Кеңестер одағына қарсы фашистік Германиямен болған соғыс төрт жылдан астам уақытқа созылды. Сол қан майданды көзімен көріп қайтқан сарбаздың бірі – Сауытбек Нұралинов еді. Майдангер жөніндегі естеліктермен оның ұлы Сәрсенбай Нұралинов бөлісті.
«Соғыс аяқталғанына 78 жыл өтсе де, оның әр шаңыраққа салған қайғы-қасіреті біткен жоқ. Өздері өмірден өтіп кетсе де, олардың ерлік істері дәріптелуі тиіс деп ойлаймын. Әкеміз Сауытбек Нұралинов 1912 жылы бұрынғы Қапал ауданы Қызылағаш ауылында туған. Бір отбасының жалғызы екен. Сонда әжеміз қалай өсіргенін айтып отыратын. Ауылдың адамдарының бәрі қара жұмыспен көз ашты ғой. Сол кездегі елдегі коллективтендіру, аштық, зобалаң кезі халыққа оңай тимеді. Қырманнан қайтқанда аздаған тарыны етегімізге түйіп, бригадирге көрсетпей әкеп, балалар мен қарияларға ыстық сүтке бұқтырып беретін кез еді дейтін. Біздің әкей 1940 жылы қызыл әскер қатарына шақырылады. Содан 1942 жылы Отан үшін соғысқа аттанып, Сталинград үшін кескілескен шайқастың ортасына түседі. 1943-44 жылдары Ленинградты жау қоршауынан азат ету ұрыстарына қатысады. «Кеңес одағы құрамындағы елдерден барған әр ұлтты біріктірген күш Жеңіске деген ұмтылыс пен мызғымас достық», – деп айтып отыратын», – дейді майдангердің ұлы.
Қолдарына қару ұстаған азаматтардың бәрі соғысқа аттанды. Сауытбек атамыздың өмірдерегіне қарап шығып, сол соғыстағы Жеңістің оңайлықпен келмегендігіне көз жеткіздік. Қария 1944-1945 жылдары Берлин түбіндегі үлкен майданға қатысады.
Барлаушылар тобында болған Сауытбек жау тылына барып, «тіл» алып келу операцияларына қатысады. Мұндай тапсырманы бірнеше рет орындайды. Бірде қасындағы екі адаммен барып, немістің жоғары шенді офицерін қолға түсіріп алып қайтады. Олардан құпия мәліметтерді алуға атсалысады. Алайда, әр тапсырманы орындау өте қиын еді. Қасындағы қарулас жолдастарынан қапыда айрылып қалған кездері де көп болыпты. Оққа ұшып, минаға түскен олардың қолдары мен аяқтарының бөлшектеніп қалғаны көз алдымнан кетпейді деп айтқан екен мектеп оқушыларымен болған бір кездесуде.
Соғыс ардагерінің сол кездегі ерлігі мен батылдығы бағаланып, маршал Жуковтың өз қолымен екі Қызыл Жұлдыз және III дәрежелі Даңқ ордені және де Сталинградты азат етуге қатысқаны үшін, Берлин түбіндегі Жеңіс үшін медальдары кеудесіне тағылыпты. Мұнан өзге де мерекелік медальдары көп.
Сауытбек Нұралинов соғысты Жеңіспен аяқтап, елге оралады. Жауынгер майдан даласында 1944 жылы партия қатарына өтеді. Соғыстан кейінгі қиындықтар елге оңайға түспеді. Соғыс ардагері халықтың еңсесін көтеру үшін өз жарақаттарына қарамастан ұжымшар жұмысына кіріседі. 1946-1952 жылдары Қоңыр ауылында партком болады. Ал, 1953-63 жылдары мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібін дамыту жұмыстарына үлес қосады. Қызылағаш ауылындағы шаруашылық ісін жүргізуге атсалысты. 1964-1967 жылдары Алмалы деген жерде мал бордақылау кешенінде қызмет атқарды. Содан 1968-1980 жылдары туған ауылында жұмыс жасап, зейнеткерлікке шығады. Соғыс және еңбек ардагері Сауытбек Нұралинов 1992 жылы өмірден өтеді.
Сауытбек ата мен Сарқыт апа шаңырағында 15 баланы тәрбиелеп, өсірді. Сәрсенбай ағаның айтуынша, бүгінде Нұралиновтер әулеті өсіп-өнген шаңырақ. Ағайыңдылардың үшеуі қайтыс болғанмен, тәубә, олардың артында бала-шағалары бар. Батырдың немерелері арасынан Азамат Алтайұлы Алматыдағы әскери университетті бітіріп, Сарыөзектегі әскери гарнизонда командир. Ата жолын жалғастырып, Отан қорғау күзетінде.
Кезінде Қызылағашта тасқын болып, ел үлкен қасіретке тап болды. Бүгінде ардагердің ортаншы ұлы Амантай Қызылағаш ауылындағы қарашаңыраққа ие болып отыр.
Батыр аталарымыздың есімі мен ел үшін атқарған ісі ұмытылмауы тиіс. Ұрпақтарының тағы бір тілегі – өзі туып-өскен ауылдан көше атауы беріліп, майданІ…гердің аты-жөні мәрмәр таста жазулы тұрса, бүгінгі жас ұрпақ ерлікті бағалар деген ойда. Сұм соғыс аяқталып арада қанша жыл өтсе де, аталардың жанқиярлық істері мен көрсеткен ерліктері ұмытылмауы тиіс.
М. Мақсым