Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚаратал хабарыҚоғамМәдениет

ТАЛАНТТАР МЕН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҰСТАХАНАСЫ

Халық пен халықты, ел мен елді теңестіретін білім ғана. Ал сол білім сәулесін шашып, елге сауаттылық дәнегін себетін мектеп деген қара шаңырақ. Шын мәнінде әлемдегі білім атаулының алғашқы баспалдағы осында қалыптасады. Әрбір жеке тұлғаның болашағы өмір мектебінде шыңдалады. Егемен еліміздің ертеңгі нұрлы болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан, оларға берілген білім мен тәрбиенің маңызы зор. Тәуелсіз еліміздің алдында тұрған мәселенің бірі – білімді де заман талабына сай тұлға қалыптастыру.

Осындай ұлағатты миссияны ойдағыдай орындап, бүгінде қияға ұшқан түлектері талай мінберді бағындырып жүрген киелі қара шаңырақтың бірі — С.Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясы. Іргесі өткен ғасырдың 20 жылдарының аяғында қаланған білім ордасы бүгінде замана көшінен қалмай, білікті де білімді, алымды да қарымды шәкірттерді тәрбиелеуде талайдан оқ бойы озық келеді. Шыны керек, егемен еліміздің өскелең ұрпағын оқытып, тәрбиелеуде білім ұясы биік белестерді бағындырып келеді. Атап айтар болсақ, оқушылар мен ұстаздар облыстық және аудандық байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегерлері атанып жүр. Мектеп ұжымының барлық жетістігі оқушылардың білім сапасын жоғары деңгейде көрсетумен сипатталады. Ол үшін білікті маман болу маңызды. Білім мен өнерді қатар ұштастырған білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттер орындауды мақсат етеді. Еліміздің ертеңгі болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында десек, жас ұрпақтың тағдыры бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектеп керегі» мақаласында: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді һәм құрал қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Істің толық жақсы болуына, құралдар сайлы һәм жақсы болуы шарт», — деген еді. Бүгінде С.Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясында осы аталған жайдың бәрі бар. Соның айқын дәлелін көру үшін алысты орағытудың қажеті жоқ. Кешегі мектептен түлеген тұлғаларды сараптаса да жетіп жатыр. Әрине, бұл білім ордасында оқу мен тоқудың шырынынан қаныққан түлектер әр саланың майталманы, арғысы шетел асып, өркениеттің тетігін қалыптастырып жүр.

Бұл – шынында да мұндағы ұстаз атаулының елеулі еңбегі мен төккен маңдай терінің арқасы.

С. Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясы Қаратал ауданы бойынша тарихы тым тарамдалған, тамырын тереңге жіберген ең егде білім шаңырағы. Ғасырға жуық өткені бар білім ордасы Түрік-Сіб шойын жолын салу барысында бой көтерді. Іргетасы 1929 жылы қаланып, алғаш жез қоңыраудың үні естілді. Әуеліде темір жол бойында жұмыс істейтін мамандардың, паровоз машинистерінің балаларын оқытатын бірінші фабрика-зауыттық жеті жылдық мектеп болып ашылды. Ал, алғашқы директоры ұрпаққа білім мен қатар адами құндылықтарды сіңіре білген Сергей Лазарев болды. Мұндағы ұстаздар ұжымының да қалыптасуы тұтас тарих еді. Мектеп ашылғаннан кейін 1930 жылы Батыс Сібірден өз қалауымен бір топ мұғалімдер қауымы осында ойысты. Жетісу жеріне жаңа қоныстанған білім құдығын қазушыларға жергілікті халық барынша болысып, бұл өңірдің тұрмысына бейімделуге жәрдемдесті. 1935 жылы мектеп тарихы басқа арнаға бұрып, мұндағы білім беру үрдісі жаңа бағытқа бой ұрды. Сол жылы жеті жылдық мектеп он жылдық білім беру жүйесіне ойысты. Мектептің тұмса тарихын сөйлету барысында 1941-1945 жылдардағы адамзат баласына зұлматын сыйлаған қасіретті соғысты айналып өту мүмкін емес. Отан үшін отқа түсудің енді басталған шағында бұл білім қара шаңырағының ең алғашқы 28 түлегі мен сол уақтағы мектеп басшысы Сергей Лазарев қан майданға аттанды. Алып державаны аждаһаның аранынан аман алып қалу жолында аянбаған Сергей Морозов пен Николай Шевелев отансүйгіштігі мен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атанды. Сондай-ақ, сол ерлігі үшін Қызыл ту және Қызыл жұлдыз ордендерімен марапатталды. Зұлматты соғыс кезінде мектеп ғимараты да кадеге жарады. Мұндағы ағайын тылдағы майдан үшін арпалыста бар ауыр жүкті иін тіресе бірге көтерісті. Ал мектеп ғимараты әскери госпиталға айналды. Мұнда қан майданда оқ-дәріден зардап шеккен сарбаздарды емдеді. 1975 жылы мектеп ұжымы мен оқушыларының қаржыландыруымен білім ордасының түлегі Геннадий Медведевтың жоспарлауымен стелла тұрғызылды. Бұл ескертікіштің мақсаты — ұлы жеңістің 30 жылдығын ұлықтау және қан майданда Отан үшін кеудесін оққа тосқан 38 мектеп түлегі мен ұстаздарын ұрпақ жадында жаңғырту еді. Стеллада сол 38 батырдың есімі қашалып жазылды. 1985 жылы мектеп тарихында нағыз әділдіктің ақ туы желбіреген кез болды. Сол жылы 18 шілдеде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің шешімімен №51 орта мектебіне 1943 жылы Мелитополь маңындағы шайқаста неміс танктерінің қатарына өзінің жанған ұшағын жіберген мектеп түлегі С.Морозовтың есімі берілді. Еліміз тәуелсіздігін алып, егемен ел болғанда мектепке гимназия статусы берілді. Ал 2006 жылы білім ордасында тұңғыш қазақ сыныптары ашылды. Жалпы, С.Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясы ерліктің айқын нышаны. Мәселен, осы білім қара шаңырағынан түлеп ұшқан 22 түлек 1981-1988 жылдары Ауған соғысында ерлік көрсетті. Бүгінде мектеп қабырғасында интернационалистік міндетін абыроймен атқарып, қасық қанын аямай төккен Юрий Проводинге арналған ескерткіш тақтасы орналасқан.

