Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыКеген келбетіҚоғамМәдениет

ТАРИХИ ӨЛКЕДЕГІ БІР КҮН

Аудандағы Алғабас ауылдық округінің өзіндік орны бар. Табиғат әлемі таңғажайып, топырағы құнарлы, тарихи құндылығына толы. Өйткені, жерінің асты толы жәдігер іспетті. Өңірде жер жырту, жерді қазу секілді жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде астынан қасында қылыш, қанжары бірге жерленген сүйектер, көне ғасырдағы бұйымдар, тиын-тебендер шығып жатады. Бұл оқиғалар алыс емес, соңғы он жылдың ауқымында орын алғанын естігенбіз. Осының өзі-ақ бұл киелі де қастерлі өңірдің ежелгі Үйсін мемлекетінің орны болғанын дәлелдейді. Алғабас өңірі 1940 жылдың ортасына дейін Шелек ауданының құрамында болған. Елді колхоздастыру ісінде атақты чекист, белгілі революционер Әубәкір Жүнісовтің елеулі еңбегі бар. Кеңес Одағы тұсында мұнда асыл тұқымды жылқы өсіретін зауыт болды. Алғабас өңірі аудандағы туризмнің де бір ошағы іспетті. Жаз маусымында Жіңішке өзенінің жағасындағы демалыс орындарына келіп, қайтушылар аз емес. Табиғатының ерекшелігі, келбеті мен көркі тамсандырмай қоймайды. Алғабас ауылының бір перзенті, елім-жерім деген азамат, ауылдық округ әкімі болып қайта сайланған  Сырым Жексенбиев ағамызбен сұхбатымыз өңірдің тыныс-тіршілігіне арналды.

– Сырым Есенханұлы, өңір туралы сөз еткенде кімдер ойға оралып жатады?

– Біздің Алғабас ауылы  асыл тұқымды жылқы зауыты арқылы республикаға танымал болды. Бұл орайда атақты жылқышы, Октябрь Революциясы ордені бастаған 4 орденнің және оншақты медалдың иесі Қадыр Сәулеевтің есімін ауызға аламыз. Ол сұрапыл соғыс жылдары ерен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марпатталған. Қ. Сәулеев жылқы өсіруде де рекорд жасады. Қарамағындағы 200 жылқының әр жүзінен 100 құлын алды. Сол арқылы есімі Республикаға, Одаққа танылды. Біздің өңірдің қасиетті топырағынан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қарымды қаламгер Ұзақ Бағаев, ғылым докторлары Ерғали Нүсіпов, Нұрғали Мамыров шықты. Ауылдарымыздың өсіп келе жатқан жас ұрпағы оларды лайықты мақтан етеді.

– Ауылдық округтің бүгінгі келбеті қандай?

– Округке Алғабас, Жаңа Талап, Жіңішке ауылдары қарайды. Екі мыңға тарта халық тұрады. Ұзақ Бағаевтай мақтаулы тұлғамыздың есіміміен аталатын бір орта мектеп, екі бастауыш мектеп бар. Дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Алпыстан аса шаруа қожалығы бар. Әр ауылда заманға лайық сауда орындары ашылған. Осы тұста Атырауда құрылыс саласында белді жұмыс атқаратын Құрманғазы Әлімовтей азаматымыз бос тұрған ғимаратты сатып алып, Райымбектей батыр бабасының атынан сәнді де сәулетті тойхана жасады. Ішін керекті дүниесімен қамтамасыз етті. Заманауи стол, орындықтар қойылды. Сөйтіп, тойхана ел игігілігіне айналды.

– Биылғы жылғы жоспарларыңыз толық орындалды ма?

