Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚаратал хабарыҚоғамМәдениетМерекелерТұлға

Ұлы қаламгердің ғасыр тойы

Биыл – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, журналист, жазушы, қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алып келген қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы. «Қазақ детективінің атасы» атанған жазушының ғасырлық мерейтойын Жетісу жұртшылығымен бірге бүкіл қазақ елінің әдебиетсүйер зиялы қауым өкілдері Қаратал ауданының Жаңаталап ауылында сән-салтанатпен атап өтті. Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгердің тойына 60-тан астам киіз үй тігіліп, 50 мыңға жуық адам жиналды.

Алдымен Жетісу облысының бас имамы Керімбек Даутов Кемел Тоқаевтың рухына арнап, Құран бағыштады. Осыдан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев жиналған қауымға игі тілегін білдіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

– Баршаңызды көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының жауынгері Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аясында өткізіліп отырған іс-шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Кемел Тоқаев төл әдебиетімізде отандық детектив жанрының негізін қалаған қарымды қаламгер. Жазушы өз шығармаларында саяси және әлеуметтік мәселелерді тереңнен қозғады. Оның туындылары қазақ сөз өнерінің жаңа арнада жандануына ықпал етіп, әлі күнге дейін өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін сақтап келеді. Көрнекті жазушы қаламгерлік пен қайраткерлікті ту етіп, ел рухын оятатын батыл бастамаларды көтерді. Өзінің азаматтық борышын абыроймен өтеді», – деген Бейбіт Өксікбайұлы Кемел Тоқаевтың жазушылық қуаты қандай терең болса, өмірдегі азаматтық, елжандылық, ақиқатшылдық мұраты да сондай биік болғанын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының құттықтау хатына да ерекше тоқталды.

 «Осы игі шараға атсалысқан барша ағайынға, қадірлі қонақтар мен әдебиетсүйер қауымға терең ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатты іс-шараға жиналған барша азаматтарға зор денсаулық, толағай табыс, бақ-береке тілеймін», – делінген хатта.

Осыдан кейін Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев жылы лебізін білдіріп, тойға жиналған ағайынға ақ батасын берді.

Келесі кезекте сахна төріне көтерілген Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры қорғаншылық кеңесінің төрайымы Валентина Спиридонова қордың атқарған жұмысын баяндады.

– 2010 жылы ашылған қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға, дарынды балаларға, тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Қордың жәрдемімен Үштөбедегі  К. Тоқаев атындағы мектеп заманауи техникалық, спорттық және музыкалық құралдармен жабдықталды, балалардың ойын алаңы, аллея салынды. Ұзақ жылдар бойы Кемел Тоқаев қоры шығармашылық дарынды балаларға қол ұшын созып, еліміздің және шетелдердің үздік жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік жасап келеді.  Атап айтсақ, қордың қаржысына ауданда гуманитарлық колледж салынып, күні кеше пайдалануға берілді. Тұрғындардың өтінішіне орай 50 орынды дәрігерлік амбулатория тұрғызып, оны қажетті медициналық құралдармен жабдықтап, халықтың игілігіне беріп отырмыз. Оған қоса мал шаруашылығы кешені салынып, оған 500 бас қазақтың ақбас сиыры әкелінді. Қазір уақытта жұмыс істеп тұр. Ендігі кезекте шоколад цехын ашу қолға алынады. Той алдында ауданға арнайы ипподром салдық. Бүгінгі мерейтойлық шараның барлығын қор өз қаржысына өткізіп отыр. Мерейтойлық шараға орай қор «Кемел – қаламгер» атты эссе, публицистика және проза жанрлары бойынша байқау ұйымдастырылды. Бүгін оның жеңімпаздары марапатталады. Қордың демеушілеріне, жазушының шығармашылығын ардақ тұтып, әдебиетті құрметтейтін барлық азаматтарға алғыс айтамыз, – деді Валентина Спиридонова.

Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының мәліметінше, жазушы атын иеленген Үштөбедегі мектептің 60-тан астам оқушысы Қор грантының қолдауымен жоғары оқу орындарында білім алды. Қазірдің өзінде 15 адам грантпен университеттерде оқып жүр. ҰБТ қорытындысы бойынша оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздарға да қордан ақшалай сыйақы беріледі.

Шара барысында мектеп оқушылары арасында эссе жазу, студенттер мен ұстаздар арасында шығармашылық, публицистика, проза жазудан өткен «Кемел – қаламгер» байқауының үздіктері марапатталды. Оқушылар арасындағы байқау бойынша еліміздің Батыс, Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік облыстарынан талапты балаларды молынан қамтып, 4 өңірдің әрқайсысына жеке-жеке 3 жүлдеден тағайындалды. Байқау қорытындысы бойынша Абай облысынан Абылай Дидаров, Астана қаласынан Жамал Саттарова, Батыс Қазақстан облысынан Эльдар Тастембек, Талдықорған қаласынан Болат Айзере жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, басқа да 12 шығармашыл жас жүлдегер атанды.

