ЖАС МАМАН, АУЫЛҒА ҚАРАЙ БАС ҚАДАМ
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға септігін айтарлықтай тигізді. Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге, алыс ауылдарға, кенттерге, аудан орталықтарына жастар ауылды көркейту үшін барып жатқаны белгілі. Бүгінгі таңда мамандарға мұқтаж өңірлер аз емес. Шыны керек, жағдай жасалмаған, көгілдір отын жоқ, кей ауылдарда тіпті ауыз суды сатып ішеді, жолы нашар, тағысын тағы кемшіліктері көп ауылдарға қалада білім алған жастардың дені барғысы келмейді.
ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша 2009 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда қажетті еңбек ресурстарымен ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған “Дипломмен ауылға” мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Осы жоба бойынша әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларына бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. “Дипломмен ауылға” жобасының басында әлеуметтік қолдау тек әлеуметтік саланың: денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына көрсетілді. Кейінірек, ҚР Үкіметінің шешімі бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіле бастады.
Жобаға қатысқысы келетіндер үшін жалғыз критерий – бұл тек дипломның болуы. Жоба мамандарға олардың жасына, білім деңгейіне және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесіне байланысты әлеуметтік қолдау шараларын көрсетудің шектеулерін көздемейді.
Бұл бағдарлама – енді ғана оқу бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан берілген үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті жібермеу болашақ жастардың қолында. Университет қабырғасын тәмәмдай болысымен көптеген жастардың жұмысқа орналаса алмай жүретіні бәрімізге белгілі. Көптеген жастар өз мамандығымен еңбек жолын бастай алмай жүр. Қарапайым жұмыскер болып, азық-түлік, техника дүкендерінде және басқа да жерлерде жұмыс істеп жатады.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы маман ауылдық елдімекенге жұмысқа орналасқан жағдайда «Дипломмен ауылға» жобасы аясында тек қана 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 % мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық елдімекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.
Игілікті бағдарламаның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен бет алысын байқамақ ниетпен бағдарламаның арқасында баспаналы болған киелі Ескелді жерінің жастарымен сұхбаттасқан едік.
«Бәрін кадр шешеді» деген сөздің мәні өзгермеді. Тіпті мағынасы артып, маман иесінің білім мен білігіне қатысты салмақты бола түскендей. Бұл талап денсаулық саласына қатысты қойылғанда екі есе жауапкершілік жүктейді. Өйткені, қазір кадр тапшылығы мен білікті маман жетіспеушілігі отандық медицинада үлкен мәселе. Осы орайда ауылдық жердегі кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы оң үлес қосқанын айту парыз. Бағдарламаның берекесін көрген медицина саласының қызметкері, аудандық орталық аурухананың терапевт дәрігері Дархан Нұрмадиев. Жас маман 2018 жылы Астана медицина университетін тәмамдаған.
– Ауылға біз сияқты жастар барып жұмыс істемесе, зейнетке кеткен дәрігерлердің орнын кім басады?
Десек те, мәселе әр істе бар. Бағдарлама арқылы үй алуға мүмкіндік туғанымен оның да өз қиындықтары жетіп артылады. Әсіресе, сабылтып жүгіртіп қоятын сәттері, қаншама қағаз жинауың керек, қаншама тергеу-тексеру бар. Мемлекет берген қаражат толық жетпегендіктен, өз қалтамнан да қостым. Бірақ сәтіне қарай, мемлекеттік бағдарламада көрсетілген шарттың барлығы орындалып, жақында баспаналы болдым. Дәрігердің алаңсыз жұмыс істеуіне бұдан артық қандай жағдай керек? – дейді дәрігер.
Түрлі саланы қамтыған бағдарлама алыс ауылдарға педагогтарды тартуға жақсы мүмкіндік жасады. Ауыл мектебінің үлкен артықшылықтары бар. Ең бастысы, ауыл мектебі ауыл қоғамының, ауыл мәдениетінің мөрін алып жүреді. Білім сапасы ең алдымен мұғалімге байланысты. Мұғалім демекші, Жастар негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Альфия Бұршақбаева да «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында баспаналы болды.
– Біздің мектепте негізінен өз ісінің мамандары жұмыс істейді. Олар оқушыларды пәндік олимпиадаларға, конкурстарға белсенді дайындайды және жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Бүгінгі таңдағы басты міндет – ауыл мектебінің келешегін жандандыру. Ол үшін білікті жастарды ауылға қарай тарту керек. Осы игі істе «Дипломмен ауылға» бағдарламасының берері көп. Десек те, атаулы бағдарлама бойынша, жастарға қаражат та, пәтер де бірден берілмейді, күту керек. Себебі, тек қана білім саласының қызметкерлері ауылға ағылып жатқан жоқ, басқа сала мамандары да ауылға қызмет етіп, айтулы бағдарламаға қатысуды жөн санайды, – дейді Альфия Бұршақбаева.
Ауылдағы ең өзекті мәселе жұмыссыздық. Осының салдарынан қазірдің өзінде еңбекке қабілетті адамдардың 40 пайызы болашақта қалаға көшуге бел байлап, буынып, түйініп отыр. Мұның салдары елдің экономикасы үшін оңайға түспейді. Ауыл қашанда тоқшылықтың қайнар көзі. Осы тұрғыда іске қосылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тигізер пайдасы орасан. Атаулы бағдарламаға жастардың жанын сала қатысып жатқаны белгілі. «Ел ертеңі – жастар» деген Елбасы сөзіне сай мемлекет тарапынан жастарды қолдау ісі бұрыннан күн тәртібінен түскен емес. Жастарға көрсетіліп жатқан қолдауға ие болған Байысов атындағы орта мектептің кітапханашы маманы Райхан Мажитова. Ол Талдықорған қаласы «Білім» колледжінің «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәлім алған, 2020 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өз шаңырағына қоныстанды.
– Әр кезеңнің өз қозғаушы күші бар десек, бүгінгі жаңа заманның кілтін қолына ұстаған жастар білімді, білікті әрі қабілетті. Жастар үшін ұйымдастырылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мен үшін, отбасым үшін үлкен көмек болды. Ең алдымен кез келген жастың өз ынта-жігері болуы керек деп ойлаймын. Онсыз қанша үгіттесең де, «ауылға кел» деп алтыннан сарай салсаң да нәтиже бермейді. Қоғаммен етене байланыс орнатуға бағытталған салалар үшін адаммен байланыс орната білудің маңыздылығы орасан зор, – дейді жас кітапханашы маман.
Ауыл-аймақтың ажарын ашамын, көркін кіргіземін, жаңа леп, тың серпін беремін деген жасқа жарқын жол ашылып отыр. Әлеуметтік қолдау да әжептәуір, ауыл тұрмысына жетерліктей. Бір реттік жәрдемақысы, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несиесі, айлық жалақыға 25 пайыздық үстемеақысы тағы бар. Үлкен мүмкіндік. Мүмкіндікті жетістікке айналдыра алған, атаулы бағдарламаның көмегімен баспаналы болған жастардың бірі Алдабергенов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қызмет етіп жүрген мейірбике Ажар Тәңірбергенова.
– Дәл менің саламда артықшылықтар өте көп. Алдымен ауылдың адамдары көп нәрседен хабарсыз. Сондықтан, оларға толық ақпарат беру арқылы жақын байланыс орнатуға тырысамыз. Барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп отырамыз. Мен өзім барлық науқастарды қабылдайтын дәрігермен бірге қызмет ететін мейірбике болғандықтан көп тәжірбие жинауға мүмкіндік туды. Қандай науқас келсе де, алғашқы көмекті біз көрсетеміз. Сол арқылы өз біліктілігімізді арттырамыз. Бұл бүгінгі еңбек жолын бастаған жастар үшін ауадай қажет деп ойламын. Медицинаны қанша оқысақ та, оның түбіне жеттік, толық меңгердік деп айта алмаймын. Десе де практикалық жұмыстар, күнделікті науқастармен етене байлас орнатудан келер пайда мол.
Ауылды жердің тағы бір артықшылығы қалалы жерлерде өтетін семинарларға бірінші кезекте бізді жібереді. Бұл – бізге берілген мүмкіндік, білім алуымызға жағдайдың жасалып отырғаны. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жандандырып, ауылымызға жастарды тарту керек, зейнеткерлік орынға қолында дипломы бар жас мамандарды жұмыспен қамту керек деп ойлаймын. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді». Жастарға айтатыным, ауылға келуге қорықпаңыздар, ауылды дамытуға үлес қосыңыздар, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланыңыздар. Еліміздің болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, білімді жастардың қолында. Оқыңыздар, білім қуыңыздар, сол білім нәрімен ауылымыздың көркеюінің бір себепшісі сіздер болыңыздар, құрметті жастар! – дейді Ажар Тәңірбергенова.
Ауылда қызмет етіп жүрген әр жас маман Тәуелсіз елде туып, қазақ елінің перзенті болғанын мақтан етіп, көк туын желбіретер шаққа тезірек жетуді армандайды. Қазақстанның жарқын болашағына, тың мақсаттарына азат оймен, кемел біліммен құлаш ұрған осындай бақытты ұрпақтың өкілдері еліміздің әр түкпірінде көбейе бергей.
А. Нұржан