Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЕскелді айнасыҚоғамӨндіріс және кәсіпкерлік

НАУБАЙХАНА АШҚАН АРУ

Ескелді ауданына қарасты Ақын Сара ауылында тұратын Айқамал Хамит бүгінде кәсіп ашып, ауыл тұрғындарын нан түрімен қамтамасыз етіп отыр. Кәсібін ұршықша иірген ол алдымен «Бизнес-бастау» жобасы аясында оқу курсынан өтіп, біліктілігін шыңдаған.

Сөйтіп нәтижесінде «Хамит» жеке кәсіпкерлігін ашты. Алдымен 12 бас жылқы сатып алып, бағып-қағады, сосын қымыз өндіреді.

– Қазір ауыл шаруашылығымен айналысу тиімді бизнес. Халық табиғи өнім тұтынуға тырысады. Сол себепті оған сұраныс жоғары. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие алдым, – дейді кәсіпкер ару.

Айқамал кейіннен мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару байқауында да жеңіске жеткен. Нәтижесінде наубайхана, шаштараз, «Қазпошта» АҚ пункті сияқты бірнеше нысан ашып, қызмет көрсетуде. Наубайханада күніне 250-ден 500-ге дейін нан шығарылады. Онда 3 адам жұмыс істейді.

– Наубайхана шағын болғанымен, жұмыс көп. Өйткені, іскер әйелдің өнімдеріне ауылдастары ерекше қызығады. Елдімекенде бизнесті дамыту ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыруға ықпал етуде. Кәсіпкердің табысты ісі ауданның ғана емес, сондай-ақ, облыстың дамуына да үлес қосады деп білеміз, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының салалық даму жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Бекмұрат Мұсахан.

Қазіргі уақытта кәсіпкер Ескелді ауданының 4 елдімекенін нанмен қамтамасыз етеді. Шаштараз қызметіне Ақын Сара ауылының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы елдімекен жұртшылығынан да сұраныс жоғары.

М. МАҚСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button