Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЕскелді айнасыҚоғам

ҚАРАБҰЛАҚТАҒЫ ТЫҢ КӘСІП

Ескелділік кәсіпкерлер отбасы жиырма жылдан бері тұшпара жасап сату кәсібімен айналысып келеді. Өндіріс технологиясы үйде дайындалатын рецепке негізделген. Тұшпара қолмен түйіледі, тек қамырды илеу мен кесу операциялары автоматтандырылған. Қазір мұнда күніне 300 келіге дейін тұшпара, 90 кг вареник өндіріледі, ал өнім түрлері барған сайын молаюда.

Тұшпара бизнесін алғаш қалай бастағандарын еске алған цех басшысы Сергей Ли-Шан-Шин Талдықорған қаласында бала кезінен әкесінің самсаханасында көмектесе жүріп, ас әзірлеудің қыр-сырын меңгеріп алғанын айтады. Осы жылдар ішінде өз отбасын құрған соң отбасылық бизнесті жалғастыруға бел шешкен, оған қоса жұбайы технолог маман болып шықты. Алғашында несие алып, тұшпара түюді бастаған, өнімдерінің табиғи тазалығын алға тарта отырып, жартылай фабрикаттар дайындау цехын ашты. Сертификаттаудан өткен соң отбасы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында бизнесіне арналған үй-жайлары мен қажетті жабдықтарын реттеді.

— Біз 2006 жылы бастаған кезде тұшпарадан басқа ештеңе өндірген жоқпыз. Қазір картоп қосылған варник, фрикаделькалар, котлеттер, асқабақпен, пияз бен ет қосылған мәнті түрлерін дайындаймыз. Тұшпараның да бірнеше түрі бар. Біртіндеп өнім түрін көбейтіп келеміз. Мұның бәрі клиенттердің сұранысына байланысты. Айтпақшы, жақында чебуректер де дайындалып, сатыла бастады, — дейді «Ли-Шан-Шин» ЖК директорының жұбайы Найля Ли-Шан-Шин.

Ол тұшпараның үй рецепі бойынша дайындалып, түгелдей қолдан түйілетінін айтады. Өнім табиғи таза өнімдерден әзірленеді. Оған жергілікті жердегі мал — сиыр, жылқы, қой еті, отандық ұн қолданылады. Қосалқы қоспалар қолданылмайды.  «Бұл – біздің басты ұстанымымыз», — дейді іскер әйел.

Қарабұлақ ауылында орналасқан бұл шағын цехта 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейді. Олардың арасында мұнда жұмыс істегендеріне 10 жылға жуықтағандар да бар. Солардың бірі Алмагүл Увансынова:

— Цехта жұмыс істеп жүргеніме 8 жыл болды. Біздің табиғи, экологиялық таза өнімдеріміз халық арасында жақсы сұранысқа ие, ешқандай қоспасыз, таза жаңа тартылған еттен әзірлейміз, — дейді.

Кәсіпорынның тағы бір қызметкері Марина Жолдасбекова тұшпара жасаумен 14 жылдан бері айналысып келеді. Күніне ол кем дегенде 20-30 келі тұшпара жасайды: «Қызметкерлердің көпшілігінің тәжірибесі мол. Тұрақты табысымыз бар, бұл біз үшін өте маңызды, өйткені біздің шағын ауылда өндіріс орындары көп емес», — деп атап өтті ол.

Кәсіпорын директоры Сергей Ли-Шан-Шин өнім түрлерін бұдан әрі көбейту үшін мемлекеттік қолдауға жүгінуді жоспарлап отырғанын айтады. «Біз қай кезде де туған өлкенің дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз», — дейді кәсіпкер.

Мұндағы қызметкерлердің жалақысы 120 мың шамасында. Цех өткен жылдың екінші жартысында Ескелді ауданының қазынасына 18 млн. теңге шамасында салық құйған.

Атап өтсек, «Вкусняшки» брендімен шығарылатын кәсіпорын тұшпаралары мен басқа да жартылай фабрикаттары бүгінде жергілікті сауда орындарында ғана емес, сонымен қатар облыс орталығы Талдықорғанда, сондай-ақ Текелі қаласында және жақын аудандарда кеңінен саудаланады. Бүгінгі таңда кәсіпорын 10-ға жуық өнім шығарады, оның түрін әлі де ұлғайту жоспары бар.

Ескелді ауданында барлығы 3650 ШОБ субъектісі жұмыс істейді. Биылғы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ШОБ субъектілерінен 285,7 млн.теңге түсті. Бұл 2022 жылғы деңгейден 64,8 пайызға жоғары. Бұл ретте Жетісу облысында өнеркәсіп өндірісінде 525 кәсіпорын, оның ішінде 14 ірі және 16 орта кәсіпорын жұмыс істейді. Биылғы жылы аймақта 64 млрд. теңгеге 53 инвестициялық жоба іске асырылуда, оларда 920-дан астам жұмыс орны құрылады.

М. МАКСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button