БІЛІМНІҢ ШАМШЫРАҒЫ ЖАНҒАН КҮН
Құрметті Іле ауданының тұрғындары!
Қадірлі ұстаздар мен оқушылар!
Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен және 2023-2024 оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Адам өміріндегі сарқылмас қазына – білім. Адам баласы барлық арман, мақсаттарына тек білім арқылы ғана жете алады. Бүгін барлық білім беру мекемелері есіктерін айқара ашып, білім нәрімен сусындауға келген Отанымыздың жастарын, бүлдіршіндерін құшақ жая қарсы алуда.
Алғашқы қоңырау – әрбір мектеп табалдырығын аттағалы отырған жас өркеннің асыға күтетін мерекесі. Бұл күн – бүлдіршіндеріміз балғын дәурен қамсыз күнімен қоштасып, оқушы атанып, білім нәрімен сусындайтын, білімнің шамшырағы жанған күн. Бірі жаңадан оқушы атанса, енді бірі жаз бойы көрмей сағынысқан достарымен, екінші үйіндей болған қасиетті білім ордасымен қауышып, мәре-сәре болады. Оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру – біздің басты міндетіміз. Расында, ертеңгі күн бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Сондықтан ел ертеңінің жарқын болуына, сауатты да салауатты ұрпақ қалыптастыруда білім мекемелері, ұстаздардың ерен еңбегі қашан да маңызды болып қала бермек.
Білім беру саласында ауданымызда үлкен іргелі өзгерістер, жақсы нәтижелер бар. Білім берудің басты критерийі – ұлттық бірыңғай тестілеу болса, біздің ауданымыз 2022-2023 оқу жылында жақсы нәтижелерді көрсетті.
Қадірлі ұстаздар!
Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, алдағы білім күнімен құттықтаймын. Жңа оқу жылында соны жетістіктер мен шығармашылық табысқа жетіп, денсаулықтарыңыз мықты болып, сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар ұштастыра беріңіздер. Ұстаз бен шәкірт үшін ерекше күн – Білім күні құтты болып, биыл да шәкірттеріміз жоғары жетістіктерге жетіп, ұстаз үмітін ақтап, ата-ананың ақ арманын арқалап, еліміздің игілігі үшін қызмет ететін тұлғаларға айналсын. Сіздердің жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажырлы, өлшеусіз еңбектеріңіз әркез жемісті бола берсін! Шығармашылық игі бастамаларыңызға, педагогикалық ізденістеріңізге жаңа серпін, толағай табыстар тілеймін!
Ал білім алушы жас өрендерге айтарым, осы тамаша заманның керемет мүмкіндіктерін пайдаланып, ілім-білім жинауға қашанда асығыңдар! Озық ойлы, өрісі кең, өрелі азамат болуға әркез ұмтылыңыздар!
Құрметті ата-аналар!
Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде Сіздердің қолдауларыңыз, әрдайым назарларыңыз, оқу-тәрбие үрдісіне қатысуларыңыз – маңызды шарт. Қазіргі біліммен бәсекеге түсетін заманда бірлескен енбегіміз баларымызды білім шыңына жетелесін.
Мереке құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Бағдат ҚАРАСАЕВ,
Іле ауданының әкімі