Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыЕскелді айнасыҚоғамМәдениет

Серік Жолдыбаев, Ескелді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі: Ескелділік жастарда қабілет бар, қарым бар

– «Жастар – қоғамның қозғаушы күші». Дейтұрғанмен, аудан жастарының белсенділігі қай деңгейде?

— Жалпы Ескелді ауданымызда жастар саны 14 пен 35 жасқа дейінгі статистикалық деректерге сәйкес 13 385 адамды құрайды.

Барлық саладағы өмір салтының өзгерісі жүріп жатқан кезеңде біздің ауданның жастары өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алуы, қоғамда өз орнын таба білуі жоғары деңгейде. Аудандық жастар орталығының ұйымдастырумен 50 іс-шара өткізілді. Жыл басынан бері әр ауылдық округтердегі еріктілерімізбен бірлесе 7 акциямыз ұйымдастырылды. Одан бөлек Алматы қаласының «Клуб Добриков» еріктілерімен бірлесіп ауданымыздың жалғыз басты ана, әке және аз қамтылған 50 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді.

Аудан жастары арасында ұлттық спортты дамыту мақсатында ауданымызда алғаш рет Ұлы дала жүйіріктері атты ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Аталған жарысымыз көкпар, теңге ілу, аударыспақ, қазақша күрес, асық ату, арқан тарту, қол күрестіру секілді спорт түрлерінен өтіп, ұлттық нақыштағы көрме көрсетілді. Жарысымызда келген қонақтар мен қатысушыларға тегін күріш бауырсақ таратылды. Шара бойынша жалпы 600 адам қамтылды. Ескелді ауданы әкімінің қолдауымен ерлер арасында волейболдан «Ескелді әкімінің кубогі 2023» атты ұйымдастырылды, одан бөлек аудан қөлемі бойынша 15 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Бұдан бөлек ауданымыздың жасөспірімдерімен Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 6  кездесу мен дөңгелек үстел өткізілді. Сонымен қатар, әр ауылдық округтегі имамдармен бірлесе тероризммен экстремизмнің алдын алу бағытында 7 кездесу ұйымдастырылды.

Аудандық полиция бөлімімен және аудан жастарымен және аудандық құқық қорғау органдарымен бірлесе  жыл басынан бері 8-түнгі рейд жұмыстары жүргізіліп, ешқандай тәртіп бұзушылық байқалмады. Бекітілген  желілік кестеге сәйкес, «Жалын» жастар жасағы әр ауылдық округтерде аудандық полиция бөлімімен бірлесе ұйымдастырылып отырады. Аудандағы жастарымыздың  бос уақыттарын тиімді пайдалану, әр ауылдық округтердегі жастардың кешкі мезгілде уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында әр ауылдық округтерде және аудан орталығында кешкі кино (амфитеатр) 7 көрсетілім ұйымдастырылып, жастарымыздың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында бұл кино көрсетілім алдағы уақытта график бойынша ұйымдастырылатын болады. Жыл басынан бері аудан жастарын ақпараттандыру мақсатында, аудандық БАҚ беттеріне 15 мақала жарияланды және заман талабына сай, әлеуметтік желілермен де жұмыс жүргізілуде. ВКонтакте, Фейсбук, Инстаграм, TikTok желілерінде топтарымыз бар, әр түрлі бағытта мәліметтер жарияланып әлеуметтік желі арқылы қосымша ақпараттандырып отырамыз.

– «Біз жастардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауымыз керек», — деген едімемлекет басшысы. Жастарға ауданда қандай мүмкіндіктер арқылы жол ашып жатырсыздар?

