Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғамМәдениет

КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ОРДАСЫНЫҢ ЖАҢА БЕТАЛЫСЫ

Жақында Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы  «Экономика және құқықтану колледжі» мемлекеттік емес мекемесіне ауыс-түйіс болып, колледж директоры болып,  білікті маман, филология ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік қызметте де бой көрсетіп, халық арасында оң пікір қалыптасқан Медет Азнабаев деген жігіт ағасы  келді. Осыған орай, оқу ордасының хал-ахуалын білуге бас сұққан едік. Айта кетейік, Өтеген батыр ауылындағы аталмыш колледж   1998 жылдан бері өз жұмысын атқаруда. Колледждің ішкі «ас үйі» мен жалпы білім жүйесі және жаңа жоспарының барысымен бөліскен Медет Дүйсенбекұлы: «Бүгінде заман ағымына сәйкес сұраныста болған мамандықтар саны азайып, кейбірі тіпті еңбек нарығынан кетіп жатыр. Сондықтан қазіргі нарықтың сұранысына орай жаңа мамандық түрі көбеюде. Мысалы IT саласын алайық. Бізде осы сала бойынша сабақ өтілетін болады. Биыл мемлекет тарапынан 50 грант бөлініп, шәкірттер қатарын толықтырдық. Ендігі бағыт тек терең білім алу. Жастарға бәсекеге қабілетті болуы үшін замануи мамандықтарды игерту. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім берудің  әлеуетін пайдалану, тиімділігін үнемі арттыра отырып, оны модернизациялау қажет» — дейді.

Ширек ғасыр тарихы бар  колледжде 4 мамандық бар. Олар: — Бағдарламалық қамтамасыз ету, — Банк және сақтандыру ісі, — Есеп және аудит, — Құқықтану  мамандықтары.

Осы аталған  мамандықтар бойынша аға оқытушылар, магистрлар, PhD докторлары,  арнайы пән оқытушылары білім беруде. Оқыту барысында колледж білім алушылары өз мамандығы бойынша практикадан өтуде және практикадан өткен жерде  жұмыспен қамтылуда. Аталған мамандықтар ішіндегі 06130100 — «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша мемлекеттік грант беріліп отыр.

2023-2024 оқу жылына 50 мемлекеттік гранты бөлінді, соның ішінде 9-сыныптан кейін 25 грант, 11-сыныптан кейін 25 грант бөлінді. Экономика және құқықтану колледж білім алушыларын конференцияларға, студенттік ғылыми жұмыстар конкурсына, спартакиадаларға, жарыстарға қатысуға және жарқын студенттік өмір, КВН, конкурстар,  концерттер, спорт секцияларымен қамтамасыз етеді.

Колледж кітапханасы сабаққа сапалы дайындалуға көмектесетін оқу әдебиеттерімен жабықталған. Кітапхана – оқу-тәрбие үдерісін әдебиетпен және ақпаратпен қамтамасыз ететін, білімді тарату, рухани және интеллектуалдық қарым-қатынас, мәдениет орталығы болып табылатын колледждің маңызды құрылымдық бөлімшесі.

«Соңғы жылдары колледж біраз арта қалды. Даму жағынан сәл кенжелеп, білім беру стандартына сай оқу кабинеттері, сонымен қатар оқу ғимаратына құрылыс жұмыстары жүргізілмеді. Медет Азнабев осы олқылықтың орынын толтрамын деп құлшынып отыр. Жаңа басшы келіп, жаңа  леп кіріп,  жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Оқу кабинеттерінің жаңаша құрылғылармен жабдықталса білім алушылардың уақыт талабына сай білікті маман ретінде қалыптасуына септігін тигізетіні сөзсіз» — дейді маман. Оқу орнының ширек ғасырлық тарихы жаңаша жабдықталған колледж музейі де ашылып қалар деген үміттеміз.

Жаңа Қазақстанның өскелең ұрпағын тәрбиелеп, кәсіптік білім беруді одан әрі жалғастыруда колледж қызметкерлері алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелермен сусындап, өз елінің экономикалық, динамикалық өсу жолын жақсарта отырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Колледж ұжымы әлі де болашақ мамандарды даярлау мәселелерін бірлесе шешіп, талай түлектерді қанаттандыруға дайын. «Осы сәтті пайдаланып», «1 қыркүйек – Білім күні» мерекесі қарсаңында Өтеген батыр ауылындағы  «Экономика және құқықтану колледжінің»  ұстаздар қауымын мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып,  еңбектеріне шығармашылық табыс тілейміз!

Б. ТОҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button