ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТЕДІ,ЕЛДІҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРЕДІ
Ел ішіндегі өзекті мәселелерді қозғап, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетін ұйымдардың бірі – қоғамдық кеңес. 2015 жылғы 20 мамырдағы «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында қоғамдық кеңестердің рөлі мен маңызы ерекше аталып көрсетілген.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, бүгінде еліміздің алдында тұрған міндеттер, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейтуді, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде қайта іске қосуды талап етеді.
Қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту мәселелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі негізгі стратегиялық құжат – 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында да айқын көрініс тапқан. Осы тұрғыда еліміздің негізгі басымдықтарын тиімді жүзеге асыру аясында азаматтық қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар арасында тығыз өзара іс-қимылды жолға қою қолға алынды.
Сонымен қатар, 2015 жылдың 2 қарашасында мән-мәртебесін айқындау мақсатында «Қоғамдық кеңестер» туралы арнайы Заң да қабылданды.
Негізгі міндет-мақсат, жүктелген шаруа – елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап өзекті мәселесін көтеру. Аса жауапты міндетті мойнына жүктеген қоғамдық кеңес өз жұмысын қалай атқарады? Елдің проблемасын шешуде қандай маңызды роль атқарып жатыр? Болашағы, мақсат-мүддесі қандай? Қоғамдық кеңес мүшелерін кім таңдайды? Қандай критерийлер бойынша таңдалады? Төменде сол сұрақтарға нақты жауап беруге тырысамыз.
Кеңес мүшелері арнайы қабылданған Заңдағы тәртіп бойынша таңдалатындықтан, оларға сайлау жүйесі жүрмейді. Әркім өз кандидатурасын ұсынады. Міне, осының негізінде кеңес мүшелері іріктеледі.
Аудандық, облыстық деңгейде түймедейді түйедей етіп, тырнақ астынан кір іздеп, атын шығару үшін хайп қуып жүргендер қоғамдық кеңестің мүшелігіне өте алмайды. Бұл процестің бәрін сол аумақтағы жауапты мемлекеттік орган қадағалайды. Арнайы қабылданған Заңда да бұл талап айқын көрсетілген.
Сонымен арнайы қабылданған заңда не көрсетілген? Заңның 8-бабында Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын құру тәртібі: «Азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды және коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады. Жұмыс тобының құрамын республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның басшысы, квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, жергілікті деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының хатшысы бекітеді. Ал, қалған бір бөлігін мемлекеттік орган мүшелері құрайды» деп аталып өткен.
Облыстық, аудандық деңгейдегі кеңестерге кімдер мүше бола алады? Әдетте сол аймақтың көшбасшылары, сол маңайдағы жұртқа танымал тұлғалар мүше болып жатады. Олардың басты міндеті – сол маңайдағы өзекті мәселені, тұрғындардың шешімін таппай тұрған қордаланған жағдайларын тиісті органдарға жеткізу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық сұхбат – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, азаматтық қоғамды нығайтуға шақырған болатын. Әр жоба жүзеге асқан бастапқы уақытта кемшіліксіз болмайтыны, халықтың сынынан өтіп барып, өз жолын табатыны белгілі. Сол сияқты «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асқанмен, аймақтық деңгейдегі органдардың халықпен тығыз жұмыс істемейтіні жасырын емес. Біз қозғап отырған қоғамдық кеңес те осы мәселені шешіп, «Естуші мемлекет» тұжырымдамасына өзіндік үлесін қосуы керек.
Заң мәтінінде көрсетілгендей, кеңес мүшелерін іріктеу жергілікті органның бақылауымен жүзеге асады. Заңның дәл осы тұсы көңілге еріксіз күдік ұялатады. Мемлекеттік орган араласқаннан кейін ойын бүкпесіз, өткір айта алатын азаматтардың кеңес мүшелігіне өтуі екіталай.
Негізі кез келген консультативтік кеңесші органның ең негізгі міндеті – ведомстволарға ұсыныс жіберу. Бірақ одан бөлек заңда көрсетілгендей, қоғамдық кеңес жіберген ұсынысқа жауап беруі тиіс. Жіберілген ұсыныс жүзеге асудың қай сатысында екенін сол ведомство міндетті түрде айтады.
