Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚаратал хабарыҚоғамМәдениетМерекелерТұлға

ҚАЗАҚ ДЕТЕКТИВІНІҢ АТАСЫ — КЕМЕЛ ТОҚАЕВ

Соғыс қасіретін суреттеген тақырыпқа жазушы Кемел Тоқаев та қалам тартқан. Бірақ ол соғыс шындығын басқа қырынан көрсетуге тырысты.

Өйткені үстем ұлт өкілдері бір бұйданың жетегінде жүрсек те шовинистік көзқарасын сұрапыл соғыста да өзгертіп, рухани жаңғыра қоймаған-ды. Өзге ұлттың солдаттары ел басына түскен ауыртпалықты бірге көтерісіп, бірге қайғы-қасірет шегіп, тар жол, тайғақ кешіп жүрсе де оларды адам санатына қоспады. Соғыс құрбаны деп қарады. Сөйтіп қайдағы қиын барлауға жұмсап, өлмесең – өмірем қал деп жат пи¬ғыл ұстанды. Олардың жұмыр басын қатерге тігіп, жасаған көзсіз ер¬ліктерін де елемеді. Бұның ақ-қарасын айырып, ашып жазуға ешкімнің батылы жетпеді. Ал жазушы К.Тоқаев соғыстың осы бір шындығын шырқын бұзбай астарлап шебер суреттей білуімен ерекше көрінді. Өйткені ол түлкі құрсақ болып жұпыны тірлік кешсе де ділі шырайлы, тілі шұрайлы кезде әдебиетке келген еді. Соның әсері тимей қалған жоқ, әрине.

Соның нәтижесінде талантын жылдар жаныған тарлан жазушы өзінің күш-қуатына сеніп, әдебиет әлеміне бұрын тосын көрінген де¬тектив жанрына түрен салып, іргесін бекітіп, сапасын аса жоғары деңгейге көтере білді. Рас, тұңғыштың жолы қашанда ауыр болған. Сонау аштық жылдары әке-шешеден ерте айырылып, тағдыр тауқыметін көп тартып, көз жасына суарылып жетілген ол қандай жағдайда да жасып, мойымады. Қарағайға қарсы біткен қайсар бұтақтай тағдырына қасқайып қарсы жүрді. Мұратына жетпей мұқалмауды ойлады. Ертеде бір жетім айтқан екен: «Өмір деген өксік қой, өксіп жүріп өстік қой» деп. Ал түбіт мұрты жаңа тебіндеп шығып, жиырмаға толар-толмас көк өрім балауса шағында соғысқа аттанып, небір сұрапыл күндерді бастан өткеріп, қайғы жұтқан сайын қатайып, өксік атқан сайын өркештеніп үйренген Кемел бұл салада да өзінің кім екенін, қандай азамат тұлға екенін айқын көрсетті. Сөйтіп ол шытырман оқиғаға құрылып, әртүрлі шеберлік үлгіде шынайы жазылған шоқтықты кітаптары жарық көрген сайын қалың қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп, биіктен биікке көтеріле берген…

Ол, шын мәнінде, текті буынның бекзат болмысына көлеңке түсірмей тереңнен толғай білетін тегеурінді өкілі еді. Оның қалам тартқан қай туындысы да тартымды жазылып, қоғам назарын өзіне аударып, шығармашылық әлемі кемелденіп, шоқтықты көрініп тұратын болды. Сол кезде бүкіл баспа ісін басқарған Шерияздан Елеукенов Кемел Тоқаевтың 450 мың данамен тараған бір кітабын тілге тиек ете отырып: «Әуезов шығармалары да мұндай тиражбен шықпаған еді» деген еді.

К.Тоқаевтың суреткерлік биік деңгейге көтеріліп, шиыршық атқан аса шебер үлгіде жазған көлемді туындысының бірі – «Солдат соғысқа кетті» романы. Қанға бөккен майдан даласы жан-жақты суреттеліп, ара-арасында солдат күнделігімен тұздықталып отыратын бұл көлемді туындыны көкірегің ыза-кекке толып, қызынып, бұрқанбай оқу әсте мүмкін емес. Өйткені, романның алғашқы беттерінде: «Қызыл вагондар жол бойын тұтас алып самсап тұр. Бәрінің есігі айқара ашылған. Қанша кісі кірсе де апыр-топыр жұтып жіберетін түпсіз апан секілді» деген суреттеменің арғы тұңғиық астарында сұмдық бір сырдың ұшқындап жатқанын сезіп, шыбын жаның шырқырап қоя береді. Өйтпегенде қайтеді – қызыл вагондар шойын жолдың бойымен сырғып жүйткіген күйі солдаттарды тиеп алып барып, қанды қырғын майдан даласына – араны ашылған ажалдың аузына топырлатып тоғытып тастап кетіп жатса.