– Біздің миссиямыз – барлық жасқа табысқа жету жолын ашу және Қазақстанның өткенін бағалайтын, бүгінгі күні батыл қимылдап, келешекке сеніммен қарайтын табысты азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру. Мемлекет басшысы: «Жаhандық тұрақсыздықтың негізгі қауіп-қатері – жұмыссыздықтың өсімі. Іс жүзінде жұмыспен қамту мемлекеттік те, сала аралық та, барлық елдегі жүзеге асырылатын бағдарламаларды қамтуы тиіс, сондай-ақ бір бөлігін ғана емес, тұтастай қамтылуы қажет», — деген еді. Бүгінде аудан жастары арасында үш маңызды мәселені шешуге атсалысып келеміз. Мәселен, жастар арасындағы жұмыссыздық. Жастар үшін бұл ауқымды мәселе. Бүгінде ел Президенті Қ. Тоқаевтың бастамасымен түрлі әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асуда. Осы бағдарламаларды жан-жақты ақпараттандыру және жастарға жете түсіндіру арқылы мәселені түбегейлі шешпекпіз. Екінші, еңбекке әлеуметтендіру тетігі және үшінші бағыт — мектеп түлектеріне жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру. Қазір жастарды жан-жақты қолдауға негізделген 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бар. Бұл жоба арқылы жастар кәсіпкерлікті дөңгелете алады. Бағдарламаның артықшылығына тоқталсақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткіш негізінде 1 380 000 теңгені құрайтын грант иемдене алады. Қазір Ескелді ауданы бойынша 8 жасымыз осы грантты иеленіп, қазіргі таңда өз кәсіптерін бастап, жоспарын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Жетісу өңіріндегі жастарға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5% жеңілдікпен шағын несие беріле бастады. Ауданымыздың 7 жас азаматы мемлекеттен берілген мүмкіндікті жібермей өз кәсіптерін жүргізіп отыр.

– Жұмыссыздық – қай проблеманың да өзегі. Жастар арасында жұмыссыздықпен күрес деңгейі қалай?

– Жұмыссыздық – ауқымды мәселе. Шыны керек, облыс, қала тіпті Республикада да жұмыссыздық басты проблема. Мұнымен барлығымыз бірге күресудеміз. Ал жұмыссыздықты азайтудың басты жолы – кәсіпкерлікке бет бұруға қолғабыс ету. Қажет болса жоспарын жазып беру, қалайда өтіп кетуге ықпал ету, қайтарымсыз қаржы жастарға алып беру, оларға бағыт-бағдар көрсету, кәсіпті алып кетемін дегенше қадағалау. Жоғарыда айтып өткенімдей, жұмыссыз жастарды жұмысқа қамту мақсатында біршама жұмыстар жасалуда. Жұмыссыздық жастар арасындағы қылмыстың өсуі, жастар арасындағы салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтардың құлдырауы, жас ұрпақтың білім алу деңгейінің төмендеуі сияқты мәселенің өршуіне әкеп соғады. Осы мәселелердің алдын алу мақсатында жұмыссыз жастардың қатысуымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ілкімді тірліктеріміз бар. Халықты жұмыспен қамту орталығы, дін өкілдері, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғаушылардың қатысуымен жыл басынан бері семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, бос жұмыс орын жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Тұрақты немесе тұрақсыз емес болса да жан-жаққа ұсыныс айтып, жұмыспен қамту орталығына жүгіндік. Жұмыс осылай жүйелі түрде жасалып жатса, жұмыссыздар саны азаяды деген ниеттемін. Жұмыссыздықты азайту – белгілі органдардың ғана емес, мемлекеттің міндеті. Ал, жыл басынан бергі қарекетке тоқталсақ, бұл орайда Eskeldi jastary өз жұмысын атқаруда. Жыл басынан Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 2023 жылдың басынан Ескелді ауданының жұмыспен қамту орталығына жүгінген жастар саны  300 астам адам . Тұрақты жұмыс орнына — 126 адам, алғашқы жұмыс орнына – 42 адам, Жастар практикасына – 45 жас, ақылы қоғамдық жұмыста — 50 адам жіберілді.

– Вандализм, құқықбұзушылық мәселелері қай деңгейде?

– Нақты цифрға тоқталмай-ақ қояйын. Жастар ресурстық орталығының жанынан видеороликтер жасалды. Үнпарақтар таратылды. Рейд жұмыстары да жиі ұйымдастырылуда. Бізбен бірге ішкі істер бөлімі, білім бөлімі де шығып жатыр. Біраз еріктілер де қамтылған. Ауданымызда вандализм мен құқықбұзушылық 2022 жыл мен салыстырғандас төмен. Атап айтсақ, Вандализм факторы биыл орын алған жоқ, құқықбұзушылық деңгейі  2,1% төмен. Жыл басынан бері, Еskeldi jastary аудандық полиция бөлімімен Жалын жасағы еріктілерімен түнгі рейд жұмыстарын кешкі уакытта жүргізуде.

– Мемлекет басшысы бір сөзінде жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру кемшін қап жатқанын айтты. Осы турасында «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламалары жайындағы жастар түсінігі қандай? Осы бағдарламалардың өрісі қандай жалпы?