Яғни, Заң бойынша мемлекеттік орган қоғамдық кеңес жіберген ұсынысты қабылдайтыны немесе одан бас тартатыны туралы нақты, дәлелді жауап беруі қажет. Міне, осы норманы орындауда қиындықтар бар. Себебі, Заңда ұсынысқа жауап бермеген органға қандай да бір шара қолдану мәселесі қарастырылмаған. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдардың бәрі бірдей уақытылы жауап бермейді. Кейбірі, тіпті оны орындамай да жатады.
Егер қоғамдық кеңес мүшелері қоғамда өз орны бар, шешім қабылдауға әсер ете алатын мықты азаматтардан құралса, мемлекеттік органдарға ықпал етер еді.
Меніңше ең үлкен проблема – қоғамдық кеңес мүшелерінің құрылу жүйесі. Мән беріп қарасақ, мемлекеттік органдар жұмыс тобын құрады. Ары қарай сол топ кеңес мүшелерін іріктейді. Осыдан барып шикілік шығады. Мемлекеттік орган кеңес мүшелерін іріктеуге әсер еткен соң оған ойын ащы түрде, бүкпесіз жеткізе алатын азаматтардың енуі екіталай. Егер осы іріктеу айқын, ашық, қолжетімді, бәсекеге қабілетті, еркін болса, кеңес мүшелігіне әлдеқайда мықты азаматтар енер еді. Сонда барып олар органдарға жіберілген ұсыныстардың жүзеге асуына ықпал етері сөзсіз.
Кеңес мүшелері депутаттар қозғай алмай отырған проблемаларды көтереді. Депутаттар атқарушы билікті қолпаштап кетуі мүмкін. Себебі, депутаттардың өзі халық арасынан сайланғанымен, олар – бұрынғы мемлекеттік органдарда жұмыс істегендер.
Ал, қоғамдық кеңес біреудің мүддесін қорғауға ұмтылмайды. Жөнделмей жатқан жолды, құрылысы жүрмей жатқан нысандардың нашар жұмысын қозғай алады. Проблеманы жақсы көтереді.
Мұның, екінші жағы да бар. Қоғамдық кеңестердің көтерген мәселелерінің шешілу жұмыстарына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қаражат бөлінеді. Проблеманы көтеру жағынан жұмыс жүріп жатқанмен, іске асуы жағынан қаншалықты тиімді екені белгісіз. Кеңестің басты міндеті – ұсыныс білдіру ғана. Ал оны сол ведомство қабылдамауы да мүмкін. Алайда, аталмыш кеңестің құрылуы – қоғамдық белсенділікті жетілдіру жолында жасалған жұмыстардың бірі. Шешілмесе де бастысы мәселе, министрлік пен жергілікті атқарушы орган қабырғасында көтеріліп, назарға салынып жатыр. Мәселенің көтерілуінің өзі оның шешімін іздеуге жасалған қадам деуге болады.
Екіншіден, министрліктің болсын, әкімдіктің болсын, атқарып жатқан шаруаларын бақылай алады. Десек те, қоғамдық кеңестердің бәрі дерлік атқарушы органдардың жұмысын толыққанды сынай алмайды. Жекелеген тұстарда болмаса, көпшілігі билікті сынаудан именеді. Себебі, сынағанның өзінде қиялап, тұспалдап айтпаса, ойын тікелей жеткізбейтіні жиі байқалады.
Кеңестің көбірек назар аударуы тиіс кеңістік – билікпен арақашықтығы алшақ жатқан ауылдық жерлердегі проблемалар. Қоғамдық кеңестер маңызды да өзекті мәселелерді қозғап, дабыл қағуы тиіс.
Құрметті облыс тұрғындары! Ауыл-аймақтағы шешімін таппай тұрған өзекті, қордаланған мәселелеріңіз болса, аудандық, облыстық Қоғамдық кеңеске хабарласып, дабыл қағуларыңызға болады.
Байланыс телефондар: +7 701 877 00 11 WatsApp – Ескелді Құдайбергенұлы — облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы, + 7 707 594 72 97 WatsApp – Гүлмира Саяққызы, хатшы. +7 701 355 74 12 – Іле аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы – Садыр Тұрсынжанұлы Закиржанов.
Ескелді ҚАСЫМОВ,
Алматы облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы