Адамның тегі мен есіміне халық жазушысы немесе халық әртісі, ғылым докторы, профессор сынды атақ-дәрежесі ерекше құрметпен тіркесіп айтылатын кездер болды. Ондай тұлғалармен кездесу, әңгімелесу біздің жас кезімізде бәрімізге де арман болатын. Осындайда менің жадыма сондай бір ұмытылмас сәттер жиі оралады. Бұл бұдан қырық жылдан астам уақыт бұрын болған жайт еді.
1977 жылдың күзінде мен әдебиет әлемінде есімі құрметпен аталатын адам -Әбіш Байтанаевтың үйінің табалдырығын аттадым. Ол филология ғылымдарының докторы еді. Сол уақыттарда Н.Крупская атындағы Шымкент педагогикалық институтындағы екі профессордың бірі болды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқыған әр адам профессор Әбіш Байтанаевтың сол роман-эпопеяны зерттеген «Шын шеберлік», «Абай жолы» айшықтары» атты авторлық монографияларының аталған романмен байланысты екенін жақсы білетін.
Бізді ол үйде Мырзай апа қарсы алып, ешқандай сауал қоймастан, сәлемімізді жылы қабылдап: «Бақытты бол, балам! Бауыржанымның жолдасы екенсің ғой, жақсы жүріңдер!» деп қошеметін білдірді. Бұл кезде белгілі ғалымның кіші ұлы – Бауыржан Байтанаевпен біздің достығымыз енді басталып жатқан. Менің Ақтөбенің Хромтауынан, ал оның тұрғылықты осы жерден екенін ғана біліп үлгергенбіз.
Бұдан кейін біз осы жайлы үй жағдайында Әбіш ағамен таныстық. Мырзай апа, мені бұған дейін таныстырғандай, Бауыржанның досы ретінде Әбіш ағаға айтып жеткізді. Әңгіме барысында біз осынау қонақжай үйге Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Жұмат Шанин, Төлеген Айбергенов сынды талай атақты адамдардың өзімсініп келгенін білдік. Әбіш ағаның айбарлы ақынның өлеңдерін ерекше мәнерлеп оқығанына сүйсіндік.
Әбіш аға ыстық қою демделген шайды құмарта ішіп, біз оның жанында дөңгелек үстелде отырдық. Сүйсінгеніміз, егде жастағы адам жеңіл спорттық киім киіп, жүгірумен шындап шұғылданады, «Спартак» балалар спорт қоғамының ашық бассейінінде ұзақ жүзеді. Ауыл баласы мен үшін мұндай қарапайымдылық, атақты ғалыммен жай ғана әңгімелесіп отыру қиялға сыймайтындай жағдай еді. Досым Бауыржанмен әңгімелескенде байқағаным, олардың үйлеріне аспиранттар, абитуриенттер, студенттер жиі соғады екен, тіпті ұзақ тұрып қалғандары да болған.
Жылдар өткен соң Әбіш ағаның Ұлы Отан соғысы кезінде, 1943 жылы Тегеранда мемлекет басшыларының кездесуін дайындауға қатысқан санаулы адамдардың бірі екенін білдік. Оның кездесуді дайындауға маман ретінде таңдалуында, сөз жоқ, осы көрнекті адамның басқа да керемет қасиеттерімен қатар, араб, парсы әдебиеті мен оның тарихы туралы терең білімдарлығы, тіпті парсы және араб тілдерін жетік білуі маңызды роль атқарған болуы керек.
Менің досымның мейірімді анасы, ғалымның зайыбы Мырзай апаның өзі де педагогикалық қызметпен шұғылданып, филология ғылымдарының кандидаты, доцент болды. Ол ұзақ және бақытты өмір сүрді, бар ғұмырын отбасына, өзі қызмет істеген ұжымына арнады. Сонысымен өмір жолында кездескен өз заманының әйгілі адамдарының есінде мәңгі қалды.