– «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», — деді Мемлекет басшысы. Қалада оқып, диплом алған жастарды ауылға тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жайында жастар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Жастарды еңбекке баулуға бағытталған «Жасыл ел» жайында жастар көзқарасын қалыптастыру бағытында жыл басынан бері оншақты шара ұйымдастырылды. Енді сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері «Jetisu jastary» мен бірлесіп 11 ауылдық округ, 33 елдімекендерді аралап, мемлекет тарапынан жастарға беріліп жатқан бағдарламалар, гранттар, кредиттер жайлы ақпараттық түсіндіру тобымен жұмысты атқардық, бұл жұмыс өз жалғасын табуда. «Жасыл ел» еңбек жасақтарың жұмысын бастау  тамыз айының басында жоспарлануда.  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы облысымызда бюджеттік несиеге республикалық бюджеттен 40 маманға 207 млн. теңге, көтерме жәрдемақыға жергілікті бюджеттен 50 маманға бөлінді.  Биыл дипломмен ауылға бағдарламасының жас мамандарға тұрғын үйін алу Отбасы банк арқылы жүзеге асырылады.

– Әр адам алдына мақсат қояды. Сіз қай бағытқа басымдық бересіз?

 – Жастар арасында ең өзекті мәселе – ажырасу. Бүгінде шаңырақ көтеріп, көп ұзамай айырылысып жатқандар жетерлік. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді ғой. Бәлкім үй болып, алып кетуді қиындық көреді немесе жар таңдаудан қателесіп жатады. Міне, біз осы бағыт бойынша жұмыс істеуді қолға алдық. Бұл тақырып төңірегінде жастармен бетпе-бет сөйлесуді жөн көреміз. Жас отбасыларға психологиялық жағынан көмектесеміз. Оның үстіне ажыраспауға кеңес береміз. Екінші мақсатым – жұмыссыз жастармен жұмыс істеу, жұмыссыз жастарды азайтуды жолға қою. «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» дегендей, жастарды кәсіпке баулып жатырмыз. Сонымен қатар, жастардың кәсіптік білім алуына, тәлімін толықтыруға, тіл үйренуге басымдық береміз.

– Әлеуметтік желіде талай қауіп бар. Жастардың санасын улауда әлемжеліні арандатушылар оңтайлы қолдануда. Жалпы, желіден келер қауіптен аудан жастарын қалай арашалап жүрсіздер?

– Жоғарыда айтқандай өзіміздің әлеуметтік желілеріміз бар, Instagram, TikTok, Facebook желілері арқылы арнайы жасалған видео роликтер суреттерді әлеуметтік желіге шығарамыз. Атап айтқанда Facebook, ВКонтакте, Instagram желілері Республика, облыс, аудан және ауылдық өңірлерде өткізіліп отырған шаралар жүктеліп, әрдайым жаңартылады. Интернет желісіне спорттық, мәдени, акциялар мен форумдар және кездесулер жайлы ақпараттар үнемі жарияланады.

– Жалпы, аудан жастарына тілегіңіз…

– Жалпы алғанда, баяғы бабалардың, батыр-даналардың бойындағы іріліктен, сөзге тоқтау, елжандылық секілді қасиеттерінен отарлаудың себебінен бе, жаһандану әсерінен бе, әйтеуір бұрынғы тарихпен салыстырғанда бірталай майдаланып кеттік. Бірақ солай екен деп бойкүйездікке салынуға болмайды. Ғылымда деколонизация деген ұғым бар. Ол дегеніміз – мәңгүрттенген ұрпақтың қайтадан байырғы негізіне оралуы. Бұл мақсатта үлкен рөл атқару керек деген түрлі бағдарламамыз бар. Сондықтан жастарға артылар сенім мол. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев, Алаштың арыстары айтса, біз олардан бөліп-жарып басқаша бағыт ұстанғымыз келмейді. Қашанда жұрт бізден үмітті. Жастардың бойындағы үлкен мүмкіндіктер кенін ашып, тиісті жеріне пайдалана алсақ, жастар алмайтын асу жоқ. Жалпы, Ескелді жастары Ескелді бабамыз сияқты білімді, білікті, биік шыңдарды бағындырып, тарихта, қоғамда өшпейтін із өнегелі із қалдыратын жастар болуына тілектеспін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: М. Мақсым

Басқа жаңалықтар

Back to top button