Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚаратал хабарыҚоғамМәдениетМерекелерТұлға

КЕМЕЛ ТОҚАЕВ ТУРАЛЫ БІР ОЙ

Шытырман хикаялы проза жанрында қалам тартқан жазушылардың арасынан шоқтығы биік тұлғалардың бірі Кемел Тоқаев еді. «Әке туралы толғаныс» кітабын оқи отырып, Кемел Тоқаевтың балалық шағының да ел басына күн туып, қилы замандар мен күрделі кезеңдерге тап болғанын, ағасы Қасым екеуінің бір күнде ата-анасынан, кейіннен соңынан ерген қарындасынан айырылған ауыр трагедияны бастан өткергендігін аңғарамыз. Алапат аштықтан енді ғана ес жия бастаған кезде, сұрапыл соғыстың ызғары да келіп жеткен еді. Жар сүйіп, балалы-шағалы бола алмай, дүниенің ешбір қызығын көріп үлгерместен қан майданға аттанып, қыршынынан қиылған мыңдаған боздақтардың бірі болған Қасым соғыстан қайтпады. Он сегізге енді толар- толмастан өзі де майданға аттанады да, ажал аузынан аман қалып, ауыр жарақатпен елге оралады. Соғыс жылдарында жас Кемел «жығылсаң нардан жығыл» дегендей ала-бөтен қырғын Сталинград окобынан бір-ақ шығады. Сондықтан орыс жазушысы Виктор Некрасовтың «В окопах Сталинграда» деген романы сияқты Кемел Тоқаевтың да соғыс туралы жазған туындысы окопта жазған репортаждай оқылатыны жасырын емес.

Романда оның алаулаған Сталинградтың қызыл жиегін көрген алғашқы әсері де ерекше баяндалады. Бұл көрініс оның «Солдат күнделігінен» деген романында арнайы қосымша суреттеледі. Белгісіз солдаттың беймәлім күнделігінің соңында 18 октябрь 1942 жыл деген мерзімі көрсетілген. Соған қарағанда мұны Кемел Тоқаевтың алғаш майдан шебін көрген сәті деп топшылауға болар, сірә?

Сұрапыл соғыс жылдарын артқа тастаған Кемел енді оқу-білімге деген ерекше құштарлықпен өз туған жеріне оралады. Қайсар мінезі мен еңбекқорлық қасиетінің арқасында жоғары білім алған, ұлы Әуезовтің көзін көрген Кемел Тоқаев өзі жастайынан қалаған журналистика саласында ұзақ жылдар қызмет етті. Қалың оқырмандарын қызықтыра білетін тартымды романдар мен повестерін де жазды.

Кемел Тоқаев өз ағасын ешқашан да ұмытқан емес. Ол жөнінде белгілі академик Серік Қирабаев былайша еске алады: «… Осы отырыста ол аяғының жаралану жағдайларын, Сталинград, Белорусия, Украина, Польша жерлерінде соғысқан күндері жайлы әңгімеледі. Соғыстың қиындығы мен жас кезінде басынан өткен ауыр жылдарды жазушы сияқты әңгімелегеніне сүйсініп қалып едім. Бойында жазушылық дарын барын кейін байқадық қой. Ұзақ отырыстағы әңгіме біріне бірі жалғасып, өзінің жетімдік өміріне ұласты. Аштық кезінде бұл отбасы Фрунзеге (қазіргі Бішкекке) көшіп келіп, сол жерде ата-анасынан, қарындасынан айырылыпты. Қасым деген ағасымен екеуі балалар үйінде тәрбиеленгенін де осы тұста естідім. Ағасын аузынан тастамайтын. «Өзіме қамқор болған ағаның майданда қаза болуы мені шын жетім етті. Оны ұмыта алатын емеспін. Жаңа туған тұңғыш ұлымның Жомарт деген атына Қасым ағамның атын қосып атап жүрмін» деп еді. Осы әңгімені көңілі босап, көзіне жас үйіріліп, егіліп айтты. Кейін үйінде болғанда кішкентай Қасымжомартты көрсетіп, «Менің ағамның атын қойған ұлым – мынау» деп көрсеткен».

Бұл сөзді Қасымжомарт Кемелұлы да «Әке туралы толғаныс» кітабында жазған: «Әкей өмір бойы ағасын сағынып-іздеумен өтті, оның қайтып ораларына шексіз үміттенді, бірақ мұның орындалмайтын арман екенін білді. Алайда ғайыптан, бәлкім, мүлде басқаша боларына сенгісі келді, өйткені Қасым Тоқаевтың жерленген жерін нақты білген жоқ қой. «Қара қағазда» бұл туралы ештеңе айтылмаған, тек қана социалист отаны – КСРО-ны қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты делінген».

Шығармаларында соғыс жылдарының сұрапыл кезеңдерін көрсете  білген Кемел Тоқаев баспасөзге тән даңғазалық пен бос шелектей қаңғырлаушылық, қызыл сөзділік, жағымпаз жылмақайлық әуенге қарсылық білдіргендей. Қазақстан Халық Қаһарманы, әйгілі партизан, жазушы Қасым Қайсенов баспасөзге берген бір сұхбатында: «Маған үйір боп, табандылық танытып, мен туралы қазақша, орысша кітап жазған Кемел Тоқаевтың еңбегін жоғары бағалаймын», – деген екен. Осы кітапты жазу үшін Кемел Тоқаев Қасым атамен бірге Украинаға дейін бірге барып, партизан достарымен де кездескен екен.

