#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМәдениетТұлға

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, «Абай әлемі» деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес 10 тамыз «Абай күні» болып белгіленді.

Осы айтулы күннің ел тарихында аталып өтуіне Қазақстан Жазушылар Одағы да өз үлесін қосыпты. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет «Егемен Қазақстан» газетіне жазған пікірінде: «Мен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абайдың туған күні 10 тамызды «Абай күні» деп атап, ұлттық мерекеге айналдыру туралы ұсыныс хат жазған болатынмын. Сол бастамамызды Мемлекет басшысы қолдап, Үкіметке тапсырма берген екен. Міне, көптен күткен қаулы шығып, Абай күні бүкілхалықтық, ұлттық мереке ретінде күнтізбеге еніп отыр. Тарихи оқиға! Үлкен қуаныш! Бұл поэзия мәртебесі, бұл қазақ тілінің салтанаты деп білемін», — деп, айтулы күннің тарихы туралы толғанған еді.

Бұл мерейлі күнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ ұлысының ұлықтар құндылықтары, әрине, көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы болған Абай поэзиясын  ерекше құрметтеу – баршамызға бұлжымас парыз. Себебі, Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан,хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.

Абай мұрасы – әлем әдебиетінің әлеуетті әлемі болып қалды. Оның өлеңдері мен қара сөздері өмірге нұсқа, өрісі кең өнегемен өрілді. Ақын өзінің ұлағатты сөздерінің бірінде «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» — деп, жас ұрпақты әрбір істің жөнін біліп, білімге, өнерге ұмтылып, өз ісін абыроймен атқаруға шақырады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты концептуалды мақаласында: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы», — деп орынды дәріптейді.

Адамзат ақыл-ойының асқар шыңына айналған Абай арқылы келешекке кең көзқарас қаланды, өнер, білім, өмір жайлы ұмтылыстар оянды, тіршілікке талаптану жаңғырып жатыр. Міне, қоғам дамуының қозғаушы факторы ретінде елдік асыл мұраттарға арқау дүние арта бастады. Біз ұлт мақтанышын ұлықтауымыз керек. «Абай күні» мерекесін лайықты қарсы алуға міндеттіміз. Қазақ поэзиясының темірқазығына айналған Абайды қалай мақтасақ та, Абаймен  қалай мақтансақ та жарасады.  Сондықтан оқырман қауымды Абай әлемін терең білуге шақырамын.

А. ЕРЖАНОВ,

№7 орта мектептің қазақ тілі

мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button