отырмыз. Егер берсе 2024-2025 жылдары жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Кейбір ауылдарда бала санының аздығы бар. Оған біз ештеңе істей алмаймыз. Мысалға айтар болсам, Көктөбе ауылында үш қабатты мектеп бар. Бірақ бала санының аздығынан оның бірінші қабатында ғана сабақ оқытылады. Осыған орай, біз екінші және үшінші қабатын жазғы лагерге икемдеп, жазғы уақытта балаларды демалысқа жіберіп жатырмыз. Бірінші лекке 150 оқушы барып демалып келді. Енді келесі лекті жіберуге дайындық үстінде. Осыған орай бір қызық айтайын. Мен тек Қарабұлақты ғана емес, ауылдарды да аралап тұрамын. Сондай бір күні Елтай ауылына барсам, тұрғындар балабақша керек деген мәселелерін айтады. Жақсы, қанша бала деп сұрастыра келсем, 4 бала ғана шығады екен. Оған қоса, өз балалары емес, немерелері болып шықты. «Апай, қазір сіздің төрт балаңыз үшін мен бюджеттен қалай ақша сұраймын? Оны салған соң мақсатына қалай жетеді? Төрт бала үшін балабақша салу мүлде тиімсіз ғой» деп түсіндіруіме тура келді. Мұндай жағдайлар бізде кездесіп тұрады. Бірақ демографиялық өсімі бар ауылдар көбейіп келеді. Соңғы жылдары Алдабергенов, Жетісу, Шымыр, Ешкіөлмес, Сырымбет секілді ауылдарға көшіп келіп жатқан отбасылар жеткілікті. Келген адамдарды біз қайдан көшіп келіп жатқанын тексереміз. Олардың көбі Сарқан, Алакөл аудандарынан. Қазір ауданда 2022 жылғы санақ бойынша 53 мың халық бар. Соның арқасында мектептеріміз толық.

Жалпы білім сапасы жаман емес. Биылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша облыс аумағында төртінші орынды иеленіп отырмыз.

– Қазіргі уақытта Ескелді ауданында спорт жақсы дамып келе жатыр. Спорт ғимараттары салынуда. Спорт барысы қалай жүріп жатыр?

– 2020 жылы біздің ауданнан үлкен денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылған. Қазіргі уақытта облыстық немесе республикалық деңгейдегі жарыстар сол кешенде өтеді. Нәтижесінде біздің өз балаларымыз бокстан, күрестен, дзюдодан, қазақ күресінен жүлдегер атанып жүр. Бұған біз мақтанамыз. Қыстың күні біз өзіміз де аптасына екі рет барып волейбол, футбол ойнап тұрамыз. Келушілерге жағдай жақсы жасалған. Тренажері бар.  Шешінетін орындары жайлы, душ бөлмелері істеп тұр. Қыстың күні іші ыстық. Тағы бір жақсы жері, барлығы тегін. Тек қана бір ескерер жайт, спорт түрлеріне жазылу керек. Өйткені барлығы топырлап қалмас үшін арнайы график жасалады.

Қазір тура Қарабұлақтағыдай болмаса да, Көкжазық ауылына облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасымен денешынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатырмыз. Бұл кішірек болады. Бірақ жағдайын мейлінше жақсы жасауға мүмкіндік қарастырамыз.

– Жастарға өте жақсы жағдай жасалған екен.

– Әрине. Көптеген жастардың шынығуына, спорт саласына қызығуға көптеген мүмкіндіктер жасалған. Бірақ басқа да қызықты сәттер бар. Бір күні қыста барып, залдың босауын күтіп отырсам екі жас бала кірді де, екі-үш тренажер құрылғыларына келіп, 5-10 секундтан шыныққандай болып суретке, видеоға түсті де шығып кетті. Сөйтсем, олар тек әлеуметтік желіге мақтану үшін келіп кететіндер екен. Ондай да жастар бар.

– Сонымен қатар, Тау Жетісуда жыл сайын парапланнан жарыстар болып тұрады. Осы жайында айта отырсаңыз.

