Шаруаларды қолдау толастамайды
Облысымызда атакәсіпке бел сыбана кіріскен кәсіпкер азаматтардың арқасында төрт түлікті асылдандыру, өнімін шетелге экспорттау мәселесі жолға қойылып келеді. Мал шаруашылығымен айналысып жүрген жандарға әкімдік те қолдау білдіруде.
Жуырда Қаратал ауданы әкімінің орынбасары А. Оңғаров пен аудандық мәслихат төрағасы М.Әкімжанов, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы А. Алпысбаев, орталық аурухана директоры Б. Құмаров, «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Р. Тасыбаев, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Д. Какимов жайлауға көшкен шаруа қожалықтарының тұрмыс-тіршілігімен танысып, денсаулықтарын біліп қайтты. Жайлаудағы шұрайлы өрісте аудан малшылары төрт түлік малын жайып, өсіріп-өндіріп, берекесін кіргізіп отыр екен.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров атакәсіппен айналысып, қыстың аязы, жаздың ыстығында мал соңында жүрген жандардың жұмысына табыс тілеп, ізгі тілегін білдірді. Осыдан кейін шаруа қожалығы қызметкерлерінің денсаулығы тексеріліп, тегін дәрілер берілді. Сонымен қатар, озат деп танылған шаруа қожалығы басшылары мен қызметкерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Ересектер арасында қол күрес, арқан тартыс, аударыспақ сияқты спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар берілді. Ал балаларға кітаптар мен аудандық газеттер, аудан әкімінің атынан тегін доп таратылды.
М.Мақсым