«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне жұмыс бабымен ауысқан соң Кемел Тоқаев шығармаларының мазмұнын өзгертті. Ол құқық қорғау қызметкерлерінің қылмыскерлерге қарсы күрестегі ауыр еңбегін көрсететін кітап жазуға бет бұрды. Біздің өмірімізден өзгеше, құпиясы мол, адамдардың психологиясы мен іс-әрекеті де күрделі саланы зерттей бастады. Қылмыскерлердің жасырынуы мен оны іздеушілердің табанды күресінің детективтік сырына қанықты. Милиция қызметкерлері мен чекистерден де адал достар тапты. Солардың мәліметтерін алып, шығармаларына кейіпкер ете білді. Сөйтіп ол қазақ әдебиетінде бұрын соңды болмаған детективтік әдебиеттің бастаушысы, әрі негізін салушысы болды.

Детективтік салада жазушының «Тасқын», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сырғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» сынды көптеген шығармалары жарық көрді.

Қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген, қазақ әдебиетіндегі алғашқы детективтік шығарма – «Соңғы соққы» романы. Бұл роман жарық көргеннен кейін жазушы өзінің «Солдат соғысқа кетті» атты тарихи романын дүниеге әкелді. Романдағы көріністер еш боямасыз, шынайы, әдеби көркем тілмен суреттеледі.

– Ұнатқан қызыңды бетінен сүйіп көрдің бе?

– Былай қолынан ұстағаным болмаса, сүюге ұялатынмын.

Бұл диалогқа құрылған әскери училищені бітіруіне оншақты күн қалғанда емтихан тапсыруларына рұқсат берілмей, майдан шебіне аттанып бара жатқан екі қазақ жігітінің әңгімесі еді. Бірінің атымен аталатын Мұхаммед. Екіншісі өз тегімен аталатын Мейірманов. Бұл – Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» деген романдарының (1983) кейіпкерлері.

Ол Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген алғашқы байқауда (1956) бірінші бәйгені жеңіп алады. Кейіннен осы шығармашылық сайыста тағы да үш рет (1972, 1977, 1980) жеңіске жеткен көрінеді. Құқық қорғау қызметкерлерінің жанқиярлық еңбектерін бейнелеген көркем туындылар жазғаны үшін «Милиция қызметінің үздігі» белгісімен марапатталады.

Жоғарыда сөз болған байқаудың тұрақты әділқазылар алқасында болған Қалмұқан Исабаев: – «Кемел бірінші бәйге алды. Бірақ өзі қандай таза, адал адам десеңізші» деп таңғалып келеді. Байқаудың қорытындысы жарияланған соң Кемелге: «Бірге істеп жүрміз, маған неге ескерте салмадың» десе, Кемел: «Жабық сайысқа қатысқан соң олай істеуге болмайды ғой» депті . Мінекей, Кемел Тоқаев осындай таза, адал, кіршіксіз адам болған. Ол ешкімге да салмақ салмапты, тіпті таныстықты да пайдаланып көрмеген адам деседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі туралы жазған естелігінің соңғы сөзінде «…екі ескерткіш тастың қасында ұзақ үнсіз тұрамын. Себебін білмеймін, зират басында менің ойларым шашырап, бұлдырланып, дерексіздене бастайды. Олардан арылу үшін ұзақ уақыт бойы аспанға қараймын, маған сонау жақта, тым алыста қымбатты ата-анамның да жандары жайлы орын тапқан сияқтанады. Шексіз ғарышта тыным тапқан екеуінің жұмыр жердің бетінде тіршілігін жалғастырып жатқан балалары мен немерелеріне жан жылуын жолдап жатқанына сенгім келеді» деп жақсы сөз жазыпты. Бұл жазушының текті ұрпағының дәл қазіргі дүниенің жалған екеніне көзі жеткенін, көкке қарағанда ата-ана рухының өзін жебеп жүргенін сезгені болар?

Кемел Тоқаевтың шығармаларын араға біраз уақыт салып, қайта парақтар болсақ, оның көпшілік байқай қоймайтын, өз заманында мән бермеген қырлары ашылып, бейне бір жаңа, тың туындылармен сырласып отырғандай күй кешетініңіз жасырын емес. Кемел Тоқаев – даңққа бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы. Рухани асыл қазынамызға қосқан оның да мол үлесі бар. Өнегелі өмір жолы, еңбекқорлығы мен адами қасиеттері жас ұрпаққа үлгі болуға лайық. Ал оның туындылары әдебиет тарихындағы асыл қазына, өшпес мұра болмақ. Біз сол өткен ғасыр тоғысындағы тұлғалы азаматтардың Отан, ел алдындағы адал, ардақты, жанқияр еңбегін жете бағалай алмай келе жатқан сияқтымыз.

Алмабек Ибрайымов

Басқа жаңалықтар

Back to top button