Прозада бас жүлдені Абай Аймағамбет еншілесе, І орынды Самал Шаймерденова жеңіп алды. Публицистикада «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Маржан Әбіш үздік деп танылды. Студенттер мен магистранттар, педагогтар арасында Үштөбе қаласының мұғалімі Нүрзия Рахметова бас жүлдені қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев. Тұлға. Қаламгер. Ардагер. Әке» атты кітаптың тұсауын кесіп, оқырманға ақжолтайлады.

 Жазушының ғасыр тойында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, «МұзАРТ» пен «Алаш ұлы» топтары, Ерке Есмахан секілді елімізге танымал көптеген эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен болған түрлі жарыстар мерекенің көрігін қыздырып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген балуандар қазақ күресінен, шабандоздар аламан бәйгеде бақ сынады.

Сонымен қатар, садақ, асық ату, қой көтеру, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлықтар берілді.

Жанкүйердің делебесін қоздырып, айызын қандырған спорттық шаралар әсерлі, қызықты өтті. Талай бәйгеде топжарған сәйгүліктер тоғысқан аламан бәйгенің ел ішінде талайға дейін айтылып жүрері анық. Ал қазақ күресінен өткен Әлем кубогындағы балуандардың белдесуі көпке ерекше әсер сыйлады. Одан тыс жиналғандар арасында болған садақ ату, тоғызқұмалақ, қой көтеру сынды жарыстар қанға сіңіп, бойға біткен ұлттық спортымызды дәріптеуге айрықша жол аша түсті.

Елімізде өтіп жүрген түрлі ірі аламан бәйгенің жеңімпаздары бір жарыс жолында бастары түйісті. Сөреден шығар аттардың барлығы дерлік елге белгілі, атқұмарлар арасында ерекше беделге ие. Ал мәреге қатар келіп, сызықты бірге кесіп өткен ел ішінде «Жоланның жүйрігі» аталып кеткен, бүгінде Ұлан Омаровтың қарауындағы Бекзат Ділдахан шабандоз мінген «Талхизбен» жетісулық Өмірәлі Жалайырдың Марлан Бектенов баптаған «Жұмыртұяқ» сәйгүлігін мінген Хамза Амангелді елдің ыстық ықыласына бөленді. Ұйымдастырушылар ақылдаса келіп, Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қордың атынан мәреге қатарласып келген екі шабандозға да «Land Cruiser 300» көлігін берді. Тарихта екі сәйгүліктің қатарласып келуі сирек. Ал екінші болып келген «Секретті» мінген Әлішер Тілек (Алматы облысы) «Toyota Hilux» автокөлігіне ие болды. Үшінші орынды «Мамайқарамен» алған Аңсар Арыстанбек ниваны тізгіндеді. Жалпы 31 шақырымды қамтыған аламан бәйгенің көпке дейін жанкүйер жадында жүрері хақ. Жиналған жанкүйерлер арасында болған белгілі айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақов: «Аты аңызға айналған жүйріктердің басы қашан бір бәйгеде тоғысады екен деп күтіп жүр едік. Сол тарихи күннің куәсі болдық. Қазақтың менмін деген атбегілері жұма сайын жүлде алған жүйріктерін Жетісуға алып келіп, аламанға қосты. Мәре сызығын қатар кесіп өткен «Жұмыртұяқ» пен «Талхиздың» шабысын тіл-көзден сақтасын. Талайдың көзіне жас үйіріп, керемет бір эмоция сыйлаған сәті болды. Алдағы уақытта режиссерлар осы көрініске арнап кино түсірсе де артық етпейді. Керемет туынды болады деп ойлаймын. Өйткені аңыздан аңызға, ауыздан ауызға тарайтын бәйге болды. Ұйымдастырушылардың аттың терін, атбегінің еңбегін бағалап, жүлдені қос жүйіркке теңдей беруі көреген шешім болды», – дейді. Одан бөлек, 18 шақырымға созылған топ бәйгеде Асылжан Төлеген мінген «Балқаш» топжарды. Оған «Toyota Hilux» маркалы көлік берілді. Екінші болып Дәурен Бұршақбаевтың «Ботагөзі», үшінші болып Бағдат Шымырбаев баптаған «Үміткер» аты келді.

Ғасырлық той аясында қазақ күресінен ұйымдастырылған Әлем кубогына 22 мемлекеттен 200-ден астам балуан қатысты. Олар 8 салмақ бойынша сынға түсті. Қазақстан туын көтеріп шыққан Бекет Жүніс (55 келі), Ержан Еренғайып (60 келі), Нұрболат Ізімғалиев (66 келі), Алтынбек Аусағитов (100 келі) және Мәди Еділбаев (+100 келі) өз салмақтары бойынша жеңімпаз болды. Әр чемпионға 3 миллион теңге берілді. 

Мерейтой концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдыздары ән шырқап, халықтың ыстық ықыласына кенелді.

М. МАКСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button