Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚаратал хабарыҚоғамМәдениетТұлға

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕ ОЛЖА САЛҒАН

Қазақ әдебиетіне өзінше түрен салған қарымды қаламгер, детектив жанрының ең биігіне шыққан Кемел Тоқаев туралы осы күнге дейін қыруар еңбек пен монография жазылып келеді. Бала кезімізде ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың детектив жанрында жазған көптеген повесін бірінің соңынан бірін оқыдық. «Қанмен жазылған жазу», «Алынған кек», «Төрт есім», «Баскровильдің иті» секілді еңбектерін ауыздан ауызға жалғап, ертегі айтқандай жеткізіп жүрдік. Сол арқылы Шерлок Холмсты қазақтың бір ізкесушісі секілді қабылдап та едік. Шығарманың салған терең ізі ойымыздан ойып тұрып орын алды. Содан болар, қолымызға тиген детектив жанры болса, жата-жастана оқыдық. Сол тізбек жалғаса келе Кемел Тоқаевтың детектив жанрындағы әңгіме, повесть, романдарына ұласты. Қаламгер Отанымызда орны олқы, күтіп жүрген оқырманы көп тың дүниеге терең бойлапты.

Ол туралы жазылған мақалалардың ішінен: «Кемел қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детектив жанрында алдына жан салған жоқ»  деген көрнекті жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Әзілхан Нұршайықовтың жазбасына көзіміз түсті. Кемел ағаны өзіміз көрмеген соң ол кісінің сыр-сипатын замандас қаламгерлері мен алды-артындағы аға-інілерінің жазбасынан жақсы біліп жүрміз. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Баққожа Мұқай былай деп еске алыпты: «Ол – қазақтың бәрін дос көруге тырысқан адам. …Пьесаны қайта жазуға тура келді. Тың деректерді қайдан аларымды білмей қиналып жүргенімде Кемел аға қол  ұшын берді. Сол кезде «Қазақстан» баспасы оның орыс тіліндегі кітабын бес жүз мың данамен басып шығарды. Керемет таралым!» – депті. Осындай сөзді ақын, жазушы Рафаэль Ниязбектің мақаласынан да оқыдым, жазушының «Соңғы соққы» романының төрт жүз елу мың тиражбен басылып шыққанын айтады. Шынында керемет сан емес пе?!

Бұл пікірлерден білетініміз, Кемел Тоқаев өз кезінде жазу жағынан да, жариялану жағынан да шың басына ту тіккен қаламгер екенін көруге болады. Ойлап отырсақ, осынау күрделі ақтаңдап болып кемшін түсіп жатқан детектив жанрына бару өзгеше бір қалау мен ішкі түйсіктің нәтижесі деп білемін.

Жазушы бала кезінен бастап әлем әдебиетін, қала берді орыс әдебиетін көп оқығаны аңғарылады. Солардың қатарында жоғарыда атап өткен Артур Конан Дойлды сүзіп шыққаны анық. Одан кейінгі соғыстағы бес жылдық қанмайдан қасап, әскери барлау, жауынгерлік тапсырма оның детектив жанрына қалам тартуына себеп болғаны сезіледі. Содан соң қаламгердің жан дүниесіндегі логика, қисын, ой жүгірту мен пікір білдіру жүйесі терең болғандықтан  жанрға батыл қалам сілтеуіне үлкен септігі тиген. Жазушыда психологиялық дайындық пен өзін қатаң мәжбүрлеудің де нышаны аңғарылады.

Соғыс тақырыбында жазған жазушылар аз емес. Кемел Тоқаев болса, солардан алабөтен көздеген көмбесін басқаша бағытпен өрбітіп, детективке қарай бұра отырып, өріп шығуды өзіне міндеттеген. Бұл жанрдың оқырман үшін бірнеше жақтан пайдасы басым. Оқып отырған адам автормен бірге толғанады, ойланады, «енді не болар екен?» деп отырып, шығарманың қызығына батады. Содан оқырман масылдықтан гөрі миын іске қосады, жан әлемінде қозғалыс пайда болады. Бұл жазушы мен оқырманның тығыз шығармашылық байланысын орнатып, халық пен қаламгер арасында қою махаббат қалыптастырады. Осындай күрделі де машақаты мол жолдар арқылы көздеген мақсатына жеткен Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі жанрдың жарқыраған бір биігі – детективтің бастауын ашқанын байқаймыз. Осылайша өзінше өріс тауып, жеке мектеп қалыптастырған қаламгер негізгі арнасынан бөлек балалар тақырыбына да бас қатырып, ұрпақ тәрбиесіне бағбандық қыла аларын анық көрсете білген. Қаламгердің 5 томдық шығармалар жинағының 4-ші томында «Жұлдызды жорық» деген бөлім бар. Кітапты құрастырушылар да сол жағын жақсы ескеріп, 7 әңгімеден тұратын бір тарауды тап-тұйнақтай ұсыныпты.

