Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚаратал хабарыҚоғамМерекелерТұлға

ҚАРАТАЛ АУДАНЫНЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ

Ескелді бидің ескерткіші Қаратал ауданы Ескелді ауылының маңында орналасқан. Ол XVIII ғ. қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқа қатысқан қазақ батыры, биі. Ұлы жүздің жалайыр тайпасы сиыршы руынан тарайды. Әкесінің аты – Жылкелді, атасы – Жанғаулы, олар да белгілі батырлар болған, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Жанғаулы атақты Төле бидің замандасы болған. Ол ұлы Жылкелдіге Төле бидің кіші қызы Ұланбикені құда түсіп алып береді. Аңыз бойынша, Төле би немересіне елдің есінде жүрсін деп – Ескелді деп ат қояды. 7 жасынан 12 жасына дейін оның ақылдылығы мен тапқырлығына тәнті болған атасының, яғни Төле бидің қолында тәрбиеленеді. Сосын Төле би оны әкесінің үйі Жалайырларға алып келіп, сол жерде оны би сайлайды. Аңыз бойынша Ескелді би Абылай ханның сарайында беделді билердің бірі болған. Сақталған құжаттардағы мәліметтер де оның қазақтар мен қытайлар арасындағы келіссөздерге қатысып, сонымен бірге жоңғар билеушісі Қалдан Серенмен де келіссөздер жүргізгенін көрсетеді.

Балпық би және Қабылиса (Қабан), Ескелді би үшеуі 12 рулы жалайырды Жетісудың Қаратал, Іле және Көксу өзендері бойына көшіріп алып келген. Аңыздарда Ескелді батыр жекпе-жекте жоңғар батыры Шажаны шоқпармен соғып құлатып жеңгені жөнінде айтылады. Батырынан айрылған жоңғар әскері соғыссыз берілген. Өзінің қайтыс болатынын сезген Ескелді батыр: «Мәйітімді ақ киізге орап, ақ түйеге артып қоя беріңдер. Түйе қайда тоқтаса, сонда жерлеңдер» – деп өсиет айтқан екен. Ақ түйе Теке тауындағы Қаратал өзені бойындағы Қызылжар деген жерге тоқтаған. Қазір Қаратал ауданында Ескелді бидің бейіті бар.

Ескелді бидің жерленген жеріне байланысты бірқатар аңыздар сақталған. Кесененің шырақшысы, әулиенің жетінші ұрпағы Бақберген Сүлейменұлының айтуынша, 1937 жылы бұл ауданға Қиыр Шығыстан жер аударылған кәрістер қоныстана бастайды. Ежелден егіншілікпен айналысқан кәрістердің келуіне байланысты партия билігі өлкеде егіншілікті күшейту үшін Қаратал тоғаны мен егістікке арналған арналар сала бастайды. Бұл арналардың бірі Ескелді би моласының үстінен өтеді. Кейін жергілікті тұрғындар жыл сайын егін өнімі азайып, ел жиі ауыра бастағанын байқайды. Сосын жергілікті аудандық әкімшілікке өтініш жасап, су арнасын әулиенің моласынан алыстатады.

Алматы облысының Талдықорған ауданы 1929 жылға дейін Ескелді би деп аталып келген. Ауданның алғашқы атауы 2000 жылы ҚР Президентінің жарлығы бойынша қайтарылды. 1992 жылы 8–9 қазанда Ескелді бидің туылғанына 300 жыл толуы республика көлемінде аталып өтіп, Талдықорған (қазіргі Алматы) облысы, Қаратал ауданында салтанатты түрде кесенесі ашылады. Кесененің архитектуралық жобасын А. Нам дайындады, құрылыс басшылары Қ. Ақылбаев және В. Банит болды. Ескерткіштің тұрғызылуына Ескелді бидің тікелей ұрпағы академик Е. Ерғожин белсенділік танытады. Әулие Ескелді бидің кесенесіне саяжол алып барады. Жанында мұсылман зираты орналасқан. Кешен периметрі бойынша ортаазиялық үлгідегі сырты сыланған кірпішті дуалмен қоршалған. Кіреберіс есігі ішкі мазар мен ауланы бөліп тұр. Кесене Орта Азияның дәстүрлі порталды-күмбезді түріне жатады. Оның орталық сфералы күмбезі мен қосымша екі көлемі кіші конус тәрізді күмбезі, сондай-ақ аласа келген мұнаралары бар. Әулие Ескелді би кесенесінің кіре берісіне ашылған кітап тәрізді тақтаға қазақ және араб тілдерінде дұға жазылған. 2015 жылы әулие кесенесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Нысанның киелілігі Ескелді бидің жоңғар шапқыншылығына қарсы көрсеткен ерлігі мен жалайыр руын Жетісуға көшіргендегі белсенділігімен байланыстырылады.

Ескелді би кесенесі зиярат ету мен туризм нысаны болып табылады. Ескелді би кесенесі республикалық маңызы бар тарихи және архитектуралық ескерткіш.

Қаратал өңірін «Әулие мен би-батырлар мекені» деп тектен тек айтылмаса керек. Бүгінде осы өңірде есімдері халқымыз арасында кең тараған дара тұлғалар – Ескелді би, Айту би, Балпық би, Қарымбай, Жолбарыс бабаларымыз жатыр.

Балпық он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андас тармағына жатады. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді, Қабан ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Бұл жөнінде

Сырдарияның бойында,

Қазалының ойында,

Халқын түгел жинаған.

Қараталдың бойына,

Текелінің ойына,

Қоныстанып тойлаған,- деген мынадай жыр жолдары сақталған екен.

М.Мақсым

Басқа жаңалықтар

Back to top button