«Мұхамед самолет құлдилай бергенде ішін тартып, демін тоқ¬татып тұрып атып қалды.

Бұл оның жауға атқан алғашқы оғы еді… жауға атқан алғашқы оғы-ның дарығанын байқады.Ұшқыш бір сәтке самолетті игере алмай бұлталаңдап, шайқалып барып шапшаң көтерілді. Ұшқыш өзін атқан нысананы анық байқаған секілді. Ызалана шүйлігіп пулеметтен оқты боратып өтті. Мейірманов пен Мұхамед те қатарласа үсті-үстіне атып жіберді. Ұшқыштың жарқыраған көзілдірігін қан жуып кетті.

Мұхамед орнынан атып тұрып:

– Жарайсың, бауырым! Самолетті атып түсірдің! Нағыз батырсың! – деп досын құшақтай алды. Жау самолеті жүгері алаңынан асып барып тоңқалаң асты. Жалын аралас қара түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді. Власов жүгері арасынан қуана жүгіріп шықты.

– Жолдастар, мен жау самолетін қираттым. Атып түсірген мына мен! Мен! – деп тұмсығымен жер тірей тоңқалаң асқан самолетке мойындарын созып қарап қалған солдаттарды жағалай құшақтап айқайлап жүр».

Бірақ сол арада бұның рас, өтірігін тексеріп, шындыққа көз жеткізуге ешкім ұмтылмады. Бәрі «сен нағыз геройсың!» деп Власовты жапа-тармағай дәріптеуге көшкен. Өйткені, ол кезде бұл саржағалардың өтірігі де өрге жүзіп, айдын асырып тұрған.

Алайда құрсағында жетіліп туған Мұхамед бұл әділетсіздікке көпе-көрінеу төзбеді. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ата қазақтың азаматы болсам, бұған қалай шыдауым керек деп ширыққан. Сол бойда екеуінің винтовкасын тексертіп, шенділермен көп ырғасып, айтысып-тартысып, ақырында жау самолетін атып түсірген Мейірманов екенін дәлелдеп шығады.

«Мә, қараңыз! – деп затворын сарт еткізіп қайырып тастады. – Ствол таза, оқ атылмаған. Ал мынау сержант Мейірмановтың винтовкасы. Дәрінің ізі де, иісі де бар. Сонда Власов самолетті несімен атып қиратып жүр?».

«Тура айтқан туғанына жақпайды» деген осы. Мұхамедтің әділ сөзі онсыз да төңірегінен жау іздеп жаланып жүрген Власовты кектендірмей қоймайды. Оны оның: «Сен сволочьтың кім екеніңді енді білдім. Майдан кең, біз әлі кездесеміз. Айтпады деме, қан қақсатамын! Зарлайсың!» деген сөзінен аңғару қиын емес-ті.

Кейде өмірде адам айтса нанғысыз жағдайлар болып жатады. Жау самолетін атып түсірген Мейірмановқа түсінде біреу келіп: «28 октябрьде өлесің» дейді. Бұның шындығына көз жеткізбек болып оны қауіпсіз жерге оңаша қамап, сыртынан күзетеді. Алайда Мейірманов дәл сол күні жұмбақ жағдайда қаза табады. Ол неден өлді, кім өлтірді – ешкім білмейді. Өйткені, бұл кезде соғыстың ішінде тағы бір майдан астыртын жүріп жатқан.

Арада екі жыл өткенде бұл майданның сыры ашылған. Ашқан – командованиенің ерекше тапсырмасын орындаған Мұхамед болатын. Сөйтіп ол Польша жерінде Ломда қаласының түбінде Мейірмановты өлтірген Власовпен бетпе-бет кездескен еді.

Рас, соғыста солдаттар арасында егесіп, шекісіп қалу сияқты әртүрлі келеңсіз жайттар болмай тұрмайды. Бірақ мәселе мұнда емес. Мәселе автордың ел басына екіталай күн туғанда екі майданда да қатар соғысып, кейін жеңген жағына оңай сытылып шығып кетуді көздеген Власов сияқты сатқындардың бет-пердесін ашып, көрбілтеленбей айқын көрсетуінде болып тұр. Соғыс тақырыбына бұрын да талай шығарма жазылған-ды. Алайда солардың бірде-бірінде әлгіндей зымыстандардың екіжүзділігі бұлай шындық тұрғысында бедерлі бейнеленіп, ашық айтылмаған еді.

