АУДАН ӘКІМІ НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ КЕГЕНДЕГІ БІРНЕШЕ МАҢЫЗДЫ КЕШЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ
Кеген ауданының жаңа әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өз жұмысына кірісіп кетті. Аудан халқымен келелі кездесу өткізіп, маңызды кешендерді өз көзімен көріп қайтты. Әкімге таныстырылған алғашқы нысанның бірі – Кеген ауданы әкімдігінің «Кеген су құбыры» мемлекетттік комуналдық кәсіпорыны.
Айта кетейік, Кеген ауданындағы шаруашылықты тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін жалпы 10 канал бар. Сол арқылы 9198 гектар жер суарылады. Каналдарды күрделі жөндеуден өткізуге жалпы құны 5 миллиард 34 миллион теңге қаражат керек екен. Былтыр 1 миллиард теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынды. «Г.С.Г. Высотник» ЖШС-і жеңімпаз болып, құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы кезекте өңірдегі «Құмтекей», «Қарқара», «Мөңкебай» каналдары жөнделіп, қалыпқа келтірілетін болады. «Мөңкебай» каналының жалпы ұзындығы он шақырым, оның ішінде 1,2 шақырымы монтаждалды. Құрылыс материалдары толық жеткізіліді. Сонымен қатар, күнделікті құрылысқа қажетті материалдармен бетон шығаруға материалдар тасымалдануда. Аталған 3 канал арқылы 4661 гектар жер суарылады. Каналдарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Нұрбақыт Теңізбаев мекеме қызметкерлерімен бірге шешімін таппаған мәселерді талқыға салды.
Бұдан бөлек К. Нұрпейісұлы, Өжек Жаңабаев атындағы мектеп лицейлерінің құрылыс барысын көрді. Аталған құрылыс жұмыстарын оқу жылының екінші тоқсанына дейін аяқталу керегі ескертілді. Осыған байланысты мердігер компанияға құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды.
Еске сала кетейік, биылдың өзінде аудан орталығындағы екі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта аудан орталығынан робототехникалық орталық ашылса, физика пәні бойынша мұғалімдердің білімін жетілдіруге назар аударылу керек деген ұсыныстар да жоқ емес. Заманға сай жабдықталған білім ошағы және мұғалімдердің білімін жетілдіру – күн тәртібіндегі маңызды мәселердің бірі. Алдағы уақытта аудандағы білім ошақтары лайықты жабдықталатын болады.
Нұрбақыт Молдахметұлы жұмыс жоспарына сай «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Кеген ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Аталған жобаның халыққа маңыздылығы туралы түсіндіріліп, көкейде жүрген сауалдарын жолдады. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру және әлеуметтік саланы дамыту.
Аталған жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 8,3 миллиард теңге қарастырылған болса, оның ішінде Кеген ауданына 3,8 миллиард теңгеге 418 өтінім қанағаттандырылған еді. Жоба аясында облыстық ауылшаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп, инвесторларды тарта отырып, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістер ашу басты бағытқа айналып отыр. Кеген ауданында небары 10 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірге инвестициялар тарту бойынша аудан 1,2 пайыз үлесімен облыста 9 орында тұр. Осы орайда, облыс бойынша 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 104 жобаның тоғызы Кеген ауданына тиесілі. Алайда, ауданға тиесілі 9 жобаның сегізін іске асыру жұмыстары тоқтап тұр. Оның ішінде қуаты жыл сайын 150 мың тонна тұз өндіретін «ТұздыБасТау» кәсіпорнын ашу, «Бестөбе» су қоймасында және «Жіңішке» өзенінде форель өсіретін шаруашылықтар құру, мал бордақылайтын шаруашылықтар ашу секілді жобалар бар. Болашақта «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыстар қолға алынып, ауыл кәсіпкерлеріне нақты қолдаулар көрсетіледі.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