Мырзай апа 100 жасында Саттар Ерубаевқа арналған ғылыми-практикалық конференцияларды және «Байтанаев оқулары -1: білім берудің халықаралық кеңістігіне педагог кадрларды даярлау үдерісін интеграциялаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізуге бастамашы болды. Оған шәкірттері, ғалымның серіктері, филологияға құштар жандар көптеп қатысты.
Бауыржанның анасы Саттар Ерубаевтың әдеби мұраларын ұзақ жылдар бойы зерттеп-зерделеуімен де танымал. Оның жазушы туралы зерттеулерімен таныса отырып, бар болғаны 24 жыл ғана өмір сүрген қаламгердің әдебиетте өшпес із қалдыру үшін қалай жұмыс істегеніне қайран қаласың. Оның тағдырында, әдебиетші болып қалыптасуында Әбіш Байтанаев үлкен роль атқарды.
Тіл білімі мамандарына ғалым Мырзай Алтынбекованың «Саттар Ерубаев» монографиясы, 70-тен астам ғылыми мақаласы белгілі.
Бауыржан – жан-жақты, сегіз қырлы, бір сырлы дейтіндей жігіт, фотографиямен әуестеніп, спортпен шұғылданып, студенттік ғылыми қоғамда болып, жатақханада тұратын қарапайым жігіттерден еш ерекшеленбеді. Мектептен кейін ол Мәскеудегі Бүкілодақтық Кинематографистер институтына оқуға түсті. Одан тамаша режиссер шығатындығына күмәніміз жоқ-ты, бірақ өмір ағысы оны басқа арнаға алып кетті.
Жылдар өтіп жатыр, біз бұрынғыдай жылы қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз. Оның кәсібилігі, сүйікті ісіне адалдығы туралы әлеуметтік желілерден білуге болады. Ең бастысы, отбасының дәстүрін жалғастырып, ғылыми зерттеулерімен тың жаңалықтарды туындатып келеді.
Бүгінде менің досым Бауыржан Байтанаев – Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Біздің кезекті кездесулеріміздің бірінде ата-аналарымыз туралы әңгіме болды. Мен оның ата-анасының өмір жолы туралы сұрап, бұл отбасының тарихына қанығып, өткеннің көптеген аса құнды фотосуреттеріне үңілдік.
Кезекті құжаттарға пікір білдіре отырып, «Бұл фотосуреттің қызықтылығы сонда – мұнда Кемел аға Тоқаев бейнеленген, ал мынау – Саттар Ерубаев, одан кейін менің ағам Амантай Байтанаев», — деп жалғастырды Бауыржан. Жасөспірім-жастық шақтарында бірден атақты болғандардың бейнелерін алға тартып. Фотосуреттерге қайта оралған Бауыржан менің назарымды әкесінің әпкесі Жұмабике және інісі Амантай Байтанаевқа аударды. Оларды қилы кезеңде Түркістанның базарларында тамақ іздеп, тарымшылық көруден сақтап, интернатқа тапсырған. Тағы бір суретте де Кемел ағаның бейнесі бар.
Өйткені Амантай Байтанаев пен Кемел Тоқаев — отызыншы жылдардың ашаршылығында бір интернатта тағдыр біріктіріп, өмір бойы дос болған, майдангер жазушылар.
Амантай Байтанаев 1922 жылы Шымкент облысының Түркістан қаласында туған. 1949 жылы С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1958 жылдан 1960 жылға дейін КСРО Жазушылар одағының жоғарғы әдеби курстарында оқыған.
Ал Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда қазіргі Алматы облысының Қаратал ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Жиырмаға толық толмай КСРО-ның марапаттау жүйесіндегі ең жоғары медалі – «Ерлігі үшін» медалімен шайқаста көрсеткен жеке ерлігі үшін екі мәрте марапатталды.
Соғыстан кейін 1948 жылы Кемел Тоқаев Қазақтың мемлекеттік университетін бітіреді. Республикалық газеттердің редакцияларында жауапты қызметтер атқарады. Ұзақ жылдар Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы болып жұмыс істейді. Төрт рет Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби байқаудың жеңімпазы атанады.