Осы орайда мына бір жайтты еске сала кеткім келеді. Қай тақырыпқа қалам тартса да тереңнен толғап жазатын Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде бұрын болмаған детектив жанрының негізін қалап, күш-жігерін жұмсап, тың бағыттың сапасын аса жоғары деңгейге көтеріп, сол жанрдың атасы атанған еді. Енді, міне, соғыстың қаһарлы күндері кең қамтылып, жан-жақты суреттелген мына романы арқылы ол тың бағытқа тағы да түрен салып, өз мүддесін көздеп екі майданда да қатар соғысқан екіжүзді сатқындардың бет-пердесін сыпырып, сойдақтаған қанды іздерін қорықпай ашық жазған тұңғыш автор екенін және көрсетті.

Замана тудырған ұлы тұлға Д. Қонаев ел басқарып тұрған кезінде атаман Дутовтың көзін құртуға қатысқан чекистердің ерлігі мен Орал қаласында ақ гвардияшыларға қарсы шайқасқан жергілікті халықтың күресін бейнелейтін фильмдер түсіріңдер деп тілек білдірген. Сөйтіп бұл екі фильмнің де сюжетін өзі айтып берген. Бірінші тапсырмасы бойынша картина жедел түсіріліп, «Атаманның ақыры» деген атпен экранға шықты. Екінші картинаға да қыруар қаржы, көп күш-қайрат жұмсалып, «Уральск в огне» деген атпен тез түсіріліп біткен еді, бірақ жолы болмады. Фильмнің бас кейіпкері – Орал казактары армиясының қолбасшысы, генерал Тольстовтың ағылшын тілшісіне берген сұхбатында: «Если мне пришлось бы возвращаться опять в Россию, я бы поставил в эрмитаж скилет последнего туземца (қазақтарды айтып отыр) как уникальный памятник для потомства» деген бір ауыз сөзі картинаның бағын байлады. Генералдың бұл сандырағын әдепкіде фильмнен қиып тастамақ та болды. Сонда да картинаның өне бойына тілінген таспадай тартылып өрілген әлгіндей жат пиғыл, суық көзқарастың ызғарын бәрібір жұмсарта алмады. Бұның өзі, түптеп келгенде, фильмнің омақаса құлауына әкеп соқты. Ал Дінмұхамед Қонаев әйгілі актер, белгілі режиссер Шәкен Аймановқа идеясын айтып түсірткен бірінші фильм экранға шыққан бойда бағы жанып жүре берген. Бірақ фильмде Қасымхан Чанышев деген өмірде болған адамның есімі өзгертіліп, атаман Дутовты өлтірген Қасымхан Шадияров болып көрсетілді. Оның экрандағы тұлғасын сомдаған атақты актер Асанәлі Әшімов.

Бұл жөнінде жазушы, Қазақстан¬ның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы былай деп қалам тербейді: «Жазушы Кемел Тоқаев арада он бір жыл өткенде, яғни, 1981 жылы «Жазушы» бас¬пасынан 49000 данамен шыққан «Соңғы соққы» романында атаман Дутовты атып өлтірген басқа адам екені туралы ақиқат Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық архивінен табылған және онда «При входе к Дутову я передал ему записку, тот стал ее читать, сидя на стуле за столом. Во время чтения я незаметно выхватил револьвер и выстрелил в грудь Дутову. Дутов упал со стула. Бывший тут адъютант Дутова бросился ко мне, я выстрелил в упор ему в лоб. Тот упал, уранив со стула горевшую свечу. В темноте я нащупал Дутова ногой и выстрелил в него еще раз» деп жазған М.Қожамияровтың хатын пайдалана отырып, именбей ашық айтты» («Тұңғыш». «Алматы ақшамы», 16 маусым, 2016 жыл).

Сөйтіп жазушы Кемел Тоқаевтың туралып кетсе де турасын айтып жазған романында атаман Дутовты атып өлтірген Шадияров емес, Қожамияров болып бедерлі бейнеленіп, аласапыран уақыттың бір қалтарысында ұмытылып қалып қойған азамат ердің есімі қайта жаңғырып, шындық салтанат құрған еді.

Тоқ етерін түйіп, бір-ақ айтқанда, Кемел Тоқаев оқиғаларды ойдан шығарып, жасанды тартыс құрып, шығарма жазған емес. Ол көңілін тербеген көркем туындысын мына қылмыс әлемі мен жықпыл қатпары көп жымысқы қоғамның тұңғиық сырына жіті үңіліп, сезіп-түйсінгенін жүрегінен өткізіп барып, өркештеніп отырып жазады. Бәлкім, содан шығар, оның қаламынан туған қай шығармасынан да тұтас бір дәуірдің шындығы сахараның жусанды жотасындай білемденіп көрініп жатады. Сөйтіп оқушы жүрегіне сара жол тауып, қолдан қолға өтіп, ел аралап кете барады.

Рафаэль НИЯЗБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button