– Көпшілігі білетіндей, Тау Жетісу демалыс орнын салған Жетісу өңірінің тумасы Игорь Виршки деген жігіт. Биыл парапланнан үлкен халықаралық жарыс өткізді. Ашылу және жабылу салтанаты шарасына бардық. Жарысқа әлемнің 21 елінен спортшылар келіп қатысты. Ұшу және қону жағынан өте ыңғайлы жер екен деп риза болысқан спортшыларды көрдім. Біздің жел деп жақтырмайтынымыз оларға кедергі емес екен. Қатты боран болмаса, біздің желдің әсері соншалық емес дейді спортшылар. Олардың қорқатыны тек жаңбыр екен. Қонақтар барлығына риза болып, қайтқандарында ризашылықтарын білдіріп кетті. Келгеннен кеткенге дейін сол аймақта болып, қонақ үйлерінде дем алды. Біздің территория болған соң ашылу салтанатында концерт қойып бердік. 2-3 сынып оқитын балаларымыз қара жорға билеген болатын. Шет елдік қонақтар өздері екінші рет қайтадан қара жорғаны қойғызып, біздің балалармен бірге биледі. 

Әлем бойынша ең мықтысы Қытай елінің спортшылары екен. Бірақ біздің қазақстандық спортшылар белгіленген жерге дәл түсу жағынан бірінші орынды иеленді. Біздің өңірде өте жақсы дамып келе жатқан спорт. Шет елден келген спортшылар біздің алаңға қатты таң қалып жатыр. «Қазақстанда осындай өте керемет жер бар екенін білмеппіз», — деп өз таңданыстарын жасырмады.

– Елдос Тұрсынбайұлы, жұмыс барысындағы биографияңызға қарасақ, көптеген жыл салық саласында еңбек еткенсіз. Аудан салыстырмалы түрде салық түсімі жағынан қалай?

– Салық бойынша өзіміздің алға қойған жоспарымыз бар. Соны орындау үшін жұмыс атқарудамыз. Енді салықты көбейту үшін өндіріс орындары болуы керек. Жалғыз ауыл шаруашылығы салық көлемін көтере алмайды. Оған қоса жеке шаруа қожалықтарында салық жағынан көптеген жеңілдіктері бар. Оның барлығы біздің түсімге әсер етеді. Қазіргі уақытта Қора шатқалында 14 млрд теңге көлемінде үлкен ГЭС салынып жатыр. Қыркүйек айында өткізеді. Соның инвестициясы салық көлемін сәл үлкейтуі керек. Тура осындай екінші ГЭС құрылысы басталады деп жоспарлануда. Жері белгілі. Құжаттары дұрыс. Енді сол салынған нысандарды өз ауданымызға тіркеген соң салық көлемі де жақсы жаққа өзгереді. Оған қоса, тауларымызда мәрмәр шығаратын 6 карьер бар. Кезінде олар Текелі қаласына тіркеліп кеткен. Қазір соларды Ескелді ауданына тіркеу жұмысын бастадық. Бір апта бұрын барлықтарының басшыларын шақырып, ауданға тіркелу мәселесін қойдық. Сұраққа қатысы болмаса да айта өтейін, бұл шығарылып жатқан мәрмәрдің барлығы өндіріске айналдырса керемет пайда. Құрылыс саласына қатысты левкас, кафель желімі, эмульсия, тіс пастасының құрамдарына дейін қосылады. Біздің кәсіпкерлер тек қазып алып, сорт-сортымен Алматының айналасындағы өндіріс орындарына сатып жатыр. Соны өзімізден ашса керемет болар еді. Біз карьер басшыларына сол кішігірім зауыт қою жағын ұсынып жатырмыз.

– Кәсіпкерлердің қызығушылығы қалай?

– Алматыдан алыс болған соң кәсіпкерлердің қызығушылығы аздау. Өйткені шыққан өнімді бірден сату сәл қиындық туғызады. Ал Алматы өңірінде болса, жеткізуі мен сатуы тез болады. Осындай мәселелер бар. Біз қазір сырттан келген инвесторларға көбіне көкөніс сақтау секілді шағын кәсіптерді көрсетіп жатырмыз. Олар да келе сала бірден салайық демейді. Бірінші есептейді. Кірісі болмаса, немесе кірісі аз болса олар да ойланып қалады. Салған ақшасын қалай және қанша уақытта шығарып алатынын бағамдайды. Сондықтан нақты айту қиындау.

– Айтпақшы 2017 жылы форель шаруашылығы қолға алынған еді. Сол не болып жатыр?

– Ол кәсіпкер салымдарын ақтай алмады. Өйткені балықтың қоректерін шет елден алып келетін. Сол бар пайдасын жеп қойып, шаруашылықты тастап кетті. Келген кәсіпкерлерге біз сол орынды да көрсеттік. Түркістан облысы және Ташкенттен келген инвесторлар ойланып отыр. Бір айдың ішінде жауабын айтамыз деген. Күтіп отырмыз. Бәлкім тағы бір сондай шаруашылық ашылып қалуы мүмкін.

Алматы қаласының айналасында форель шаруашылығы бар екен. Соның моделінде жасағылары келеді.

– Бір жыл бұрын Алматы облысы мен Жетісу облысы екіге бөлінді. Сол кезде екі облыста да кадр тапшылығы пайда болған болатын. Өзіңіз басқарып отырған ауданда ондай мәселелер болды ма?

– Бізде кадр тапшылығы жоқ. Бір ғана мәселе – жас мамандардың тез кетіп қалуы. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу қазір қиындап барады. Стресске байланысты бір жылға шыдамай басқа салаға ауысып кететін жағдайлар болып тұрады. Қазіргі әлеуметтік желі заманы болып тұрғанда шыдау қиын. Мемлекеттік қызметкерге осы тұрғыда бір қолдау керек секілді. Жас мамандар бір-ақ күнде тастап кетіп қалады. Тағы бір қуантарлық жайт, біздің ауданда істеп жүрген көптеген ұл-қыздарды облысқа қызмет бабымен шақырып алып жатыр. Олардың өсіп жатқаны бізді шынымен қуантады.

– Жалпы алғанда 2018-2019 жылдарға дейін Ескелді ауданы ұмыт қалған аудандардың бірі еді. Ешқандай жаңа ғимарат салынбады, жолының сапасы айтарлықтай болмады. Кейінгі жылдары ғана беті бері қарай бастағандай. Себебін айта аласыз ба?

– Бәлкім қаражат аз болған шығар. Ол кезде істеген басшылар жайлы анау былай жұмыс жасады, мынау былай жұмыс жасады деп айта алмаймын. Менің олай саралайтын құқым да жоқ. Шынымен, он шақты жыл құрылыс жағынан, басқа жағынан сәл кенжелеп қалғаны рас. Бірақ айналып келгенде барлығы қаражатқа келіп тірелетінін айтқым келеді. Негізгі мамандығым қаржы маманы болған соң бірден сол жағына қараймын. Тағы бір маңызды нәрсе – ақша сұрар кезде құжаттардың барлығы дайын болуы керек. Жобалар болуы керек. Егер экспертизадан өтіп, жоба дайын тұрса, бюджеттен ақша береміз дей қалғанда, құжатты сақ еткізіп өткізе қоясың. Ал құжатың дұрыс болмаған жағдайда, ақша да берілмейді, құрылыс та салынбайды. Әуелде айтқанымдай, бізде қазір екі көппәтерлі үйдің, бірнеше көшенің жобалық сметалық құжаттары дайын. Ертең басқа аудандарда қаржы игеру жағынан қиындық туындай қалса немесе республикалық бір бағдарламалар қабылдана қалып, облыстан «Кімде не бар?» дей қалса, біздің аудан тап-тұйнақтай дайын.

– Ескелді ауданында қарқынды жүріп жатқан тағы бір сала – бұл газдандыру жүйесі. Облыста ең алғаш қосылған аудандардың бірі. Газдандыру жүйесінің бүгінгі жай-күйі қалай?

– 2020 жылы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен ауданда 160 шақырым газ тартылды. Бұған біз де, аудан тұрғындары да алғыс білдірудеміз. Бірақ Қарабұлақтың айналасындағы Шымыр, Матай Байысов, Ешкіөлмес, Абай, Өрқұрсақ секілді ауылдарға газ тартылмай қалған болатын. Қазіргі уақытта солардың барлығына жобалық құжатнама жасап жатырмыз. Бүгінгі күні Матай Байысов ауылына газ тарту жұмысы басталып та кетті. Өрқұрсаққа былтыр тартқан болатынбыз. Жаңағы аталған басқа ауылдардың экспертизасы шығып, газ тартуға қаржы сұрап отырмыз.

– Тұрғындардың алғыстары жайлы айтып қалдыңыз. Жалпы халық риза ғой.

