Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМәдениетТұлға

МАТАЙ БАТЫР

1941 жылы 22 маусым күні неміс-фашист армиясы  таңғы сағат  төртте  шекарадан өтіп, елдімекендерді: қалалар мен селоларды, темір жол торабтар мен аэродромдарды, әскери  базаларды бомбалап, Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, бейбіт елге баса-көктеп кірді. Еліміздің ер азаматтары қолына қару алып, туған елін қасық қандары қалғанша жаудан қорғауға бекем бел буды. Халық әсери комиссариатқа ағылып, көбісі өздерін майданға жіберуін өтініп, өтініштерін жазды.  Олардың ішінде Матай Байысов та бар еді.

 Матай Байысов 1903 жылы Шымыр ауылында дүниеге келген. «Батырақ»  ауылының бастауыш мектебін бітіріп, түрлі жұмыстар істеді. Талдықорған ауданында комсомол ұйымының хатшысы болды. Одан кейін «Батырақ» колхозының бастығы болып қызмет атқарды. 1934-1936 жылдары Қоғалы ауданындағы «Баскөпір колхозының» председателі, 1936 жылы «Қарғалы» мақта-мата комбинатының директоры болды. 1937 жылы Көксу ауылшаруашылық техникумын бітірді. 1940 жылы бір жылдық Алматы қаласындағы СХИ-дің курсын бітірген соң, Талдықорған қаласының жөндеу зауытының директоры болып тағайындалды. Партия ұйымының мүшесі болды.  МТС-тің партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істеді. 1940 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды.

Матай Байысовтың бір көзінде ағы болғандықтан, соғысқа жарамсыз боп танылып, шақырылмапты. МТС-та істеп жұмыс істеп жүрген кезінде қол астында істеген, өзі тәрбиелеген, соғысқа кеткен жас жігіттен 1 айдан кейін келген хатында: «…Көке, мылтығымды көтере алмай, жерге салбырап жүр. Әй, осыдан аман шықпаймыз- ау…» деп жазған екен. Көп ұзамай, сол жігіттен қаралы қағаз келген.

Өрімдей жастың қыршынынан қиылғанына қатты күйзеліп,  өзі сұранып, соғысқа 39 жасында 1942 жылы қазан айында  аттанады. Воронеж әскерінің  136 дивизиясы 342 атқыштар полкі  пулеметшілер бөлімінің командирі болды. 1943 жылы 2 қазанда алғашқылардың бірі боп Киевтің оңтүстігінде Днепрдің оң жағалауына мұз қата бастаған өзенді кешіп өтеді. Днепрден өте бұрқ-бұрқ жарылған бомбалардан аспанға шашыраған қаратүнек топырақ аралас түтінді жарқ-жарқ жарып, алаулаған от жалынның алғы шебінде алдын-ала өтіп алған Матайдың батальоны оқ жаудыра еңбектей жылжиды. Уралаған мыңдаған дауыс орманға еніп бара жатқан танкілердің гүріліне ұласып, Днепр атырабын кернеп кетті. Неміс полковнигі Матайдың атқан оғынан омақаса құлады. Немістер танкілердің соңынан дүркірей қашты. Фашистерді үдере қуу кезінде пулеметші фашистердің ондаған солдаттарын жер жастандырып, батальонның өзеннің арғы бетіне жылдам өтіп, дұшпанға күйрете соққы беруіне жол ашып, бірнеше күншілік қанды қырғынның соңында 1943 жылы 11 қарашада Байысов Матай Киев бірнеше күншілік қанды қырғынның Обухов ауданы (қазіргі Кагарлык ауданы) Черняхов селосы маңында қаза табады.

 Матай Байысовқа 1944 жылы 10 қаңтарда СССР Жоғарғы Советінің Указымен  Совет Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылғы  15 қаңтарда шыққан «Социалистік Қазақстан газетіне»  «Правда» газетінің 12 қаңтарда шыққан «Қызыл Армия – батырлар армиясы» атты мақаласы жарияланды. Ол мақалада  Матай Байысов ерлігі туралы былай жазған: «Советтер Союзының Батыры Матай Баисов қатардағы қызыл әскер неше сағат бойына жаудың үздіксіз жасаған атакасын тойтарып, өз батальонының алға басуына көмектесті. Ол 40-тан аса немісті өлтірді. Қатты ұрыста расчет командирі көздеуші өлген кезде, ол үш адамның жұмысын өзі атқарып, ұрыс жүргізе берді. Антонов пен Бутенко орыс, Баисов – қазақ, Әбдіршин- татар. Бұлардың бәрі майдандас бауырлар, Отанымыздың адал ұлдары. Баисов – партия мүшесі. Советтер Союзының жаңа батырларының жарияланып отырған бүкіл тізіміндегі адамдардың бәрі де, осындай адамдар. Мұндай жауынгерлерді шығарған елді ешбір жау жеңе алмайды!»

