Тағылықтың, қылмыс әлемінің, оңай олжаның, алаяқтықтың заңымен рахат тапқандар түптің түбінде зауал тартады. Адамның айуанға айналуы оп-оңай, ал адасқанның қайтып үйірін табуы қиын. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының жолын ашқан қаламы қарымды көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғалы таңдамалы роман, повестері жинақталған екі томдығын жуырда сүйсіне оқып, сонау оқушы кезімде қызыға парақтаған шығармалармен және ондағы бір-біріне ұқсамайтын оқшау кейіпкерлермен қайта дидарластым.
«Ескіні ұмытқан, жаңаны жадына тұтпас» дейді халық мақалы. Үнемі өзгерістегі, ұдайы қозғалыстағы қатпар-қатпар, жақпар-жақпар тылсым жұмбағы мол өмірдің тірлік, тынысын, адам бойындағы қайшылықтарын, мәңгі майдандасатын жақсылық пен жамандық, ақ пен қара тайталасын детектив жанрында ашуды мақсат тұтқан ізденімпаз жазушы оқырман алдындағы парызын адал атқара біліпті. Оған, әрине, мәңгілікке қаламмен қалдырған айшықты мұралары куә, бір-бірін толықтырып тұратын том-том кітаптары куә.
Біз соғысты көрген жоқпыз. Көкейімізде соғыста командир бұйрық береді, солдат орындайды, кімнің күші басым сол жеңіске жетеді деген қарапайым қағида қалыптасқан. Шын мәнісінде майдан даласында да пендешілік, өзімшілдік, өзгенің ерлігін иеленуге ұмтылатын көреалмаушылық, қызғаныш пен кек шарпысып жатады екен. Қара басының қамы үшін Отан мүддесін ұмытып, қаруластарына сатқындық жасайтындар да кездесетін көрінеді. Ізгілікті іштарлық, ішмерездік жеңіп, жақсылықты жамандық көлегелейтін сәттер де қылаң беретінін жазушының «Солдат соғысқа кетті» атты романынан айқын аңғарамыз. Романның басты кейіпкері Мұхамедтің кіршіксіз тазалығы, аңғарымпаздығы училищеден кейін соғысқа аттанған алғашқы қадамында-ақ көзге түседі. Жау самолетін атып түсірген Мейірмановтың ерлігін иемденгісі келген старшина Власовтың өтірігін отрядтың алдында әшкерелеп, өзіне жау тапса да ақиқаттан адаспайды. Романның өн бойында қырағылығын басты қару қылған кейіпкеріміздің сыртқы жаумен майдандасып жүріп іштен шыққан дұшпанды айқындаудағы тапқырлығы, біліктілігі оқырманды қызықтырмай қоймайды.
Оқыған жанды баурап алар шытырман оқиғалы келесі повесть «Түнде атылған оқ» деп аталады. Диверсиялық мақсатпен неміс самолетінен Қазақ жеріне парашютпен түскен Черноносов Талғат, Бақытжан сынды із кесушілердің біліктілігі болмағанда жаулық пиғылын жүзеге асырып, еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтірер еді.
Қаламгердің шолу мақаламыздың басында айтқан таңдамалы шығармаларының екінші томына адалдық пен әділдікті, батырлық пен тапқырлықты арқау еткен шынайылығы көзге көрініп тұратын оқиғалы повестері мен әңгімелері берілген. Майдангер жазушының шығармалары соғыстың ізі суымай жатып жазылып, кейіпкерлерінің қилы тағдырлары бір кітаптан екінші кітапқа жалғасын тауып жатады. Мәселен, соғыс жылдарындағы жаудың қорғаныс бекінісі және әскери құраманың шабуыл алдындағы күйін толық көрсететін құпия картаның жоғалуы арқау болған «Көмескі із» әңгімесі 1954 жылы, кезінде сатқындықтың ми батпағынан шыға алмаған Петрушкин қылмысы жария болатын «Тасқын» повесі 1956 жылы, лейтенант Кузьменко шешімін тапқан қиын түйін туралы «Көшкен үйдің қонысы қайда?!» повесі 1957 жылы жазылыпты. Қоюланған күдік пен күмән бұлтының сейілуін баяндайтын «Солдат қабірінің басында» әңгімесі де сол жылдардың жемісі.
Жазушы Кемел Тоқаев есімін біздің жүрегімізге ойып тұрып орнықтырған көлемді повесть «Сарғабанда болған оқиға» деп аталады. Бұл туындыны мен 1972 жылы «Жұлдыз» журналынан оқыдым. Ақтоғай станциясындағы №250 орта мектептің 7-сыныбын бітірген жылы жазғы каникулда әке-шешеме хикаяттың оқиғасын шып-шырғасын шығармай әңгімелеп бергенім есімде. Бастапқыда мені қызықтырғаны, әрине, шытырман жанрлы туынды кейіпкерлерінің Үштөбеде ғұмыр кешкені болса керек. Ақтоғай мен Үштөбенің арасы пойызбен 5 сағаттың маңайында. Жиі барамыз, ауырып-сырқағандар Үштөбенің теміржол ауруханасын да біледі. Бас дәрігердің адам ойына келмейтін қылмысқа баруы, сол қылмыстың әшкереленбеуі үшін сан қилы айла-амалды іске қосып, милицияны әуре-сарсаңға салғаны шынайы берілгені соншалықты жағымсыз кейіпкерге іштей кіжініп, қиын түйіннің күрмеуін таба білген тергеушілердің зерде-зейініне тәнті болғанымыз рас.
Халық қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсенов 2 томдық «Таңдамалы» жинағында (395-399 беттер) Кемел Тоқаевтың әдебиеттегі орнын жоғары бағалайды:
– Кейінгі жылдары Украинаға бара қалсам, ондағы партизандар «Кемел қайда, ол неге келмеді?», – деп жамырай сұрайтын болды. Мен не дерімді білмей ескі партизандар әдеті бойынша екі алақаныммен бетімді басамын, көзіме жас толып кетеді… Сонау сұрапыл жылдардағы соғыс майданының жауынгері, одан кейінгі жылдардағы әдебиет майданының майталман өкілдерінің бірі – Кемел Тоқаев жазушылық кемел шағында дүниеден өтіп еді. Оның қалдырған мол мұралары әдебиетіміздің телегей-теңіз шалқарына қосылған рухани байлық екені даусыз, – дейді ол.
Тақырып – көркем туынды идеясының жалпы көрінісі болса, материал дегеніміз ойға алған тақырыпты тұлғаландырып тұратын шикізат. Осы шикізатты ой қазанында балқытып, оқырманға шытырман оқиғалы өлмес туынды ұсынған көрнекті жазушының шығармашылық ғұмыры ұзағынан болғаны заңдылық. Туғанына биыл 100 жыл толып отырған Кемел Тоқаев шығармасындағы басты тақырып – жақсылық пен жамандықтың соғысы, адамгершілік пен қатыгездіктің тартысы, махаббат пен зұлымдықтың тайталасы. Жағымды кейіпкерлерінің бойындағы кісілік, зерделілік оның туындыларының тәрбиелік маңызын еселей түседі. Көркем туынды, әрине, мораль жайындағы дерексіз трактат емес, мұнда өмір бар, өмірде кездесетін ақ пен қараның шарпысуы жазушының шабытын ширата түсті де туындыларына мәңгілік ғұмыр сыйлады. Сондықтан да детектив жанрының қазақ әдебиетіндегі көшбасшысы Кемел Тоқаев туындылары жылдармен бірге жаңғыра бермек.
Жомарт ИГІМАН