МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ КЕГЕН АУЫЛЫНДА
Жақында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданына іс-сапармен барып, бірқатар нысандарды өз көзімен көріп қайтты. Айта кетейік, өңір басшысына Ақтоғай су электр стансасы құрылысының жобасы таныстырылды. Аталған жобаның құрылыс жұмыстары 2026 жылға дейін созылады, деп жоспарлануда. Мамандардың айтуынша алдағы уақытта Ақтоғай СЭС-і қуаттылығы 220 мВт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар гидрокешенге айналады. Нысан құрылысына қызығушылық танытқан инвесторлар қатары да аз емес.
«Жоба әлі талай өзгеріске түсетіні анық. Ең алдымен экологиялық және энергетикалық сараптамадан өтуі қажет. Инвесторлармен кездесуіміз керек. Қаржыландыру жағын ойластырамыз. Осы жұмыстардың бәрін тиянақтап, жобаны пысықтап Үкіметке жолдайтын боламыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан бөлек облыс әкімі Өжек Жаңабаев атындағы орта мектептің жайын көрді. Қазіргі таңда аталған білім шаңырағында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ жергілікті тұрғындардың мердігер компания жұмысына көңілдері толмайды. Өйткені, мұндағы құрылыс баяу жүріп жатыр жатқанына жұрт наразы. Бір айдан кейін оқушылар мектепке барады. Халық соған алаңдаулы. Облыс әкімі мердігер компанияның жұмысын сынға алып, мектеп құрылысын дер кезінде аяқтауды тапсырды.
«Тұрғындардың толассыз шағымынан кейін білім шаңырағына арнайы келіп отырмыз. Нысанды уақытында тапсырыңыздар. Жұмысшылар санын көбейтіңіздер. Сіздердің компанияларыңыздың иммджі облыста жақсы емес. Соны дұрыстаңыздар. Мұндағы әр жұмысты аудан әкімі қадағалап, маған баяндап отырады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің назарындағы келесі нысан – Тасашы ауылындағы ет комбинаты болды. Комбинатта тәулігіне 50 ірі қара, 150 ұсақ мал, 10 жылқы сойылады. Жылына 2500 тоннадан астам ет, 330 тонна шұжық, 70 тоннаға жуық консерві өндірілмек. Компания өкілінің айтуынша, мал бордақылау алаңын салуға қосымша жер телімі керек екен. Сонымен қатар, субсидия, кадр тапшылығы мәселелері де сөз болды. Марат Сұлтанғазиев кәсіпкерлерге малдың етін ғана кәдеге жаратып қана қоймай, жүн-тері өңдеуді де қолға алу керектігін ескертті.
«Егер зауытта жүн-тері өңдейтін жер болса, адамдар ет өткізуге өздері-ақ тартылады. Осыны қолға алыңыздар. Инженерлік желіні тартуға қаржылай көмектесеміз. Бизнесті қолдау тетіктерінің барлығын қолданамыз», – деді облыс әкімі. Бұл жүзеге асса, өңір үшін игілікті шаруа болғалы тұр. Облыс әкімі олардың жұмыстарына сәттілік тілеп, аттанды.
Индира БІРЖАНСАЛ