Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЕскелді айнасыҚоғам

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ЕЛ БІРЛІКТЕ ӨРІСТЕЙДІ

Толассыз жауған жауан-шашын салдарынан Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес және Абай ауылдарындағы бірнеше көшені, Талдықорған – Үштөбе тас жолын су басты. Табиғи апатқа байланысты төтенше жағдайды жою мақсатында жедел штаб құрылды. Осыған орай, облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Ескелді ауданына барып, апаттан түрлі деңгейде зардап шеккен халықтың жағдайын біліп қайтты.

Аймақ басшысы алдымен ат басын Ешкіөлмес ауылына бұрды. Аралау барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Алтынбеков Ескелді ауданындағы ағын судан кейінгі жағдай бойынша облыс әкіміне баяндама жасады.

– Абай ауылында қатты жауынның салдарынан сай-саймен жиналған су Бақтыбай және Жангелді көшелерін алып қалды. Салдарынан 35 тұрғын үйдің ауласына, 6 үйдің ішіне кірді. Өшкіөлмес ауылында оңтүстік жақта орналасқан таудан аққан жаңбыр Қусақ өзеніне құйып, су деңгейі көтеріліп, қолданыстағы су бұру каналы толып кетіп, Шереметьев, Чкалов, Кутузов, Ушаков және Әйтеке би көшелерін су басып қалды. Барлығы 120 ауланы жаңбыр суы басып, оның ішінде 2 елдімекендегі 21 тұрғын үйге лайлы су кірген. Жалпы 300-ге жуық адам, 44 дана техника жұмылдырылды. 38 үйдің ауласынан батпағы шығарылып, 44 үйдің суы сорылды, – деген Қанат Алтынбеков бақылау күшейтіліп, жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Ауданда арнайы құрылған штаб топтары мен төтенше жағдайлар департаментінің сарбаздары таңғы 6:30-дан бастап жұмыла жұмыс істеуде. Сондай-ақ, қалыптасқан ахуалды жою шеңберінде Абай және Ешкіөлмес ауылдарында, Қусақ өзеніне жаңбыр суларын бұру жұмыстары жүргізіліп, 44 ауладан 3456 текше метр су сорылды. Ұзындығы 450 метр арық жүйесіне механикаландырылған тазарту жүргізіліп, 38 аула балшықтан тазартылды. Үйінді бөгетін салу үшін 40 тонна топырақ әкеліп, 1 тонна мөлшерінде дизель отыны және 1 тонна мөлшерінде АИ-92 маркалы бензин қоры дайындалды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында психологиялық көмек көрсету үшін жедел штаб пен жедел желі телефоны құрылды.

Қазір облыстық комиссия кеткен шығынды есептеу үстінде. Шығын көлемі анықталған соң әр тұрғынға өздеріне тиесілі өтемақы төленіп, үйлері ретке келтіріледі. Сонымен қатар, су тасқынының қайталануын болдырмау үшін үйінді бөгеттерін жасау жұмыстары жоспарлануда.

Осыдан кейін облыс әкімі су басқан үйлерді аралап, әр тұрғынмен жеке-жеке сөйлесіп, жағдайын сұрады. Сондай-ақ, оларға көмек көрсетілетінін жеткізді.

