ТӨТЕНШЕЛІКТЕР САҚТЫҚҚА ШАҚЫРДЫ
Күн ысыған сайын су жағалауларындағы халықтың қарасы көбейетіні мәлім. Отбасы дос-жаранмен бас қосып, бой сергітіп, суға сүңгуге асыққан халық таң атысымен өзен-көл жағалауына қарай ағылады. Суда жүзуге, күнге қыздырынып, жағажайда демалу әрине адам денсаулығына пайдасы зор. Дегенмен демалыста сақтық әрі қауіпсіздік талаптарын ескеру аса қажет. Жаз айларында су айдындарында азаматтардың суға шомылуы кезіндегі сақтық шараларын сақтамауы салдарынан түрлі оқыс оқиғаларға ұшырауы жиі орын алады. Су айдындарындағы адамдардың өлімінің басты себебі-суда болу кезінде қарапайым қауіпсіздік жүріс-тұрыс қағидаларын сақтамау болып табылады. Тұрғындардың тек рұқсат етілген аймақтарда ғана шомылуға болатыны үнемі айтылып келеді. Алайда оны елемейтіндер баршылық. Өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қаупі мол. Апаттың айтып келмейтіні белгілі ғой. Үлкенге де, кішіге де суға түсу кезінде аса сақ болу қажет.
Осы орайда Ескелді ауданының ТЖБ жеке құрамымен Ескелді ауданының Шымыр ауылында орналасқан «Good Zone» суға шомылу ойын сауық кешенінде суға шомылу кезеңіндегі қайғылы жайлардың алдын алу мақсатында «Суға түсу кезеңіндегі қауіпсіздік» атты акциясы өткізді. Төтеншеліктер тынығушыларға жалпы суға шомылу маусымында басты назарда ұстар қағиданы түсіндірді. Олар тұрғындарға қауіпсіз немесе арнайы белгіленген жерлерден, жағажайларда және шомылатын жерлерден бөлек жерлерде суға түсуге, суға шомылып жатқан балаларыңызды қараусыз қалдыруға, суда ойнауға, тентектік жасауға, шомылу барысында камера, доп, ағаштарды пайдалануға, таныс емес жерлерде суға шомылуға жол бермеуге шақырды.
Акция аясында қызметкерлерге жадынамалармен нұсқаулықтар таратылып дәрістер оқылды. Нысанның құтқарушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
М. МАҚСЫМ