– Биыл біз үшін қуанышты жыл болды. Көптен бері айтылып келе жатқан, талай жылдан күтіп жүрген таза ауыз су мәселесі шешімін тапты. Алла қаласа, Алғабыс пен Жаңа Талап ауылдарының әрбір шаңырағы таза ауыз суға қол жеткізеді. Өзеннен су тасудан, құдықты пайдаланудан құтылады. Оның сыртында орталық бір көшеміз жарықтанды. Келесі жылы Жалаңашқа баратын жолдың Алғабасқа бұрылатын бұрылысынан ауылға дейінгі жол жасалатын болды. Оның жоба-жоспары жасалды. Қаражаты қарастырылуда. Жіңішке ауылынан шыққан түлектер ауылдың кіреберісіне ауылдың қақпасын орнатты. Алғабас ауылында тұратын Аягүл Әмірбековадай келініміз 500 мың теңге грант алып, үйінің алдынан дәмхана ашты. Жалпы, жағдайымыз жаман емес.

– Ауылшаруашылығының жайы қалай?

– Округте 62 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 2800 бас іріқара, 1900 бас жылқы, 15000 бас қой-ешкіміз бар. Былтырдан бері «Ақжол», «Мұқаметқали» атты шаруа қожалықтары он бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, іріқара малын асылдандыру бағытында сүбелі жұмыс жүргізіп келеді.

– Мал қыстату науқаны туралы білгіміз келеді?

– Төрт түлік малымыз Бақалы, Құсайын, Аққора, Текебай, Шилібастау секілді өңірлерде қыстатылуда. Жағдайлары жақсы. Мал азығының сенімді қорын жасап алған. Бұл орайда «Көксай» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Бейсенбаевтың есімін, еңбегін айта кеткен орынды. Қожалықта бір отар қой, 150 жылқы, 70 іріқара өсірілуде. Мұрат Туғанбаевтай азамат басқаратын «Жігер» шаруа қожылығында 1 отар қой, 100 жылқы, 100 іріқара қыстатылуда. 1 отар қойы, 150 ешкісі бар Ержан Орынтаев басқаратын шаруа қожалығының да жағдайы жақсы. Ауылымыздағы Мұрат Рабатовтай азамат мемлекетіміздің «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында қажетті несие алып, мал сатып алып жұмысын жүргізуде. Оның қарамағында оншақты жылқы, оншақты іріқара, 200 қойы бар.

– Округтегі білім беру, денсаулық сақтау салаларының жайы қалай?

– Жағдайлары жақсы. Округте жоғарыда айтып өткенімдей, бір орта, екі бастауыш мектеп бар. Мектептің жанында «Балдәурен», «Күншуақ» атты шағын орталық жұмыс істейді. Білім ордалары компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген, интернет жүйесіне қосылған. Ұ. Бағаев атындағы орта мектебінен 8 жас түлегіміз қанаттанды. Түлектеріміз ҰБТ-ға қатысып, ортақ балл 98 болды. Мектепті бітірген 7 түлегіміз жоғары оқу орындарына грантпен түсті. Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда күндіз жатып емделетін екі төсектік орын бар. Үш ауылдың тұрғындары келіп, қаралып тұрады. Шаңырақтағы компьютерлер интернет желісіне қосылған. Заманауи ЭКГ аппараты жұмыс істеп тұр. Жедел жәрдем көлігі қызмет етеді.

– Өңірдің тағы да басқа сөз етер дүниелері бар ма?

– Өздеріңіз де жақсы хабардарсыздар, Алғабас ауылдық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне айналды. Округте волейбол, футбол секциялары жұмыс істейді. Телекоммуникация электрондық байланыс жүйесіне қосылған. Округ аумағы бойынша 120 телефон нүктесі бар. Оның сыртында 208 сымсыз телефон желісіне қосылған. Өңірімзде он тұрғын үй заманға лайық күрделі жөндеуден өткізілді. Қоршаулары жаңғыртылды. Жалпы, ауыл тұрғындарының жағдайлары жыл өткен сайын жақсарып келеді.

– Әңгімеңізге көп-көп рахмет! Алғабас ауылдық округі тұрғындарының түтіндері түзу, бірліктері бекем, жүздері жарқын, мерейлері үстем, еңбектері жемісті, денсаулықтары мықты, ғұмырлары ұзақ бола берсін!

Индира БІРЖАНСАЛ

Алғабас ауылы

Басқа жаңалықтар

Back to top button