Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыЕскелді айнасыҚоғамТұлға

ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН АНА

Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуімізде майдан ерлерімен қатар, тыл еңбеккерлерінің де үлесі орасан. Әкелер соғыс майданында қолына қару алып, соғысса, әйелдер мен қабырғасы қатпаған өрімдей жас балалар фабрика мен зауыттарда, ауыл шаруашылығында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етті. Қанып ұйықтамай, тойып тамақ ішпей, ойынды ұмытып, қазіргідей көгілдір экранға қарап көңіл көтеру дегенді білмей, бар күш-жігерін майданды оқ-дәрімен, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге жұмсаған балалардың еңбегі ерлікпен пара-пар еді. Аналарымызда «әйелдің міндеті ошақ қасы»-деген жоқ. Нәзік қолдарымен ердің ісін атқарған жандардың бірі бұрынғы Шұбар ауылы, қазіргі Алдабергенов ауылының тумасы, 1937 жылы дүние есігін ашқан Жаңылдық Нусипова. Ел басына күн туған шақта нардың жүгін арқалаған қыз бала бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған қазыналы қария. Отан алдындағы парызын адал атқарған әже бүгінгі ұрпаққа өсиетін айтып, батасын беріп келеді.

– Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы өмір қатты ауыр болды. Ішер асты да, киер киімді де, барлығын ұрыс даласына жөнелттік. Ал біз өлместің күнін кештік. Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас деген бүгінгідей молшылық болған жоқ. Таңертең болып жатса қуырылған бидайды азық еттік, болмаса ол да жоқ. Ал түсте жұмыс істейтін жүздеген адамға арнап, үлкен тайқазанға бір шелек арпаға жарты шелек тұз салып қайнататын. Арпаны езілгенше қайнатып түскі тамаққа беретін. Соны таласып тармасып жейтінбіз. Нан деген атымен жоқ. Шешем таң атпастан, бозторғай шырылдаған уақытта жұмысқа кететін. Соқа айдайды, астық дайындайды, шөп шабады, егінді орады. Мен де шөп шаптым, шөпті тасыдық, мая жасадық. Жасамағаным жоқ. Көз көрмеген қараңғыда жұмыс тоқтайтын. Кішкентай болсам да, әйтеуір тырмысып істей бердім. Содан кейін тракторды жөндеуге бардық. Қыста да қарап отырмаймыз. Шұлық, қолғап тоқыдық. Сөйтіп оны салып жүрдік. Менің дүниеге келуім де қызық жағдай. Анам қызылшаның ортасында дүниеге әкелген екен. Батыр аналарымыздың сол кездегі өлшеусіз еңбегі мен қайсарлығының арқасында тірі қалдық. Менің қос ағам Қалдыбай да, Шеттібай да соғыс даласында болды. Алла анамның тілеуін беріп қос ағам да майданнан аман-есен оралды, –  дейді Жаңылдық апа.

1941 жылдың 22 маусымы күні фашистік Германия КСРО-ға басып кірген кезде олардың алды 5-6 жаста болса, соғыс аяқталғанда 10 жасқа келіпті. Міне, осы сұм соғыс балалық шағын ұрлап, ерте есейіп, еңбекке ерте араласқан буын бүгінгі таңда «тыл ардагері» деген мәртебеге өте лайықты екені дәлелдеуді қажет етпейді. Қазіргі кезде соғысқа қатысушылармен қатар, олардың ізін баса өкшелес дүниеге келген тыл ардагерлерінің де қатары күн сайын селдіреп, азайып барады. Олардың тылдағы иықтары қайысып, белдері майысып істеген ауыр жұмыстары бүгінгі ұрпақпен бағаланып жатыр.

