Жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттың ел игілігіне жаратылып келе жатқаны бәрімізге аян. Грант ұтып алып, кәсіптің тың түрін дөңгелеткендер де аз емес.
Бастау-Бизнес жобасының түлегі, 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік гранттың иегері Үштөбе қаласының тұрғыны Перизат Оралбаева. Соңғы кезде автокөлік жүргізушілер арасында кең сұранысқа ие, Eva (сэвилен) материалынан жасалатын экологиялық таза әрі жағымсыз иісі болмайтын «Eva төсеніштерін» тігетін шағын цех ашқан.
– Соңғы кезде электронды сауда алаңында Eva кілемшесіне сұраныс артқанын аңғардым. Сөйтіп, жасымнан тігін ісін жаныма серік еткен соң бағымды осы салада сынап көргім келді. Мемлекеттік грантты ұтып алып, өнім шығара бастадым. Алғашқыда дайын бұйымды әлеуметтік желі арқылы жарнамаладым. Кейіннен аудан халқы бір-бірінен естіп, тұтынушы көбейе түсті. Қазіргі кезде тапсырыс берушілердің қатары біршама артты, – дейді кәсіпкер.
Шыны керек, бүгінде кәсіп ашып және оның қай түрімен айналысамын десең де мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетілуде. Табысқа кенелудің құпиясы – тәуекел мен сапалы өнім шығару, тек тірліктің тетігін тауып, тәуекелге бара білсең болғаны.
М. МАҚСЫМ