Медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды
Ескелді ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Ғаниет Салимғали МӘМС мәселелерін талқылады. Бүгінгі таңда Ескелді ауданы бойынша сақтандырылмаған халықтың ең көп үлесі (1651 адам) Бақтыбай ауылдық округінде болғандықтан, кездесу осы округ тұрғындарымен өтті. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Жұмағұл Әлімбеков төрағалық етіп, ауданның барлық мүдделі жергілікті атқарушы органдары қатысты.
«2023 жылы Қор филиалы медициналық ұйымдарды қаржыландыруды 20 млрд теңгеге ұлғайтты, жалпы бюджет 77,7 млрд теңгені құрады. Оның ішінде Ескелді ауданына 3,8 млрд теңге бөлінді, оның 2,2 млрд теңгесі – ТМККК, 1,6 млрд теңге МӘМС аясындағы медициналық қызметтер үшін», — деп атап өтті Ғаниет Салимғали.
Қордың Жетісу облысы бойынша филиалы кездесулерді ұйымдастыру кезінде әлеуметтік желілерде және әкімдіктер мен емханалардың ресми парақшаларында анонс жариялайды. Бірақ соған қарамастан халық белсенді қатыспайды, МӘМС жүйесіне және медициналық көмек көрсетуге қатысты оларды толғандыратын және қызықтыратын мәселелерді көтермейді. Осы кездесуде 25-ке жуық тұрғын келді және олардың көпшілігі сақтандырылған мәртебеге ие. Дегенмен, Қор филиалына МӘМС жүйесіне қатысты түрлі мәселелер бойынша күн сайын көптеген шағымдар келіп түседі.
Бұл кездесулер МӘМС жүйесіндегі халықтың білім деңгейін арттыру, олардың МӘМС жүйесіндегі құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, жолдама алуға, ұзақ күтуге және басқа да өзекті сұрақтарға жауап беру үшін ұйымдастырылады.
МӘМС жүйесінен тыс қалғандарды оның қатысушысы болуға, сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігі, пациенттердің құқықтары мен міндеттері, МӘМС жүйесінде жеңілдік санат арқылы жұмыссыз азаматтарға «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болу мүмкіндіктері және тағы басқа мәселелер талқыланатын есептік кездесулерге қатысуға шақырамыз.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы