#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМәдениетТұлға

АБАЙ ҰЛАҒАТЫ

Абай Құнанбайұлы 10 жасынан он үш жасқа шыққанша әкесі Құнанбай қажы салдырған Ескітамда дәріс алады. Содан кейін Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесінде оқуын жалғастырады. Тума талант Абай медреседе шариғат заңдылықтарымен қатар түрік, парсы, араб, өзбек тілдерін жетік меңгеріп, шығыстың ғұлама ғалымдарының, шығыстың шоқ жұлдызы атанған Фирдоуси, Сағди, Физули, Низамилердің шығаршылығымен де танысты. Жүрегіне дін кіріп, Ислам дінін дүмше молда құсап шала түсінбей діннің тереңіне бойлап, Алланы, ақиқатты тануға әрекет етеді. Ислам діні Абайдың өміріне көп өзгеріс әкелді, 18 мың ғаламды жаратушы бір Алла екеніне, оның жалғыз екеніне иман келтірді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Әр қазақ баласы Абайды оқып, білуі тиіс. Абай – ғұлама, Абай – данышпан, қазақтың мандайына біткен шоқ жұлдызы. Жастарға айтарым – Абаймен ұйықтаңыз, Абаймен ояныңыз, Абаймен ойланыңыз. Сонда ғана Абай сияқты ғұлама болмасаңыз да білімді, парасатты, зерделі, елін, жерін сүйетін, ұлжанды, терең ойлы азамат болатыныңызға  сеніңіз» — деп, жастарға үлкен сенім білдірген екен. Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын, Абай өмір сүрген қоғамның бет-бейнесін суреттеп, болмысын танытуда Мұхтар Әуезов көп еңбек сіңірді. М.Әуезовтің Абай шығармашылығын ғылымға енгізгенінен бөлек Абай туралы жазған 4 томнан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясы ұлы ақынның азаматтық, ақындық болмысын танытып тұр емес пе? Қазіргі таңда «Абай жолы» романы 42 тілге аударылған. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы күллі әлем қазақты біледі десек, артық емес. Зиялы қауым Абайдың данышпандығын ғұлама философтар Аристотель мен Конфуциийге, ақындығын Гете, Байрон, Фирдоуси, Пушкинге теңеп, «Қазақтың Пушкині» атаған. Қазақ ақындары қос алыпқа керемет мінездеме беріп:

Абайды Абай еткен Мұхтар ғана,

Мұхтарды Мұхтар еткен Абай дана.

Қазақтың қос арысы, қос данасы

Қалайша бас имессің оған сірә! – десе, Алаштың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев өз өлеңінде Абайдың данышпандығын былай идәріптеген:

Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.

Қарадан хәкім болған сендей жанның 

Дүние қолын жайып енді күтпес!

Қарадан хәкім болған, артына асыл сөз қалдырған Абайдың отты сөздері мен өсиеттері қаншама уақыт өтсе де құндылығын жойған емес. Біз оқырман қауымға «Абай күні» мерекесі қарсаңында Абай атамыздың ғұламалығы мен даналығын паш ететін ақынның өмір жолынан бірнеше танымдық әңгімелер мен ақын айтқан ұлағатты сөздерден мысал келтірсек деген едік…

Жанқұтты шешеннің

15 жасар Абайға  берген батасы

Аллаға жағамын десең, азанды бол.

Ағайынға жағамын десең, қазанды бол.

Елге жағамын десең, әділ бол.

Жүрген жерің суат болсын,

Әрбір сөзің елге қуат болсын.

Судай таза бол,

Жердей көтерімді бол,

Халқыңа қалаулы бол,

Еліңе елеулі бол.

Терең ойлы дана бол,

Халқыңа пана бол.

Жаратқан ием жар болсын!

Әмин!

15 жасар Абайдың тапқырлығы мен зеректігі

Жанқұтты шешен Абайға ақ батасын бергеннен кейін жанарының оты жарқылдап тұрған ұланды сынау үшін бірнеше сұрақ қояды.

–  Шырағым, саған бірнеше сұрақ қойсам деп едім… Шамның жарығы қайда түспейді? Дауасыз не? Пышақ нені кеспейді? Осы үшеуін таба аласың ба?

Абай мүдіреместен:

–  Шамның жарығы түбіне түспейді, дауасыз – кәрілік, пышақ сабын кеспейді, — деп жауап қайтарыпты. Абайдың тапқырлығына, зеректігіне риза болған шешен Абайға қарап:

– Көзің оттай жанып тұр, ақын боларсың, маңдайың кең жазық екен, данышпан боларсың, — деп сәуегелікпен болжам айтқан екен. Қандай көрегендікпен айтылған дуалы сөздер?! Кейін Абайдың шынында да ғұлама ақын, данышпан болғанына тарих куә. 

Абайдың даналық сөзі

Тобықты елімен көршілес Төлеңгіт руынан шыққан Меңаяқ би қайтыс болғанда, Абай аза тұтып, дұға оқиды. Артынан жиналған елге:

– Меңаяқ өзінің атын өзі алып жүре алатын адам еді, — дейді. Азалы елдің бір үлкен адамы:

– Абай-ау, ол не дегенің? Меңаяқ өз атының ғана басы емес, рулы елді билеген адам емес пе?! — дейді. Оған Абай:

– Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келгенде бақ көтеріп, таққа отыру бола береді. Бірақ, соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңаяқ сонан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі сонда еді, — деп жауап берген екен. Абайдың даналықпен айтқан орынды нақыл сөздеріне жиналған жұрт риза болды.

Абайдың үш жұрт туралы айтқаны

Қазақ халқында әр азаматтың үш жұрты болады. Олар: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты.

Өз жұртың – күншіл. Бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң, бере алмайды. Жақсы болсаң күндейді, жаман болсаң жүндейді.

Қайын жұртың – міншіл. Қолыңның ұзындығына қарайды. Берсең, жағасың, бермесең, дауға қаласың.

Нағашы жұртың – сыншыл. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуқор, қамқоршы жұртың, міне, осы нағашың!

Абайдың тапқырлығы

Құнанбай Абайға:

– Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда!

Бірінші, сен жұрттың бәріне күліп қарайсың. Жайдақ су сияқтысың Жайдақ суды ит те, құста жалайды, кісіге  кадірің болмайды.

Екінші, көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел үлгі алатын қылық ол емес.

Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың, — депті.

Сонда Абай:

– Әке, айтқан сөзіңіз орынды, ескертуіңіз дұрыс. өрем жеткенше жауабын берейін.

Бірінші сыныңызға айтарым – шыңыраудағы су қолында құралы бар бірен-саранға ғана тисе, жайдақ су қара халыққа пайдалы.

Екінші сыныңыздың жауабы – көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал. Кісіге біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстық адамды бұзады. Кішіпейіл болу адамның асыл қаситтерінің бірі емес пе?

Үшіншіден, мен өнер-білім үшін орысшылмын. Абайдың даналықпен орынды айтқан уәжін іштей мойындап әкесі Құнанбай үнсіз қалған екен.

Абайдың әкесі Құнанбайдың досы

 Қаратайға берген жауабы

Бірде Қаратай өз заманын мақтап, жастардың заманын жамандай бастайды. Абай қарсы дау айтып:

– Сіздің заманда ұрлық, қарлық, барымта, адам тонаудан ел көз ашпады, несі жақсы? — депті.

Қаратай:

 – Менің заманым Пайғамбарға жақын. ел имандылыққа бет бұрып, Ислам діні кеңімен тараған кез, — депті. Бұл сөзге Абай:

– Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәнгілік қар жатады. Сайында неше түрлі өсімдік, жеміс шығады. Ал Алланың рахметіне келсек, алыс жер, алыс заман жоқ. Сіз Пайғамбардың әкесінен жақын емессіз. Ол да ерте бақилық болған, — деп жауап қайтарыпты. Сондай тапқырлықпен орынды қайтарылған жауапқа Қаратай қарсы уәж айта алмапты.

Абайды қамшыдан аман алып қалған

Уәйіс Сопыұлы

Қазақта ішкі дүниесі мен сыртқы дүниесі үйлескен адамды бай деген. Анығында Оразбай Аққұлы ұлы Тобықтының аз ғана руы Есболаттан тараған  рубасы, алғыр, сөзге ұста, мыңдап жылқы айдаған бай болған. Абаймен қанша туыс болса да, өмірде қастасып өтеді. Оразбайдың қолшоқпары болған Бейсенбі, Әбен, Нұрғазылар Абайды қамшымен сабағалы жатқанда оны қамшыдан арашалап қалған Уәйіс Сопыұлы екен. Уәйісбес уақыт намазын қаза жібермеген тақуа адам болған. Ақынға қамшы жұмсағанда алдымен жетіп, Абайдың үстіне құлай кеткен. Осындай ұлы адамды қамшыдан құтқарып қалған адал, ары таза, жүрегінде иманы бар ұлтжанды азаматты ел білсін деген ниетпен жазып отырмын.

Оразбайдың Абайға жасаған

жақсылығы мен өкініші

Алыс Жетісу Жалайыр елінен Абайдың даңқына тәнті болған Жәмеңке деген беделді кісі қайтарында ақынның өленіңдегі қамыс құлақ атты қалапты. Күллі Тобықтыдан таппаған жылқыны Оразбай бай тауып беріпті. Сонда «Ағайын ащы, мал тұщы» деген. Абайға айт жаттан сағы сынбасын. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ақындығына қарсы емеспін» — депті. Ең кереметі Абай дүниеден өтпес бұрын кешірім сұрап бітіскен де, Абай өлді деп сүйінші сұраған малшысын дүрелеп, «Абай өлді дегенше, Оразбайдың аты өшті десеңші», — деп шын өкінген екен.

 Абайдың үйленуі

Абай қайын жұрты қаз дауысты Қазыбектің немересі атақты Алшынбай ұлы Түсіптің ауылына барғанда Қазыбектен тараған 40 шақты үй құдаларға арнап 3 ақ үй, оның ішінде күйеуге арнап ерекше аппақ үй тігіпті. Ұлжан Алшынбай құдасына қалын малға 70 жылқы, 30 түйе, кесек күміс, жыртыс, ақша, басқа да ырымдарды жасаған. Ұрын бару салты бойынша үлкендер 10 күн тойласа, жастары 15 күн тойлаған екен. Үшінші күні ас ішіліп, артынан некелері қиылады. Абай да әкесі секілді бірнеше әйел алған. Бәйбішесі Ділдадан Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан туған. Екінші әйелінің аты – Әйгерім. Одан Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйіл, Кенже туған. Абайдың балаларының ішіндегі елге танымал болғандары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Әбдірахман. Жоғарыда Абайдың әкесі де көп әйел алғанын айтқан едік. Негізінде, Құнанбай төрт әйел алған кісі. Бәйбішесі Күңкеден Құдайберді, Ысқақ, екінші әйелі Ұлжаннан Тәнірберді, Абай және Оспан туған, үшінші әйелі Айғыздан Халел мен Смағұл туған. төртінші әйелі Нұрғанымнан да 1 ұл, 1 қыз тараған. Алайда, екеуі де жас кезінде шетінеп  кеткен. Алланың ісіне шара бар ма? Осындай өсіп-өнген Құнанбай әулетінен ұрпақ қалмағаны өкінішті-ақ!!!

Абай – ұлы ақын, әлемдік әдебиет саласында елеулі орны бар тұлға. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен өткір әлеуметтік мәселелерді көтерді. Керемет философиялық аналитик, әрі ұлы ойшыл. Абай заманынан озық туған адам. Абай сөзі – қазақтың бойтұмары!

Абайдың «Рухани жаңғыру» идеясы

Абай айтқан «Толық адам» болу үшін, адамдар рухани жаңғыруы керек. Ұлы дана Абай философиялық тұрғыдан жан, тән, рух арасындағы байланысқа анықтама берген әлемдік деңгейдегі ақын. Жан құмары мен тән құмары және рух атты еңбегінде «Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән, жан адамға қонақ үй бола алмайды» дейді. Тән  құмарлығы – ұйқы, тамақ және нәпсі. Бұл бүкіл хайуанат әлеміне ортақ. Жан құмарлығы білім, ғылым және мәдениет. Рухани жаңғыру үшін адам тән құмарлығын жеңіп, жан құмарлығына берілуі керек. Жан құмарына берілгенде жүректің көзі ашылып, адам жетілудің жаңа деңгейіне көтеріледі. Абай осындай рухани жаңғырудың негізін қалады. Рух – адамның кеудесіндегі Алланың нұры. Абайдың бұл ашқан жаңалығы әлемдік деңгейде жазылған, қанша уақыт өтсе де құндылығын жоймаған шығарма.

Абайдың «Толық адам» идеясы

Ұлы Абай «Толық адам» шығармасында «Бірталай өмірімізді өткіздік, алыстық, жұлыстық айтыстық тартыстық. Енді жер орта жасқа келгенде қажыдық, жалықтық. Адам өмірінің жалған, баянсыз екеніне көзіміз жетті» — деп жазған болатын. Шариғатта «Адамның басы – Алланың добы», «Құдайсыз құрай сынбайды» деген. Бір күндік жарық дүние – ең басты құндылық. Өмір сүру үшін күресу керек. Өлім адам өмірінің соңы емес, жалғасы деп өмір сүру тиіс. Ал, Шариғатта «Жақсы адам о дүниеге Алланың разылығын алып аттанады» — дейді.

Міне, осындай адам – Абайдың «Толық адамы», Алланың сүйікті құлдарының прототипі десе де болады.

Бұл шығарма әлемдік деңгейде жазылған философиялық ойлар мен идеяның жемісі. Хакім Абай адамзат өмірдегі қайшылықтарды тек ақыл-парасатпен, даналықпен, жақсы идея арқылы ғана шеше алады деген тұжырым жасаған.

Абайдың кедейшілік

туралы айтқаны

Бірде Абай әйелі Әйгерім екеуі шай ішіп отырғанда үсті-басы жыртық киімі бар, алқам-салқам еңгезердей бір жігіт сәлем беріп кіріп келеді. Абай бірден Әйгерімге:

– Мынау кім? — дейді.

– Бұл – қойшы. Есімі – Көкше, — дейді Әйгерім.

– Әй, Әйгерім, сен қойды жақсы көресің, қой баққан кісіні жалаңаш қоясың. Тоңған, ашыққан адамда ақыл, қайрат бола ма, бұл да өзіңдей адам емес пе? –  деп ұялтқан екен.

Қойшы шайға қанып болғасын, Абай:

– Ей, Көкше, енді ертегі айтшы, — дейді.

– Абай аға, кедейде ертегі бола ма? Не айтамын? 

– Сені кім кедей қылды?  

– Мені кедей қылған Құдай-дағы.

– Не Құдаймен бұрыннан араздық, өштігің бар ма еді?

– Жоқ.

– Ендеше неге Құдайдан көресің?

– Мал бермеген соң айтқаным ғой.

– Құдайдың елге үлестіріп жатқан малы бар ма еді?! Қойшы үндемепті. Сонда Абай:

– Одан да талаптан, еңбек ет, мал тап. Еңбек етсең ерынбей, тояды қарының тіленбей, — деген екен. Бұл мәтел қанша уақыт өтсе де, мағынасын жойған жоқ. Ел аузында жиі айтылады.

Құнанбай әулетіндегі имандылық

Ғабитжан Абайды, Абай балаларын оқытқан, сыйлы адам болғандықтан бақилық болғанда Құнанбай әулетінің зиратына жерленген екен. Зере, Ұлжан, Құдайбердінің қатар жатқаны да қазақы даналықтың үлгісі деуге болады. Зере анамыз бақиға аттанарда: «Құдайберді жас кетті. Оны жұрт тез ұмытады. Мені Құдайбердінің жанына қойыңдар. Маған келген адам Құдайбердіні де еске алсын», — деп айтыпты. Кейін Абайдың анасы дүниеден озарда: «Келін ененің топырағынан» деген, мені енемнің жанына жерлеңдер», — деп өсиет қалдырыпты. Ұлжанның соңғы тілегін орындап, оны енесінің жанына жерлеген екен.

Әлқисса, өткенге сәл шегініс жасасақ, Абай оқудан келгенде алдымен анасына жүгіргенде анасы Ұлжан: «Әй,  шырағым, әуелі әкеңе барып сәлем бер!» — депті. Ер азаматқа деген құрметтің ерекше үлгісі, қандай имандылық, қандай көргендік, даналықтың үлгісі деуге саяды.

Абайдың өмірден түңілуі

Әбдірахман қайтыс болғаннан кейін 7 жылдан соң Мағауия өмірден озады. Мағауияның қырқы өткен соң Абай, ал Абайдың қырқын өткізген соң Ақылбай дүниеден өтеді. Аралары 40 күн. Сонда Абай «Әбішім мен Мағауиядан жаным артық емес. Екі өлмек жоқ, екі ақырет жоқ, екі жұбаныш жоқ. Ішім толған у мен дерт. Көңілдің күні өшкен соң, жалғанда жұбаныш болмайды екен. Итшілеген өмірден көсіліп жатқан көр артық» — деп, өмірден түңіледі. 1904 жылы Мағауяның қырқын берген соң Алланың разылығын алған ұлы Абай мәңгілік сапарға аттанады.

Қаблан КӨРПЕБАЕВ, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы 

Басқа жаңалықтар

Back to top button