– Жауын-шашын қатты жауғаннан кейін тау бөктерінен аққан жаңбыр кішкентай арықтарға барып құйған. Каналдардың су өткізу қабілеттілігі төмен болғандықтан су ауылға кіріп кетті. Ең негізгісі – ешқандай адам шығыны жоқ. 300-ге жуық маман кеше түнімен, бүгін таңнан тынбай жұмыс істеп жатыр. Екі-үш күннің ішінде шығынды анықтап, халыққа бар жағдайды жасаймыз. Облыстық бюджеттен төтенше жағдайларға қаражат бөлінген. Қаражатымыз да техникамыз да жеткілікті. Аз уақыттың ішінде барлық көмек беріледі, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Келесі кезекте аймақ басшысы Абай ауылына барып, тұрғындарымен кездесіп, ондағы істеліп жатқан жұмысты көрді. Соңында халыққа көмектесу, төтенше жағдайды болдырмау үшін істелетін жұмыстарды айтып, жауапты мамандарға нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, қазір Қаратал ауданында да жағдай тұрақты. Нөсер жауын мен қатты желдің салдарынан зақымданған электр желісі қалпына келтіріліп, ауданға электр жарығы берілді. Ал Елтай ауылдық округіне қарасты Абай ауылының үзілген электр желісін апаттық бригада жөндеу жүргізді. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың сөзіне сүйенсек, Талдықорған – Үштөбе 110 КВ жоғары вольтты желісінің бойындағы апаттық орынды кезекші бригада сағат 15.05-те анықтап, қалына келтіру жұмыстарын атқарғаннан кейін сағат 19.05-те Қаратал ауданына тұтастай электр жарығы берілген.

«Оған дейін біз Қаратал ауданының өмірлік маңызы бар нысандарын Көксу ауданының желісі арқылы электрмен уақытша қамтыдық. Қазір ауданға электр жарығы толық үзіліссіз берілді», – деді Әсет Қанағатов.

Сонымен қатар, «Талдықорған — Үштөбе» автожолының 35-ші шақырымында болған электр желілерінің үзілуі мен бағаналардың зақымдануы салдарынан жол аралығындағы Абай ауылының да жарығы сөнген болатын. Бұл жерде 7 бағана зақымданып, 13 аралық үзілген. Оған да жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Толасыз жауған нөсер жауын салдарынан су басқан елдімекендердің тұрғындарына су тасқынынан көмек көрсетуді Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары ғана емес, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілері де белсенді түрде көмек көрсетті.

Құтқару жұмыстарына Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімі командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Рүстем Сайдуов 70 әскери қызметшіден тұратын жедел әскери резервтің құтқару жасағын, сондай-ақ бес әскери техника бөлді.

Ұландық жауынгерлер су жолындағы Ешкіөлмес және Абай ауылындағы көшелер мен аулаларды топырақ пен құм салынған қаптармен күшейтті, сонымен қатар су басқан тұрғын үй аумақтары мен жолдарды ағын сумен келген лай, батпақтардан тазартты.

Ескелді ауданының Ешкіөлмес және Абай ауылдарындағы төтенше жағдайға байланысты аулаларын су басқан 19 адам жедел штабтың шешімімен Қарабұлақ ауылындағы Шестаков атындағы мектепке орналастырылды. Оның 10-ы ересек адам, 9-ы бала. Әкімдік тарапынан оларға сол жерден ыстық тамақ пен жатын орын ұйымдастырылды.

– Негізгі күш-жігер төтенше жағдай ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүзеге асыруға жұмылдырылған. Ауданның жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, тұрғындарды эвакуациялау және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылды. Тұрғындарға көмек қауіпсіздік шараларын толық сақтай отырып жүргізілуде. Біз кез келген көмекке әрқашан дайынбыз, — дейді бөлім командирінің орынбасары майор Архат Жұмаділов.

Жетісу облысында табиғи апаттан зардап шеккен аудандарды сел қалдықтарынан тазарту жұмыстары жалғасуда. 5514 әскери бөлімінің сарбаздары бүгінгі таңда Абай мен Ешкіөлмес елдімекендерінде тұрғын үйлердің аулаларын лайдан тазартып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ұлтық ұланның әскери қызметшілері әрқашан көмекке келуге дайын. Өздерінің функционалдық міндеттеріне сәйкес, олар табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысады.

Тез және тиәмді әрекет ету арқылы құқықтық тәртіп әскерлері іс жүзінде халыққа көмектесуге дайын екендіктерін дәлелдеді.

М.МАҚСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button