– Біз жалпы ешкімге сенбейтін халықпыз ғой. Алғаш болып Қарабұлаққа газ қосқанда ел арасында «ертең өшіп қалады екен», «қыстың күні қатып қалады екен» деген секілді күмән болғаны рас. Газ қосылғалы 2-3 жылдың ішінде бір жарым сағатқа ғана газ өшті. Оның өзі біздің кінә емес, Алматы қаласы жақта кішігірім ақау болып, өшірген.  Қалған уақытта бәрі дұрыс. Жекелеген үйлерде мәселелер болып тұрады. Бірақ ол тұрғындардың өздеріне байланысты. Газды мезгілсіз өшіріп-қоса берген соң ортасына ауа тұрып қалады, мұз қатып қалады деген секілді өзіндік себептері бар. Менің үйімде де сондай жағдайлар болып тұрады. Бұрын арнайы қызмет бригадасын шақыратынбыз. Олар жарты сағат немесе бір сағатта келеді. Істейтін жұмыстары бес минутқа да жетпейді. Қазір өзіміз үйреніп алып, себептерімен өзіміз күресе салатын болдық. Қазіргі пештер ақылды ғой. Көрсеткіште F1 болса далада мұз қатып қалған,  F2 болса батареядағы судың мөлшері түсіп кеткен деген секілді белгілері болады. Соларды реттесең ары қарай ол жұмыс істей береді. Қазір оны тұрғындар да үйреніп алды. Бұрынғыдай күмән тудыратындар азайған.

– Ауылдық жердегі тұрғындардың газға қосылу қарқыны қалай?

– Қосылу қарқынының қатты болмауына екі себеп болып тұр. Біріншісін бәріңіз білесіздер. Ол – газ қостыру бағасының сәл жоғарылығы. Екіншіден, көптеген ауылдық үйлерде батареяның жоқтығы. Үш құдық немесе бес құдықты пешпен отыр. Оларға батарея жүргізбей, газ бере алмайсың. Газ берген күннің өзінде тамақ жасау үшін ғана пайдалана алады. Сондықтан ауылға газ тартып бастағанда ауыл халқына батарея тарту жағын ескертіп жатырмыз.

– Менің білуімше, Сіздер орталық жылу жүйесін де газға ауыстырғансыздар. Нәтижесі қалай?

 – Қазіргі уақытта германдық жылу қазандықтарын қойғанбыз. Бұрын кочегарлар күйе-күйе болып жүретін болса, қазіргі қызметкерлер қыстың күні шортымен жүреді. Демалыс орындары тап-таза. Өздерінің жуынатын душтары да бар.

– Бірақ сол қазандықты қосудың өзі оңай болған жоқ қой?

– Иә. Дәл біз қосқан жылы пандемияның кезіне түсіп, Германиядан келетін мамандар жете алмай қалды. Ресейден шақыртылған мамандар біраз жерін дұрыс жасай алмай, кебір саймандарын бүлдіріп алған болатын. Сондай жағдайлармен біраз қиналсақ, биылғы қыста мүлде мәселе туындаған жоқ. Жаңа жылға дейін екі қазандықтың біреуі ғана істеп, соның өзі мөлшерлі жылуды беріп тұрды. Аязда ғана екі пешті қатар жағып жүрдік. Бірақ жанындағы көмір жағатын қазандық әрқашан дайын тұрады. Өйткені, кез келген жағдайға дайын болып, ғимараттар мен көппәтерлі үйлердің жылуын қамтамасыз етуіміз қажет.

– Қазіргі уақытта қанша пәтер мен ғимараттар орталық жылу жүйесіне қосылған?

– Бүгінгі күні мектеп, балабақша, аурухана, әкімдік секілді сексенге жуық ғимарат, 1300 пәтер орталық жылу жүйесінде. Былтыр ғана аудандық мәдениет үйін, екі мектеп, екі балабақшаны орталық жылу жүйесіне қостық. Қазір аудандық білім бөлімінің басшысына екі мектебін қосуға құжатын дайындатып жатырмын. Оған біздің қазандықтың күші жетеді. Орталық жылу жүйесі мен дизель арқылы жылынатын ғимараттың жағдайы екі бөлек. Дизель пеште мектепте оқушылар қайтқан соң, кешке қарай үнемдеу мақсатында градусты сәл азайтады. Таңертең ол қызып болғанша біраз уақыт өтеді. Ал орталық жылу жүйесі тәулік бойы бір қалыпты температураны ұстап, мекеме ішін бірқалыпты болуына мүмкіндік жасайды. Тағы бір айта кетерлігі, отыз жылдан бері үш қабатты көппәтерлі үй жылуға қосылмай тұрған. Үйлеріне көмір тасып жағып жүрген екен. Соларды орталық жылу жүйесіне қостық. Сол кездегі бір апамыздың: «Отыз жылдан бері адам құсап, таңертең ұйқыдан іш көйлекпен тұрдым ғой», — деген сөзі маған қатты әсер етті.

