Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБайсерке ауылдық округіБасты ақпаратДенсаулықҚоғам

ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Іле ауданының Іргелі ауылдық округтерінің бірі Байсеркеде «Тахет» медициналық орталығы ашылды. Салтанатты шараға ауылдық округтің әкімі Көпбаева Тлеукен Отыншықызы, аудандық мәслихаттың депутаты, Байсерке ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен медицина саласының еңбек сіңірген қызметкері, Іле ауданының құрметті азаматы Сулейменова Бахыт Альжаппаровна және ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында сөз алған ауылдық округ әкімі Тлеукен Отыншықызы жаңадан ашылған медициналық орталық ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуда елеулі қызмет атқаратынына, халықтың әлеуетін көтеруге үлес қосатынына сенім білдірді. Т. Отыншықызы өз сөзінде: «Бұл орталықтың ашылуы ауыл тұрғындарына жаңа тыныс, жаңа леп береді деп сенемін. Себебі, округте 55 000 тұрғын бар. Округ орталығы Байсерке ауылында және ауыл маңындағы саяжайларда 30 000 адам тұрады. Байсеркедегі медициналық амбулатория 30 000 тұрғын үшін тарлық етіп, мүмкіндігі барлар қалаға барып қаралып, емделіп жүрсе, тұрғындардың дені өз ауылымыздағы амбулаторияны місе тұтуда. Карантин кезінде біздің ауылдық амбулаториялар көп науқасқа қызмет көрсетуге қауқарсыз екеніне көзіміз жетті. Округ тұрғындары үшін үлкен емхана салуға аудан және облыс әкімдеріне сұраныс жібердік. Жуық арада сұранысымыз қанағаттандырылып, округімізде кең сарайдай емхана ашылатын күнге жетеміз деп үміт артып отырмыз. «Тілегенге – сұраған» деген осы  шығар, жаңадан ашылған «Тахет» орталығы қуанышымызды еселеп, ауылымыздағы медициналық ахуалдың жақсаруына өз септігін тигізеді деп ойлаймын», — деді. Округ әкімінің айтуынша, бұл медициналық орталықты жеке кәсіпкер ашқанымен, ауыл тұрғындары егер осы орталыққа медициналық тіркеуге тұратын болса, онда орталық қызмет түрлерін тегін көрсетеді екен. Бұл жағымды жаңалықты медициналық орталықтың директоры Шаяхметов Айдос Баймұқанұлы да қуаттап, орталық  10 000 тұрғынды өздеріне тіркеуге алып, күніне 600 адамға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы екенін атап айтты. Бұл округтегі амбулатория қызметкерлерінің қызметін жеңілдетіп, ұзынсонар кезектің алдын алуға бағытталған игі істердің бірі деп білеміз.

А. Баймұқанұлы өз сөзінде: «Тахет» медициналық орталығы ең әуелі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйтерек ауылында ашылып, 8000-ға жуық тұрғынға медициналық көмек көрсетуде. Енді Іле тұрғындарының да денсаулығын жақсартуға жәрдем етуге дайынбыз. Алайда, біздің көрсететін қызметтеріміз ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) аясында жүзеге асады. Кейбір қан талдамалары мен медициналық қызметтер МӘМС пакетінде қарастырылмағандықтан, ол қызмет түрлері ақылы түрде көрсетіледі» — дей келе, орталықта заманауи аппараттар орнатылғанын және жоғары білікті мамандар қызмет ететінін тілге тиек етті. А. Баймұқанұлының айтуынша, орталық тұрғындарға 4 учаске бойынша емдеу жұмыстарын жүргізеді екен. Атап айтқанда, 2 жалпы тәжірибелік дәрігер, 1 балалар дәрігері және 1 терапевт дәрігер тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетпек. Сонымен қатар,  үшінші этапты реабилитация жүргізіп, тіс дәрігері, балалар неврологы, эпилептолог, кардиолог, балалар онкогематологы, дерматолог, гастроэнтеролог, гинеколог, офтальмолог және профпатолог секілді тар мамандар да кесте бойынша науқастарды қабылдайды. Жоғарыда аталған қызмет түрлерінен бөлек лабораторияда кез келген анализдерді қабылдап, күндізгі емдеу кабинеті де тұрғындар игілігі үшін қызмет етуге дайын.

«Тахет» медициналық орталығында ЭЭГ, ЭКГ, УДЗ түсіру аппараттары, көз жанарының көру қабілетін тексеретін аппараттар жұмыс істеп, орталыққа тіркелген емделушілерден бөлек науқастар Іле, Талғар, тіпті шалғайдағы Райымбек ауданынан келсе де, өздері тіркелген емханалардан арнайы жолдама әкелетін болса, орталық тегін медициналық қызмет көрсетеді екен.

Айта кетейік, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында «Тахет» медициналық орталығына тұрғындарды тіркеу жүргізіледі. Егер заманауи медициналық орталыққа тіркеліп, лайықты медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізгісі келетін тұрғындар болса, Байсерке ауылы Арқабай көшесі 105 мекенжайы бойынша орналасқан ғимараттағы («Алуа» дүкенінің 2-қабаты) «Тахет» емханасына аталған уақытта барып, тіркелулеріне болады. Ескерте кетер жайт, тұрғындар орталыққа тіркелгенімен, 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін өздері тіркелген емханаға қаралып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап автоматты түрде «Тахет» орталығына ауыстырылады. Десек те, мамандардың айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңді күтпей-ақ, «Дамумед» арқылы арнайы жолдама алып келіп, орталықта тегін медициналық көмекке жүгінуге болады. Сонымен қатар, орталықта процедуралық кабинет те жұмыс істеп, науқастарға білікті мамандар ине егу, система қою сынды қызмет түрлерін көрсетеді.

Атамыз қазақ «Денсаулық – зор байлық» — деп, өмірдің мәнін деннің саулығынан іздеген. Ендеше, сол байлығымызды қызғыштай қорып, қорғау өз қолымызда емес пе? Ауылымызда жанашыр жандардың көмегімен осындай медициналық нысандар көптеп ашылып, халық игілігі үшін қызмет етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Тұрғындарға ем іздеп қалаға сабылмай, өз ауылында қажетті медициналық көмек алуға жағдай жасап отырған азаматқа айтарымыз тек «Бәрекелді» болмақ. Олай болса, «Тахет» орталығы халықтың сеніміне ие болып, ауыл тұрғындарының мүддесіне қызмет етіп, сенім үдесінен шығады деп үміт етейік!

Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button