Жазушы Кемел Тоқаев әдебиеттегі қазақ детективтік жанрының негізін қалаушы болып саналады. Әкесі – Кемел Тоқаевтың өмірі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы сөз» кітабында егжей-тегжейлі жазылған.
Жас кезімізде біз Кемел ағаның детективтерін оқыдық және бұл кітаптар қолдан-қолға жалғасып, кеңестік детективтік фильмдер циклі сияқты танымал болды. Біз оны кеуде керіп, мақтан тұттық!
Апайдың айтуынша, алдымен Шымкенттегі қорғасын зауыты жанындағы интернатта балалардың осы тобының сынып жетекшісі Әбіш Байтанаев болса, мектеп бітірген кездегі жетекшісі Мырзай Алтынбекова болған.
Атақты әдебиетшілердің қызы Дина Әбішқызы Байтанаеваның 2013 жылы жарық көрген естеліктер кітабында анасы Мырзай Алтынбекованың мақалаларынан үзінділер келтіреді: «Менің шәкірттерім өршіл, ержүрек еді. …Мен жетекшілік еткен сыныптың оқушылары өте зерделі, білім алуға құштар, талантты болды. Сақтапбергенов, Патсаев, Құрманбаев, Кемел Тоқаев, Амантай Байтанаев және Николай Жданов мектепке балалар үйінен келді. Оларды өте талантты дейтін себебім, мектепте оқып жүрген кезінде-ақ өлең жазып, ал Кемел Тоқаев пен Амантай Байтанаев әңгіме жазып: «Апай, мынаны оқып көріңізші» деп шығармаларын оқытатын. Мен олардың жазған шығармаларын қабырға газеттеріне, жергілікті басылымдарға шығып, бастыратынмын» деп жазған.
Ал мына бір суретте 1939-1940 жылдардағы жоғары сынып оқушылары бейнеленген. Олардың ішінен Жұмабике мен Амантай Байтанаевтарды, Кемел Тоқаев және басқаларын және олардың сынып жетекшісі -Әбіш Байтанаевты көруге болады.
Соғыс басталған 1941 жылғы инттернаттың түлектерін майданға сол кезде сынып жетекшісі әрі жас әдебиетшілер үйірмесін басқарған Мырзай Алтынбекова шығарып салды. Сол 1941 жылы интернатты бітіріп, майданға аттанғандардан елге тек үшеуі ғана тірі оралды…
Осы отбасының мұрағатында 10-сыныпты бітіргендердің ішінен оқушы Кемел Тоқаевқа, сондай-ақ сол күндері жоғары оқу орнына түсу үшін немесе жұмысқа тұру үшін басқа оқушыларға берілген сипаттамалардың көшірмелері сақталған.
Майдангер жазушылар Амантай Байтанаев пен Кемел Тоқаевтың шығармашылығын зерттеген көптеген ізденушілер Мырзай Алтынбекованың жеке мұрағаттарында сақталған осы деректерді пайдаланды. Бұл фотосуреттер мен басқа да құжаттардың түпнұсқалары -бүгінде аса құнды жәдігерлер екені даусыз.
Осы аталған құжаттардың ішінен оқушы Кемел Тоқаевтың мінездемесінің мәтінін де оқуға болады: «Тәртібі өте жақсы. Ол барлық уақытта жақсы оқыды. Қоғамдық жұмысқа әрдайым белсенді қатысты…» деп жазылған.
Бұл сипаттамаға сынып жетекшісі Әбіш Байтанаев, өзге де ұстаздар қол қойған.
Мырзай апа өзінің 80 жылдан астам өмірін педагогикалық, ғылыми қызметке арнады. Ғұмыр бойы жинаған аса бай материалдарын, ғылыми ізденістер мен өзінің естеліктерін ұлына қалдырып кетті. Ол жинақтаған бай мұралар, қыруар фотоматериалдар өткен кезеңдерге ықылас қоятын зерттеушілерін де күтуде.