Кезінде ақын, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, майдангер Мұзафар Әлімбаев Кемел Тоқаевтың аяқ алысын аңдап, бағытын бағамдап: «Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп, әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерлігімен талай құнды кітаптар тудырған Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады. Рухани ізгі екінші ғұмыр деген, әне, сол», – деп бағасын беріпті.

Балалар ақыны, қоғам қайраткері, қамқор да қайырымды қарт Мұзафар Әлімбаевтың көзін көрдім. Соңғы он жыл бойы қасына барып, тәлімін алып, шығармашылық байланыс орнаттық. Сол кезде замандасы, қаламгер Кемел Тоқаев туралы жиі айтып отыратын. Бақсам, соның бәрі тегін емес екен. Жазушы мен ақынның жанрлық жағынан да жақындығы бар екенін осы күні сезіп жүрмін. 5 томдықтың «Жұлдызды жорық» бөліміндегі маржандай тізілген жеті әңгіме соның дәлелі.

Алғашқысы «Қуаныш» деп аталады. Әңгімеде Жаннат деген ізденімпаз кішкентай оқушы қыз, Жомарт деген тапқыр, тәкаппарлау бала, Сережа Кузменько деген томпақ, толық, қалтқысыз қарапайым оқушы және Көктал ауылындағы МТС-те жұмыс істейтін ұстаз, инженер Константин Григориевич деп аталатын ағайлары бар. Жетекшілерінің жол көрсетуімен оқушылар жаңа типті двигатель құрастырып шығады. Константиннің қарамағындағы үш жасөспірім – Жаннат, Жомарт, Сережа арасындағы байланыс арқылы, олардың мінезін, көңіл-күйін, ішкі толқынысын иланымды ашады. Кейбір балалық кемшілікке қарамастан соңында нәтижеге жетіп, жұмыстарының жемісін көреді.

Келесі әдемі әңгіме «Жұлдызды жорық». Мектептегі 7-сынып оқитын Рая, Мира деген оқушылар өздерінің жұлдызды жорығына 5-сынып оқитын Болатты қосып алады. Оқиға мектептен шығып, егіс алқабын басып өтіп, далалық жолмен орманды бетке алып, өзен бойындағы тоғайға жеткенше бастарынан өткізген оқиғалары арқылы желі тартады. Сәл де болса ересектеу Рая мен Мира жандарына ерген Болатқа кәдімгідей жөн көрсетіп, тамшылатып болса да танымдық білім береді. Аяқкиіміне тас кіріп, бақайшығын қажап, қанатып кеткен Болатты қиыншылықтан құтқарып, жолға құлшындырады. Жарасымды диалог, тәп-тәтті сөздер, балалық үйлесім сезіміңді елжіретеді. Қайтарда өзен бойын жағалап жүрген балалар аман-есен ауылға оралады.

Үшінші әңгіме «Нұрлы жол» деп аталыпты. Кейіпкерлері Сәуле, Вера, Бақыт және Сәуленің әкесі Серікбай. Сәуле ауылдағы мектептен қалаға экскурсияға барады. Сол жерде ФЗО-ның цехтарын аралап көреді. Ауылдан келген кішкентай Сәуле қаладағы талдырмаш құрбысы Вераның цехты қозғалысқа келтіріп, нәзік саусақтарымен жұмысты ұршықша иіріп, икемге келтіріп отырғанына қайран қалады. Алғашында тосырқап қалған Сәуле артынан бойына лықсып келіп қалған әсерлі сезімін жасыра алмай Вераға тіл қатады, достасады. Вера жылы лебізімен әдемі ғылыми кітапшасын сыйлайды, екеуі қимай қоштасады. Экскурсия аяқталып, ауылға қайтқан Сәуле өзінің болашақта медицина жағына оқуға түсемін деп жүрген шешімін өзгертіп, ФЗО-ның оқуын таңдайды. Әрине, әкесі көз алдында жүрген Сәулені қалаға жібергісі келмейді, бірақ Анна деген ұстазының ара түсуінен соң ақылға келіп, Сәуленің қызығушылығына қарсы шықпай оқуға жібереді. Оқиға шағын, жасандылығы жоқ, жақсы өрбіген. Демек, бала өзі аңсаған нұрлы жолына бет түзейді.