– Ауылдағы бүкіл еркек кіндіктіні соғысқа алып кеткеннен кейін, қалған қатын-қалаш, бала-шағаның көрген күні оңай болған жоқ. Еңкейген қартты да, бала демей, жас демей кішкентай ойын балаларын да жұмысқа салды. Сол егін егу, оны ору, мал бағу сияқты шаруашылық жұмыстар. Ол уақытта комбайн да жоқ, бар жұмысты қолмен істеген. Шетінен тазалап, мемлекетке өткізіп отырған екен. Сол уақыттарда 8-9 жасар балалар өгіз айдайды екен. Ол кезде техника деген болған емес. Өгіз арба, өгіз соқа, өгізбен бидай бастырған. Өгіздің үстіндегі бозбалалардың ұйықтап кететіні де болған деп кейіндері үлкендер айтып отыратын. Сондай халықтың бірлігінің арқасында жеңді деп ойлаймын. Бұл соғыс даласына аттанған әскердің ғана соғысы емес, елде қалып от пен суға да түскен халықтың жеңісі. Аш-жалаңаш жүрсе де, кішкентай бала да еңбек етті. Анам марқұм: «Күні бойы жұмыстамыз, түнде қолғап, шұлық тоқитынбыз, жіп иіретінбіз» деп айтып отыратын. Сонда айына «пәленше шұлық, пәленше қолғап өткізуің тиіс» деп салық салады екен. Ол енді дайын жіп емес қой, жұмыстан шаршап келсе де, жүнді жуады, оны иіреді, тазалайды. Солай жаз болса айдың, қыс болса пештің жарығымен тоқыған. Сұм соғысты көзбен көрмесек те, үйдегілердің аузынан естіп өстік, –  дейді Жаңылдық апаның көршісі, қарт Күлбар Бертаева.

Жаңылдық апа киелі Ескелді жерінің, яғни туған ауылының келіні. Жолдасы Айса Нусипов ата екеуі өмірге 1 ұл 3 қыз әкелген. Бүгінде сол балаларынан 15 немере, 27 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Балаларын ешкімнен кем қылмай өсірді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», деген даналық қариялардың ұл-қыздарына берген тәлім-тәрбиесінен көрініс тапты. Құдайға шүкір, соңынан ерген ұрпағы өнегелі отбасын ұятқа қалдырған жоқ. Олар да қазір бір-бір шаңырақтың иесі. Алла бұл әулетке сынақты да берді. Отбасының мәуелі бәйтерегі қант диабетінен қаза тапты.

– Мен әжемнен балалық шағын, қандай қиыншылықтар көргені жайлы жиі сұраймын. Сонда әжем ұзақ ойға шомып кетеді. «Өмір – таусылмайтын күрес» демекші, әжем тыл ардагері. Көзін тырнап ашқаннан бері бейнеттің ащы дәмін татып, тынбай еңбектеніп келе жатқан жанның бірі. Әжем еңбекке ерте араласқан жан. Жас кезінде сауыншы да, аспаз да, қойшы да болған. Әжемнің ерлігіне кейде қайран қаламын. Соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерінің есімі, тарихтың парағына алтын әріптермен мәңгіге жазылып қалары анық. Жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп, азайып бара жатыр. Көзі тірісінде құрмет көрсетіп, сыйлай білу – кейінгі ұрпақ, біздің парыз –  дейді немересі Жадыра Айсаева.

Міне осылай, бейбіт күнде немере, шөбере сүйіп отырған қариялар заманның тыныштығын тілейді. Өздері басынан өткерген қайғы-қасіретті ұрпағы көрмесе екен дейді. Кешегі өткен батыр бабаларымыз да соғыс майданында ұрпағының азаттығы үшін жанын қиды, қасық қаны қалғанша күресті. Оттан да ыстық Отанын қызғыштай қорғады. Бүгінгі бақытты ұрпақ сол жанкештіліктің қадірін біліп, бейбіт өмірдің артында кімдер тұрғанын жадынан шығармауы тиіс.

–  Аты өшкір соғыс жалпы адамзат баласына тілемейтін нәрсе ғой. Ауылдың ер-азаматтары әскерге алынған соң қара күштің бәрі әйелдердің, балалардың мойнында қалған. Сол батырлардың бірі – менің анам. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді». Расында Ұлы Жеңісті жақындатуда сол заманның ұрпақтарының әрқайсысың қосқан үлесі зор. Қажырлы, қиын еңбектің арқасында әкем мен анам үлкен өнегелі әулетке айналған жандар. Енді сол сұм соғыс қайталанбаса екен деймін. Жатсақ та, тұрсақ та, қарын аш болса да, киім жыртық болса да, ең бастысы – елімізде бейбітшілік болса екен деп тілейміз, – дейді ұлы Асқар Нусипов.

Ұрпақтарының бейбіт күнде өмір сүруін аңсаған ата-бабаларымыздың жасаған ерліктері мен еңбектері мәңгілік ел есінде қала береді.

А. Нұржан

Басқа жаңалықтар

Back to top button