– Аудандық мәдениет саласы жайында әңгіме қозғасақ.

– Ескелді ауданының мәдениет саласы жақсы дамыған. Әртістеріміз қоғамдық шараларға жақсы қатысады. Облыстық, республикалық байқауларға барып тұрады. Қоғамдық жұмыс демекші, Жетісу ауылдық округінің әртісі Қайрат деген жігіт қыста қандастардың басын қосып, өз ауылдарында үлкен концерт қойды. Ескі инструменттермен жанды дауыста ән салып, ауыл тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлады. Биыл қысқа қарай, сол құрамды аудандық мәдениет үйіне алдыртып, үлкен концерт бергізсем бе деп отырмын. Неге қыста десеңіз, қазіргі уақытта олардың көбісінің қолы тимейді. Көпшілігі егістік басында немесе жайлауға мал айдап кетеді.  Қыста жиын-терім аяқталған соң, мал жайлаудан түскен соң соны ыңғайласақ па деген ойым бар.

– Ауданның тағы бір мәселесі, жайылым жерінің аздығы. Оны қалай шешеміз деген ойларыңыз бар?

– Былтырдан бастап Президентіміздің тапсырмасымен пайдаланылмай жатқан жерлердің барлығын қайтару жағын қолға алып жатырмыз. Соның нәтижесінде сегіз мың гектар жер қайтарылды. Бұл жұмыс тоқтамайды, жер қайтару жұмысы ары қарай жалғасын таба береді. Қазір тағы да сегіз мың гектардың құжаттары реттелу үстінде. Соның арқасында ауылдық жерлерде өздеріне керекті жайылымдық жерлерді бөліп беріп жатырмыз. Мұнда тағы бір мәселе бар. Біздің қайтарған жерімізге ауыл тұрғындары жайылым ретінде қарағылары келмейді. Өйткені, ол жақ алыс деген уәж айтады. Бірақ біз бар мүмкіндікті беріп жатырмыз. Ауылдан шыға салып жаятын жерді бәріне тауып бере алмайтынымыз айқын ғой. Соны түсінетін де, түсінбейтін де тұрғындар бар. Осы аптаның аяғында Шажаның бас жағындағы жайлауға барып қайтсам ба деп жоспарлап отырмын. Сол жақтағы малшылармен сұхбаттасып, жағдайларын біліп қайтпақпын. Мәселелерін өз ауыздарынан естісем деген ойым бар. 

– Енді өзіңіздің отбасыңыз жайында айта отырсаңыз.

– Қазіргі уақытта жұбайым, төрт балам бар. Үш қыз, бір ұлымды тәриелеп, жеткізіп жатырмыз. Үлкен екі қызым тұрмыста. Өз отбасыларының жанында. Біреуі Астана, екіншісі Талдықорған қаласында. Кіші екі егіз балаларым 15 жаста. Бір ұл, бір қыз. Олар әлі мектепте.  Жұбайым облыстық салық комитетінде қызмет атқарады. Өзім сияқты қаржы саласының маманы.

– Елдос Тұрсынбайұлы, бізге бір сағаттан астам уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Өзіңіз сұхбат басында айтқандай, уақытыңыздың тығыз екені көрініп тұр. Бір жылда атқарған жұмыстарыңыз бірден білінеді. Алға қойған жоспарларыңыз іске ассын. Аудан тұрғындарының жағдайының жақсы болуы тікелей басшыға байланысты екенін білеміз. Бір жылдығыңыз құтты болып, халқына жақын әкім болуыңызға тілектеспіз!

– Рахмет!

Сұхбаттасқан: Данажар Таныс

Басқа жаңалықтар

Back to top button