Мырзай Алтынбекова Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін «Соғыс ардагері» және «Еңбек ардагері», «КСРО Жоғары білім беру үздігі» медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қажырлы еңбегі үшін», «Батыр Ана» төсбелгі-медальдарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Отырар ауданындағы Ынталы орталау мектебі белгілі әдебиеттанушы, профессор Әбіш Байтанаевтың есімімен аталады.
Біздің ойымызша, Мырзай апаның есімін де ұрпақтар жадында қалдыру әділетті болар еді.
Мырзай Алтынбекованың өмірден өтуінің жылдық еске алу асына жиналған университет ұжымы педагогтерінің әріптестеріне деген алғыстары мен ықыластары, ризалықтары менің жадымда ұмытылмастай болып сақталып қалды.
Ол өзінің естеліктерінде былай деп жазды: «Институтта мен болашақ Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің жанында отырдым, ал бізге Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов, Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов, Мұхтар Әуезов дәріс оқыды… Бірде, біз үшінші курста болғанда, барлығымызды Білім министрі Ілияс Қабыловқа шақырды (әңгіме сол жылдардағы Қазақстан КП (б) ОК-нің мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі туралы болуы мүмкін. Автор). Министр жергілікті жерлерде мұғалімдер жетіспейтінін, осыған байланысты біздің оқуымыз аяқталғанын мәлімдеді. Мұны білген соң біз бітірушілер болып суретке түсіп, әркім жіберген жақтарына кеттік…».
Міне, осы тұстағы немесе өзге де фотосуреттер мұнда баршылық. Мүмкін, бізден де басқа біреулер жақын немесе таныстарының фотосуреттерінен біліп, осы суреттер тарихын жалғастырар…
Біз Мырзай апайдың шәкірттері онымен байланысын үзбегеніне және майданнан хат жазып отырғанына көз жеткіздік. Олар өздерінің араларынан шыққан ержүрек батырларды мақтан тұтқанын білдік.
Бұл жолы интернеттен алынған гвардия сержанты Кемел Тоқаевтың ерлік жолын сипаттайтын кейбір фотоқұжаттарды ғана келтірмекпіз. Мұндағы дерек бойынша жауынгер бұрын «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған. Ал жеке жауынгерлік ерлігін нақты мазмұндаған екінші бір құжатта екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталуын нақтылай түседі, әуелі «жарылғыш оқпен жараланған және аяқтан айырылған» деп айтылып, сосын «…аяғынан жарылғыш оқпен жараланған» деп түзетеді.
Осылайша өзінің жолдастары жаудың бетін қайтара отырып, Берлинге жақындаған кезде ауруханада қалуға мәжбүр болған гвардия сержантының көңіл күйінің қандай жағдайда болғаны белгілі болар…
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы сөз» кітабында осы ауыр жарақаттың қайғылы фактісі баяндалады. Дәрігерлердің майдангердің аяғын кесіп тастау туралы ұсынысы келтіріледі. Алайда гвардия сержанты дәрігерлердің бұл шешімін қабылдамай, аяғын аман алып қалу үшін күреседі және ауруханада ұзақ уақыт жатып емделеді.
Кемел Тоқаевтың ұстаздары жөніндегі әңгімеміздің қорытындысында, олардың шәкірттерінің тағдырларының да, ұстаздары Әбіш Байтанаев сияқты барлық беттерінің ашылып болмағанын атап айтуымыз керек.
Мен Әбіш Байтанаев пен ол кісінің аяулы жары Мырзай Алтынбекова туралы әңгімемді аяқтай келе, Ленин орденді Шымкент қорғасын зауыты жанындағы №26 мектеп-интернатының 1941 жылғы түлектері мен олардың теңдессіз ерліктері туралы әлі де толымды зерттеулер жүргізілетіндігіне бек сенімдімін.
Арынғазы БЕРКІНБАЕВ