Бұл құнды,  сарғайған, үлбіреп жұқарған ескі газет пен Матай Байысов қаза тапқан соң «Кеңес Одағының Батыры»  атағын бергені туралы құжатты ұрпақтары көзіндей сақтап отыр. Ал, берілген «Алтын жұлдыз ордені», партия билеті Мәскеу қаласында орталық музейге қойылған. Кеңес Одағының Батыры М.Байысов «Богдан Хмельницкий», «Кутузов», «Суворов» және ондаған медальдар мен     «Ленин» орденімен марапатталған.  Балалары бірнеше рет мұражайдан атаның наградаларын сұраған екен, бірақ мұражай қызметкерлері: «туыстары тұрмақ, Алматыдағы жоғарғы органдар сұрағанда да бермегенбіз» — деп, беруден бас тартыпты.  Матай  Байысов соғыстан бірнеше рет хат жазған. Сол үшбу хаттардың соңғы екеуі ғана сақталыпты. Хаттар латын әріптерімен жазылған.      

Сол хаттардың көшірмесі:

Амандық хат

Матайдан Ұлбалаға. Қалай, аман-есенсіңдер ме? Балалардың дені-қарны сау ма? Апам ауру сырқаудан сау ма? Мен алты рет хат жаздым. Сендерден бір рет те хат алмадым. Менен хал-жай білмек болсаң, аман-есен денсаулықтың арқасында Отанымызды қорғау жолында қызмет етіп жатырмын. Колхоздан жәрдем алдың ба? Салықтан босатты ма? Қайыр қош. Осыларды айтып хат жаз.

 Матай. 1-март, 1943.

Матай Байысовтың соңғы хаты:

Киевтің батыс жағында 12 шақырым жерде тұрмыз. Бұл өзі бүкіл жұртқа әйгілі ұрыс болайын деп тұр. Бұдан тірі қалу, қалмауымыз екі талай. Алдыма қойған Отан тапсырмасын орындауға дайындалып жатырмын. Ұрыстан аман шықсам, елге барып қайтамын. 1943 жыл, қараша.

 1942 жылы әскерге аттанарда М. Байысов анасы мен жарына: – Ел басына күн туып жатқанда қайғылы қаза көбейіп кеткенін екеуің де білесіңдер. Егер мен де сондайға душар болсам,  екеуің жылап, еңіреп, балалардың үрейін ұшыра бермеңдер. Әсіресе, Ұлбала осы тілегімді өзіңе аманатым деп қатты тапсырамын. Мені жоқтатпай, бар мүмкіндігіңді балаларды бағып-қағып, аман өсіруге бағыштайсың, — деп тапсырған екен. Анасы Мырзабала баласының қазасын көтере алмай, 1945 жылы қайтыс болған.

  1973 жылы украиндықтардың арнайы шақыруымен   Матай Байысовтың отбасымен Черняховка селосына Жеңіс күні қарсаңында барады, Днепрдің бойындағы  селосына ТМД-ның түкпір-түкпірінен жүздеген адам жиналады.  Биік қыратта тұрған бауырластар зиратына әжелер, аталар,  балалар қол ұстасып бара жатады. «Бұл бауырластар зиратында Днепрді алу кезінде мерт болған 375 Отан жауынгерлері жатыр» деген жазу бар. Олардың ішінде қазақ – Кеңес Одағының батыры қазақ халқының даңқты ұлы Матай Байысовтың да есімі бар. 1973 жылы украиндықтардың арнайы шақыруымен  жары Ұлбала апа  балаларын алып, зират басына барып, гүл шоғын қойып, елден әкелген бір уыс топырақты салып, бас иіп қайтқан. Көксу қант зауытына арнайы тапсырыспен қанттан жасатқан  Матай Байысовтың мүсінін Черняхов селосындағы  мектепке тарту еткен.

1989 жылы екінші рет  Матай Байысовтың жұбайы  Ұлбала апа, баласы  Емберген, келіні Тұрсын, қызы Сәуле,  «Бауырластар зиратына» барып, тәу етіп қайтқан. Соғыс болған жерде, ашық аспан астындағы музейде танк, автоматтар, шлемдер, тағы да басқа жауынгерлердің заттары кеше ғана соғыс болғандай сақталып тұр. Ұрпақтарының айтуынша, жергілікті тұрғындар аса құрметпен оларды қарсы алыпты, көздеріне жас алып, қолдарынан сүйіп, қазақ халқына деген ризашылықтарын білдіріпті.

 Алдабергенов ауылының Орталық алаңында батырлар аллеясында, мектепте, аудан орталығында Матай Байысовтың  ескерткіші орнатылған.  Ауылдың мектебінде  Кеңес Одағының Батыры  атындағы тарихи-өлкетану музейі ашылған. Бұл музейдің  ашылуына үлкен зор үлес қосқан  ұлағатты ұстаз Мералиева Гүлзия Исанәліқызы. Қазіргі таңда сол музейдің меңгеруші қызметін атқарып, оқушылармен бірге батыр тұлғаның ерлігі туралы насихаттап, іс-шараларын атқаруда. Елі үшін қан майданда жанын қиған Кеңес Одағының Батыры  Матай Байысовтың есімі мәңгі ел есінде  сақталады.

Айна Есбосынова.

Н. Алдабергеновтың

мемориалды музейінің қор сақтаушысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button