«Ауыл қызы» деп аталатын, балалар мен ересектер қосыла жүретін шағын сюжетті төртінші әңгімеде шалғайда туып, Мәскеуде оқыған, одан соң алып шаһардағы зауытта үш жыл жұмыс істеп, тәжірибеден өткен қазақ қызы Жанар Ахметова туған ауылындағы МТС-ке инженер болып келеді. Алғашында сақа маман, кеңшар басшысы Жартыкеш Жамбаев қаршадай қызды менсінбей сөзін жүре тыңдайды, ағысы қатты тентек өзен секілді сыңар езулеп, қыңыр тартады. Артынан Жанардың жақсы ниеті, ұтымды, орайлы сөзі, батыл қимылы Жартыкешке ой салады. Тіршілікке ендеп, дендеп келе жатқан МТС-тің жұмысы, баяғы қарапайым, өгіз арба мен ат шананың жұмысын ығыстырып, тың тыныс, зор ілгерілеушілік, жаңалық әкеледі. Осылайша ауыл қызы Жанар өмір көрген сауыншы Қатипа сынды қолдаушы тауып, істе ірілік көрсетеді.

Аталған әңгімелері арқылы жазушы өзіне дейінгі қазақ зиялылары секілді қазақ балаларын ғылымға, білімге, жаңалыққа шақырады. Қарапайым ауыл өмірінен өзгеріп, техникалық жетістіктерге бейімдейді. Сол озық идеясын көркем әдебиетке сіңіре жеткізеді. Әңгімелердегі МТС, МЕКТЕП, ФЗО арқылы өзгерген өңірді, жасарып түлей түскен өмірді көрсетеді. Ғылыммен келген техника күшінің, қарапайым қол еңбегіне қарағанда анағұрлым артық екенін, ақыл-ой еңбегінің абзал болатынын түйеді. Осылайша ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсарин аңсаған, Абай Құнанбайұлының арманын жүзеге асырып жатқан жас буынды жарқыратып көрсетеді.

Кейінгі «Ар жақтан келген бала» әңгімесінде өзара аңдысып жатқан Кеңес армиясы мен фашистер арасын шағын өзен бөліп тұрады. Шығарма қысылтаяң сәтте өзеннен өтіп келген Саша Давыдов туралы болса, «Күнделік» шығармасы танкист, барлаушы Алмас Айдаров жөнінде. «Әр уақытта өзіңмен біргемін» атты әңгімеде Берлиндегі неміс Карлдың баласы Роберт тілге тиек ретінде алынған.

Әңгімелердің бәрі Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарындағы тамшыдай ғана тіршіліктен үзінді іспетті. Оймақтай оқиға арқылы Сашаның жан тазалығы, қантөгіс кезіндегі кездескен қиындығы, адам мінезіндегі нәзік түйіндер, анасын іздеу жолында алған бетінен қайтпайтын батылдығы жарқырай көрінеді. Әскери тапсырманы орындау кезіндегі бір түнгі барлаушылық сөз болатын «Күнделікте» жауынгер Алмастың соңында қалған күнделігіндегі ойлар әңгімеленеді. Соғыста жараланып, жан берген қазақ сарбазының жазбасы оқырманын бейжай қалдырмайды. Не әкенің үмітін ақтамай, не өз арманына жетпей шаһит болған боздақтар қаншама?! Әңгіме сондай сормаңдай ұлдың соңғы сәтінен сыр шертеді. Жетінші әңгімеде соғыстан кейін қираған Берлин қаласы, Кеңестер одағы ықпалын жүргізіп отырған дуалдың бергі беті мен америкалықтар билеп тұрған арғы жақ арасында әрі-сәрі болған адамдардың тағдыры, бедірейген Берлин қамалының сұлбасы алға тартылады. Соның арасында істікке шаншылып, шанышқымен қадалған бала тағдыры қақпақылға түседі.

Жалған жасандылық, саяси ұран, тықпаланған ұшқарылық жұқпаған әңгімелерде саяси пафос, лепірген эмоция жолықпайды. Автордың салиқалы сараптауынан туған, сүзгіден өткен мұң, ішкі болжам баяндалады. Адамдық мінездер ашылып, кісі тағдырына алаңдаушылық танытады. Әңгімелерде бейбіт күннің, қан майданның хәлі суреттелсе де адамдар арасындағы бала басты назарда тұрады. Қоршаған орта, айналадағы пенделер өздерінің тазалық тектілігін, лас пасықтығын соңғы буынға жұқтыруы мүмкін екенін аңғартады. Бала ақ қағаз секілді. Оған дұрыс нәрсе жазылса бағың, қате, бұрыс әдет жазылса сорың екенін сездіреді.

Сондықтан көрнекті жазушы Кемел Тоқаевты тек детектив жанрына қалам тербеген деу біржақты болар еді. Аз жазса да жанрдың қыры мен сырын меңгерген балалар жазушысы деп толық сеніммен айтуға болады.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button