Тағы да ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне құлаш ұруға себеп бар. Ахаң: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы», — дейді. Шынында бұл мектепті әр жылдары С. Лазарев, М.Назаров, И. Баркалов, С. Сидоров, М.Цапенко, В.Никифоров, Н.Казаков, В. Поплевин, В.Горченко, Г.Хван, Т.Цой, С.Жүнісова сынды ұлағатты ұстаздар басқарды. Олар тек мектеп директоры болған жоқ. Білім қара шаңырағын нағыз білім құдығына айналдырды.

Жалпы, ұстаздардың ұстахасына айналған білім ордасында талай мықты саланың білгірлері тәжірибе алаңын қалыптастырған. Мәселен, Қанипа Қожабекова, Тамара Иванова, Ника Близнюк, Марина Цой, Елизавета Ян, Ольга Белоброва, Валентина Взорова, Тамара Цой, Евросиния Кан сынды ұстаздар өз білгенін тек оқушыларға ғана емес, бала тәрбиелеу мен оқыту үдесін өзінен кейінгілерге үлгі етіп, ұстаздар мектебін қалыптастырды. Бүгінде олардың тәлімін алған талай түлек сан саланың мықты мамандарына, сала білгірлеріне айналған. Мәселен, бірнеше тарихи еңбектердің авторы, ғылым кандидаты, профессор С.Тимченко, әйгілі қыл қалам шебері, Рим папасына «Ал қызыл таулар» картинасын сыйға тартқан, Ресейдің суретшілері мен архитекторлар одағының мүшесі П.Кривенко, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Т. Капесова, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Г. Гусева, генерал-майор Ю.Коровенко, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының концертмейстері Л. Щербакова, доцент, ұлттық ядролық орталықтың аға ғылыми қызметкері Т.Мұрзадилов, ақын В.Михайлова, техника ғылымдарының кандидаты, профессор А.Ибраимов, полиция полковнигі К.Щербаков, ақын, журналист К. Игорь, заң ғылымдарының кандидаты, профессор М.Қоғамов, халықаралық МТС компаниясының вице президенті Р. Ибрагимов, тағы басқасынды түлектер С.Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясының нағыз мақтаныштары.

Бұл білім ордасы тек ғалымдар мен профессорларды, ақындар мен жазушыларды, суретшілер мен тарихшыларды ғана даярлап қойып жүрген жоқ. Білімнің қара шаңырағы спортшылардың да ұстаханасына айналған. Тұлғалар мектебінен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Е.Иващенко, халықаралық додалардың жеңімпазы, таэквандодан ел чемпионы К.Цай, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының және Олимпиада ойындарының жүлдегері К.Павлов, ауыр атлетикадан Азия чемпионы М.Елисеева, жеті дүркін Қазақстан чемпионы И.Иванов, ауыр атлетикадан бірнеше дүркін ел чемпионы М.Лобанов, таэквондодан әлемнің қола жүлдегері Е. Нам, пауэрлифтингтен 7 мәрте әлем чемпионы Д.Чебанов, тағы басқасынды мығым спортшылар шыққан. Олармен бүгінде мектеп ұжымы мақтанады, әрдайым бүгінгі ұрпаққа үлгі етеді.

ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарқын алып, техниканың қарыштап дамыған заманы десек, жас ұрпақтың соған лайық сапалы білім алуы, бәсекеге қабілетті болуы бүгінгі күннің басты талабы. Бұл сала жаңа өзгерістер мен тың бастамалардың ортасы. Өскелең ұрпақтың кемел келешегі үшін білім нәрімен сусындатып, жас шәкірттің кеудесінде ақыл-білімнің отын жағуда ұстаздар қауымының үлесі мол. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққанға дейін шәкірт бойына ізгілік дәнін себуден жалықпайтын ұстаздар. Баланың баянды болашағы үшін өмірдің оңы мен солын үйретіп, білімнің қайнар көзімен сусындатуда мектептің алар орны ерекше. Мектеп қабырғасында өткізген 11 жылында ұстаздар баланың зерек болып өсуі үшін аянбай еңбек етеді. Ал жас ұрпақтың ұстаз артқан үмітті ақтауы уақыт еншісінде. Міне, біз бүгін Қаратал ауданындағы тарихы кенен, тәлімі берен, ұлағатты білім ордасы жайында аз-кем қалам тербедік. С. Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясы алдағы уақытта талай белесті бағындырарына көз жетеді. Себебі мұнда нағыз өз саласының білгірлері еңбектенуде.

Мағмар Мақсым

Басқа жаңалықтар

Back to top button