Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚаратал хабарыҚоғам

Шойынжолда шыңдалғандар дәрежеленді

Бүгін Қаратал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Теміржолшылар күні» кәсіби мерекесіне орай аудан әкімінің қатысуымен мерекелік іс-шара өткізді.

Мереке қарсаңында аудан әкімі Ұлан Әлдибекұлы Досымбеков сала қызметкерлерін құттықтап, үздіктерін алғыс хаттармен марапаттады.

 – Тәуелсіздіктің елең-алаңында елдің қалт-құлт еткен экономикасын қиындықтан алып шыққан негізгі салалардың бірі – қазақ даласында қан тамырдай ию-қию болып жатқан теміржол екенін бәрі біледі. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер сол бір шақта көршілес мемлекеттермен арадағы экономикалық байланысты сақтап, сондай-ақ, одан әрі дамыта отырып, халықтың оң жамбасына келетін нарықтың бірден-бір себепшісіне айналған да Қазақстан теміржолы болатын. Уақыт тезінен өтіп, бүгін міне Сіздер 119 жылдық мерейтойды тойлап отырсыздар! Осы уақыт аралығында теміржол саласы өзінің өзектілігін жоймай, бүгінде «Қазақстан теміржолы» еліміздегі жолаушылар мен жүк тасымалдаумен айналысатын ірі компанияның бірі саналады. Сондай-ақ, теміржол саласында қазіргі таңда 109 мыңнан астам қызметкер табысты еңбек етуде. Оның ішінде өздеріңіз де барсыздар, — деді аудан басшысы.

ЖТ-Алматы бөлімшесі филиалының Үштөбе станциясының бастығы Ербол Есімбайұлы Ниетжанов та бірқатар қызметкерлеріне Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті.

Байқағанымыз әр саланың өзіндік қиындығы мен қызығы болады. Десе де, теміржол саласы – жауапкершілік пен біліктілікті қажет ететін үлкен сала. Өйткені, жүргізушілер, олардың көмекшілері мен жолсеріктері жүздеген жолаушылардың өміріне және тасымалданатын мыңдаған тонна жүктерге жауапты. Осылайша әр күні ұзын сонар шойын жолдың бойында өтетін теміржолшыларға арналған шараның соңы мерекелік кешке ұласып, көтеріңкі көңіл күймен қорытындыланды.

М. МАҚСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button